Әлия Молдағулова
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты) (1925 ж. 15 маусым (кейбір деректерде 25 қазан, 20 сәуір), Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қаз КСР – 1944 ж. 14 қаңтар, Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники, Казачиха ауылы, РКСФР) – Кеңес Одағының Батыры (1944), снайпер, ефрейтор.
1925 ж. 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 ж. бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярослав облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.
1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.
Әлия Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.
Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.
Әлия атындағы ескерткіштер
1.Новосокольники қаласы (авторы М.Айнеков)
2.Ақтөбе (Л.Рапутов, Е.Штамм)
3.Ақтөбедегі Мемориалды кешен (авторы Б.Әбішев)
4.Әліпбайсай ауылы (Б.Әбішев)
5.Алматыдағы “Шығыстың қос жұлдызы” атанған Әлия мен Мәншүкке арналған мемориалдық кешен
6.Мәскеуде ескерткіш (Б.Әбішев)
7.Мемориалдық музейдегі бюсті (О.Шанов).
Ә.Молдағұлова атындағы көшелер
Ақтөбе, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тараз, Астана қалаларында
Суреттер
“Әлия” (С.Әлімбетов), “Мәңгілікке сапар” (А.Ануфриев), “Ауыл Бұлақ” (А.Корват), “Мерген Әлия Молдағұлова” (А.Сапугов), “Мерген Әлия”/күріштен жасалған/ (Ф.Терещенко), “Әлия” (О.Нұржұмаев), “Бұлақтағы Әлияның үйі” (Н.Өтегенов), “Соңғы көктем” (Т.Телеушев).
Гобелендер
“Әлия” (М.Нартов, Н.Рахманқұлов), триптих “Әлия” (Б.Атыраубаев).
Әлия атты музейлер
Облыстық мемориалдық музей /Ақтөбе қаласы/, №891 Мәскеу орта мектебінде, №140 Санкт-Петербург орта мектебінде, Әліпбайсайдағы патриоттық орталығы.
Әлия-ән
“Әлия-Мәншүк” жинағы, “Песнь Праматери Хобды” (А.Утегенов), “Гүл-ғұмыр”поэмасы, ән “Он тоғыз жас” (Е.Ашықбаев), ”Қызғалдақ-ғұмыр Әлия” мен “Сағыныш”әні (Г.Аймаханова), “Әлия”әні (Б.Тәжібаев пен С.Байтереков), “Ару қыз, ержүрек қыз, Әлия қыз” әні (композитор Қ.Қожанбаев), “Әлия”әні (Ә.Садуакасова), “Әлия”деректі повесі (Ә.Оралбай), “Әлия-Мәншүк” поэмасы (Т.Молдағалиев), “Әлияның жүрегі” (Я.Хелемский), “Әлия Молдағұлқызы” повесі (Ж.Жұмақанов), “Әлия” дастаны (С.Жиенбаев), “Шығыс шынары” повесі (Ә.Нұрмаханова), “Әлия” поэмалары (К.Деркаченко, Р.Трофимов), балет “Әлия” (М.Сағатов), “Әлия” атты деректі фильм (режиссер Ю.Пискунов) және «Снайперлер» фильмі (реж. Б.Шәмшиев), “Әлия” спектаклі (Ә.Тарази), “Жарық жұлдыздар” поэмасы (С.Жиенбаев). Сейдолла Бәйтерековтің “Әлия” әнін орындаған әнші Роза Рымбаева дүниежүзілік байқауда лауреат атанды.
Уикипедия