Жаңалықтар

Ерлігіміз - ұрпаққа өнеге

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала)   «Қазақстан коммунисі», 2 февраль, 1968 жыл «Лениншіл жас», 10 февраль, 1968 жыл   Ерлігіміз - ұрпаққа өнеге   Жақында ғана біздің халқымыз, барлық прогресшіл адамзат Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығын тойлады. Бұл күллі адамзат тарихындағы үлкен мереке, зор оқиға болғанын достарымыз түгіл, дұшпандарымыз да мойындады. Көлемі мен мазмұны жағынан теңдесі жоқ бұл салтанат халқымыздың саяси көсемі, тәрбиешісі, ұйымдастырушысы - маркстік - лениндік партияның сара жолы бірден-бір дұрыс жол екенін айдай әлемге паш етті. Міне, енді тағы бір жарқын мерекені қарсы алып отырмыз. Барша совет халқы, бүкіл адал ниетті адамзат Ұлы Октябрьдің, лениндік партияның бел баласы Совет Қарулы Күштерінің жарты ғасырлы мүшелді тойын салтанатпен атап өтуде. Осындай салтанат сәтінде сөз алып, азамат ретінде, жауынгер ретінде ой толғауды, біраздан бері көкейде жүрген аз - кем түйінді пікірлерді оқушы назарына ұсынуды жөн көрдім. 1 Мен әскери адаммын. Жасым қазір елу сегізде. Соның жиырма бес жылын Совет Армиясының қатарында өткіздім, әскери өмірдің ыстық - суығын бастан кешіріп, «қырық жылдық қырғынға» татитын адам айтқысыз сұрапылда тірі қалғандардың біреуімін. Сол жылдардан жадымда көл - көсір әсер қалды. Мен өмір мен өлімнің белдескенін көрдім, жайшылықта тышқанды өлтіруге де бармайтын биязы жігіттердің ел намысы, ер намысы үшін толарсақтан қан кешкенін көрдім, «елім» деп туған ерлердің нар тәуекеліне талай сүйсіндім. Біздің жеңісімізге солардың әрқайсысының қосқан үлесіне баға жетпес. Ерлік алтынмен де, күміспен де бағаланбайды - оның өлшемі олардан жоғары. Жаңағы ерлердің қай - қайсысы болсын жандарын ары үшін пида етуге дайын еді. Мен де адаммын жаралған сүйек - еттен, Менде ар бар, ойлар бар жан тербеткен. Халқымның қарапайым бір ұлымын, Жанымды арым үшін құрбан еткен,-   деп майданда бекер айтылмаған болатын.   2 Мен генерал - майор Иван Васильевич Панфиловты халықтың, партияның адал ұлы, нағыз патриот, табанды жауынгер, мейірімді аға, қатал да әділ ұстаз, М.В.Фрунзе сияқты советтің даңқты қолбасшыларының мектебінен өткен командир деп танушы едім. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой халық. Біздер, панфиловшылар, дәл Иван Васильевичтей қолбасшыдан тәлім алып, оның басшылығымен қиын өткелдерден абырой мен өткенімізге мақтанамыз. Күні бүгінге дейін ол кісіні біз өзіміздің әскери өмірбаянымызда ұстаз тұтамыз. Ол кісінің туғанына биылғы жылдың басында 75 жыл толды. И.В.Панфиловтың шәкірттері көп еді. Мен солардың бірі ғанамын. Осындай ұлағатты ұстазыма әдеби ескерткіш орнатуды басты мақсатымның бірі санап келемін. «Москва үшін шайқас», «Біздің генерал», «Генерал Панфилов» деген кітаптардың тууына да бір себеп - осы ниет. Қолбасшы ретінде И.В.Панфиловтың көп қасиеті бар еді. Мен әлім келгенінше сол кісінің асыл қасиеттерін, азаматтық алып тұлғасын ұрпаққа жеткізуге тырыстым. Оным қаншалықты сәтті болғанын мен айта алмаймын. Бұл тұстағы әділ төреші - оқушы қауым. Генерал Панфиловтың қарамағында менен де батыр, менен де алғыр талай офицерлер, саяси қызметкерлер, қатардағы жауынгерлер көп болған. Солардың көзі тірілері осындай салтанатты сәтте марқұм Иван Васильевичтің жарқын бейнесін еске алып, оған шәкірттік ілтипатын көрсетеріне күмәнім жоқ. Жалғыз батыр, жалғыз жан Майданға тұлға бола алмас. Азынап жалғыз арыстан Орманды билеп ала алмас,-   деген майдандық нақыл сөздер ойға жиі оралады. Шынында да, халқымыз болмаса, халықтың қарапайым адал ұлдары болмаса, Панфилов - Панфилов болмас еді, Карпов - Карпов болмас еді, мен Бауыржан Момышұлы болмас едім. Сондықтан бүгінгі күні ең қастерлі сөз де, ең бір ыстық ықылас та белгілісі бар, белгісізі бар миллиондаған батырларға - құрбан болған ғазиз достар мен көзі тірі, қазірде егде тартқан жеңімпаз майдандастарға арналған парыз. Сол себепті халық алдында, халықтың қаһарман ұлдары алдында біз ақырғы деміміз біткенше қарыздармыз да, парыздармыз да. 3 Мен жазушымын. Менің барлық творчестволық жоспарым, бір сөзбен айтқанда, ата - бабаларымыздың батылдық, табандылық, ерлік дәстүрін дәріптеу, жас ұрпаққа әскери - патриоттық тәрбие беруге атсалысу. Ата - бабаларымыздың дәстүрлері дедім ғой. Бұл жөнінен қалай мақтансақ та хақымыз бар. Ерлік пен өрлікті қашан да жоғары ұстап, оны елдіктің басты сипаты деп ұққан халқымыз осы қасиетін бізге мирас етті. Оны қастерлеп сақтай білуіміз керек, дұрыс, терең түсініп, ілгері апаруымыз керек. Оны жеткіншек ұрпаққа жақсылап жеткізуіміз керек. Осылай ете білсек қана біздің әрбір жасөспірім озық ойлы, саналы азамат болып қалыптасатынына, аға ұрпақ дәстүрін аяққа баспайтынына сенім мол. Ал, тәрбие жұмысының кішкентай бір буынында мүлт кеттік екен, оның кесепаты түбінде бір шаң құйын берері де мүмкін екені есте болғаны жөн. ...Бұдан үш - төрт жыл бұрын бір жас жігіт мен туралы өлең жазыпты. Өзі соның алдында ғана университет бітірген екен. Өлеңін жатқа білмеймін де. Бірақ есімде қалғаны - мені, мейлінше, оңдырмапты. Қорытынды екі жолы әлі күнге көкейімде сайрап тұр: «Ты растоптал святыни Рима, Мир - для тебя не награда», -   депті. Соны маған біреу айтып келді. «Әй, мына баланың талағында биті болуы керек» деп ойладым. Айтып келген жігітке: «Қарағым, сол баланы ертіп келші, бет - жүзін көрейін», - дедім. Бір күні ол келді. Алдына ақ дастарқанымды жайып, ащылы - тұщылы дәм - тұзымды қойдым. Ішіп - жей отырып, сырласып көріп ем, әлгі баланың сөзінен аза бойым түршікті. Айтқанының бәрін қайталап жату мүмкін емес. Бір өлеңінде аға ұрпаққа тіл тигізіпті. Мен еш нәрсе дей қойғаным жоқ. Бірақ ішімнен: «Әкең мен шешеңнің жазығы - сені туғандығы ғана. Менің жазығым - сен адам болсын деп қан төккенім ғана...» деп ойладым. Күлген жоқпын. Іштен егіліп жылағандай боп отырмын. «Ақыным» тоқтайтын емес. Бала қоразша еліріп соғып отыр: «Ауылда қара жұмыста болдым. Сатпақ жігіттермен, сары етек қыздармен бірге жүруге тура келді. Қайтерсің, олар киім киюді де білмейді. Ақыл - ойлары да мәз емес; у них - кругозорчик» деп кекете көкіді. Күлгенім жоқ, іштей булығып, буырқанып, қатты күйзелдім. Ақыры шыдамым жетпеді: ─ Балам, сен бір оңбайтынның біреуі екенсің! - дедім. ─ Оны кім айтты? - деді булығып. ─ Оны өзің айттың ғой, - дедім мен. ─ Жоқ, мен ондай ештеңе айтқам жоқ, - деді ол. ─ Ендеше, он жерден оңбайтын неме екенсің, ұлым, - дедім. ─ Неге олай дейсіз?- деп қып - қызыл болып кетті. Жігітімді аздап сабасына түсіріп, орнына қайта отырғыздым да, неге олай дегенімді түсіндірдім. ─ Сенің ішіп - жегенің ең дәмді, киген киімің ең сәнді, - дедім мен оған. Ермегің - елірме әндер мен есірік билер. Ал, осының бәріне кімнің арқасында қолың жетіп отырғанын білмеген екенсің. Өзің су ішкен құдығыңа түкіріп отырсың. Жаман айтпай, жақсы жоқ, алда - жалда соғыс бола қалса, сен ең алғашқы ұрыста жер жастанасың, сен сияқтылар кез келген қаңғыған оққа душар болады. Өйткені сен сияқтылар күрес дегеннің не екенін білмейді. Егер алғашқы соғыста жер жастанбай аман қалдыңдар бар ғой, онда Отанын сататын опасыздар сен сияқтылардан шығады... ─ Мен опасыз болмаймын, - деді ол. ─ Опасыз болатыныңды өзің - ақ айттың ғой, - дедім мен. ─ Айтқан жоқпын, - деп зіркілдеді ол. Міне, осы жерде мен жігітімнің аузынан шыққан шірік сөздерді өзіне айта отырып, оның қаншалықты азғын сүрлеуге аяқ басқанын дәлелдеп бердім. ─ Марксизм - ленинизм классиктері: «Егер жұмысшы табы бізді ұқпайтын болса, онда бұған жұмысшы табы емес, біз кінәліміз», - деген болатын. Сенің алдыңда мен кінәлімін, ұлым. Сені дұрыс тәрбиелей алмаған екенмін. Патриотизм деген қасиетті ұғымның не екенін сенің санаңа жеткізе алмағаным ғой. «Еңбек еткен емеді». Еңбекқордың сана - сезімі ұлғаяды, көсегесі көгеріп, өркені өседі. Жалақор жапалақтай жалп кұлайды. Сен еңбекқорларға жала жауып жүрсің, - дегенімде ол қатты шамданып, маған ала көзімен қарады. Мен оған тыныс берместен А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, В.В.Маяковскийдің, Сәкеннің, Қасымның, Сырбайдың ел аузындағы патриоттық жырларынан үзінді оқып бердім. Ол таң қалды. ─ Осыны ауылдағы қойшылар, қаладағы жұмысшылар жатқа біледі. Ата - баба салтын, Отан, намыс дәстүрін шығанға көтерген жастарға мен сенемін, - деп қоштастым. Бұл әңгімені мен оқушылармен сырласып айтып отырмын. Жаным қиналып, намыстанып, арланып, іштей күйзеліп айтып отырмын. Әрине, әлгіндей әумесерлер жастарымыздың арасынан ілуде бір ғана кездесетіні рас. Бірақ бардың аты бар. Оған көз жұмғанмен одан арыла алмайсың, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегенді еске ала отырып, жастарды біз мұндай жарамсыз қылықтардан аулақ ұстауға тиістіміз. 4 Марксизм - ленинизм еш уақытта да соғысты адамның, қоғамның тарихындағы жарасымды жағдай деп ойлаған емес. Қайта ақылға сыйымсыз, сұрқия нәрсе деп түсіндіріп келеді. Біз надан пацифистер емеспіз. Біз соғыстан жиіркенеміз. Ұлы Ленин бұл сырымызды бұдан жарты ғасыр бұрын терең ойланып айтқан да, жазған да. Бұған Лениннің өзі қол қойған бірінші тарихи документ Бітім туралы декрет толық куә. Сол ақ ниеттікке, бейбітшілікке айнымас адал екенімізді біздің жарты ғасырлық жарқын тарихымыз достарымыз алдында болсын, қас дұшпан алдында болсын дәлелдеп берді. Өткен соғыс совет халқы үшін, бүкіл прогресшіл адамзат үшін ең қатал сын болды. Біз нағыз арсыз, нағыз жексұрын агрессорға қарсы қасиетті күрес жүргіздік. Адам баласының басына түскен ең азапты, ең ауыр сынға төтеп беріп, қанқұйлы жаумен алысу ауыртпалығы біздің халқымыздың иығына түсті. Ол осы жолда миллиондаған ұл - қыздарының жауқазын өмірін құрбан етіп, толарсақтан қан кешіп, қисапсыз қиыншылықты бастан кешірді. Біз соғыстың алғашқы жылында жаудың бастырмалай өршеленген басым күшінен шегінуге мәжбүр болдық. Біз қиян - кескі қырғынға төтеп беріп, дұшпанның сағын сындырдық, оны шегіндірдік, өкшелей қудық. Басқыншылар тепкісінен өз Отанымызды, құлдықта болған Европа елдерін азат етіп, ақырында жауды өз жеріне тықсырдық, ордасына ойран салып, жеңіс туын тіктік. Біз Ұлы Октябрьдің жеңістерін қорғап қалдық. Біз прогресшіл адам баласының, қолымен жасалған ең асыл моральдық, мәдени - материалдық байлық атаулының бәрін фашизмнің қара түнек апатынан сақтап қалдық. Біздің басты жеңісіміз, міне, осында. Совет Армиясы - бейбіт еңбектің сенімді сақшысы. Өзінің сансыз шайқастарда шыңдалған қаһарман Қарулы Күштеріне қалтқысыз сенген совет халқы ешбір алаңсыз еңбек етіп, бүкіл адамзаттың сәулетті болашағы - коммунизмға даңғыл жол салып келеді. Біздің философиямыз да, поэзиямыз да, біздің психологиямыз да осы жолдағы шабытты шерумен сипатталады. Философиясыз - поэзия жоқ. Поэзиясыз - философия жоқ. Психологиясыз - адам мен адамның арасындағы қарым - қатынас ешбір мүмкін емес. Адам мен адамның арасындағы қарым - қатынассыз еңбекте болсын, соғыста болсын ешқандай психология болуы мүмкін емес. Еңбек пен соғыс адамдар арасындағы қарым - қатынасты бір жағынан қиындата түссе, екінші жағынан барынша жеңілдететіні ақиқат. Психологияның қат - қабат мәні де осында. Біздер, әдебиет пен өнер қайраткерлері, осыны жақсы ұғуымыз керек. Еңбекте болсын, соғыста болсын, барын салып, өнеге көрсетіп жүретін нағыз саналы ердің сан қырлы бейнесін сомдауға мұның тигізер пайдасы өлшеусіз. Еңбектегі кемсоқтар, соғыстағы қорқақтар, әдебиеттегі, өнер мен ғылымдағы шорқақтар бізге, мейлінше, жиіркенішті, мейлінше, жат. Ұлы Октябрь елуден асып, алпысқа адым басты. Бұл жолда талай тар жол, тайғақ кешулер болды. Жеңістердің жемісін де, сәтсіздіктердің күйінішін де таттық. Біз ержеттік, шыңдалдық. Қазір анық кемелденген шаққа келдік. Міне, сондықтан біз совет адамының айрықша қасиеттерін, оның жасампаздығы мен ерлігін терең толғап, ақтарыла жырлауымыз керек, адам бойындағы кемшілікті аса білгірлікпен, үлкен сезімталдықпен, ептілікпен сынап отыруымыз керек. Біздің күллі әскери - патриоттық тәрбие жұмысымыз мына қағидаларға сүйенуі керек қой деп білемін:   ·         халықтардың шынайы достығы; ·         совет адамдарының еңбектегі, соғыстағы табандылығы; ·         қасиетті патриотизм сезімі; еңбекте болсын, соғыста болсын, халқымыздың жаппай ерлігі. Сонда ғана біз жас ұрпақты аға ұрпақтың революциялық, жауынгерлік, еңбек дәстүрлері рухында тәрбиелеп өсіре аламыз. Мұны біз ерліктің заңды жалғасы деп ұғамыз.  
04.12.2012 07:14 6989

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

 

«Қазақстан коммунисі», 2 февраль, 1968 жыл

«Лениншіл жас», 10 февраль, 1968 жыл

 

Ерлігіміз - ұрпаққа өнеге

 

Жақында ғана біздің халқымыз, барлық прогресшіл адамзат Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығын тойлады. Бұл күллі адамзат тарихындағы үлкен мереке, зор оқиға болғанын достарымыз түгіл, дұшпандарымыз да мойындады. Көлемі мен мазмұны жағынан теңдесі жоқ бұл салтанат халқымыздың саяси көсемі, тәрбиешісі, ұйымдастырушысы - маркстік - лениндік партияның сара жолы бірден-бір дұрыс жол екенін айдай әлемге паш етті.

Міне, енді тағы бір жарқын мерекені қарсы алып отырмыз. Барша совет халқы, бүкіл адал ниетті адамзат Ұлы Октябрьдің, лениндік партияның бел баласы Совет Қарулы Күштерінің жарты ғасырлы мүшелді тойын салтанатпен атап өтуде. Осындай салтанат сәтінде сөз алып, азамат ретінде, жауынгер ретінде ой толғауды, біраздан бері көкейде жүрген аз - кем түйінді пікірлерді оқушы назарына ұсынуды жөн көрдім.

1

Мен әскери адаммын. Жасым қазір елу сегізде. Соның жиырма бес жылын Совет Армиясының қатарында өткіздім, әскери өмірдің ыстық - суығын бастан кешіріп, «қырық жылдық қырғынға» татитын адам айтқысыз сұрапылда тірі қалғандардың біреуімін.

Сол жылдардан жадымда көл - көсір әсер қалды. Мен өмір мен өлімнің белдескенін көрдім, жайшылықта тышқанды өлтіруге де бармайтын биязы жігіттердің ел намысы, ер намысы үшін толарсақтан қан кешкенін көрдім, «елім» деп туған ерлердің нар тәуекеліне талай сүйсіндім. Біздің жеңісімізге солардың әрқайсысының қосқан үлесіне баға жетпес. Ерлік алтынмен де, күміспен де бағаланбайды - оның өлшемі олардан жоғары. Жаңағы ерлердің қай - қайсысы болсын жандарын ары үшін пида етуге дайын еді.

Мен де адаммын жаралған сүйек - еттен,

Менде ар бар, ойлар бар жан тербеткен.

Халқымның қарапайым бір ұлымын,

Жанымды арым үшін құрбан еткен,-

 

деп майданда бекер айтылмаған болатын.

 

2

Мен генерал - майор Иван Васильевич Панфиловты халықтың, партияның адал ұлы, нағыз патриот, табанды жауынгер, мейірімді аға, қатал да әділ ұстаз, М.В.Фрунзе сияқты советтің даңқты қолбасшыларының мектебінен өткен командир деп танушы едім. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой халық. Біздер, панфиловшылар, дәл Иван Васильевичтей қолбасшыдан тәлім алып, оның басшылығымен қиын өткелдерден абырой мен өткенімізге мақтанамыз. Күні бүгінге дейін ол кісіні біз өзіміздің әскери өмірбаянымызда ұстаз тұтамыз. Ол кісінің туғанына биылғы жылдың басында 75 жыл толды.

И.В.Панфиловтың шәкірттері көп еді. Мен солардың бірі ғанамын. Осындай ұлағатты ұстазыма әдеби ескерткіш орнатуды басты мақсатымның бірі санап келемін. «Москва үшін шайқас», «Біздің генерал», «Генерал Панфилов» деген кітаптардың тууына да бір себеп - осы ниет. Қолбасшы ретінде И.В.Панфиловтың көп қасиеті бар еді. Мен әлім келгенінше сол кісінің асыл қасиеттерін, азаматтық алып тұлғасын ұрпаққа жеткізуге тырыстым. Оным қаншалықты сәтті болғанын мен айта алмаймын. Бұл тұстағы әділ төреші - оқушы қауым.

Генерал Панфиловтың қарамағында менен де батыр, менен де алғыр талай офицерлер, саяси қызметкерлер, қатардағы жауынгерлер көп болған. Солардың көзі тірілері осындай салтанатты сәтте марқұм Иван Васильевичтің жарқын бейнесін еске алып, оған шәкірттік ілтипатын көрсетеріне күмәнім жоқ.

Жалғыз батыр, жалғыз жан

Майданға тұлға бола алмас.

Азынап жалғыз арыстан

Орманды билеп ала алмас,-

 

деген майдандық нақыл сөздер ойға жиі оралады. Шынында да, халқымыз болмаса, халықтың қарапайым адал ұлдары болмаса, Панфилов - Панфилов болмас еді, Карпов - Карпов болмас еді, мен Бауыржан Момышұлы болмас едім. Сондықтан бүгінгі күні ең қастерлі сөз де, ең бір ыстық ықылас та белгілісі бар, белгісізі бар миллиондаған батырларға - құрбан болған ғазиз достар мен көзі тірі, қазірде егде тартқан жеңімпаз майдандастарға арналған парыз. Сол себепті халық алдында, халықтың қаһарман ұлдары алдында біз ақырғы деміміз біткенше қарыздармыз да, парыздармыз да.

3

Мен жазушымын. Менің барлық творчестволық жоспарым, бір сөзбен айтқанда, ата - бабаларымыздың батылдық, табандылық, ерлік дәстүрін дәріптеу, жас ұрпаққа әскери - патриоттық тәрбие беруге атсалысу.

Ата - бабаларымыздың дәстүрлері дедім ғой. Бұл жөнінен қалай мақтансақ та хақымыз бар. Ерлік пен өрлікті қашан да жоғары ұстап, оны елдіктің басты сипаты деп ұққан халқымыз осы қасиетін бізге мирас етті. Оны қастерлеп сақтай білуіміз керек, дұрыс, терең түсініп, ілгері апаруымыз керек. Оны жеткіншек ұрпаққа жақсылап жеткізуіміз керек. Осылай ете білсек қана біздің әрбір жасөспірім озық ойлы, саналы азамат болып қалыптасатынына, аға ұрпақ дәстүрін аяққа баспайтынына сенім мол. Ал, тәрбие жұмысының кішкентай бір буынында мүлт кеттік екен, оның кесепаты түбінде бір шаң құйын берері де мүмкін екені есте болғаны жөн.

...Бұдан үш - төрт жыл бұрын бір жас жігіт мен туралы өлең жазыпты. Өзі соның алдында ғана университет бітірген екен. Өлеңін жатқа білмеймін де. Бірақ есімде қалғаны - мені, мейлінше, оңдырмапты. Қорытынды екі жолы әлі күнге көкейімде сайрап тұр:

«Ты растоптал святыни Рима,

Мир - для тебя не награда», -

 

депті. Соны маған біреу айтып келді. «Әй, мына баланың талағында биті болуы керек» деп ойладым. Айтып келген жігітке: «Қарағым, сол баланы ертіп келші, бет - жүзін көрейін», - дедім.

Бір күні ол келді. Алдына ақ дастарқанымды жайып, ащылы - тұщылы дәм - тұзымды қойдым. Ішіп - жей отырып, сырласып көріп ем, әлгі баланың сөзінен аза бойым түршікті. Айтқанының бәрін қайталап жату мүмкін емес. Бір өлеңінде аға ұрпаққа тіл тигізіпті.

Мен еш нәрсе дей қойғаным жоқ. Бірақ ішімнен: «Әкең мен шешеңнің жазығы - сені туғандығы ғана. Менің жазығым - сен адам болсын деп қан төккенім ғана...» деп ойладым. Күлген жоқпын. Іштен егіліп жылағандай боп отырмын.

«Ақыным» тоқтайтын емес. Бала қоразша еліріп соғып отыр: «Ауылда қара жұмыста болдым. Сатпақ жігіттермен, сары етек қыздармен бірге жүруге тура келді. Қайтерсің, олар киім киюді де білмейді. Ақыл - ойлары да мәз емес; у них - кругозорчик» деп кекете көкіді. Күлгенім жоқ, іштей булығып, буырқанып, қатты күйзелдім. Ақыры шыдамым жетпеді:

─ Балам, сен бір оңбайтынның біреуі екенсің! - дедім.

─ Оны кім айтты? - деді булығып.

─ Оны өзің айттың ғой, - дедім мен.

─ Жоқ, мен ондай ештеңе айтқам жоқ, - деді ол.

─ Ендеше, он жерден оңбайтын неме екенсің, ұлым, - дедім.

─ Неге олай дейсіз?- деп қып - қызыл болып кетті.

Жігітімді аздап сабасына түсіріп, орнына қайта отырғыздым да, неге олай дегенімді түсіндірдім.

─ Сенің ішіп - жегенің ең дәмді, киген киімің ең сәнді, - дедім мен оған. Ермегің - елірме әндер мен есірік билер. Ал, осының бәріне кімнің арқасында қолың жетіп отырғанын білмеген екенсің. Өзің су ішкен құдығыңа түкіріп отырсың. Жаман айтпай, жақсы жоқ, алда - жалда соғыс бола қалса, сен ең алғашқы ұрыста жер жастанасың, сен сияқтылар кез келген қаңғыған оққа душар болады. Өйткені сен сияқтылар күрес дегеннің не екенін білмейді. Егер алғашқы соғыста жер жастанбай аман қалдыңдар бар ғой, онда Отанын сататын опасыздар сен сияқтылардан шығады...

─ Мен опасыз болмаймын, - деді ол.

─ Опасыз болатыныңды өзің - ақ айттың ғой, - дедім мен.

─ Айтқан жоқпын, - деп зіркілдеді ол.

Міне, осы жерде мен жігітімнің аузынан шыққан шірік сөздерді өзіне айта отырып, оның қаншалықты азғын сүрлеуге аяқ басқанын дәлелдеп бердім.

─ Марксизм - ленинизм классиктері: «Егер жұмысшы табы бізді ұқпайтын болса, онда бұған жұмысшы табы емес, біз кінәліміз», - деген болатын. Сенің алдыңда мен кінәлімін, ұлым. Сені дұрыс тәрбиелей алмаған екенмін. Патриотизм деген қасиетті ұғымның не екенін сенің санаңа жеткізе алмағаным ғой. «Еңбек еткен емеді». Еңбекқордың сана - сезімі ұлғаяды, көсегесі көгеріп, өркені өседі. Жалақор жапалақтай жалп кұлайды. Сен еңбекқорларға жала жауып жүрсің, - дегенімде ол қатты шамданып, маған ала көзімен қарады. Мен оған тыныс берместен А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, В.В.Маяковскийдің, Сәкеннің, Қасымның, Сырбайдың ел аузындағы патриоттық жырларынан үзінді оқып бердім. Ол таң қалды.

─ Осыны ауылдағы қойшылар, қаладағы жұмысшылар жатқа біледі. Ата - баба салтын, Отан, намыс дәстүрін шығанға көтерген жастарға мен сенемін, - деп қоштастым.

Бұл әңгімені мен оқушылармен сырласып айтып отырмын. Жаным қиналып, намыстанып, арланып, іштей күйзеліп айтып отырмын. Әрине, әлгіндей әумесерлер жастарымыздың арасынан ілуде бір ғана кездесетіні рас.

Бірақ бардың аты бар. Оған көз жұмғанмен одан арыла алмайсың, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегенді еске ала отырып, жастарды біз мұндай жарамсыз қылықтардан аулақ ұстауға тиістіміз.

4

Марксизм - ленинизм еш уақытта да соғысты адамның, қоғамның тарихындағы жарасымды жағдай деп ойлаған емес. Қайта ақылға сыйымсыз, сұрқия нәрсе деп түсіндіріп келеді.

Біз надан пацифистер емеспіз. Біз соғыстан жиіркенеміз. Ұлы Ленин бұл сырымызды бұдан жарты ғасыр бұрын терең ойланып айтқан да, жазған да. Бұған Лениннің өзі қол қойған бірінші тарихи документ Бітім туралы декрет толық куә. Сол ақ ниеттікке, бейбітшілікке айнымас адал екенімізді біздің жарты ғасырлық жарқын тарихымыз достарымыз алдында болсын, қас дұшпан алдында болсын дәлелдеп берді.

Өткен соғыс совет халқы үшін, бүкіл прогресшіл адамзат үшін ең қатал сын болды. Біз нағыз арсыз, нағыз жексұрын агрессорға қарсы қасиетті күрес жүргіздік. Адам баласының басына түскен ең азапты, ең ауыр сынға төтеп беріп, қанқұйлы жаумен алысу ауыртпалығы біздің халқымыздың иығына түсті. Ол осы жолда миллиондаған ұл - қыздарының жауқазын өмірін құрбан етіп, толарсақтан қан кешіп, қисапсыз қиыншылықты бастан кешірді. Біз соғыстың алғашқы жылында жаудың бастырмалай өршеленген басым күшінен шегінуге мәжбүр болдық. Біз қиян - кескі қырғынға төтеп беріп, дұшпанның сағын сындырдық, оны шегіндірдік, өкшелей қудық. Басқыншылар тепкісінен өз Отанымызды, құлдықта болған Европа елдерін азат етіп, ақырында жауды өз жеріне тықсырдық, ордасына ойран салып, жеңіс туын тіктік. Біз Ұлы Октябрьдің жеңістерін қорғап қалдық. Біз прогресшіл адам баласының, қолымен жасалған ең асыл моральдық, мәдени - материалдық байлық атаулының бәрін фашизмнің қара түнек апатынан сақтап қалдық. Біздің басты жеңісіміз, міне, осында.

Совет Армиясы - бейбіт еңбектің сенімді сақшысы. Өзінің сансыз шайқастарда шыңдалған қаһарман Қарулы Күштеріне қалтқысыз сенген совет халқы ешбір алаңсыз еңбек етіп, бүкіл адамзаттың сәулетті болашағы - коммунизмға даңғыл жол салып келеді. Біздің философиямыз да, поэзиямыз да, біздің психологиямыз да осы жолдағы шабытты шерумен сипатталады.

Философиясыз - поэзия жоқ.

Поэзиясыз - философия жоқ.

Психологиясыз - адам мен адамның арасындағы қарым - қатынас ешбір мүмкін емес.

Адам мен адамның арасындағы қарым - қатынассыз еңбекте болсын, соғыста болсын ешқандай психология болуы мүмкін емес.

Еңбек пен соғыс адамдар арасындағы қарым - қатынасты бір жағынан қиындата түссе, екінші жағынан барынша жеңілдететіні ақиқат. Психологияның қат - қабат мәні де осында. Біздер, әдебиет пен өнер қайраткерлері, осыны жақсы ұғуымыз керек. Еңбекте болсын, соғыста болсын, барын салып, өнеге көрсетіп жүретін нағыз саналы ердің сан қырлы бейнесін сомдауға мұның тигізер пайдасы өлшеусіз. Еңбектегі кемсоқтар, соғыстағы қорқақтар, әдебиеттегі, өнер мен ғылымдағы шорқақтар бізге, мейлінше, жиіркенішті, мейлінше, жат.

Ұлы Октябрь елуден асып, алпысқа адым басты. Бұл жолда талай тар жол, тайғақ кешулер болды. Жеңістердің жемісін де, сәтсіздіктердің күйінішін де таттық. Біз ержеттік, шыңдалдық. Қазір анық кемелденген шаққа келдік. Міне, сондықтан біз совет адамының айрықша қасиеттерін, оның жасампаздығы мен ерлігін терең толғап, ақтарыла жырлауымыз керек, адам бойындағы кемшілікті аса білгірлікпен, үлкен сезімталдықпен, ептілікпен сынап отыруымыз керек. Біздің күллі әскери - патриоттық тәрбие жұмысымыз мына қағидаларға сүйенуі керек қой деп білемін:

 

·         халықтардың шынайы достығы;

·         совет адамдарының еңбектегі, соғыстағы табандылығы;

·         қасиетті патриотизм сезімі;

еңбекте болсын, соғыста болсын, халқымыздың жаппай ерлігі. Сонда ғана біз жас ұрпақты аға ұрпақтың революциялық, жауынгерлік, еңбек дәстүрлері рухында тәрбиелеп өсіре аламыз. Мұны біз ерліктің заңды жалғасы деп ұғамыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға