Жаңалықтар

Білім беруде пәнаралық байланыстың маңызы зор

Дүние жүзіндегі ғылыми-техникалық прогресстің ілгерілеуі – әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білім беру жүйесінің, оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісін дұрыс ұйымдастыру  технологиясының 
01.03.2014 11:40 31988

Дүние жүзіндегі ғылыми-техникалық прогресстің ілгерілеуі – әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білім беру жүйесінің, оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісін дұрыс ұйымдастыру  технологиясының  жаңа сатыға көтерілуін талап етеді. Елбасымыз кезекті Жолдауында: «Ғаламдану жағдайында қазақстандықтардың интеллектуалдық қабілеттері біздің жоспарларымыздың негізгі факторлары болып табылады. Кез келген «ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен анықталады»,– деп атап көрсетеді.

«Сабақ өту – жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер»,– дейді Ж.Аймауытов. Расымен де, мұғалім болып, бала оқыту – оңай шаруа емес. Кез келген педагог өз сабағының қызықты, әрі тартымды өтуі үшін өз сабағымен қатар, жалпы білім беретін басқа да пәндерге байланыс жасау арқылы білім беруі тиіс. Пәнаралық байланыс ең алдымен, жалпы оқу процесін, бір мектептің барлық жұмысын бір жолға салуға,  ғылымдар жүйесінің бір арнаға тоғысуына септігін тигізеді. Барлық мұғалімге бірыңғай талаптар қоюға және әр түрлі пәндерде ортақ мүддені шешуге жұмылдырады.

 Сонымен қатар, оқушының интеллектуалдық өрісін байытумен бірге, бүкіл адамзаттық құндылықтар көзіңің де бірлігі, жалпы ақиқат дүниенің біртұтас жүйе екені туралы ғылыми көзқарастың қалыпты қалыптасуына мүмкіндік береді. 

Университетте оқып жүрген кезде бізді теориялық білімімізді практикада іске асыру мақсатында Алматы қаласының әрбір мектебіне педагогикалық іс-тәжірибеден өтуге жіберді. Іс-тәжірибе барысында, жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетін өткізу барысында пәнаралық байланыс жасау маңызды екенін түсіндім. Бір айға созылған іс-тәжірибе кезінде мен әрбір тақырыпты өзге сабақтармен барынша байланыстыра өтуге тырыстым. Мысалы, Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығына өту барысында тарих пәнімен байланыстыра отырып, жауынгер ақынға қатысты түсірілген фильмді көрсеттім. Әрбір сабағымда слайд, фильм көрсету арқылы сабақты жаңаша әдіспен өткізуге тырыстым. Байқағаным, балалар дәстүрлі сабақтан гөрі, пәнаралық байланыс жасау арқылы өткен сабақты тез меңгереді, әрі есінде жақсы сақтайды. Сонымен бірге, оқушыларға пәнаралық байланыста негізделген көптеген тапсырма беретінмін. Нәтижесінде, балалар әрбір тапсырманы қызығушылықпен орындады.

Әрбір мұғалімнің көздейтін мақсаты – оқушыларға берілетін ғылыми білім негіздерінің бірлігін, пәнаралық байланысын сақтап отыру. Пәнаралық байланыс кезінде, оқушылардың ойынығ тиянақталуына, қиялдауына, ұғымды меңгеруге, ойда сақтау мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасалады.

P.S. Пәнаралық байланыс – түрлі оқу пәндерінің арасындағы өзара байланысын айқындау шарты және білім беру мен оқыту талаптарының бірі. Пәнаралық байланыстың қазіргі оқыту-тәрбиелеу, білім беру жүйесінде оқушылардың дүниетанымын тереңдете отырып, оқытудың тиімділігін арттыруға көмектесуі ғылыми педагогикалық дәлелдеме ретінде танылады. Оқушылардың әртүрлі пәндер бойынша берілетін теорияларды түсініп-білуі, олардың жалпы ақыл-ойына серпін туғызып, танымдық іс-әрекеттеріне шығармашылық сипат беріп, барлық алынған білімін жүйелейді.

“Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі”, – демекші, қазіргі таңда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі – мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Білім мен ғылымның ел дамуына оңтайлы әсер етуі үшін демократияландыру, оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Сондықтан ұстаз іс-әрекетін жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мұғалім өз білім-білігін, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруы және жаңа педагогикалық технологияны меңгеруі тиіс.

Назира БУРХАНОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға