Мақтан тұтар ұйғыр азаматтары
01.03.2014 10:50
15343
Ұйғыр халқының Қазақстанға еңбегі еленген, халық құрметіне бөленген көптеген құрметті азаматтар бар. Олардың ішінде Қазақстан жазушылар одағының мүшелері: Әбдумәжит Дәлетовты, Абдукерим Гәниевты, Әхмәжан Һашировты, Шаим Шаһаевты, көрнекті ғалымдар: филология ғылымдарының докторы Гожахмет Садвакасовты, заң ғылымының докторы Анвар Хаджиевті, Қазақстанның халық артистері: Мұрат Ахмадиевті, Гүльназ Разиеваны, Әхмәт Шалиевті, Ұлы Отан соғысының батырлары: Мәрдун Теиповты, Мәсим Якуповты, Сулһи Муткуллинді, педагог-ғалымдар: Тұрсын Маметовты, Бүбіхан Алахунованы, Әлия Әрзиеваны т.б. ерекше атауға болады.
Ұйғырлардың қазақ халқымен тығыз тарихи, әдеби, мәдени, рухани болмыс-бітім жөнінен ұқсас келетіні екі халықтың түбі бір болғандықтан. Осы жайтты ескеріп, өз шығармашылығы мен дарынын туыстас қазақ халқының мәдени өміріне арнаған ұйғыр халқының аяулы перзенті Құддыс Қожамьяров қазақ халқына да ортақ тұлға.
Құддыс Қожамияров – ұйғыр халқының тұңғыш кәсіби композиторы, заманымыздың музыкалық жанрларының негізін қалаушысы. Ол өз шығармашылығында аз халықтардың; заманына сай музыкалық мәдениет өкілдерінің бейнелерін суреттейді. Қ, Қожамияровтың шығармаларына ұлттық ерекшеліктер тән. Композиторлық шығармашылығымен ол, әр түрлі қоғамдық жұмыстар және ұстаздық қызмет атқарды.
Қ. Қожамияров, 1918 жылы, Алматы облысының Қайнар ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Жастайынан ол халық әндерін жақсы көріп, тыңдады. Алматыда музыка – драма техникумының ашылатынын естіп, ол оқуға баруды ұйғарады. Басында скрипка одан кейін фортепиано класында оқиды. Келе-келе бойында шығармашылыққа деген құштарлық пайда болады. Оның алғашқы композиторлық талпынысына “Шығыс балладасы” және “Айлы түн” жас өспірім шағындағы қиялға толы пьесалары жатады.
Қ. Қожамияровтың жастық шағы ауыр кезеңде өтті – аштық, соғыс. Осы жағдайларға қарамастан, болашақ композитор өз бастамасында үлкен қайсарлық көрсетті.
Техникумды бітірген соң, ол Мәскеу консерваториясына оқуға түседі, бірақ Ұлы Отан соғысы басталып, армия қатарына шақырылғандықтан ол оқуын жалғастыра алмайды. Мұнда ол партия қатарына кіріп, тамаша әскери дайындық алады, сонымен қатар, музыкамен де шұғылдануын тоқтатпады. Ұрыстарға қатыспайтын әскери бөлімінде болғандықтан, ол хор ұйымдастырып, халық әндерін өңдеумен шұғылданды.
1946 жылы, әскери міндетін аяқтаған соң Қ. Қожамияров Алматыға оралып, консерваторияға оқуға түседі. Мұнда ол Е. Брусиловскийдің класында оқиды. Қ. Қожамияров техникумда оқып жүрген кезінде Е. Брусиловский оның композиторлық дарындылығын байқаған еді.
Консерваториядағы және одан кейінгі 50-ші жылдар кезеңі шығармашылығының алғашқы буынын құрады. Бұл кезең камералы – аспаптық және вокалды шығармалар шығарудан басталады. Композитор өзінің алдына өте күрделі мәселе қояды – ұйғыр халық музыкасының ерекшеліктерін көрсететін өзіндік әуен стилін тауып, оны жүзеге асыру. Ғасырлар бойы келе жатқан халық дәстүрлері Қ. Қожамияровты шығармашылыққа шабыттандырды. Оның шығармасы арқылы тыңдаушы қауымның, ертедегі ұйғыр мәдениетінің тарихына деген қызығушылығын оятады. Консерватория қабырғасында жазған алғашқы шығармаларынан – ақ әуенділіктің ерекше жаңа лебі еседі. Композитор ұйғырдың халық музыкасын зерттеп, түрлі аспаптарға лайықтап әндерін өңдеді. Кейбір әндерді өз шығармаларында пайдаланды. Мысалы, фортепианолық трио, “Бұ Чинар” атты ұйғыр әніне жазылған шығармасы 8 вариациядан құрылды.
“Туған колхозда” атты төрт бөлімді шекті аспаптар квартеті өзінің тамаша ұлттық өзгешелігімен ерекше көзге түседі. Ұйғырдың халық әндерінің әуендері мұнда еркін пайдаланылған. Сонымен қатар, композиторды поэтикалық сөз өрнегі қызықтырады. Оны ұйғыр және қазақ ақындарының өлеңдеріне жазылған әндері мен романстарынан көреміз. “Колхоздың егісі танабы” хор сюитасында композитор бейнелердің нақтылығын, олардың ашық ұлттық әсерлілігін көрсетуге тырысады. Консерваторияда оқып жүрген жылдары, ол алғаш рет, ұлт-азаттық қозғалысының Садыр Палван батырдың бейнесіне сүйенеді. Оған скрипка мен фортепианоға жазылған сонатаны арнайды. Оқу жылдары Қ. Қожамияровтың шығармашылығы тез дамып, ілгері жылжиды. Оның көптеген шығармалары үлкен концерттерде орындалып жүрді. Осы кезде шығарған шығармаларының ішінде ең ірі туындысы “Ризвангуль” симфониялық поэмасы болды. Поэма көптеген ізденіс жолдарын ашты. Бұларды жүзеге асыру үшін. Қ. Қожамияровқа көп ізденіп, көп оқу керек болды. Сондықтан, ол сынақтан өту үшін композитор В. Шебалиннің класына, Мәскеуге аттанады.
50-ші жылдар бойы, “Ризвангуль” симфониялық поэмасынан кейін, композитор басқа ірі жанрларды меңгеріп, өзінің күшін сынамақ болды. Ол әр түрлі тақырыптарға сүйеніп, жаңа мәнерлеу тәсілдерін қолданады. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы – ерлік, тұрмыс салт-дәстүрі болып табылады. Оны, әсіресе замандастарының бейнелері қызықтырады. Бұған, “Достық жолымен” симфониялық поэмасы және “Ұйғыр колхозындағы кеш” вокалды – симфониялық сюитасы жатады. Композитордың шығармаларының ішінде, әсіресе халық ерлерінің тарихи бейнелері сәтті шықты. Осы жылдары жемісті болған жұмысы “Назугум” операсы (1956 жыл) болды. Бұл шығарма тұңғыш ұйғыр операсы болып табылады. 60-шы жылдары “ Алтын тұлпар” операсын Н. Тілендиевпен бірлесіп жазады (либреттосы Қ. Байсейітов пен К. Шаңғытбаевтікі). Тың өлке бейнесін ертеректе “Колхоздың егіс танабында” (Н. Бекхожиннің өлеңіне) және “Гүлденген тың дала” (С. Жароковтың өлеңіне) хор сюиталарында суреттеген. Осы он жылдың ішіндегі ірі шығармалардың бірі – “Чин Томур” балеті. Қ. Қожамияров өз шығармашылығында, музыкалық-сахналық жанрға көңіл аударған. 60-шы жылдары “Чин Томур” балеті мен “Алтын таулар” операсынан басқа – аралас хор және оркестрге арнап С. Жароковтың өлеңіне “Ленин партиясы” атты поэмасын, “Чин Томур” балетінің музыкасына екі сюита, ұйғыр әуендеріне негізделген хорға арналған сюита, фортепианоға және басқада аспаптарға пьесалар, сахналық қойылымдарға музыка, әндер мен романстар жазды. Қ. Қожамияров қазақ мәдениетіне аса қызығушылықпен қарап, қазақтың балалар әндерін жазады. Бұлар – Н. Бекхожиннің өлеңіне жазған “Досым – ау” әні және Ә. Тәжібаевтің өлеңіне “Алатау туралы ойлар” хор поэмасы.
60-шы жылдары композитор қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ол түрлі қоғамдық ұйымдар кеңесінің мүшесі болып сайланады және Қазақстанның КПОК құрамына кіреді. 1957 жылдан 1967 жылға дейін Алматы консерваториясының ректоры және композиция класында ұстаздық жұмыс атқарады. Оның класында талай болашақ талантты композиторлар оқыды. Әр түрлі іс-әрекетінің көптігінен, шығармашылық жұмыспен айналысуға уақыт тығыздығы мұрша бермеді. Бірақ, маза бермейтін шығармашылық шабыт іштей пісіп, кейін шығармашылығының гүлденуіне көп әсерін тигізді.
Қ.Қожамияровты ерліктік-патриоттық бейнелер қызықтыра түсті. Сондай-ақ, шығармашылығының негізгі сарыны халық тарихына арналуын тоқтатпады. Бірақ, соңғы жиырма жылдың ішінде ұлттық көркемдік дәстүрге және өз ойын лирикалық әуен арқылы ашуы шығармашылық көзқарасын қалыптастырды.
Жиырма жылдан соң, 1975 жыл Қ. Қожамияров “Садыр – Палван ” атты жаңа опера жазды. Оның ой өзегі 50-ші жылдары шыққан шығармаларымен байланысты. Сол жылдары А. Махпировтың “Садыр – Палван” пьесасына музыка жазылған. Ал осы тақырыпта опера жазуға жиырма жылдан соң кірісті.
Қ. Қожамияров қазақ халқының тарихын және өнерін аса қадірлей білді. Ол, Т. Молдағалиевтың өлеңіне 1970 жылы “Гүлдене бер” ораториясын, бұдан кейін Мұхиттың аттас әнінің бейнелі сарындылығына сүйене отырып, 1983 жылы “Зәуреш” симфониялық поэмасын жазды. Екі шығармаға да қазақтың әуендік үні сіңген және мұнда поэтикалық стилінің нәзіктігі білінеді. Қ. Қожамияров қазақ фольклорын жақсы білген, қазақ тілін еркін меңгерген. Бұл жылдары композитордың шығармашылығының негізі симфониялық оркестрге арналған музыка болады. Сөзге, өлеңге сүйенгеніне қарамастан, композитордың шығармашылығындағы жетекші рөл аспаптық музыкаға беріледі. Композитордың назары енді, симфония және аспаптық концерт жанрына ауады. Сөйтіп, жиырма жыл ішінде, бірінен кейін бірі бес симфония дүниеге келді. Жұмыс арасында бір бөлімді суреттемелер туды.
Қ. Қожамияров аспап әлемінің үн әсемдігін терең сезінуі арқылы аспаптық концерт жанрының өз табиғатына аса жақын екендігін түсінді. 70-80-ші жылдары бірқатар концерттері шықты. Бұларды 1974 жылы, труба аспабына бір бөлімді концерт ашты. Бұл концерт “Мәшрәп” симфониялық суреттемесіне өз бейнелілігімен жақын тұрады. Шығарма, Қазақстанға атағы шыққан, трубада шебер орындаушы Ю. Клушкинге арналып жазылған және Ю. Клушкин туындының тұңғыш орындаушысы болды.
Концерттің екі тақырыптық әуенінің негізіне халық әні “Дадэй” және махаббат туралы лирикалық ән “Ярэй” алынды. Екі әуен бірін-бірі толықтырып тұрады.
Бұл шығармадан кейін басқадай аспаптарға арналған концерттік туындылар пайда болады: скрипкаға (1982 жыл), саксафонға (1985 жыл), флейта мен гобойға (1986 жыл). Мұнда да халықтың аспаптық суырып салма дарындылығын көрсете білген және ұйғыр музыкасының өзіне тән ерекшелігін байқатқан. Ал жалпы ұйғыр халқының көрнекті өкілдері өмірі, қызметі, шығармашылығы көптеген оқырмандарды қызықтырады. Солардың бірі Ахмадиев Мұрат Абдүрейімұлы. 1950 жылғы 12 қаңтарда Қытай Халық Республикасының Чугучак қаласында өмірге келген. 1961 жылы Ахмадиевтің жанұясы ҚазССР-на қоныс аударды. Кішкене кезінен әнге, музыкаға жаны жақын бала Мұраттың бірінші 30 минуттік фильм-концерті 14 жасында теледидарда жарық көрді. Осы фильмнен кейін әншінің аты тек Совет Одағына емес, шетелге де танымал болды.
1965 жылы М.А. Ахмадиев М. Горький атындағы Мәскеу киностудиясында түсірілген «О чем молчала тайга» атты көркем фильмде кавказ ұлы Алешаның рөлінде, 1966 жылы атақты режиссер Ш.Аймановтың «Земля отцов» фильмде Баян атты ұлдың рөлінде ойнаған, 1968 жылы «Тақиялы періште» кинофильмінің түсірілуіне қатысқан.
1975 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «хорға дирижерлық жасау» мамандығы бойынша жоғарғы білім алды. Сол жылы, Қазақстан комсомолының Ленин премиясының лауреаты, «Яшлык» вокал-инструменталдық ансамблінің құрып және оның көркем жетекшісі болды.
1984 жылдан 2007 жылға дейін ТМД-ғы жалғыз кәсіптік ұйғыр театрдың басшысы болды. 1996 жылы сол ұйғыр театрының бұрынғы ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысып қана қоймай, оның бастамашысы және ұйымдастырушысы болды. 2002 жылы Елбасы Н.А. Назарбаевтын қатысуымен аталған театрдың жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.
2007 жылдан 2011 жылға дейін Қазақстан Республикасы Паламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымның депутаты.
1984 жылы «Қазақ ССР», 1998 жылы «Қазақ Республикасының халық әртісі» құрметтік атақтарына ие болды, 2005 жылы «Құрмет» және 2010 жылы «Парасат» ордендарымен марапатталды.
2002 жылдан бастап Еуропа университетінің өнертану құрметті докторы. Қазақстан халқы Ассамблея Кенесінің мүшесі.
Үйленген, бес бала тәрбиелейді. Оның қызы Дильназ Ахмадиева және ұлы Дильшат Ахмадиев Қазақстан әкесінің жолын қуып, Қазақстан эстрадасында ән шырқайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Еліміздегі неміс диаспорасының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары