Элис Мунро әдебиет саласы бойынша Нобель иегері атанды
Швеция астанасы Стокгольм қаласында әдебиет саласы бойынша 2013 жылғы Нобель сыйлығы лауреатының есімі жарияланды.
Сонымен, биылғы жүлде Канада елінің жазушы әйелі Элис Мунроға бұйырды. Осылайша ол әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы тағайындалған сонау 1901 жылдан бері осы марапатқа ие болып отырған 13-ші әйел саналып отыр. Сондай-ақ Мунро канадалық жазушылар арасынан топ жарып отырған тұңғыш жазушы да. Бұл туралы Корольдік швед ғылым академиясына сілтеме жасаған Massaget.kz тілшісі хабарлайды.
Айта кетейік, букмекерлер биылғы жылы аталған сыйлыққа басты үміткерлер ретінде жапон жазушысы Харуки Мураками мен американдық Джойс Кэрол Оутсты атаған болатын. Ал соңғы күні, яғни бүгін букмекерлер рейтингін Еуропада өмір сүріп жатқан беларусь жазушысы әрі журналист Светлана Алексиевич бастап тұрды. Мунро бұл тізімде тек 4 орыннан көрінді.
Мунро шығармаларын ағылшын тілінде жазады. Әдебиет әлемінде канадалық жазушы көбінесе әйел тағдыры жөнінде қысқаша прозалар жазумен танылған екен. Сондай-ақ оның шығармасын көбісі Чеховпен салыстырып келген. Дегенмен, 82 жастағы Мунро биылғы жылдың жазында шығармашылықтан біржола кеткендігін жариялаған.
Естеріңізге салсақ, өткен жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы галлюцинаторлық реализм бағытында танылған 57 жасар қытайлық жазушы Гуань Моеге (бүркеншік есімі Мо Янь) бұйырған болатын.
Сонымен Нобель сыйлығының жеңімпаздары 10 желтоқсанда (аталған сыйлықты ойлап табушы Альфред Нобельдің (1833-1896) қайтыс болған күні) Швеция астанасы Стокгольмде арнайы кеш барысында марапатталады.
Ертең де Нобель апталығы жалғасын табатын болады. Жұма күні Нобель комитеті биылғы жылдың бейбітшілік саласындағы жеңімпазын жариялайды.
Айта кетейік, биыл 2013 жылғы Нобель сыйлығының жеңімпаздарына берілетін жүлде қоры 8 миллион швед кронасын құрап отыр (1,2 миллион АҚШ доллары).
http://massaget.kz