«Астана тарихы мұражайы»
01.03.2014 11:35
9407
«Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі... Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық» Қазақстан Президенті Н. Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауына тарих жайында сөз қозғаған болатын. Шынайы тарихты, мәліметті халық мұрағаттар мен мұражайлардан алатыны белгілі. Осы орайда, Астанаға қатысты тарихи жәдігерлердің ортасы саналатын «Астана тарихы мұражайымен» танысып қайтқан едік.
«Астана тарихы мұражайы» - Елорданың тарихи шежіресі мен болашақтағы даму жоспарынан сыр шертетін мәдени шаңырақтардың бірі. Ол Астанадағы сәулеті ерекше «Тәуелсіздік» сарайында орналасқан. 2008 жылы ашылған мұражай жыл сайын гүлденген бас қаламен бірге жаңаруда. Шаһардың осыған дейінгі әрбір оқиғасы, жетістігі, жаңалығы мұражай қорында сақтаулы. Бұл ретте, «Тәуелсіздік сарайының» директоры Әсел Раисқызының өз айтары бар. «Мұражайда Астананың ауысу кезіндегі Президенттің бұйрығы жайында маңызды құжаттар жинақталған. Мұнда елорданың жаңа келбетін қалыптастырған алғашқы жұмысшылар тобы, әскери қызметкерлер тағы басқа тұлғалар жайлы мәліметтерді табуға болады».
«Мұражай қорын айғақты ақпараты бар құнды жәдігерлермен толықтыру – біздің міндетіміз» - дейді мұражай жетекшісі Лаура Ерболатқызы. Ол ғылыми қызметкер ретінде, сырт мемлекеттерден Елордаға ат басын тіреген қонақтардың табыстаған сыйлықтары мен Астанаға еңбегі сіңген тұлғалар жайлы деректер жинақтауға өз үлесін қосқан. Сондай-ақ, мұражай мамандары ТМД-ның мұрағат мекемелерімен байланыс орнатқан екен. «Кешегі және бүгінгі Астана» атты тарихи зал - бас қаланың төлтаңбасы қойылған көрмеден басталып, әр саладағы мәртебелі жетістіктер жайында мағлұматтармен жалғасады. Мұнда Астананың құрылу, қалыптасу кезеңі мен болашақтағы бағыт-бағдары туралы бағалы құжаттар да қамтылған. Заманауи мұражайдың ерекшелігі жайлы Лаура Ерболатқызы ойын былай өрбітеді: «Бір ерекшелігі мұражайдың онда сенсорлы және архивті экрандар бар, электронды кітапханалар бар. Бұл дегеніміз осында келушілер қосымша ақпаратты осы экрандардан алуға болады. Мұражай экспозициясының көпшілігі Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде жиналған құжаттар, фото және видеоматериалдар бар. Сонымен қатар, спорт, мәдениет, өндіріс сияқты, дамуын жетістіктерін көрсетеміз»
«Астана тарихы мұражайында» бас шаһардың шырайлы көрінісін айқындай түсетін 4D, 360 градустық кинотеатрлар және «Астана 2030» атты макет залы орналасқан. Көлемі 1/600-ге тең Елорда макетінде бүгінгі күнгі зәулім ғимараттар мен келешекте бой көтерер сәулет құрылыстарын тамашалауға болады. Сондай-ақ, залда Астанадағы оң және сол жағалаудың 2030-жылға дейінгі даму жоспары, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, жасыл экономикалық стратегиясы көрсетілген. Мұражай залдарына арналған экскурсия сағат сайын 3 тілде жүргізіледі екен. «Елорда жайлы толық мағлұматты дәл осы жерден алуға болады. Бұл жерде Астананың болашақтағы көрінісін қазіргі таңда көре аламыз. Астана қаласының нақты ерекшелігін де осы жақтан көрсек болады. Басты ғимараттарды осы жақтан көруге болады. Бұл макетке келушілер өте көп. Қызығушылығын білдіретін көрермендер қарапайым халықтар, басқа шетелден келген меймандар да осы жерге келіп өте жақсы әсер алып кетеді» - дейді экскурсия жүргізушісі Айжан Құрбанова
1999жылы ЮНЕСКО ұйымының шешімімен «Астана – бейбітшілік қаласы» және ТМД елдері арасындағы халықаралық астаналар байқауында жеңімпаз атанғанды. Елорданың осы сынды жетістіктерімен кез келген Қазақстан азаматы мақтана алатыны анық. Осы орайда, әлем мойындаған шаһардың шежіресін өскелең ұрпаққа таныстыруды көздейтін мұражай түрлі шаралар ұйымдастырып отырады екен. «Осы мұражайда көптеген кездесулер көрмелер, өтіп тұрады оқушыларға арналған. Мысалы, ақын-жазушылармен кездесу, оқушыларға әртүрлі тақырыптарда дәрістер оқылады. Мұражай тек жан-жақты жұмыс атқарып отырады. Іс-шаралар ұйымдастырып отырады» - дейді ғылыми қызметкер Лаура Ерболатқызы.
Бүгінгі күн - ертеңгі тарих. Елордадағы әрбір оқиға қаланың шежіресі болып сақталып, тарих парақтарына алтын әріптермен жазылады. Сондықтан, мұражайдағы барлық құнды жәдігерлер - елдің рухани мұрасы болары сөзсіз.
Айзат Меңдешева
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Болашағы жарқын Бэлла
Келесі жаңалық
Қазақстанда ең арзан пәтерлер қай қалада