«Айман-Шолпан» драмалық комедиясы
04.12.2012 04:23
17005
«Айман-Шолпан» драмалық комедиясы. «Айман - Шолпан» жырының өн бойында әдемі юмор жатыр. Осы ерекшелікті терең ұққан Әуезов халық жырының материалын комедия жазу үшін сәтімен пайдаланды. Қазақтың тұңғыш музыкалық театрының шымылдығы «Айман - Шолпан» комедиясымен ашылды. Пьесадағы сюжет жыр сюжетінің негізінен ауытқымайды. Драматург тартысты тереңдетіп, образдарды айқындап, идеяны ұштап, жаңа бояулар, соны өрнектер қосқан. Пьесадағы 17 кейіпкердің жетеуі жырда бар, өзгелерін автор қиялы, шығармашылық мақсат тудырған. Жырдағы тартыс Маман мен Көтібардың сәнді үйге таласуынан басталса, пьесадағы тартыс Әлібек, Маман байлардың Көтібарды адам санатына қоспай, намысына тиюінен өрбиді. Жырда жоқ, драматург қиялынан туған кейіпкер - Жарас барлық күлкілі ситуациялардың бел ортасында жүреді. Комедияда Әуезовтың образ, тамаша тип жасаумен бірге, шеберліктің биік деңгейіне жеткендігін, халықтық фольклор мен классикалық дәстүрді терең үштастыра білетін жаңашыл қаламгер екендігін танытты. Халық жырында нобайы ғана көрінген персонаждар комедияда тереңдетіліп, характерлік даралық сипаттарын тапқан. Әсіресе Айман мен Шолпан образдарының ерекшеленуі драматург шеберлігін көрсетеді.
Айман -байыпты, байсалды, ақылды;
Шолпан - ерке, тентек, тапқыр, өткір тілді.
Пьесада жаңа бояулармен толысқан, жан-жақты ашылған кейіпкерлердің бірі - Арыстан ақын-сері тұлғасында бой көрсетеді.
Жарас қулықпен, тапқырлықпен ширата түсетін коллизиялардың шешілуі жеткен кезде сахнаға ақылды, ойлы ақын Арыстан шығады. Сондықтан бұл екі образ бірін-бірі толықтырып тұр. Әлібектің Айманды, Арыстанның Шолпанды алуында кездейсоқтық емес, заңдылық жатыр.
Айман - Шолпан жыры мен комедиясының айырмашылығы
Жыр негізінен он бір буынды қара өлең, 7-8 буынды жыр өлшемінен тұрса, комедияда ақ өлең, қара сөз аралас келеді. Жырдағы жеке тіркестер, троп түрлері пьесада кеңінен пайдаланылған. Жыр мен комедия арасындағы негізгі ұқсастық - сюжет, композиция, идея деңгейіндегі пафостағы ұқсастық. Әуезов шығармашылық кемел шағына келгенде, ертеде жазған көптеген туындыларына қайтадан оралып, жаңа нұсқалар, редакциялар жасады. Осындай мақсатпен 1956 жылы автор «Айман - Шолпанның» екінші редакциясын жасады. Алдымен өзбек саудагері, ұлық, биші, әнші орыс әйелі секілді қосалқы кейіпкерлер көркемдік мақсат атқарып тұрмағандықтан, ықшамдау, лаконизм шарттары ескеріліп, екінші нұсқада қысқарып қалды. Стиль талаптарының негізінде қара сөз атаулы түгелдей-ақ өлеңге көшті. Комедияның 1-актісі жаңадан жазылды. Қыз көре келген жігіттер қақтығысы жырда да, алғашқы нұсқада да жоқ. Ал Шөмекей тойы 2-актіге ауысты. Жеке сценалар әр жерде орын ауыстырылған. Жантық - Балпық ақындардың айтысы арасында енді Әлібек пен Арыстан әр түрлі сөз қосып, тартысты күшейтіп, ширатып отырады. Жеке репликалар тұтасып, монологқа ұласқан мысалдар бар. Алғашқы вариантта қосалқы кейіпкер, Көтібар қасында жүретін елеусіз шал екінші нұсқада характерлік даралығы бар халық өкілінің бейнесінде көрінеді. Комедия финалында Көтібар далаға жүгіре шығып, аспанға мылтық атып, айдапаға жүгіре қашады. Дәурені етіп, күні біткен заманның өкілі жаңа толқын жастарға не қайратымен қарсы турады? Еріксіз күлкіге айналып отыр. Комедия қазақ театрының сахнасынан түспейтін классикалық шығармалардың бірі болып қалды. Сахналық шешім, актерлер ойыны жөнінде көптеген пікір жазылды. «Айман - Шолпан» комедиясын 1934 жылы Ж.Шанин сахнаға шығарса, соңғы қойылымдар ішінде режиссер Ә. Мәмбетовтің еңбегі ерекше. Комедия 1934 жылы жеке кітап болып шықты, 1937 жылы «Әдебиет майданы» журналының 5-санында жарияланды, кейін Әуезовтің 6 томдық , 12 томдық шығармалар жинағына енгізілді.
Спектакльдің қойылымы
1934 жылы13 қаңтарда композитор И. Б. Коцыхтың өңдеуімен көптеген халық әндері мен күйлері енгізіліп, «Айман - Шолпан» музыкалық комедия үлгісінде қойылды. Ж.Шанин мен Қ. Жандарбековтің халық өнерінің тамаша туындыларын қиюын тауып, шебер пайдалануы арқасында қойылым қазақ халқының ұлттық болмысын кеңінен танытқан көркем дүние болып шықты. Ән мен өлең, би мен хор, ақындар айтысы т. б бір сахналық арнада тоғысып, синтетикалық өнердің көркемдік шарттарына толық жауап берді. Спектакльдің премьерасы драма театрының үйінде өтті. Қазақ музыка театры дүниеге осылай келді. 30-жылдардың орта шенінде ұйымдаса бастаған облыстық қазақ театрларының репертуарынан «Айман - Шолпан» берік орын алды. 1935 жылы О. Беков пен Ш. Ғатаулин Семейде комедияны сахнаға шығарды. Қойылымның музыкалық жағына басшылық еткен композитор Л. Хамиди ән-музыкаларын қайта қарап, кейбіреулерін ықшамдап, қызықты да әсерлі етуге куш салды. Қазақ академиялық драма театрының сахнасына комедия тұңғыш рет 1960 жылы қойылды. Режиссер Ә. Мәмбетов өмір болмысы мен кейіпкерлер бейнелерін әдейі әсерлеу үлгісімен шешкен. Халық ойындары, тұрмыс-салт көріністері де пайдаланылып, А.Жұбановтың әуенді музыкасы қойылымның мазмұнын тереңдете түскен. 1958 жылы Семей театрының Алматыда көрсеткен спектаклі халық ойындары мен бидің ұтымды қойылып, көрерменге етене таныс әндердің шебер орындалуынан көп ұтты. Кейбір театрлар комедияның өздеріне жақын, жеңіл меңгерілетін жағынан келген. Қарағанды ұжымындағы Айман мен Шолпан рөліндегі Ә. Абылаева мен Р. Омарханова драмалық шеберліктерінің үстіне, өншілік өнерімен қойылым рухын биіктете түскен. Торғай мен Жетісай театрлары өн мен биге, хор жағына баса көңіл бөлген. Көп қойылымдарда көмескі болып жүрген Жарас бейнесі торғайлықтардың сахнасында шынайы түрде шықты. Жамбыл театрының (1973, режиссері Ә. Құлданов) спектаклі өзгеше қойылған. Сахна шымылдығы ашылмастан бұрын төгілген ән мен музыка, би мен хор ерекше әсерге бөлейді. Халықтың көне бұйымдарымен безендірілген ұлт киімін киген актерлер көрермендерді шырқаған әсем өнімен, тамаша алтыбақан ойынымен, шат-шадыман көңілмен қарсы алуы - қойылымды тұтас өнер мерекесіне айналдырып жіберген. Комедияға қайта оралғанда, оның халықтық түп-тамырынан жырақ кетіп, экспериментке баруы - кейбір театрларды сәтсіздікке ұрындырды. 80-жылдары театрларда бұрынғы музыкалық бағыт қайта жаңғырып, 1985 жылы Семейде (режиссері Е. Обаев), Павлодарда (1991, режиссері Е. Тәпенов), Ақтөбеде (1992, режиссері М. Бақытжанов) қойылған музыкалық спектакльдер көрермен қауымның ықыласына бөленді. Бұларда ұтымды режиссерлік шешімдермен бірге, ән мен би, хор, ариялар мен дуэттер спектакльдердің басты компоненттері болды. Актерлер драмалық қабілеттерімен бірге, тамаша әншілік өнерімен ерекше көрінді. Павлодар театрының спектаклі 1995 жылы Мысырда өткен фестивальда жоғары бағаланып, Шығыс әлемі ұлы Әуезовтің талант құдіретіне тағзым етті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Дифференциалдық теңдеулер