Тың. Қоныстандыру
Қарағанды облысы – Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1932 ж. 10 наурызда құрылған. Жер аумағы 428 мың км2. Тұрғыны 1,35 млн адам, орташа тығыздығы 1 км2-ге 3,1 адамнан келеді (2009). Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Шығыс Қазақстан, оңтүстігінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, батысында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 9 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Әкімшілік орталық – Қарағанды қаласы.
Тың
Елуінші жылдардың орта шенінде облыстың топырағы құнарлы бөліктерінде тың игеру науқанының басталуы елеулі оқиғалардың бірі болды. Осынау іс жері егін өсіруге қолайлы Нұра және Осакаров аудандарында кең өріс алды. Алғашқы тың шаруашылықтары «Донской», «Родниковский», «Киевский», «Энтузиаст», «Шахтер», «Индустриальный», «Шербаковский», «Киргизия» т.б. құрылды.
1954 жылы Жезқазғанға қала мәртебесі берілді. 1957 жылдың 3 желтоқсанында Кеңес одағындағы ең ірі металлургиялық зауыт Қазақстан Магниткасында бірінші домнаның іргетасы қаланды.
1958 жылдың қазан айында облыс Ленин орденімен марапатталды. Ол астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндірудегі зор жетістіктер үшін берілген еді.
Қоныстандыру
Орталық Қазақстанның этникалық құрылымының құрылуы мен дамуының тарихы ұзақ. Өлкені қоныстандыру әртүрлі уақыттарда және түрліше жүргізілді. Орталық Қазақстан аумағында адам баласы ежелгі кезеңнен өмір сүргені белгілі, бірақ, өлкені қоныстандыру және игеру үдерісі ХХ ғасырға дейін созылды.
Бұл кезең Қазақстан аумағында өз позициясын нығайту мақсатында күрес жүргізген Ресей империясының аймақта өз қызметін жандандыруымен сипатталады. 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» бойынша қазіргі Қарағанды облысының аумағы Баянауыл, Ақмола, Қарқаралы округтерінің құрамына кірді. Өз әсерінің күшін нығайту және өлкені игеруге қажетті жағдай жасау үшін патша үкіметі шекара бойына нығайтылған шептер ұйымдастырды. Осы шептер бойында сібір казактары мекендеген Қарқаралы (1824 ж.), Ұлытау (1841 ж.), Ақтау (1837 ж.) және тағы да басқа осылар сияқты алғашқы елді мекен-станицалар пайда болды.
Орта жүздің ірі руларының бірі арғындардың негізгі бұқарасы Орталық Қазақстанда шоғырланғаны белгілі. Деректік мәліметтер бойынша олардың саны уездер бойынша келесідегідей болған: Қарқаралы уезінде – 87 381 шаруашылық, Ақмолада- шамамен 100 мың, Атбасарда – 32 207 болған. Бұнымен қоса осы жерлерде найман руынан шыққан қазақтар да көшіп-қонып жүрген. Атбасар уезінде олар 38 375 шаруашылық болды.
Уикипедия