Батыс Қарахан Қағандығы
04.12.2012 06:14
11725
Батыс Қарахан Қағанаты - Мауераннахрдағы ортағасырлық мемлекет. Қарахан мемлекетінде Әли Арслан хан (қ. Әли ибн Мұса) мен Хасан Боғра хан балалары арасында билік үшін күрес үдей түсіп, бұл күрес 1041 жылы мемлекеттің Шығыс Қарахан қағанаты және Батыс Қарахан қағанаты болып бөлінуіне алып келді. Әли Арслан хан ұрпағының үлесіне тиген Батыс Қарахан қағанатының территориясы Мауераннахрды және Ферғананың батыс бөлігін қамтыды. Сырдария өңірі екі қағанаттың үнемі талас жеріне айналып, оған иелік ету қағанаттардың қуатына орай өзгеріп отырды. Батыс Қарахан қағанатының астанасы алғашында Үзкент, одан соң Самарқан болды. Мемлекет басшысы “хақан” лауазымын иемденді. Батыс Қарахан қағанатында Қарахан мемлекетіндегідей үлестік басқару жүйесі сақталды. Жоғарғы билеуші - хақан жанында басқарушы кеңсе (диуан) болды. Ол мынандай лауазым иелерінен тұрды: уәзір (ходжаий бузурга), қазынашы (әр-расаил), әскербасы (сахибшурат), пошта мен жергілікті билеушілердің қызметін қадағалаушы (сахиббарид), қаржы ісін бақылаушы (мушрифа), сауда ісі мен қолөнер өнімдерінің сапасын бақылаушы (мухтасиба), сот ісін жүргізуші (қази), діни мекемелердің мүлкін басқарушы (уақап). Іс-қағаздары түрік және араб тілдерінде жүргізілді. Батыс Қарахан қағанатында егіншілік, мал шаруашылығы, қолөнер, сауда дамыды. Ұлы Жібек жолы тармақтары Батыс Қарахан қағандығы жері арқылы өтті. Самарқан, Бұхара қалалары ислам мәдениетінің ірі орталықтары ретінде танылды. Батыс Қарахан қағанаты қалаларында мемлекет қаржыландырумен оқытатын медреселер және емдеу орындары болды. 1089 жылы Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Мәлік шаһ көп әскермен Батыс Қарахан қағанаты шекарасына баса көктеп кіріп, оның астанасы Самарқанды басып алды. Батыс Қарахан қағанаты басшысы Насыр ибн Ибраһим өзін Мәлік шаһтың вассалы деп мойындауға мәжбүр болды. Сөйтіп Батыс Қарахан қағанаты салжұқтардың билігіне өтті. Салжұқтар Қарахан әулетінен өздеріне қолайлы адамдардан хақан тағайындап отырды. 1102 жылы Тараздың билеушісі Қадырхан Жабыраил салжұқтардың Мауераннахрдағы саяси үстемдігіне қарсы шықты. Бірақ ол Термез қаласы түбінде салжұқтардан жеңіліп, қаза болды. Махмұд ибн Мұхаммед билігі (1132-41) кезінде Батыс Қарахан қағанатына қарақытайлар шабуыл жасады. 1141 жылы Самарқан қаласы маңындағы Қатуан жазығындағы шайқаста Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Санжар мен Батыс Қарахан қағанатының біріккен әскері қарақытайлықтардан жеңіліс тапты. Батыс Қарахан қағанаты қарақытайлардың вассалына айналды. XII ғасырдың ортасына қарай әрбір иелікті билеген ақсүйектер арасында таққа талас үдеп, Батыс Қарахан қағанатын әлсірете түсті. 1156 жылы Батыс Қарахан қағанатындағы билік тізгіні Шығыс Қарахан қағанатын билеген Хасан әулетінің қолына көшті. Батыс Қарахан қағанатының соңғы хақаны Оспан ибн Ибраһим болды. Ол 1212 жылы Хорезм шаһы Мұхаммед ибн Текеш қолынан қаза тапты. Сөйтіп, Мауераннахрда Қарахандар әулетінің билік жүргізуі аяқталды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Металлургиялық кешен
Келесі жаңалық
Әлемге әйгілі балуандар Астанада бас қосады