Жаңалықтар

Мультфильмнің балалар тәрбиесіндегі маңызы

Елбасы 2012 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдаған жолдауында көптеген маңызды мәселелерді атап өтті.
01.03.2014 11:37 11859

Елбасы 2012 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдаған жолдауында көптеген маңызды мәселелерді атап өтті. Оның ішінде кез келген ұлттың ажырамас бөлігі саналатын мәдениет пен дәстүр жайында да сөз қозғады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды» деген болатын. Яғни, ұлтымыздың, мемлекетіміздің ажырамас бөлігі саналатын маңызы зор мәдени құндылықтарымызды бағалап қастерлеу керекпіз. Сонымен қатар, елбасы елімізде тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түскенін ескерді. Сондықтан да, біз осы мәдени байлықтарымызды қызғыш құстай қорғап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізу керектігімізді еске салды. Ал, бүгінде мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтау үшін қандай істер атқарылып жатыр? Оның ішінде ел болашағы саналатын кішкентай бүлдіршіндердің сәби кезінен мәдениеті мен дәстүрін танытатындай нендей жұмыстар атқарылып келеді? Жалпы, балдырғандарға кішкентай кезінен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру үшін мультфильм таптырмас құрал екенін білеміз. Міне, осы тұрғыда қандай іс-шаралар жасалып жатыр?

Өскелең ұрпақтың санасы дұрыс қалыптасуы үшін мультфильмнің атқаратын рөлі зор болып келетінін жоғарыда атап өттік. Сондықтан да тәрбиелік мәні зор картиналардың көп болғаны жақсы. Бүгінде көгілдір экранның ар жағында біздің қазақ балдырғандары қандай дүниелерді көріп сусындап жүр? Қазіргі таңда өскелең ұрпақ «Шрек», «Бентен», «Спанчбоб», «Винкс», «Кунг-фу Панда», «Көліктер» сынды тағы басқа да көптеген шет елдердің анимациясын көгілдір экраннан көз алмай тамашалайтыны рас. Әрбір өсіп келе жатқан сәби кішкентай кезінен осы секілді мультфильмдерді көріп жүр. Ал, өзіміздің төл туындыларымызды біреуі білсе біреуі білмейді. Қазақ мультипликациясының негізін қалаған Әмен Хайдаров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр-құрылысшы», «Қырық өтірік», «Айнакүн» сияқты тамаша мультфильмдер бар. Бұған қоса қазіргі таңда Алдар Көсе туралы көп сериялы анимациялық фильм түсірілді. Көрерменге жол тартқан Алдар Көсенің бастан кешкен сан түрлі оқиғалары үлкенге де, кішіге де қызық. Себебі онда кедейге күн көрсетпейтін сараң байларды Алдар өз айласымен алдап оларға сабақ беріп отырады. Сонымен қатар, ағымдағы жылда «Ер төстік және Айдаһар» атты 3D пішінде толық метражды анимациялық фильм жарық көрді. Мультфильмде Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар, Бапы хан, Мыстан кемпір тағы басқа сияқты көптеген кейіпкерлер бар. Мұның барлығы қазақтың ауыз және жазба әдебиетінің сан алуан кейіпкерлерге өте бай екендігін көрсетеді. Батырлық пен ерлікке, патриоттық сезімге тәрбиелейтін осы сынды дүниелердің көп болғаны жақсы. Қазақта Ер Төстік сынды жаужүрек ерлер мен белгілі батырлар өте көп. Олардың әрбіреуін толық метражды туынды жасауда жеке кейіпкер етіп алуға әбден болады. Бұған қоса тарихтағы батыр ата-бабаларымыз туралы да анимациялық дүниелер жасалса құба-құп. Шетелдің жасыл Шрегінен гөрі өзіміздің батыр ұл-қыздарымыздың өмірі қызық болары анық. Сонымен қатар, айласымен талайды жер қаптырған Алдар мен ақылдылығымен жұртты тамсандырған Қожанасыр темір терсекке қапталған Бентен мен жай ыдыс жуғыш Спанчбобтан әлдеқайда артық меніңше! Тек осыны көрсете әрі жеткізе білу керек әлі де.

Бұрындары бір мультфильмді түсіру үшін 1 жылдай уақыт кететін. Ал, қазіргі таңда технологиялардың үздік дамуының арқасында осы уақыт аралығында үш анимациялық картина жасауға болады. Бұған дәлел еліміздің бас киностудиясы саналатын «Қазақфильм» соңғы екі үш жылдың көлемінде бірнеше мультфильм түсіріп үлгерді. Оның ішінде: «Аңшы», «Балақайлар мен бөжекейлер», «Ақ қаз», «Ынсапсыздың ақыры», «Байқоңыр», «Айгүл», «Қозы, ешкі һәм торы», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Айка», «Зәйтүнқарлығаш пен құйыршық» атты анимациялық фильмдер. «Аңшы» мультфильмінде бұрындары бір ауылдың жұртын қалай аң аулап асырағанын көрсетеді. Бұл жерде біздің халық аңшылық өнерді өте жоғары бағалағаны белгілі. Аң аулап халықты асырағанмен жан-жануарларды да сақтауға тырысты. Яғни, қасиетті аңдарға тиіспеген. Ал, бұл мультфильмде шектен шығып заңды сақтамай, барлық жануарларды шетінен қыра берген адаммен соңында не болғанын көрсетеді. Бұл да қазақ дәстүрінің бір қағидасы. Сондықтан да салтымыздың бір бөлігі саналатын аңшылық өнер туралы түсірген 15 минуттық мультфильм көпшілік көрермендердің көңілінен шығары сөзсіз. «Ақ қаз» атты туындыда сұлу бойжеткеннің сиқыр арқылы қазға айналғаны туралы баяндалады. Кезінде оны сүйікті жары көлдің астындағы айдаһардан құтқара алмайды. Сонда қыз бейнесіндегі ақ қазды оғымен атып түсірген жігіттің өзі құтқаруға бел буады. Айдаһарды өлтіріп ақ қаз сұлу қызға айналып ғашықтар бірге қосылады соңында. Сүйіспеншілік пен батырлықты баян ететін керемет туынды екені сөзсіз.    

Қазақ халқының әдебиетінде көптеген қызық персонаждар бар. Оның ішінде жаужүрек батырлар мен сұлулығына ақылы сай арулар жайында, әділдік пен шындықты ту еткен хандар және би шешендер туралы тағы басқа көптеген кейіпкерлерді жасауға болады. Бұл үлкен өмірге қадам басатын балдырғандарға өмірлік сабақ болары сөзсіз. Себебі, онда қиын сәттерде қалай дұрыс шешім қабылдауға болатынын, неден қорықпай әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйретеді.       

Қазіргі таңда көптеген мультфильмдер қазақ тіліне аударылып жатыр. Тіпті кейбір саясаткерлер осы арқылы балалардың санасын қазақша қалыптастыруға болатынын айтады. Дегенмен, тілі қазақша болғанмен ішіндегі кейіпкерлер мен персонаждар ұлттық нақышта еместігі айқын. Қазіргі таңда 3D, 4D, 5D, 6D, 7D секілді көрсетілімдерге бара қалсаңыз алдыңызға шетелдің анимациялық туындыларын тізімін ұсынады. Оның ішінде қорқыныштысы да, күлкілісі де бар. Мысалы, жақын арада екі сіңлімді 7D-ға апарған едік. Көрген 10 минутқа жетер жетпес мультфильмдердің барлығынан шет елдің қолтаңбасы анық байқалып тұр. Жоқ түсірмесін демейміз түсірсін. Тек айтқым келгені біздің де қолымыздан мұндай дүниелер жасау келеді ғой. Менің кішкентай бөлем кабельдік телевидениеден көрсететін балаларға арналған «Никелодеон», «Картун нетворк» сияқты каналдарды қосып алып қас қарайғанша телміріп отырады. Сонда тағы бір қазақи тәрбиені бойына сіңіріп өсіруге болатын баланың басқа арнамен бұрылып бара жатқанын көргенде жанын ауырады. Себебі, бізде де шет елдің ешқандай анимациялық туындыларынан кем түспейтін дүниелер жасалып жатыр. Болашақта одан да көп қазақ дәстүрі мен менталитетін үлгі өнеге етіп көрсететін туындылар көп боларына сенеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында «Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық» деп айтқан еді. Сондықтан да Отанына, еліне пайдалы іс жасап, мәдениеті мен дәстүрін өркендетем деген әр адамға зор мүмкіндіктер бар. Өз еліне пайдасын тигізу әрбір патриот азаматтың басты мақсаты. Оның ішінде қай сала болмасын бар ынта жігерімен еңбек ету маңызды. Сондықтан да, болашақта елімізде жоғарыда келтірген анимациялық туындылардың саны екі есе өсіп, сапасы одан да жоғарылай түсетінінен үміттіміз!

 

Ақлима Мұстафина

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға