11-15 ғасырлардағы Испания
04.12.2012 05:53
23725
Арабтармен күрес
711-714 жылдары Пиреней түбегіндегі Вестгот корольдігіне арабтар өз үстемдігін орнатты. Бұл жерде арабтарды маврлар деп атады. Себебі олар Солтүстік Африкадағы Мавритания аймағынан келген болатын. Арабтар мұнда 756 жылы Кордова әмірлігін құрып, оны 929 жылдан бастап тәуелсіз халифаттық деп жариялады. Тек түбектің солтүстігіндегі шағын Астурия облысы ғана тәуелсіздігін сақтап қалған еді.
Кейін Испания деп аталған Вестгот корольдігінің арабтар иелігіне көшкен бөлігі гүлденген өлкеге айналды. Шаруалар бірсыдырғы жеңілдіктер алды. Соның арқасында Испанияның ауыл шаруашылығы жедел қарқынмен дами түсті. Арабтар бірсыпыра жаңа дақылдар өкеліп, өсіре бастады. Арабтар кеңінен қолданған суару каналдарының жүйесі егіншіліктің өркендеуіне септігін тигізді. Испанияда мал шаруашылығымен қатар қолөнер кәсібі де дамыды.
Пиреней түбегінің арабтар үстемдік құрған жерінде қалалар да жедел дами бастады. Араб әмірлігінің астанасы Кордова қаласы Еуропаның аса ірі қолөнер, сауда және мәдени орталықтарының біріне айналды. Онда үлкен кітапхана мен университет болды. Медицина, математика, география ғылымдары дамыды. Араб Испаниясында көркемөнер мен әдебиет гүлденген кезде Батыс Еуропа мәдениеті әлі өте төмен деңгейде болатын. Арабтар Кордовада таңғажайып мұсылмандар мешітін, Альгамбра сарайын салдырды.
Реконкиста
Арабтардың, олар әкелген озық ислам дінінің табыстары католик шіркеуіне көзге шыққан сүйелдей көрінді. Сондықтан да бұл шіркеу иелері жергілікті христиан дініндегі халықты арабтарға қарсы айдап салып отырды. Бұл арабтарға қарсы күрес реконкиста деп аталды. Ол «қайтарып алу» дегенді білдіретін.Реконкистаның орталығы түбектің солтүстігіндегі христиандык Астурия, Галисия және Баскония иеліктері, сондай-ақ шығыстағы Испан маркасы болды. Реконкистаның барысында Пиреней түбегінің солтүстігінде Кастилия және Арагон, Пиренейде Наварра корольдіктері құрылды. Түбектің батысында Кастилиядан Португалия корольдігі бөлініп шықты. 1030 жылы Кордова халифаты бірнеше ұсақ тәуелсіз кінәздіктер мен әмірліктерге бөлініп кетті.
1085 жылы Леон мен Кастилияның королі VI Альфонс әскері Толедоны басып алды. Заллактағы шайқаста біріккен мұсылман әскері христиан жасақтарын талқандады. Арабтардың бұл жеңісі реконкистаны біраз уакытқа тоқтатты.
Алайда арабтар арасындағы алауыздық пен бытыраңқылық 1212 жылы олардың испандық-христиандық мемлекеттерден жеңілуіне әкеп соктырды. Арабтардың осы жеңілісінен кейін реконкиста қайта күшіне енді. Арабтар Пиренейдің қиыр оңтүстігіндегі Гранада әмірлігін ғана иемденіп қалды.
Испанияның бірігуі.
1479 жылы Арагонның королі Фердинанд Кастилия ханшайымы Изабеллаға үйленді. Екі корольдік бірігіп, Испан королъдігі деп атала бастады. 10 жылдық соғыстан кейін, 1492 жылы Фердинанд пен Изабелланың біріккен әскері Гранаданы басып алды. Пиреней түбегі арабтардан қайтарып алынды. Осылайша реконкиста аяқталды. Пиреней түбегінде Испания және Португалия корольдіктері құрылды.
Испаниядағы корольдік билік әлеуметтік топтар өкілдерінің жиналыстарын өткізумен шектелді. Ол жиналыс кортес деп аталды. Кортес үш топтың өкілінен түрды. Бір топты - дін иелерінің, екінші топты - дворяндардың, үшінші топты қала тұрғындары мен шаруалардың өкілдері құрады.
Испанияда король билігі күшейе түсті. Ол феодалдардың билігіне біраз шектеу қойды. XV ғасырдың соңында король өкіметі ірі феодалдарды теңге шығару, ішінара соғыстар жүргізу құкыктарынан айырды. Көптеген ірі шонжарлардың жерін қазынаға алды.
Арабтар билігі кезінде еврейлердің тұрмыс жағдайы өте жақсы еді. Пиренейде испандық король билігі орнаған соң 1492 жылы еврейлер Испаниядан қуылды.
Католик шіркеуі.
Пиреней түбегіндегі мемлекеттерде, әсіресе Испанияда католик шіркеуінің рөлі күшті болды. Реконкистаны өз мақсатына пайдалануға тырысып, шіркеу оны христиандардың мұсылмандарға қарсы діни күресі деп көрсетті. Дінбасылар реконкистаға қатыса отырып, арабтардан қайтарып алынған жерлерді өз иелігіне айналдыруға тырысты. Ол жерлердегі шаруалар аббаттар мен епископтарға тәуелділікке түсті. Ал дінбасылары сондай шаруалардан әскери құрамалар жасақтап, соғысқа аттандырып отырды.
Инквизиция және күпірлерге қарсы күрес.
Испан корольдері өз мемлекетін таза христиандар еліне айналдыру мақсатын көздеді. Дінбасылардың байлыққа ұмтылуын сынап, христиандыққа қарсы пікір айтушылар күпірлер деп жарияланды. Олармен күресу үшін 1480 жылы инквизиция құрылды. Оны қатыгез, зұлым Томас Торквемада басқарды. Елді қатыгездік пен қара түнек жайлады. Қанды инквизиция кезінде Испанияда 23 мың еврей өлім жаза- сына кесілді, 200 мыңы тәркіленді.
Нидерландыда 50 мың адамның басы шабылды. Испаниядағы бұл күпірлерді қырып-жою аутодафе деп аталды. Ол «намыс ісі» дегенді білдірді. Аутодафе қаланың орталық алаңында үлкен шіркеу мейрамы ретінде өткізілетін. Оған король мен өкімет басшылары қатысатын. Сондай-ақ аутодафе өткізілетін алаңға өкімет бүкіл қала халқын жинайтын. Сөйтіп күпірлерді қинап өлтіру арқылы халықты католик шіркеуіне қарсы шықпауға «тәрбиелейтін».
Іскер де білімді еврейлер мен маврларды, католик шіркеуіне қарсы пікір айтушы христиандарды осылай қанға бояп жазалау, елден қуу Испанияның экономикалық дамуына орны толмас орасан зиян келтірді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Мессбауэр спектроскопиясы