Қайшылықсыздық заңы
Ғасырлар бойы жинақталған адамзат тәжірибесінен нәрселермен құбылыстардың қасиеттері өзара байланыста болатыны байкалған. Мысалы, бір заттың түсі сары болса, нақ сол кезде және сол жағдайда оның түсі қара болуы мүмкін емес екенін, егер құс ұшып келе жатса, нақ сол кезде оның бұтаққа қонып отыруы мүмкін емес екендігін адамдар әлде қашан байқаған. Заттардың осы сияқты әдетті қасиеттері дұрыс ойлаудың тұрақты белгісі ретінде санасына орнаған. Егер заттың белгілі бір қасиеті нақ сол жағдайда және сол кезде ол заттың өзінде бірден болуы да және болмауы да мүмкін емес болса, онда дұрыс ойлауда да бір мезгілде, бір мағынада алынған бір мәселе жөнінде қарама-қарсы екі түрлі пікір айтып, ой қайшылықтарын туғызуға болмайды. Дұрыс ойлаудың бұл заңы логикада қайшылықсыздану заңы деп аталады. Демек, бір-біріне қарама-қарсы екі пікір бір мезгілде шындық болуы мүмкін емес, оның бірі жалған болады. Мысалы, "Осы өзен Ертіске құяды" және "Осы өзен Ертіске құймайды" деген екі пікір бір мезгілде шындық болуы мүмкін емес, егер екі пікір де осы өзенге қатысты болса.

