Қамшы
04.12.2012 07:17
6037
Қамшы — атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Қамшы қазақ халқының тұрмысында жиі қолданылатын бұйым.
Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым еседей ұзын болады. Қамшы құрал болумен қатар қару ретiнде қолданылған. Өрiмшi қамшының таспасын жiңiшке не жуандатып, кейде өрiмге талшық сымтемiр салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесiнiң қалауына қарай өрiлiп отырған. Қамшы саптан, өрiмнен және бүлдiргiден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарыдан қапталады. Кейде қайыстан өрнектелiп өрiледi. Қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Қамшы өрiмдері домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi.
Қамшының қарапайым түрiнiң бiрi — бишiк. Ол қамшыға қарағанда қарапайым, өрiмi сабынан үш-төрт есе, кейде одан да ұзын болуы мүмкiн. Оны мал айдағанда, ат-арба не ат шанамен жүргенде жиi пайдаланады. Өрiм алғашқы басында жуан болып ұшына қарай жiңiшкере бередi. Қамшыны жасау үшiн ең бiрiншi терiнi илеп, иiн қандырып, қайыс өңдеп шығару қажет.
Әдетте оны бояуға да, боямауға да болады. Сосын қайысты тарам-тарам етiп тiледi. Өрiм саны неғұрлым артқан сайын сапасы да арта түседi. Алайда, оны өру де айтарлықтай қиындайды. Өйткенi, өрiм саны қаншалық көбейсе, соншалық қайыс тармағын жiңiшкерту қажеттiгi туады.
Мүйіз тұтқалы қамшы
Қамшылардың ең қолайлысы 12 өрiмдiгi болып табылады. 6 өрiм қамшының қарапайым түрiне жатады. Осы күндерi тобылғы сапты қамшыдан елiк сирақты сапты қамшыға сұраныс байқалады. Елiк сирағынан жасалған қамшы сәндiкке болмаса, қажетке жаратуға келе бермейдi.
Әрине, оны да қолдануға болады. Алайда, ел iшiнде елiк сирағынан жасалған қамшының жолы ауыр деп есептеледi. Сирақ болсын, тобылғы болсын алдымен кептiрiп алынады. Сосын барып бүлдiргiсiн қайыстан ойып шығады. Бүлдiргiге түрлi пiшiндегi ою-өрнектер салынады. Бүлдiргi тесiлiп, қайыс жiппен таспаға тастай оралады. Ең соңында үш бөлiк те бiр-бiрiмен бекiтiледi. Таспаның орта тұсына дейiн оралған қайыс өзiнше сән берiп тұрады. Қолдан сырғып түспеу үшiн саптың соңына тесiлiп жiп өткiзiледi. Ал, бишiктердiң сүйiрленген ұшына әдейi шашақ байланады. Сүйiр қамшы ысылдап сес көрсетiп тұрса, шашақтан қамшы жерге сiлкей ұрылғанда мылтық атылғандай дыбыс шығады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстан өкілдерінің хабары