11-15 ғасырлардағы Италия
04.12.2012 05:54
37464
Қала мемлекеттері және олардың ерекшеліктері.
XI-XV ғасырларда Италия Еуропаның басқа елдері сияқты бытыраңқы ел болып қала берді. Бірақ онда бұрынғы қалалар ұлғайып, жаңа қалалар қатары өсті. Италия қалаларының онан әрі дамып, жетіле түсуіне кресшілер жорығы себеп болды. Кресшілерді Таяу Шығысқа тасудан, оларды азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақпен қамтамасыз етуден Италия қалалары көп табыс тауып отырды. Қалаларда қолөнер мен сауда жоғары дәрежеде дамыды. Шұға, зығыр, жібек маталары тоқылды, шыныдан әсем бұйымдар жасалды, металл өндіріліп, кемелер құрастырылды. Қала қолөнершілері цехтарға бірікті.
Қалалар алғаш ірі феодалдардың жерінде орналасқандықтан, оларға тәуелді болды. Феодал-мырза пополандар деп аталған қала тұрғындарынан алым-салық жинап, қолөнер мен сауданың дамуына кедергі келтіріп отырды. Қалалардың феодал-мырзаға қарсы күресіне көмектесетін король өкіметі болмады, сондықтан пополандар ұсақ феодалдар - вальвассорлармен одақтасты.
Тынымсыз күрестің нәтижесінде ХІ-ХІІ ғасырларда Венеция мен Генуядан басқа - Мантуя, Милан, Феррара, Пиза, Кремона, Болонья, Тоскана, Флоренция қалалары дербестікке қол жеткізді. Тәуелсіздігін жеңіп алған қалалар коммуналар деген атқа ие болды. Олар өз үкіметтерін құрды. Ол үкімет Коммуналардың алқасы деп аталды. Коммуналар алқасы заң шығарды, салық жинады, шаруашылықты басқарды. Салықтан және т. б. табыстардан жиналған қорлар енді феодал-мырзалардың қалтасына емес, қаланың қазынасына түсетін болды. Ол табыс қаланың мұқтажына жұмсалды.
Ірі, бай қалалар маңындағы ұсақ қалаларды өзіне қосып алып, иеліктерінің шеңберін ұлғайтты. Мұндай ірі қалалар басқа қалалармен, тіпті басқа мемлекеттермен сауда жасау, соғысу, бітім жасау мәселелерін де өздері шеше бастады. Сөйтіп Италияда қала-мемлекеттер пайда болды. Олар Венеция, Генуя, Пиза, Равенна, Флоренция сияқты қалалар еді. Бұл қалалар төңірегіндегі ауылдық мекендерді де феодалдардан тартып алып отырды. Ол ауылдар ендігі жерде қала мүддесі үшін қызмет етті.
Италия қала-мемлекеттерінің дамуында айтарлықтай ерекшеліктер де байқалды. Венеция, Генуя, Пиза сияқты қалалар негізінен саудамен айналысып, ірі сауда орталықтарына айналды. Милан сияқты кейбір қалалар негізінен қолөнер кәсібінің орталығына айналды. Енді бір қалалар сауда, қолөнер орталықтары бола тұрып, өсімқорлық капиталмен де айналысты. Ал Италияның оңтүстігіндегі қалалар феодалдардан тәуелсіздігін ала алмады. Олар орталық үкіметке бағынышты болып қала берді.
Венецияның күшеюі
Орта ғасырлардағы қала-мемлекеттердің ең қуаттысы Солтүстік-Шығыс Италиядағы Венеция болды. Ол Еуропа мен Шығыстың арасындағы сауданың ірі делдалдық орталығына айналып, ХІ-ХІІ ғасырларда теңізде үстемдігін орнатқан бай мемлекет дәрежесіне жетті. Кресшілер жорықтары кезінде ол жерорта теңіздік империяға айналды.
XIII ғасырдың аяғынан бастап Венециядағы үкімет билігі бай көпестердің қолына көшті. Олар «үлкен кеңесті» сайлайтын. Кеңестің басында бүкіл өмір бойына сайланған дож тұрды. Венецияның шет елдерде елшіліктері болды.
XIV-XV ғасырлар Венецияның қуаттылығы жағынан ең жоғары сатыға көтерілген кезі болды. Саудадағы басты бәсекелесі - Генуя қала-мемлекетімен жүргізген күресі 1380 жылы Венецияның жеңісімен аяқталды. Венеция батыс еуропалық сауданың басым бөлігін өз қолына шоғырландырды.
Венеция Далмацияны, Албанияның біраз жерін, Иония аралдарын басып алды. XIV-XV ғасырларда құрлықтағы иеліктерін де кеңейтті. Венецияның жылдық табысы Францияның табысымен бірдей болды.
1453 жылы түріктердің Константинопольді басып алуы Венеция үшін ауыр соққы болды. Сауда жолы Жерорта теңізінен Атлант мұхитына ауысты. Түріктермен соғыста Венеция Балқандағы және Жерорта теңізінің шығысындағы иеліктерінен толық айырылды. Ұзаққа созылған Венеция - Түрік соғыстары кейін Венецияның саяси және экономикалық құлдырауының басты себебіне айналды.
Флоренция
Ортағасырлық Италияда өзіндік өшпес із қалдырған қалалардың бірі Флоренция болды. Сауда жолдарының тоғысқан торабында орналасқан Флоренция XI ғасырдан бастап банкі ісінің, сауда мен қолөнер кәсібінің маңызды орталығына айналды. 1115 жылы Флоренция тәуелсіз коммуна құқығына ие болды.
XIII ғасырдың ортасында пополандардың ықпалы күшейіп, гранттардың (ірі феодалдардың) рөлі төмендей бастады. 1293 жылы Еуропада бірінші рет дворяндыққа қарсы бағытталған әділеттілік ережелері деген конституция қабылданды. Ол феодалдарды саяси құқықтан айырды. Қала халқы «қоңды халық», «жүдеу халық» болып екі топқа бөлінді.
1252 жылы Флоренция алтын флорин ақшасын шығара бастады. Ол жалпыеуропалық валютаға айналды. Флоренция банкирлері Рим папасымен байланыста болып, олардың шіркеулік салықтарын бүкіл Еуропа бойынша жинауға рұқсат алды. XIV ғасырда Флоренцияда дүние жүзіндегі ең алғашқы мануфактура ашылды. Онда негізінен жалдамалы жұмысшылардың еңбегі пайдаланылды. Қанаудың жаңа түрі 1345 жылы еңбекші халық наразылығының жаңа толқынын - тарихтағы Бірінші жұмысшы ереуілін туғызды.
1378 жылы Флоренцияда чомпилердің (жалдамалы жұмысшылардың) көтерілісі болды. Олар алғашында жеңіске жетіп, өз цехтарын құрды. Қаланың өкімет басшылығына - сеньорияға өз өкілдерін сайлады. Чомпилер байлардың үйлерін, сарайлар мен кеңселерді өртеп, талан-таражға салды. Шеберханалар жабылып, олардың иелері қашуға мәжбүр болды. «Қоңды халық» өкілдері қалаға азық-түлік әкелуді тоқтатты. Көтерілісшілер сөйтіп әрі жұмыссыз, әрі азық-түліксіз қалды.
Чомпилердің сеньорияны толығымен өз өкілдерімен алмастырмақшы болғаны сәтсіздікке ұшырады. Кеңсе үйіне жиналған чомпилерді «қоңды халықтың» жасағы қырып салды. Көтерілісшілер құрған цех таратылып, оның басшылары өлім жазасына кесілді, қалған чомпилер қатаң жазаланды.
Ортағасырлық Италияның саяси және экономикалық өмірінде Медичилер әулеті өшпес із қалдырды. Әулет мүшелері XV ғасырда Еуропадағы ең ірі сауда-банктік компания құрды. Медичилер біраз үзілістермен Флоренцияда 1434 жылдан 1737 жылға дейін билік құрды. XIV ғасырда «қоңды халықтар» қатарына жататын медичилер феодалдық ақсүйектерге қарсы белсенді күрес жүргізді.
Медичидің банктік қызметі
Әулеттің негізін қалаушы Сальвастро Медичи чомпилер көтерілісін өзінің саяси және экономикалық жағдайын нығайту үшін пайдалана білді. Әулет барлық алым-салық жүйесін өз қолына шоғырландырды. Флоренция қала-мемлекетіндегі барлық басшылық қызметке Медичилер әулетіне адал берілген адамдар тағайындалды. Әулет сауда-банк қызметін кеңейтті, тіпті Рим папасының банктік істерін жүргізді. Медичилер Брюггеде, Лондон мен Парижде және т. б. қалаларда өз компаниясының филиалын (бөлімшелерін) ашты.
Альбицилер әулетімен күресте жеңіске жеткен Козимо Медичи 1434 жылы Флоренцияның жеке-дара билеушісіне айналды. Ол республикалық өкіметке арка сүйеді. Медичйлер кедейлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай көңіл бөлді. Байларға алым-салықты көбейтіп, кедейлерге салынатын салықты жеңілдетіп отырды. Әулет қаладағы құрылысты ұлғайтып, еңбекші халықты жұмыспен қамтамасыз етті.
Медичилер оқымыстылар мен өнер қайраткерлеріне қамқорлық жасап отырды. Әсіресе Лоренцо Медичи билігі (1469-1492) кезінде Флоренцияның аты бүкіл әлемге әйгілі болды. Лоренцоның өзі әрі оқымысты, әрі ақын, әрі өнер жанкүйері еді. Оның ғылым-білімге, көркемөнерге деген қамқорлығы білікті де шебер өкімет билігімен ұштасып отырды. Оның ішкі саясаты Флоренцияны қайта өркендеу мәдениетінің ең ірі орталығына айналдырды.
Флоренцияда медичилердің билігіне наразы топтар да болды. Ол топтың мүддесін білдіруші діни-саяси қайраткер Джироламо Савонарола (1452-1498) болды. Әрі оқымысты, әрі әйгілі дәрігер атасының қолында туып-өскен Савонарола 23 жасында үйінен қашып, Болоньядағы доминикандық орденге мүше болып кірді. 1491 жылы Флоренцияға қайтып келіп, монастырь билігін қолға алды.
Савонарола
Өзінің діни уағыздарында Медичилер тираниясын (қатыгез, өрескел билік) сынады. Қоғамның ішінде ізгілікті (гуманистік) мәдениеттің астарында әдепсіздік өріс алып отыр деп айыптады. Өзі билік еткен монастырьда құдайға адал құлшылық етуге бағытталған қатаң тәртіп орнатты. Рим папасының саясаты мен өмір салтын айыптады. Католик шіркеуіне қайта құрулар жүргізіп, діннің алғашқы тазалығына оралуды уағыздады.
1494 жылы француз әскері Италияға басып кіргенде Пьеро Медичи Флоренциядан қуылып, өкімет билігі уақытша Савонарола мен оның жақтастарының қолына көшті. Ол орта ауқатты топтың мүддесін көздеген саясат жүргізді. Дінге жан-тәнімен берілген жастардан «әдептілік полициясын» құрды. Христиан дініне «қайшы келеді» деп табылған кітаптар, өнер туындылары отқа жағылып, қиратылды. Ойын-сауық біткеннің бәріне тыйым салынды.
Савонароланың папалықты айыптауы сол кездегі Рим папасы VI Александрға ұнамады. Папа Савонароланың уағызшылық қызметіне тыйым салды. 1497 жылы Савонарола шіркеуден аластатылды. Өз кезегінде Савонарола шіркеу соборын шақырып, папаны орнынан алуды ұсынды.
Риммен арақатынасын үзгісі келмеген флоренциялық сеньория Савонароланы тұтқындап, оған діни-саяси сипаттағы айыптар тақты. Сеньорияның үкімі бойынша 1498 жылы Савонарола дарға асылды. Савонароланың католик шіркеуін қайта құру жөніндегі пікірлерін кейін реформацияның жақтаушылары пайдаланды.
XI-XV ғасырлардағы Византия
1071 жылы Византия селжұқ түріктерінен жеңілді. Сөйтіп ол бүкіл Кіші Азия мен Армениядан айырылды. 1088 жылы Византия печенегтерден жеңілді. Печенегтер Фракияға басып кірді.
1091 жылы көктемде византиялықтарға қыпшақтар көмекке келіп, печенегтерді талқандады.
Византия түріктерден Кіші Азияны қайтарып алмақ болып Батыс Еуропа елдерінен көмек сұрады. 1096 жылы Франция мен Германия түріктерге қарсы I крест жорығына аттанды. Бірақ кресшілер кейінгі II, III жорықтарында да Византияға көмектесе алмады. Ал 1204 жылы IV жорық кезінде, кресшілер Кіші Азияның орнына Константинопольді басып алып, Византия империясын құлатты. Оның орнына Латын империясы құрылды.
1261 жылы византиялықтарға Египет сұлтаны Бейбарыс көмекке келіп, кресшілерді қуып шықты. Сөйтіп Византия империясы қалпына келтірілді. Бірақ ол енді өзінің дәл бұрынғы қалпына қайта келе алмады. Империя ішінде феодалдық қырқыстар, тақ үшін талас орын алып, орталық үкіметті әлсіретті. Халықтың тұрмыс деңгейі құлдырады.
1350-1370 жылдары осман түріктері Византияның көптеген жерлерін басып алды. Ақыры 1453 жылы көктемде осман түріктері Константинопольді де басып алып, Византия империясын өзіне қосып алды. Сөйтіп 395 жылы құрылған Византия империясы 1453 жылы өмір сүруін тоқтатты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Земство
Келесі жаңалық
Қазақстанда баспана бағасы 15 пайызға өсуі мүмкін