Жаңалықтар

Мүсәпір

— Сағаттың тілі нешені соққанын айтып жіберіңізші...  — Тоқтап қалған...  Күлкім келді. «Сағат неше болды екен. Мәдина бүгін де келмейтін болды-ау». 
03.03.2015 10:13 7529

— Сағаттың тілі нешені соққанын айтып жіберіңізші... 
— Тоқтап қалған... 
Күлкім келді. «Сағат неше болды екен. Мәдина бүгін де келмейтін болды-ау». 
Күн ысып кетті. Орталық паркте қол ұстасқан қыз-жігіттер көп болушы еді. Бүгіндікке бірлі-жарым ғана жұп ұшырасты. Әдеттегіндей тоқтатып алып, бақытты болуларын тіледім. Бірі бес жүз теңге, енді бірі мыңдықты аямады. Әйтеу, қолымды ешқайсысы да бос қайтарған жоқ. Тапқан ақшама әдемі бір роза сатып алдым. 
— Қандай кітап оқып отырсыз? 
— Ізгі хабарлар... 
Қолындағы кітабының мұқабасына көз жібердім. Ғайса пайғамбардың суреті. Кітаптан жанарымды тайдыра беріп, қызға тікке қарадым. Әдемі екен. Тізесінен төменіректен үзілген көйлегі өзіне жарасып тұр. Омырауында қадалған қызыл гүл бар. 
— Қайда оқисыз? 
— ЖенПИ-де... 
— Біреуді күтіп отырсыз ба? 
— Жігітімді... 
«Бүгін ол келуі керек» дедім ішімнен. Иә, бүгін келмесе мені жақсы көрмегені. Қолымдағы гүлді осы қызға сыйлай салсам ба екен? 
— Сіз де алаңдаулы секілдісіз... 
— Қызым келем деген... 
Күліп жіберді. Қолтығымдағы сүйенген балдағыма мүсіркей қарады. Үстіме киген киімім де жұпыны-тұғын. Өз қарасынан секемденіп қалған қыз: 
— Иса жіберген ізгі хабар жайлы естіп пе едіңіз? — деп әңгіме аурасын басқа арнаға бұрып жіберді. 
— Менің білетінім Мәдді ғалейкусалам мен Ғайса ғалейкусаламның бірігіп Тажалмен соғысатыны, жер бетінде Ұлы патшалық құратыны ғана. Сіздің жеткізейін деп тұрған ізгі хабарыңызды біз, яғни мұсылман қауымы Мұхаммед ғалейкусаламның дәуірінде естіп қойғанбыз... 
— Сол күні... 
— Иә, сол күні сендер секілді миссионерлердің ошағы ойрандалып, шаңырағы күл-талқан болады. 
— Ренжімесеңіз мен кетейін... 
— Өзіңіз біліңіз. 
— Адасушы қауымды Иса кешіріммен қарасын. 
— Алаштың рухы сендей безбүйректерді көгерте көрмесін. 
Көңілі нілдей бұзылған қыз кетіп бара жатып: 
— Біздің қазақтар әу баста хрестиан дінін ұстанғанын ұмыта көрмеңіз... 
— Неше жыл ұстаныпты? Мысқылдай қарадым да сөзімнің айдалаға кететінін біліп тілімді тістей қойдым. 
Тез-тез басқан қыз ұзай берді. 
Ар жақтан таяғын тақылдатып Мәдина келе жатыр екен. Қуанғанымнан ұшып түрегелдім. Бірақ, балтырдан кесілген шолақ аяғымның жоқ саусақтарының арасы қыши бастады. Күндегі әдеті. Бірден жүріп кетсем, жыбырлағанын тоқтатпай қояды. 
— Мәдина... 
Мәдина дауыс шыққан жаққа бағдарын өзгертті. Қолымдағы гүлге қарадым. «Манағы қыздың омырауындағы гүл секілді етіп, Мәдинамның омырауына қадап қояр ма еді» деген ой санамда жүгіріп өтті. 
— Көп күтіп қалдыңыз ба, Ықылас? 
— Мынау сізге... 
— Бұл не? 
— Гүл... 
Мәдина иіскеді. 
— Исі жағымды екен. Өзі де әдемі шығар... 
— Сіз секілді... 
— Сіз секілді... 
— Мәдина, менің әдемі, әдемі емес екенімді қайдан білесіз? 
— Әдемілікті көру қажет емес, сезіну керек. 
Саусақтарын салалай бастадым. Көйлегінің жағасы ішіне қарай қайтарылып қалыпты. Түзеттім. 
— Бізге қарай біреу келе жатқан сияқты. 
Артыма қарадым. Манағы омырауына гүл қадаған қыз. Қасында арықша келген аққұба жігіт. 
— Кешіріңіз, Мәдді дегеніңіз кім? — деді қыз келе сала. 
— Пайғамбарлықтың барлық сипаты бар, бірақ пайғамбар емес әулие адам. 
Мәдина қолына ұстаған гүлін қыздың даусы шыққан жаққа созды да: 
— Мынау сізге, — деді. 
— Рахмет. 
— Жаным, сағат бес болды. Кино басталып кететін болды, — деді аққұба жігіт. 
Жүзінен мүсәпір адамның қолындағы гүлді алған сүйіктісіне деген реніші байқалып қалды. 
— Сіздің мекен-жайыңызды алсам болады ма? 
— Күнде осы жердемін. 

*** 
Ертесі күні үйреншікті мекеніме келдім. Кешегі қыз күтіп отыр екен. Омырауындағы гүл жоқ. 
— Ағай, алдымен танысып алсақ... 
— Ықылас! 
— Анар... Білесіз бе, кеше сіздерді көрген кезде қасыңыздағы... 
— Мәдина... 
— Иә, Мәдина, кешіріңіз, Мәдина соқыр емес, қоғам соқыр, сіз ақсақ емес, қоғамның бір аяғы жоқ секілді көрініп кетті... Иса Мәсіх мүсәпірлерді... 
Кесіп тастаған аяқтарымның саусақтары қышуын бастады. Құшырланып тұрып қасығым келді. Бірақ, Анардың алдында өзімнің бейшаралығымды көрсеткім келмей, теріс айналып жүре бердім. Ренжітіп алдым деп ойлаған болуы керек. Ол үнсіз қалды. 
— Сағатыңыз неше болды? — деп айғайладым. 
— Тоқтап қалған. Анар да әудем жерге кетіп қалыпты. 
Ақырғы, һәм сардар пайғамбар келген ғасырдан бері тежеліп қалған мүсәпір уақыт қой ол. Күліп жібердім. Оның үстіне, Анардың бөксесі «Аяғым бар. Сол үшін шүкір» — деп бара жатқан секілді. Ал, шүкірлік ететіндей іркілмейтін уақыты бар ма екен-ә? 
Бірдеңені ұмытқан секілдімін... «Қолымда гүл жоқ екен-ау»... Мәдина... Ол бүгін келе ме екен? 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға