11-15 ғасырлардағы Франция
04.12.2012 05:58
29224
Француз жерлерінің бірігуі
XI ғасырда Франция бірнеше ірі феодалдық иеліктерге бөлінді. Олар: Нормандия, Бургундия, Бретань, Аквитания герцогтіктері; Анжу, Тулуза, Шампань т.б. графтықтары. Герцогтер мен графтар корольдің бағыныштылары болғанымен, олар іс жүзінде корольге бағынбады.
Король иелігі домен деп аталды. Ол Париж бен Орлеанның төңірегінде болды. Корольдің иелігі көлемі мен халқының саны жағынан герцогтер мен графтар иеліктерінен аз болды. XII ғасырдан бастап корольдер әр түрлі жолдармен өз иеліктерінің көлемін ұлғайта түсті. Король өз иелігін басқа жерлерді жаулап алу, тиімді үйлену, мұрагерсіз мырзалардың жерін косып алу, антын бұзған бағыныштының жерін тартып алу арқылы ұлғайтып отырды.
Король II Филипп Август (1180-1223) ағылшын корольдерінің Франциядағы иеліктері - Нормандияны, Анжуды, Аквитанияның біраз бөлігін тартып алып, өз доменіне косты. Француз королінің доменіне Тулуза графтығы да қосып алынды. IV Көркем Филипп король (1285-1314) өз доменіне Шампань графтығын қосып алды.
Король IV Филипп Рим папасына қарсы күресте қолдау табу үшін 1302 жылы Бас штаттарды шакырды. Бас штаттар ауқатты қала тұрғындары, дінбасылар мен дворяндардың жиналысы еді.
Францияда XIV ғасырдың басында сословиелік монархия - орталықтанған феодалдық мемлекет калыптасты. Король ел басқаруда сословиелер өкілдерінің жиналысы - Бас штаттарға сүйенді.
Жүз жылдық соғыс. Жакерия.
XIV ғасырда Англия мен Франция арасында тарихтағы ең ұзақ соғыс басталды. Ол біраз үзілістермен жүз жылдан астам уақытқа (1337-1453 жылдар аралығы ) созылды. Франция оңтүстік-батыс облыстарын (Аквитания) өзіне қайтарып алу үшін соғысты. Тек сонда ғана Франция жерлері толық бірігіп, бір елге айналатын еді. Сондай-ақ Англия мен Франция арасында Фландрия үшін талас бұрыннан шешімін таппай келе жатқан даулы мәселе болатын.
Соғысты бастауға ағылшын королі III Эдуардтың француз тағы үшін таласуы себеп болды. Ол француз королі IV Көркем Филиптің қызы Изабелладан туған жиені болатын. Ал IV Филиптен кейін таққа отырған корольдердің мұрагерлері болмады. Бұл соғыс француздар үшін әділетті соғыс еді.
Соғыстың бастапқы кезінде ағылшындар басым түсті. 1346 жылы олар Креси маңында Француз рыцарьларын талқандады. Сонан кейін олар Кале портын басып алып, өздерінің тірегіне айналдырды. 1356 жылы Пуатье шайқасында француздар тағы да жеңілді.
Соғыс ауыртпалығы француз шаруаларының наразылығын туғызды. 1358 жылы олар көтеріліске шықты. Көтеріліс Жакерия деп аталды. «Жак» деген сөз Жаков деген адам атынан шыққан. Француз шонжарлары шаруаларды келеке етіп солай атайтын. Шаруалар отрядтарын Гильом Каль басқарды. Қан судай төгілген көтерілісте өкімет жеңіске жеткенімен, салыкты көбейтуден қорықты.
Француз халқының басқыншыларға қарсы күресуі. Жанна д'Арк.
1360 жылы Англия мен Франция арасында бітім жасалды. Ол бойынша Франция жерінің үштен бір бөліғі ағылшындар қарамағына көшті. 1369 жылы соғыс қайта жалғасты. Француздар ағылшындарға соққы бере отырып, біраз жерлерін қайтарып алды.
1415 жылы ағылшын әскерлері Францияның солтүстігіне жорыққа шықты. Азенкур деген жерде француз әскері санының көптігіне қарамастан, тас-талқаны шығып, жеңіліп қалды. 1420 жылы француздар үшін намысты қорлайтын бітім шарты жасалды. Ол бойынша Франция өзінің тәуелсіздігін жоғалтып, Біріккен ағылшын-француз корольдігінің бір бөлігі ғана болып қалды.
Ол келісімге қарамастан, француз королі өлген соң оның 15 жасар баласы елдің оңтүстігіне қашып барып, өзін VII Карл деген атпен король (1422-1461) жариялады. Соғыс қайта жалғасты. 1428 жылы ағылшындар Орлеан қаласын қоршады. Оны алса, ағылшындар үшін оңтүстікке жол ашылатын еді.
1429 жылы VII Карл сарайына ер адамның киімін киген 17 жасар шаруа қызы Жанна д'Арк келеді. Ол дофиннен (тақ мұрагерінен) Францияны азат ету үшін жасақ беруін өтінді. Жаннаға рыцарьлар отряды берілді. Ол отрядпен Жанна тоғыз күннен кейін Орлеанды ағылшындардан босатты. Осы 1429 жыл соғыстың барысындағы үлкен бетбұрыс жылы болды. Француз әскері жеңістен-жеңіске жете бастады. Реймс қаласының ескі шіркеуінде корольдің таққа отырып, тәж кию рәсімі өткізілді. Тақтың қасында корольдің туын ұстаған Жанна тұрды.
1430 жылғы Компьен түбіндегі ұрыста Жанна тұтқынға түсті. Ағылшындардың шіркеу соты оны сиқыршы деп айыптап, 1431 жылы отқа өртеп жіберді. Осы қайғылы оқиға француз халқының намысын бұрынғыдан да бетер оятты. Ол ұлт-азаттық соғысына жалғасты. Француздар ақыры жеңіске жетті. 1453 жылы 17 шілдеде Бордо түбегіндегі шайқас француздар пайдасына шешілген соң, ағылшындар Франциядан кетуге мәжбүр болды. Осы жыл соғыстың біткен жылы деп саналды. Еуропа тарихындағы ең ұзақ соғыс арнайы құжатта бекітілмей бітті.
Елді саяси біріктіруді аяқтаудың алғышарттары
Франдияның Жүз жылдық соғыстағы жеңісі оны саяси біріктіруді аяқтаудың алғышарттарын қалыптастырды. Жүз жылдық соғыстың басындағы сәтсіздіктер тұрақты әскердің артықшылықтарын көрсетті. Бірақ ол кезде қазынада тұрақты әскер құруға қажетті қаржы жоқ еді. Ондай қаржы соғыс біткен соң жинақтала бастады.
Ағылшындармен соғыстағы жеңістерді пайдалана отырып, король VII Карл Бас штаттардан әскер үстау үшін жыл сайын жиналатын салық енгізуді талап етті. Оның талабы орындалды. Мемлекеттік қазынадан жалақы алып тұратын тұрақты атты және жаяу әскер құрылды. Ол әскер корольдің билігін күшейтті.
Әскер ұстау үшін салынатын салық тұрақты салық түрінде бекітілді. Тұрақты әскер азык-түлік, қару-жарақпен жете қамтамасыз етілді. Әскер тікелей корольге бағынышты болды. Енді Бас штаттардың корольге бұрынғыдай керегі болмай қалды. Король мемлекетті тікелей өзіне тәуелді шенеуніктер арқылы басқарды. Герцогтер мен графтарды да өзіне бағынышты етті. Сөйтіп барлық мемлекеттік істерді корольдің өзі шешіп отырды.
XI Людовик және оның корольдік өкіметті нығайту жолындағы қызметі
Францияны біріктіру негізінен VII Карлдың баласы XI Людовиктің тұсында (1461-1483) аяқталды. Король билігінің күшеюі ақсүйек феодалдарға ұнамады. Өздерінің тәуелсіздігінен айырыла бастаған олар корольге қарсы одақ кұрды. Оны Батыр Карл деп аталған Бургундия герцогі басқарды. Ол ағылшын королі IV Эдуардпен құпия келісім жасады.
IV Эдуард басқарған ағылшын әскері Ла-Манш бұғазынан өтіп, Кале қаласына келіп орнықты. XI Людовик істі бітіммен шешуді ойлап, оның әскеріне азық-түлік пен арақ-шарап жіберді. Ал IV Эдуардтың өзіне көп ақша беріп, оның Батыр Карлмен одағын бұзуын, еліне кайтуын өтінді. IV Эдуард француз королінің бұл ұсынысын қабылдады. Англия мен Франция арасында бітім жасалды. Ол бойынша XI Людовик IV Эдуардқа жыл сайын ақшалай салық төлеп тұратын болды.
XI Людовик пен Батыр Карл арасындағы күрес он жылдан астам уақытқа созылды. Король герцог Батыр Карлды ашық соғыста жеңу қиын екендігін жақсы білді. Сондықтан ол герцогті көршісімен араздастырып, бір-біріне айдап салды. 1477 жылғы соғыста бургундықтар жеңілді. Батыр Карл қаза тапты. Оны корольге сатылған өзінің жақындарының біреуі өлтірді-міс деген жорамал жасалды.
Француз жерлерінің бірігуі мен король өкіметінің нығаюы.
Француз әскері дереу Бургундияны басып алды. Бірақ Нидерландыны Францияға қосып ала алмады. Ол Батыр Карл қызының жасауы ретінде Қасиетті Рим империясының құрамына енді. XI Людовик өзіне Жүз жылдық соғыс кезінде ірі ақсүйек феодалдардың қол астына көшкен жерлерді де каратып алды. «Бүйі» деген қосымша атқа ие болған XI Людовик өте шебер тор құрып, оған өзінің қарсыластарын бірінен кейін бірін түсіріп отырды. Өз мақсатына жету үшін ол қулық-айланың бәрін қолданды: алдады, арбады, зорлық-зомбылық жасады, у мен канжарды да пайдаланды. XV ғасырдың аяғында Францияны біріктіру аякталды. Күшті, бір орталықтандырылған мемлекеттің негізі қаланды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Достық
Келесі жаңалық
Қазақстанда баспана бағасы 15 пайызға өсуі мүмкін