Жаңалықтар

Салт-дәстүр, тарих жас суретшілер көзімен

«Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.
03.03.2014 04:43 6569

«Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.

Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» - деген болатын Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына жолдауында. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі мәдени шаралар, көрмелер мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі ретінде «Құланшы» сурет орталығында «Кеше. Бүгін. Ертең» атты жас суретшілердің республикалық көрмесін айтуға болады.

Көрмеде әр аймақтың талантты жастарына кез келген сурет жанрында өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік берілген екен. Өнер иелері көрмеге қойылған туындыларында қазақтың тарихы, салт-дәстүр, ұлттық ерекшеліктер жайлы өз картиналарында терең сыр шертті. Суретшілер кешегі тарих пен болашақтағы қиялдарын қағазға түсірген екен. Биылғы жылы аталмыш көрмеге қатысқан 27 қылқалам шебері орталықтың арнайы сертификатымен марапатталып, олардың еңбектері жоғары бағаланды. «Мұндай шаралар жас суретшілердің өнерін насихаттауға, бағытын айқындауға көмегін тигізеді. Біз осыған дейін көрмені көктем мезгілінде ұйымдастырып келгенбіз. Биылғы жылы қыркүйек айында өткізіп жатырмыз. Осы жолғы көрмеге қатысқан жастардың белсенділігі өте жоғары. Суретшілердің туындыларын көрмеге таңдау үшін арнайы халықаралық кеңес арқылы талқыладық. Көрмеге таңдап алынған картиналар оқ бойы озық шыққан үздік туындылар. Жастардың шығармашылығы жыл сайын өсіп-өркендеп келеді. Олар Қазақстандағы бейнелеу өнерінде жаңашылдықты қалыптастыруда. Болашақта еліміздің сурет өнерінде жаңа есімдер пайда болады деп ойлаймын» - дейді орталық басшысы, көрмені ұйымдастырушысы Лейла Махат.

Көрмені тамашалауға келген қонақтардың ішінде Қазақстанда қызмет ететін елшілер, шетелдік мамандар көп келген екен. Солардың бірі - Фостер Гултом. Ол – Индонезияның Қазақстандағы елшісі. Фостердің айтуынша, ол бос уақытында елордадағы өнер орталықтары ұйымдастырған көрмелерді жиі тамашалайды екен. Бұл жолы Фостер еліміздегі суретші жастардың шығармашылығымен жақын танысуға келген. Шетелдік азаматтың бейнелеу өнеріне деген құрметі ерекше, өйткені мұнда қойылған картиналардың мазмұны тереңдігін, әр туындыда өзіндік мағына бар екенін айтты. «Картиналарға зер сала отырып, Қазақстанның тарихына, ұлттық құндылықтарына қызығушылығым артты. Маған көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны ұнады. Суреттерде Қазақстанның мәдени және тарихи байлығы, әдемі табиғаты, адамдардың образдары бейнеленген екен. Мені туындылардағы детальдық ерекшеліктер таңғалдырды. Кәсіби шебер суретшілер ерекше қиялмен қазақ елінің тарихы мен болашағын ұштастыра білген. Суреттердің сапасы да өте жоғары» - дейді картиналарға өз бағасын берген елші Фостер Гултом.

Аталмыш көрмеде жас суретші Қойлақаев Әлібектің тарихты суреттеген бірнеше картиналары қойылған екен. Әлібек өзін Дағыстанда туған, ноғай халықтарының ұрпағымын деп таныстырды. Қылқалам шеберінің жұмыс бабымен Астана қаласына қоныс аударғанына көп бола қоймаған. Бүгінде ол елордадағы ұлттық кәдесый дайындайтын мекемеде суретші болып қызмет атқарады. Талай рет өнер туындыларымен халықаралық байқаулар мен көрмелерге қатысқан суретші көпшілікке ерекше қабілетімен таныс екен. Әлібектің негізгі картиналары - «графикалық кескіндеме» бағытында бейнеленген. Талант иесі түркі халықтарының шежіресіне терең зер сала отырып, мұндағы тарихи оқиғаларды, тұлғалар мен батырлардың образын суреттеген екен. «Көшпенділердің өмірі – менің туындыларымның негізі Менің портреттік картиналарымда Едіге, Шыңғыстың ұлы Ноғай, Атилла, Иван Грозный, тағы басқа тарихи тұлғалардың образы бейнеленген. Мені көшпенді халықтардың ерлігі, жаугершілігі шабыттандырады. Соларды суретпен «сөйлетем». Олардың кемеңгерлігі, ұстанымдары, жігері, мінезі бүгінгі жастардың бойында жоқ. Батырлардың бойындағы сол қасиеттерді қағазға түсіріп, жастарға ой салғым келеді. Тарихи суреттерімнің негізгі мазмұнында осыны көпшілікке жеткізгім келді. Мен барлық батырлар мен тұлғалардың образдарын бейнелесем деп ойлаймын. Бұл – менің алға қойған мақсаттарымның бірі. Қазір осы мақсатым шындыққа айналуы үшін оқып, ізденудемін» - дейді Әлібек Қойлақаев.

Жас суретшілердің көрмеде 70-ге жуық өнер туындысы көпшілікке таныстырылды. «Сан түрлі бағыттағы суреттерде таланттылардың дүниетанымын, қиял-ғажайып ойларын, шеберліктерін байқай отырып, еліміздегі сурет өнерінің алға жылжығанын аңғаруға болады» - дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ, республикалық көрмеде өнер иелерінің еңбектері жоғары бағаланып, ел ықыласына бөленді. Бұл туралы жас суретші Қанат Амандықтың айтар ойы бар: «Менің суреттерім абстракт бағыттағы туындылар. Бұл көп адамдарға түсініксіз болуы мүмкін. Кейбіреулер менің бағытымды сюрализм деп жатады. Сол сияқты жаңа жанрларда, бөлек бағыттарда сурет салатын жастар өте көп. Олардың еңбектерін кез келген галерея қабылдай бермейді. Сондықтан, олардың жұмыстарын халықпен таныстыру үшін осындай көрмелердің жиі ұйымдастырылғаны дұрыс деп ойлаймын».

Бүгінгі күннің айнасы ретінде ертең картиналар баяндайтыны белгілі. Сондықтан, қазіргі сәттің бейнесін дәл суреттейтін кәсіби суретшілердің көбейгені абзал.

Айзат Меңдешева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға