Жаңалықтар

Барнауыл

  Барнауыл (орыс. Барнау́л) — Ресей қаласы (1730 жылы құрылып, қала мәртебесін 1771 жылдан бастап алды), 1937 жылдан бастап Алтай өлкесінің (орыс. Алтайский край) әкімшілік орталығы. Қала Батыс Сібірдің оң жағында, Барнаулка өзенінің Обь өзеніне құяр тұсында орналасқан. Қала ауданы – 321 км², халқы – 621,7 мың адам (2012), сонымен бірге қала халқының саны бойынша Ресейде 21-ші орында тұр. Қала округтерінің шекарасында бағындырылған елді мекендердегі тұрғынды қосқанда Барнауыл халқы 681,5 мың адамды құрайды. Сібірдің ауқымды өндірістік, мәдени және білім орталығы: 9 мемлекеттік ЖОО, 5 театр, мұражайлар және ХVIII-XX ғасырларға жататын сәулет өнерінің көне ескерткіштері бар. Қалануы Археологиялық зерттеулер қазіргі Барнауылдағы алғашқы қоныстар тас ғасырында пайда болғандығын көрсетеді. Қала аумағында осы күнге дейін 63 археологиялық ескерткіш сақталған. Олар көбіне көне заманнан орта ғасырға дейін сақталған қалашықтар, қорғандар, тұрақтар және мекендер. Бұл тұрақтардың көпшілігі Обь өзенінің сол жағалауында, Барнауылдың таулы жақтарында, Мохнатушка, Казённая Заимка, Гоньба және Научный Городок сияқты жерлерінде орналасқан. Алтын Орда дәуірінде, орыстардың Сібірге қоныс аударуына дейін, мұнда Абакша деген қамал-қала тұрған. Осы қаладан төлеуіттер көршілес халықтарға шабуыл жасады. Барнауылдың қала болып қаланған ресми уақыты 1730-жылы деп есептеледі. Мұны кен өндіруші Акинфий Демидовтың Алтай өңіріне завод салу мақсатында 200 шаруаны алып келуімен байланыстырады. Алайда, қаланың құжаттық мақұлданған жылы 1739-жылы болып саналады. Себебі, аталмыш жылы Демидов Барнауылда күміс балқыту зауытының құрылысын бастаған еді. Осы саяхат қаланың дамуына оң әсерін тигізді. Соның әсерінен Баранауылға Орталық Ресей және Уралдан қоныс аударушылар көптеп келе бастады. Этимология. Қала атауының шығу төркініне байланысты түрлі гипотезалар көп. Белгілі жазушы және өлкетанушы ғалым Марк Юдалевич өзінің мақалаларында атаудың шығуына байланысты әртүрлі ғалымдардың зерттеулерін жинаған. Зерттеушілер жұмысының жалпы ойы, гипотезасы «Барнауыл» атауының түркілік немесе моңғолдық шығу тарихы бар, бірақ атаудың тәржімасы бірнеше нұсқалылығымен ерекшеленеді деген пікірге саяды. Көп уақыт бойы «Барнауыл» сөзінің түп төркіні қазақ тілінен аударылған деген нұсқа таратылды. «Жақсы мал жайылым» немесе «Барна ауылы» және «Барн» сөзі Сібір хандығының көшпенділерінің атауының бірі деп есептеледі. Алайда, тарихшылардың пікірі бойынша, бұл сөз —халықтық этимология. Себебі, қазақтарда «Барн» атауы жоқ және олар Жоғарғы Обь жерлерінде көшпеген. Ал, «жақсы мал жайылым» деген сөздің «жайлау» деген балама атауы бар. Барнауыл атауының этимологиясын ғалымдар «Барнаулка» өзенінің атауымен байланыстырады. Бұл өзен XVIII ғасырдың сызбаларында «Бороноул» немесе «Бороноур» деп аталған. Кей құжаттарда өзен «Баранаул» деп аталған екен. 1745 жылдан бастап қана Шелегиннің картасында аталмыш өзен «Барнауыл өзені» деп аталған. Томск профессоры Андрей Дульзон қаланың атауы екі түрлі көнетүркілік түбірден жасалған деген болжам айтады. Бұл топонимнің алғашқы формасы «Бороноул». Сөздегі «боро» түбірі көптеген моңғол және түркі тілдеріндегі «қасқыр» деген мағынаны, ал «ул» формасы түркі тілдерінде «өзен» деген мағынаны береді. Осылайша, «Барнауыл»   атауы «қасқыр өзені» немесе «қасқыр көлі» деген де мағына беруі мүмкін. «Барнауыл» сөзінің этимологиясы жайында айтылған соңғы нұсқаның жаны бар. Себебі, ертеректе Барнаулка өзенінің бойында қасқырлар көп болған және өзеннің құяр сағасында көлдер орналасқан. Сонымен қатар, қасқыр (бөрі) Алтай халқы үшін қасиетті аңдардың бірі болып саналады. Уақыт өте келе, сөз белгілі формацияға ұшырап, «орыстанып», орыс говорларына бейімделіп, қала атауына айналып кетті. Барнауылдық тарихшы және археолог А. Уманский өзен атауы туралы нұсқаны дамытып, «Бороноул» топонимінің төлеуіттік тарихы бар деген болжам айтады. Ғалымның пікірі бойынша, «Боронаул»/«Бороноул» сөздері тілдік метаморфозға ұшырап, нәтижесінде атау «поронгыул» / «по-ронгы» — «лай су», «ул» — «өзен» деген төлеуіт сөзінен шыққан. Нәтижесінде, Барнаулка өзенінің этимологиясы «лай су» деген мағынаны береді. Шындығында, Барнаулка өзені түрлі органикалық, минералдық заттарға, сонымен қатар, құмға толы. Геральдика. Барнауылдың алғашқы елтаңбасы 1846 жылы бекітілді. Елтаңба қалқаны француздық геральдикалық форманың (тәжі және лентасы жоқ) қалпын береді. Қалқан көлденеңнен 2 бөлікке бөлінген. Жоғарғы бөлігі қалқанның үштен бірін алады. Онда Томск губерниясының  негізгі элементі (наместниктік елтаңба) — жасыл фондағы шауып бара жатқан ақ аттың бейнесі орналасқан. Ат — губерния шаруашылығында, таулы өнеркәсіптегі көлік қызметтерін атқаратын негізгі символ және шаруашылық үшін таптырмайтын жануар. Елтаңбаның төменгі бөлігінде ашық көк фонда тұтанып тұрған қызыл түсті күміс домна пеші  орналасқан. Ол өз кезегінде елдегі күміс балқыту өнеркәсібінің символы ретінде көрсетілген. Қазіргі заманғы елтаңба 1995 жылы 16 қарашада қабылданды. Оның түпнұсқасы (түрлі түсті және қара-ақ суреттер) Барнауыл қаласының әкімшілігінде тұр және қызыққан азаматтарға қолжетімді. Барнауылдың туындағы ашық көк түс қаланың орналасқан жері — Обь өзенінің символы. Тудың ортасында қаланың елтаңбасы орналасқан.  
04.12.2012 03:44 6110

 

Барнауыл (орыс. Барнау́л) — Ресей қаласы (1730 жылы құрылып, қала мәртебесін 1771 жылдан бастап алды), 1937 жылдан бастап Алтай өлкесінің (орыс. Алтайский край) әкімшілік орталығы. Қала Батыс Сібірдің оң жағында, Барнаулка өзенінің Обь өзеніне құяр тұсында орналасқан. Қала ауданы – 321 км², халқы – 621,7 мың адам (2012), сонымен бірге қала халқының саны бойынша Ресейде 21-ші орында тұр. Қала округтерінің шекарасында бағындырылған елді мекендердегі тұрғынды қосқанда Барнауыл халқы 681,5 мың адамды құрайды. Сібірдің ауқымды өндірістік, мәдени және білім орталығы: 9 мемлекеттік ЖОО, 5 театр, мұражайлар және ХVIII-XX ғасырларға жататын сәулет өнерінің көне ескерткіштері бар. Қалануы

Археологиялық зерттеулер қазіргі Барнауылдағы алғашқы қоныстар тас ғасырында пайда болғандығын көрсетеді. Қала аумағында осы күнге дейін 63 археологиялық ескерткіш сақталған. Олар көбіне көне заманнан орта ғасырға дейін сақталған қалашықтар, қорғандар, тұрақтар және мекендер. Бұл тұрақтардың көпшілігі Обь өзенінің сол жағалауында, Барнауылдың таулы жақтарында, Мохнатушка, Казённая Заимка, Гоньба және Научный Городок сияқты жерлерінде орналасқан. Алтын Орда дәуірінде, орыстардың Сібірге қоныс аударуына дейін, мұнда Абакша деген қамал-қала тұрған. Осы қаладан төлеуіттер көршілес халықтарға шабуыл жасады.

Барнауылдың қала болып қаланған ресми уақыты 1730-жылы деп есептеледі. Мұны кен өндіруші Акинфий Демидовтың Алтай өңіріне завод салу мақсатында 200 шаруаны алып келуімен байланыстырады. Алайда, қаланың құжаттық мақұлданған жылы 1739-жылы болып саналады. Себебі, аталмыш жылы Демидов Барнауылда күміс балқыту зауытының құрылысын бастаған еді. Осы саяхат қаланың дамуына оң әсерін тигізді. Соның әсерінен Баранауылға Орталық Ресей және Уралдан қоныс аударушылар көптеп келе бастады.

Этимология. Қала атауының шығу төркініне байланысты түрлі гипотезалар көп. Белгілі жазушы және өлкетанушы ғалым Марк Юдалевич өзінің мақалаларында атаудың шығуына байланысты әртүрлі ғалымдардың зерттеулерін жинаған. Зерттеушілер жұмысының жалпы ойы, гипотезасы «Барнауыл» атауының түркілік немесе моңғолдық шығу тарихы бар, бірақ атаудың тәржімасы бірнеше нұсқалылығымен ерекшеленеді деген пікірге саяды.

Көп уақыт бойы «Барнауыл» сөзінің түп төркіні қазақ тілінен аударылған деген нұсқа таратылды. «Жақсы мал жайылым» немесе «Барна ауылы» және «Барн» сөзі Сібір хандығының көшпенділерінің атауының бірі деп есептеледі. Алайда, тарихшылардың пікірі бойынша, бұл сөз —халықтық этимология. Себебі, қазақтарда «Барн» атауы жоқ және олар Жоғарғы Обь жерлерінде көшпеген. Ал, «жақсы мал жайылым» деген сөздің «жайлау» деген балама атауы бар.

Барнауыл атауының этимологиясын ғалымдар «Барнаулка» өзенінің атауымен байланыстырады. Бұл өзен XVIII ғасырдың сызбаларында «Бороноул» немесе «Бороноур» деп аталған. Кей құжаттарда өзен «Баранаул» деп аталған екен. 1745 жылдан бастап қана Шелегиннің картасында аталмыш өзен «Барнауыл өзені» деп аталған. Томск профессоры Андрей Дульзон қаланың атауы екі түрлі көнетүркілік түбірден жасалған деген болжам айтады. Бұл топонимнің алғашқы формасы «Бороноул». Сөздегі «боро» түбірі көптеген моңғол және түркі тілдеріндегі «қасқыр» деген мағынаны, ал «ул» формасы түркі тілдерінде «өзен» деген мағынаны береді. Осылайша, «Барнауыл»   атауы «қасқыр өзені» немесе «қасқыр көлі» деген де мағына беруі мүмкін. «Барнауыл» сөзінің этимологиясы жайында айтылған соңғы нұсқаның жаны бар. Себебі, ертеректе Барнаулка өзенінің бойында қасқырлар көп болған және өзеннің құяр сағасында көлдер орналасқан. Сонымен қатар, қасқыр (бөрі) Алтай халқы үшін қасиетті аңдардың бірі болып саналады. Уақыт өте келе, сөз белгілі формацияға ұшырап, «орыстанып», орыс говорларына бейімделіп, қала атауына айналып кетті.

Барнауылдық тарихшы және археолог А. Уманский өзен атауы туралы нұсқаны дамытып, «Бороноул» топонимінің төлеуіттік тарихы бар деген болжам айтады. Ғалымның пікірі бойынша, «Боронаул»/«Бороноул» сөздері тілдік метаморфозға ұшырап, нәтижесінде атау «поронгыул» / «по-ронгы» — «лай су», «ул» — «өзен» деген төлеуіт сөзінен шыққан. Нәтижесінде, Барнаулка өзенінің этимологиясы «лай су» деген мағынаны береді. Шындығында, Барнаулка өзені түрлі органикалық, минералдық заттарға, сонымен қатар, құмға толы.

Геральдика. Барнауылдың алғашқы елтаңбасы 1846 жылы бекітілді. Елтаңба қалқаны француздық геральдикалық форманың (тәжі және лентасы жоқ) қалпын береді. Қалқан көлденеңнен 2 бөлікке бөлінген. Жоғарғы бөлігі қалқанның үштен бірін алады. Онда Томск губерниясының  негізгі элементі (наместниктік елтаңба) — жасыл фондағы шауып бара жатқан ақ аттың бейнесі орналасқан. Ат — губерния шаруашылығында, таулы өнеркәсіптегі көлік қызметтерін атқаратын негізгі символ және шаруашылық үшін таптырмайтын жануар. Елтаңбаның төменгі бөлігінде ашық көк фонда тұтанып тұрған қызыл түсті күміс домна пеші  орналасқан. Ол өз кезегінде елдегі күміс балқыту өнеркәсібінің символы ретінде көрсетілген. Қазіргі заманғы елтаңба 1995 жылы 16 қарашада қабылданды. Оның түпнұсқасы (түрлі түсті және қара-ақ суреттер) Барнауыл қаласының әкімшілігінде тұр және қызыққан азаматтарға қолжетімді.

Барнауылдың туындағы ашық көк түс қаланың орналасқан жері — Обь өзенінің символы. Тудың ортасында қаланың елтаңбасы орналасқан.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға