Жаңалықтар

Дәстүрлер және күй сазы

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың желтоқсан айындағы жолдауында «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек
01.03.2014 11:51 10866
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың желтоқсан айындағы жолдауында «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп жазылған. Қазағымыздың туы көкке желбіреп, кең байтақ даламызда әнұранымыз барша жұртқа шырқалып, өз тәуелсіздігімізді алғалы тіліміздің мәртебесі біршама артып, экономикалық, әлеуметтік жағдайымыз түзеліп, спорт саласында да жетістіктерге жетіп, мәдениетіміз бен дәстүрімізді дамытып келеміз. Соның ішінде қазақтың күйі қайта жаңғырып, жаңа қырларымен толығып жатыр. Қазақтың қара домбырасы, сыбызғы, қобызымен орындалатын күй өнеріне түрлі аспаптардың үні қосыла орындалып өзгеше  бір әсерге де бөлеп жатқаны құлаққа жағымды естіледі. 
Президенттің «Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ деп есептеймін» деп айтқан сөзі өте орынды айтылған. Қазақ халқымыздың рухани мәдениеті тарихтың талай толқынысында болып, желмен де, отпен де, шоқпен де ахуал үстінде іргесі қаланған мәдениет. Киелі қара топырағымызда орын алған түрлі тарихи жағдайларға байланысты бір жанып, бір сөніп отырған мәдениетімізде қазіргі таңда ешбір мәдениетке ұқсамайтын ерекше сипат қалыптасты. 
Ән мен күй, жыр мен дастандар сияқты көне күндерден жеткен қасиетті жәдігерлер бізге осыны паш етті. Сонау заманнан бері ата-бабамыздың бізге қалдырған асыл да мәдени мұраларының бірі саналатын күй мен жыр ұлы тарих көшінің дүрбелеңдеріне куә. Ұлт санасымен біте қайнасып, ішкі ой мен толқынысты, сезім мен сырды сөзсіз жеткізетін сиқырға толы киелі домбыра, қара қобыз бен сырлы сыбызғы арқылы туындаған күй – көне жанрлар қатарына жатады.  Ғасырлар бойы қалыптасқан күй жанрының дәстүрлері мен арнайы мектептері бар. Күйді түсіне білген адам – шет тілін меңгерген адамнан да артық. Күй – халықтың айнасы деп бекер айтылмаған, күй арқылы қуаныш пен нәзік сезімді, қайғы мен мұңды жеткізуге болады. Жылдар бойы талай ғұламаларымыз Құдайберген Жұбанов, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов тағы да басқа қазақтың біртуар азаматтары рухани байлығымыздан айырылып қалмауымызды аманат еткен. «Аманатқа қиянат етпейтін» барша қазақтың қара баласы ұлтымыздың «мәдениет, дәстүр мен даралығын» жаңғырта біліп, қазақтың күй сазын қаз қалпында сақтап, атадан балаға беріліп отыратын мәңгі үзілмес көпір ретінде жалғастырып отырса, нұр үстіне нұр жауар еді. 
Қазақ күйлерінің тарихында руға бөлінген халық дауласып, жауласып жатқаны, сұрапыл соғыстар өзіндік түр сипатпен суреттеледі. Сондай күйлердің тобына: Сырым Датұлын суреттейтін «Сырым сазы», Мөңке би тартқан «Кеңес», Жоңғар Ойрат шапқыншылығын баяндайтын «Ел айырылған», төре күйлері Жантөренің «Шалқымасы», Арынғазының өзіне шығарған күйі «Арынғазы», Абылай ханның өзі шығарып тартқан «Шаңды жорық», «Бала байрақ», «Жорық күйі», Ұзақтың «Ақжелеңі»; Боғданың «Боз төбесі»; Саршаның «Бозінгені»; Қошқар мен Бейсембінің «Кеңестерін» жатқызуға болады. Аталмыш күйлердің сазынан қазақ халқының мінез-кұлқын, дүниетанымын, ой-өрісін анық байқауға болады.   
Президент өз жолдауында «Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген» деген нақыл сөзді негізге алған. Осы айтылғандай  тарихта талай күйшілеріміз өзге ұлттың езгісіне ұшырап қыршын кеткен. Бұған Қожеке күйшінің сөзі айғақ, ол: «Қысқа етек қыжымыр орыстан гөрі, кең қолтық қытайым артық» деген. Алайда, оның ойы қате болып,  Қытайдың отаршыл саясаты оны тас көмір шоғына салып қинап өмірмен қош айтыстырған. Дәл осындай қатал тағдыр қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазының да басынан өткен. Зұлым заманның азаматтары болған күйшілердің жазған «Не кричи, не шуми», «Кісен ашқан, көбік шашқан», «Аман бол шешем, аман бол» атты шығармалары сол кезеңнің оқиғаларына арналған.  
Қазағымыздың ауыз толтырып, мақтанышпен айта алатын, еңбектеген баладан, еңкейген қарияларға дейін білетін атақты күйшілерімізге ризашылығымыз шексіз. Махамбет, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Абыл, Өскенбай, Есір, Есбай, Бейсембі, Қожеке. Түркеш, Есжан, Дина, Сейтек, Қазанғап, Сүгір сияқты есімдері алтын әріппен жазылған күйшілерді жатқызуға болады. Олардың күмбірлете дала сазындай тартқан күйлеріндегі саз сарындарынан ата-бабалардың ежелгі қасиетті үнін естіп, ерекше сезімге бөленесіз. Ол күйлердің ішінен «Аққу», «Шыңырау», «Боз айғыр», «Шұбар ат», «Сары өзен», «Ертіс толқындары», «Қорқыт сарындары», «Тәңірі күйлері», «Текен көк», «Кертолғау», «Тоғыз тарау», «Қаратау шертпелері», «Боз айғыр», «Көкей тесті», «Кертолғау», «Тоғыз тарау», «Қаратау», «70 бұтақ» ерекше атап өтуге болады. 
Қазақтың күй өнеріне елеулі еңбегін сыйлаған күйшілердің өміріне тоқталып кетейік.  Момбеков Төлеген - 1918 жылы дүниеге келген, Шымкент облысының тумасы. Домбырашы, композитор күйші, Қаз ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Оның алғашқы ұстазы туған атасы, атақты күйші Бапыш Қожамжаров болған, кейін композитор күйші Сүгір Әлиевтен дәріс алып, орындау мәнерінің қыры мен сырын үйренеді. Халық арасында кең етек жайған Төлеген Момбековтың “Салтанат”, “Мешін”, “Қат-қабат”, “Анама”, “Қоштасу”, “Қаратау шертпесі” атты күйлері кеңінен танымал. Оның еңбектері “Отырар сазы” фольклорлық этнографиялық оркестрінің, “Сазген”, “Шертер” ансамбльдерінің репертуарына кірді. Төлеген Момбеков Тәттімбет, Сүгір және тағы басқа халық композиторларының музыкалық дәстүрін жаңа биікке көтеріп, ары қарай дамытушылардың бірі саналады. 
Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы - халық композиторы күйші, домбырашы. Мұхит тойларда, ірі жәрмеңкелерде жүріп күй шертіп, ән айтумен көзге түскен өнер иесі. Мұхит, Есбай, Тазбала, Сәулебай күйлерін ерекше шеберлікпен орындаған. Мұхиттың әнді орындау дәстүрі Ғ.Құрманғалиев, Т. Ибрагимова және т.б. арқылы халық арасында тараған. Бозбала кезінде ән шығарып, өз тыңдаушыларын тауып, бірден баурап алған.  Мұхиттың еңбектерін Е.Брусиловскийдің - “Жалбыр” операсынан, “Қыз Жібек” операсынан, “Ер Тарғын” операсынан тыңдауға болады. Мұхиттың “Айнамкөз” әнін Б. Е. Ерзакович шекті аспаптарға арналған квартетіне қолданған, ал “Зәуреш” әні Л. М. Шаргородский мен С. И. Шабельский “Симфоньеттасында” пайдаланылған.
Асылбек Енсепов - күйші. Ақтөбе қаласында дүниеге келген.  А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің түлегі.  Түркия мен Франция мемлекеттерінде өткен байқаулардың лауреаты. Халықаралық «Ыстық көл» атты эстрада және фольклор байқауында гран-при номинациясын жеңіп алған. Құрманғазы және Шабыт байқауларына да қатысып жүлделі орындарға ие болған. 2004 жылы "Тарлан", ал 2011 жылы "Дарын» сыйлығының жеңімпазы атанған. Жас күйшілердің қатарына Секен Тұрысбеков, Талап Қараш, Жексен Қазанбасов, Жанғали Жүзбаев, Рахым Тәжібаев, Мұрат Каримуллин, Салтанат Құдайбергенова, Айтжан Тоқтағанов, Айгүл Үлкенбаева және тағы басқаларды атап айтуға болады.
«Ел тарихы – күй тарихы» демекші қазақ күйлерінің мазмұны халықтың көне шежіресін, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, мінез-құлқын, дүниетанымын, арман-тілегін, сүйінішін-күйінішін, ерлік істерін, махаббат сезімін жырлайды. Өткен жүзжылдықтарда ата-бабамыздың екі немесе үш күй дәстүрлерін тыңдауға мүмкіндіктері болса, қазіргі таңда күйдің күмбірін радио, теледидар, магнитофон, түрлі сайттардан тыңдауға толық мүмкіндік бар. 
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев құрған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының бастауымен бірталай елеулі еңбектер атқарылуда. «Мәдени мұраның» мақсаты – елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет елде Қазақстанның мәдени мұрасын үгіттеу болып саналады. Осы бағдарлама аясында қазақтың дәстүрлі әуендерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антология жобасы құрылып, әндерді жинау, дайындау, өңдеу, реставрациялау, цифрлік ету және оларды CD-дискілерге шығару бойынша еңбектер жүзеге асты. Бірнеше жыл архивте сақталған бұл жазбалар қазіргі таңда бүкіл күй тыңдаушыларға қол жетімді болды. 
Президенттің ұсынған жолдауына халық қолдауын көрсетіп, белгіленген жоспарды берілген мерзімге дейін бітіріп отырса халқымыздың экономикасы дамып, ән мен күйдің ортасында шырқап өмір сүретін мемлекет болар едік.  
(Әдебиет: Камералық музыка: жанрдың тарихы, орындаушылық ерекшеліктері, интерпретациялар).
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға