V БӨЛІМ
Демалыс күндері Үрия үй жұмысынан ешқайда шыға алмайды. Содан әкелі-балалы екеуі таңертеңнен қипақтап тағатсыздана бастайды.
- Емеуріндерің белгілі ғой. Бара беріңдер. Менің қолым тиетін емес, - дейді ондайда Үрия.
Үн-түнсіз шығып кетудің ретін таппаған Нұржан:
- Мына Айдын тентек қоймай отыр. Әйтпесе, бүгін... - деп күмілжігенсиді.
- Өзің ше? Жаңа ғана «қыдырып қайтайық» деп құлағыма сыбырлаған сен емес пе ең, - деп Айдын әкесінің мойнына асыла кетеді.
- Әнеки, бұл сөйтеді, - дейді Нұржан күлімсірей. Үрия бір күрсініп ап, кір жууға кіріседі. Сол кеткеннен екеуі кешке бір-ақ оралады. Сондай күндердің бірінде:
- Кеп қалдық, - дейді Нүржан табалдырықтан аттай беріп, - әбден сілеміз катты.
- Сендерді біреу зорлады ма? Сонша қыдырып, - деді Үрия.
- Мама, біз бүгін сона-ау тауға шықтық, - деп Айдын әңгімеге араласты. - Қандай тамаша!
- Күні бойы қыдырыстап жүргенде бір сәт менің жәйімді ойладындар ма?
- Ойладық. Жаңа үйге келе жатып папам: «Біз барғанша мамаң тәтті ас әзірлеп қойса болар еді», - деген.
- Рақмет, рақмет!
- Баланы қинамасаңшы, - деді Нұржан күліп.
- Ердей тауға барғанда ең болмаса маған бір шоқ гүл ала келсеңдер қайтеді.
Айдын әкесіне жалтақ-жалтақ қарай береді. Нұржан не десін. Әкелі-балалы екеуі де Үрияның алдында тұңғыш рет қатты ұялып, үнсіз қалған.
Айдын бес жасқа толған жазда олар үш бөлмелі жаңа пәтер алды. Көш-қон кезінде Үрияның бір байқағаны - төртінші қабаттағы екі үйге де жас адамдар кіріп-шығып жүрді. «Көршілердің өзіміз қатарлы болғаны араласуға
жақсы ғой» деп ойлаған.
Сонымен не керек, ертеңіне-ақ ерулік басталды. Төртінші қабаттағы үш пәтердің иелері кезек-кезек бас қосып жатты. Үрияның ендігі бір түйгені, көршілердің бірі - Әсем деген келіншектің күйеуі орта жастағы кісі екен. He айтса да, мәнерлеп айтады. Әңгімесінің бірі - сұлу әйелдің бетіне опа жаққандай сырғып жүре береді. Ал енді екінші көршісі - Балайым деген келіншектің күйеуі тіптен сөзшең, қу тілді болып шықты. Көрген сәтте-ақ оңды-солды әзіл айтып, жүрттың бәрін үйіріп әкеткен. Өзі ішкілікке де анау айтқан кет әрі емес.
Тағы да бір байқағаны Әсемдердің үйінен әліге дейін бала-шаға көре алмады. Ал, Балайымдардың үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы бар екен.
- Көршілерімізге сондай ризамын, - деген.
- Онда біздің жаман болғанымыз да, - деді Нұржан күтпеген жерден.
- Heгe?
- Біз оларға бір түрлі ұқсамаймыз.
- Оның несі айып?
- Еш айыбы жоқ. Дегенмен, осы екі үйде де құпия бір көлеңке табы бар. Байқадың ба?
- Неғылған көлеңке?
- Сырттай үлбірегенмен тереңде талай құпия жатқан сияқты.
- Қайдағы жоқты айтады екенсің.
- Әйтеуір маған солай көрінеді.
- Келмей жатып көршілерден жери бастадым де.
- Жеріген емес. Ойымдағым...
- Көзі жоқ жерде біреулер туралы ғайбат сөйлегенді бірінші естуім.
- Онда қойдым.
Екеуі де ойланып қалған. Екеуі де ыңғайсызданып қалған. Сол ыңғайсыздықтан құтылғысы келгендей Нұржан ұшып түрып, шамды өшіре салды...