Қазыбек би Келдібекұлы
ҚАЗЫБЕК БИ Келдібекұлы (1667, Сыр бойы – 1764, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. Теректі бұлағындағы қыстау, бұрынғы деректерде 1665 – 1765) – қазақ халқының 17 – 18 ғ-лардағы үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған. Ел аузындағы әңгіме-аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәсімдерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен.

