Жаңалықтар

Қазақ халқының ұлттық киімдері

  Соңғы редакциялау 22 қазан 2012 жыл Қазақ халқының ұлттық киімдері – киім үлгілері. Этн., экон. және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қ. Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген. Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасын ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді (“шабу” деп атайды). Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген. Қазақтар шапанға шабу, жең түптеріне ойынды, қолтырмаш қояды. Ішіне жабағы жүн салынып сырылған, суықта киетін сырттық – күпі, түйе жүнінен иірілген жіптен тоқылған жұмсақ сырттық – шекпен (тайлақ жүнінен тоқылса шидем шекпен), жеңсіз, киізден қаусырылған, сәндендірілген кебенек, астары қалыңдатылған қаптал шапан, сырмалы, шабулы, жұрынды түрлері болады. Иленген, әрі боялған (қарағай, қайың нілімен, өсімдік, қына, томар бояумен боялған) тон, сырты қымбат матамен тысталған ішіктің түрлері кең таралған. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп, кестелеп, қаптама тон жасайды, етек жеңіне жұрын ұстайды. Жарғақ, тайжақы, қылқа, дақы деген киімдерді тай, құлын, лақтың терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді. Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, атқа мініп-түсуге ыңғайлы, кең балақ болып келеді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарлау, әсіресе, батырлар мен аңшыларға, балуандарға тән болған. Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі. Қ. х. ұ. к-нде тұрғындардың геогр., ру-тайпалық ерекшеліктері де көрінеді және ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мыс., 8 сай уақ тымақ, 3 құлақты керей тымақ; қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы (М.Әуезовтың айтуынша) болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар деген атауларға бөлінеді. Еркектер мен әйелдер бас киімі әр түрлілігімен ерекше-ленді. Еркектердің ежелден келе жатқан дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны “ақ қалпақ”, ал жалпақ күнқағары жоғары бүктеліп қайырылғаны “айыр қалпақ” деп аталды. Көктем мен күзде қазақтар дөңгелек пішінді, төбесі биік, міндетті түрде аң терісімен жиектелген бөрік киген. Қыста киетін бас киім “тымақ” деп аталды. Қыздардың бөріктері алқалармен және төбесіне үкінің, көк құтанның немесе тотының үлпек қауырсындары тағылып сәндендіріледі. Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдері “кәмшат бөрік” деп, алтынмен кестеленгені “алтын бөрік”, маржандармен әшекейленгені “қалмаржан бөрік” деп аталды. Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім – “тақия” үкінің үлпек қауырсынымен, күміс және алтын кестелермен әшекейленді. Әйелдердің бас киімдері арасынан неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле болды. Төбесі үшкірленіп, биік етіліп тігілетін ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Алғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас әйел ақ матадан тігілетін бас киім – кимешек киген. Қ. х. ұ. к-ндегі бас киімді былайша топтастыруға болады: 1) ерлер бас киімі: шыт, кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар), үшкүлдір, жекей, жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа, т.б.), құлақшын, бөрік, жалбағай, қалпақ, құлақты тымақ, күлапара, қырпу (іштік бөрік); 2) әйелдер бас киімі: сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық. Қыста киетін бас киімдер қымбат, қалың матамен тысталады. Қ. х. ұ. к-нің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған. Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 18 ғ-дан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі. Қайыстан, барқыттан, жүннен және жібектен жасалған белдіктер қазақ киімдерінің міндетті бір бөлшегі болды. Қайыс белдіктері әр түрлі өрнек, жапсырмалармен әшекейлендіріліп, асыл тастардан салынған көздер мен сүйек оюлы бастырмалармен әшекейлендірілді. Мұндай белдіктер “кісе” деп аталады. Жас жігіттердің белдіктерінде алқа, әлеміштер болды. Әйелдердің белдіктері жалпақ әрі сәнді, негізінен, жібек пен барқыттан тігілді. Әйелдер, сондай-ақ, белдеріне жұмсақ белбеу байлады. Әйелдердің әшекейлері алтыннан, күмістен, асыл тастардан әзірленді. Салмақты күміс білезіктерге алтын жалатылды, ою салынды. Сырғалар, негізінен, күміс сымдардан имек, жарқырауық тастар түзілген шығыршық түрінде жасалды, оның өзара күміс сыммен бекітілген төрт бұрышты қиықша, дөңгелек, жалпақ тілікті түрлері көбірек пайдаланылды. Шашқа салатын әшекейлер – өзара кіріккен шығыршықтармен біріктірілетін алқалар немесе теңгелер тізбегі түріндегі шашбаулар жасалды. Оның орт. алқалары түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Шашқа тағылатын әшекей қатарына аспалы шолпылар да жатады. Жүзіктер құйылып және нақышталып, сопақша, дөңгелек, көп қырлы қисында жасалды. Олар түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Қазақ зергерлері бұлардан басқа омырауша, өңір жиек, “бой тұмар”, белдіктерге ілгектер, сәукелеге арналған өрнекті тана–шылтыр, салмақты дөңгелек түймелер торсылдақ түйме, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдар да жасаған. Әйелдер әшекейлерін әзірлеуде әр түрлі тәсілдер: құю, ою салу, нақыш қондыру, қалыптау, зерлеу, қараға бояу, інжу қадау, эмаль жағу қолданылды (қ. Зергерлік өнер). Мұндай сәндік бұйымдар Қ. х. ұ. к-не ерекше әр берді. Қ. х. ұ. к. үлгілерінің көшпелі тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейімделіп дамығаны, көрші халықтармен арадағы мәдени, шаруашылық байланыстар әсер еткендігі сөзсіз. Б. Хинаят Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том
04.12.2012 04:36 28574

 

Соңғы редакциялау

22 қазан 2012 жыл

Қазақ халқының ұлттық киімдері – киім үлгілері. Этн., экон. және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қ. Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.

Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасын ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді (“шабу” деп атайды). Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген. Қазақтар шапанға шабу, жең түптеріне ойынды, қолтырмаш қояды.

Ішіне жабағы жүн салынып сырылған, суықта киетін сырттық – күпі, түйе жүнінен иірілген жіптен тоқылған жұмсақ сырттық – шекпен (тайлақ жүнінен тоқылса шидем шекпен), жеңсіз, киізден қаусырылған, сәндендірілген кебенек, астары қалыңдатылған қаптал шапан, сырмалы, шабулы, жұрынды түрлері болады. Иленген, әрі боялған (қарағай, қайың нілімен, өсімдік, қына, томар бояумен боялған) тон, сырты қымбат матамен тысталған ішіктің түрлері кең таралған. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп, кестелеп, қаптама тон жасайды, етек жеңіне жұрын ұстайды. Жарғақ, тайжақы, қылқа, дақы деген киімдерді тай, құлын, лақтың терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді. Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, атқа мініп-түсуге ыңғайлы, кең балақ болып келеді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарлау, әсіресе, батырлар мен аңшыларға, балуандарға тән болған.

Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі.

Қ. х. ұ. к-нде тұрғындардың геогр., ру-тайпалық ерекшеліктері де көрінеді және ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мыс., 8 сай уақ тымақ, 3 құлақты керей тымақ; қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы (М.Әуезовтың айтуынша) болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар деген атауларға бөлінеді.

Еркектер мен әйелдер бас киімі әр түрлілігімен ерекше-ленді. Еркектердің ежелден келе жатқан дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны “ақ қалпақ”, ал жалпақ күнқағары жоғары бүктеліп қайырылғаны “айыр қалпақ” деп аталды. Көктем мен күзде қазақтар дөңгелек пішінді, төбесі биік, міндетті түрде аң терісімен жиектелген бөрік киген. Қыста киетін бас киім “тымақ” деп аталды.

Қыздардың бөріктері алқалармен және төбесіне үкінің, көк құтанның немесе тотының үлпек қауырсындары тағылып сәндендіріледі. Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдері “кәмшат бөрік” деп, алтынмен кестеленгені “алтын бөрік”, маржандармен әшекейленгені “қалмаржан бөрік” деп аталды. Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім – “тақия” үкінің үлпек қауырсынымен, күміс және алтын кестелермен әшекейленді. Әйелдердің бас киімдері арасынан неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле болды. Төбесі үшкірленіп, биік етіліп тігілетін ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Алғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас әйел ақ матадан тігілетін бас киім – кимешек киген. Қ. х. ұ. к-ндегі бас киімді былайша топтастыруға болады: 1) ерлер бас киімі: шыт, кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар), үшкүлдір, жекей, жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа, т.б.), құлақшын, бөрік, жалбағай, қалпақ, құлақты тымақ, күлапара, қырпу (іштік бөрік); 2) әйелдер бас киімі: сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық. Қыста киетін бас киімдер қымбат, қалың матамен тысталады.

Қ. х. ұ. к-нің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған.

Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 18 ғ-дан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі.

Қайыстан, барқыттан, жүннен және жібектен жасалған белдіктер қазақ киімдерінің міндетті бір бөлшегі болды. Қайыс белдіктері әр түрлі өрнек, жапсырмалармен әшекейлендіріліп, асыл тастардан салынған көздер мен сүйек оюлы бастырмалармен әшекейлендірілді. Мұндай белдіктер “кісе” деп аталады. Жас жігіттердің белдіктерінде алқа, әлеміштер болды. Әйелдердің белдіктері жалпақ әрі сәнді, негізінен, жібек пен барқыттан тігілді. Әйелдер, сондай-ақ, белдеріне жұмсақ белбеу байлады. Әйелдердің әшекейлері алтыннан, күмістен, асыл тастардан әзірленді. Салмақты күміс білезіктерге алтын жалатылды, ою салынды. Сырғалар, негізінен, күміс сымдардан имек, жарқырауық тастар түзілген шығыршық түрінде жасалды, оның өзара күміс сыммен бекітілген төрт бұрышты қиықша, дөңгелек, жалпақ тілікті түрлері көбірек пайдаланылды. Шашқа салатын әшекейлер – өзара кіріккен шығыршықтармен біріктірілетін алқалар немесе теңгелер тізбегі түріндегі шашбаулар жасалды. Оның орт. алқалары түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Шашқа тағылатын әшекей қатарына аспалы шолпылар да жатады. Жүзіктер құйылып және нақышталып, сопақша, дөңгелек, көп қырлы қисында жасалды. Олар түрлі түсті асыл тастармен безендірілді.

Қазақ зергерлері бұлардан басқа омырауша, өңір жиек, “бой тұмар”, белдіктерге ілгектер, сәукелеге арналған өрнекті тана–шылтыр, салмақты дөңгелек түймелер торсылдақ түйме, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдар да жасаған. Әйелдер әшекейлерін әзірлеуде әр түрлі тәсілдер: құю, ою салу, нақыш қондыру, қалыптау, зерлеу, қараға бояу, інжу қадау, эмаль жағу қолданылды (қ. Зергерлік өнер). Мұндай сәндік бұйымдар Қ. х. ұ. к-не ерекше әр берді. Қ. х. ұ. к. үлгілерінің көшпелі тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейімделіп дамығаны, көрші халықтармен арадағы мәдени, шаруашылық байланыстар әсер еткендігі сөзсіз.

Б. Хинаят

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға