Жаңалықтар

Түріктердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы

Қазақстан тәуелсіздігін алып жеке дара экономикасы дамып келе жатқан, ішкі сыртқы саясаты барынша алға жылжыған, барыс елдерінің қатарына қосылу үшін талпынып келе жатқан ел.
01.03.2014 10:43 154913
Қазақстан тәуелсіздігін алып жеке дара экономикасы дамып келе жатқан, ішкі сыртқы саясаты барынша алға жылжыған, барыс елдерінің қатарына қосылу үшін талпынып келе жатқан елімізде жүзден аса ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өздерінің мәдениетін дамытып, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін берік сақтап отыр.  
Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр жалпы мұсылман қауымнның әдет-ғұрыптары бірдей болмаса да, ұқсас келеді.  Мысалы, түркі тілдес халықтар секілді түріктер де туыстық жақындықты әке жағынан есептейді. Жүзге, руға бөліну оларда жойылып кетті дегенмен, үш төрт ұрпақ өтіп кетсе де кейбір әулеттер өздерін Надир балалары, Али балалары т.б деп атайды.  
Түріктерде ер адамдар әйел адамдардан әрдайым жоғары тұрады. Ұл балаларға кішкентай кезінен бастап санасына «Сен ер жігітсің, әйел затынан қай кезде де жоғары тұрып, өз артықшылығыңды біліп жүр» деп үйретеді екен. Жоғары болу дегендері  ұрып соғуды емес, әрдайым қорғап қолдап, қамқор болуды, әйелдердің нәзік жанды келетіндігін меңзейді. «Cennet annelerin ayaklarin altindadir», яғни Жәнәттың кілті аналарымыздың аяғының астында  деген мақалды әрбір түрік жадында ұстап, төрт ұйқысын төрт бөлген ана сүтін ақтауға, әжесі мен апасын, әпкесі мен қарындасын құрметтеп, аялап, сыйлап өтуді парыз санайды. 
«Үлкенге ізет, кішіге міндет» демекші, түріктердің жасы үлкені кішіге ақыл айтып, дұрыс жол нұсқайды, ал кішісі тыңдап, үлкенге ізет көрсетеді.Тарихтан түріктердің лауазымы мен қызметіне, тұрмыс жағдайы мен қоғамда алатын орнына қарай паша, хазретлери, бей, шейх, эфенди, аға, ханым деп атау дәстүрі бар екендігін білеміз. Алайда, кемалистердің қолдауымен «бай» деп ер адамдарға,, «баян» немесе «ханым» деп әйелдерге айтылатын жаңа сыпайы атаулары ұсынылған. Қазіргі таңда түріктер ұғымында «бей, мырза, эфенди» т.б. атаулар әл-ауқатымен, ақыл-парасатымен сый құрметке ие болған, жан-жағына билігі жүретін беделді азаматқа лайықты. Түріктер «жаным» деген сөзді жасы кішілерді еркелеткенде, құрбыларына, өзі жақсы көретін адамдарға, тіпті ерлер ерлерге де айта береді. Сонымен қатар «ики гөзүм», «кузум» деген сөздерді де жиі қоданады. Әке-шешесімен қоса атасы мен әжесі тұратын үлкен шаңырақ «хане» деп аталады.
Дүниеге ұл баланың келуі түріктер үшін қуаныш, оны ұрпақ жалғастырушы деп аса құрметпен қарайды. Жаңа туған сәбиге әркім өз шамасына қарай той жасайды. Барлық мұсылмандар сияқты бала бес жастан асқанда міндетті түрде сүндетке отырғызу салты болады.  Отбасы мүшелері үшін бұл ең маңызды күндердің бірі болып саналады. Осы қуанышқа орай сүннет дүүнү, яғни сундетке отырғызу тойын жасап, үйлеріне ақ дастархан жайып, қонақ шақырады. 
Қазақ бауырлары сияқты түріктер де күрес өнерін жетік меңгерген ұлттардың бірі. Ұл баланы жастайынан күреске баулиды. Түріктер осы күрес балуандары арқылы әлемге танылып отыр.  Қазақстан күрес құрамаларының арасынан да түрік балуандарын кездестіруге болады. 
Қазақтар сияқты түріктерде де құда түсу салты бар. Қыздың келісім беру, бермеуі жігіт үшін үлкен сынақ. Сол себепті жігіт қыздың ойын білу үшін алдын ала алма беріп жібереді. Қыз көнген болса, жауап ретінде өз орамалын салып жібереді. Алайда екі жастың қосылуы тікелей әкенің қолында. Ұлдың әкесі туыстары арасынан екі-үш сыйлы азаматты ертіп, қыздың әкесіне жолығып, дастарқан басында келген шаруасын айтады. Түріктер арасында қыз жағы іштей келіскенімен, әдеп сақтап, бірден келісе салмау салты бар. "Қызым тым жас" дегенді тілге тиек етеді. Жігіт жағы үшінші рет келгенде ғана өз келісімдерін беріп, батасын береді. Ризалық белгісі ретінде жаңа құдаларға сый-сияпат көрсетіп, дастарқанға палау, халва, шербет қояды. Ас соңында қалыңмал мәселесін шешіп, үйлеріне тарқасады. 
Үйлену тойына дейін жігіт қызға жүзік, сақина, орамал, тағы да басқа сыйлы сыйлықтар жіберіп тұрады. Қалыңдық жігіттің сыйлаған жүзігін саусағына салып нишанлы, яғни некесі қиылған болып саналады. Жаулық салып, шашын жібермей, явуклу, яғни ұзын етекті киімдер киім, ашық-шашық жүруді қояды. Той болардың алдында қалыңдықтың қол-аяғын қынамен бояйды, қыз «хналы» аталады. Той күні жігіт қалыңдығына айна мен тәтті тарту етеді. Тәттіні сыйлауы алдағы өмірі тәтті болсын дегені, ал айнаны ұсынуы қалыңдықтың қуаныштан нұрланған ақ дидары әрдайым сұлу қалпын сақтасын дегенді білдіреді.  Той әсем ән мен би, толы дастарханмен жалғасып, балуандар күресі, ат жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерін өткізумен аяқталады. 
Қазақтар мен қырғыздар сияқты түріктерде де алып қашу салты кездеседі. Қалыңмал төлеуғе шамасы келмейтін, жағдайы нашар жігіт жолдас-жораларымен келісіп, қызды алып қашады. Алайда, бұл жігіттің өмірі үшін қауіпті әрекет. Қазақстан Республикасының заңы бойынша ондай іске барғандарды соттатып жіберуге толық мүмкіндік бар. Алайда еліміздегі ұлттар арасындағы бұндай жағдайлар көбіне ақсақалдар кеңесінің нәтижесіне байланысты шешіліп отырады. Алып қащудан кейін жігітке қалыңдықтың әкесін көндіріп, онымен қайта татуласу өте қиынға түседі. Татуласқан күннің өзінде жігітке қалыңмалды біртіндеп болса да төлеуге мәжбүрлейді. 
Кедей жігіттің қалыңдығына қосылудың тағы бір жолы бар. Күйеу жігіт болашақ ата-енесінің қолына кіріп, қалың мал құнын өтегенше сол үйде жұмыс істейді. Ондай жігіттерді «күш күйеу» деп атайды. Құнын өтеген соң ғана қалыңдыққа қосыла алады. 
Түріктер арасында құдалар екі рет құдаласатын кездер де болады, яғни келінінің ағасы жігіттің қарындасын алуы мүмкін. Ондай дәстүрді бастан кешкендерді «қайшы құда» деп атайды. Қазақта жеті атаға толмай, қан жаңармай екі жасты қоспайтын болса, өкінішке орай түріктерде ондай олқылық жиі кездесіп отырады екен. Жақын туысына үйленгендіктен әлсіз, ақылы кем, кемтар түрік балалардың өмірге келуі орын алуда. 
Үйлену тойы кезінде көпшілік алдында қалыңдық пен күйеу жігітке бір-біріне деген сүйіспеншілігін, нәзік ілтипатын көрсетуге тыйым салынады. Екі жас келген кезде қалыңдықтың жеңгелері нан, тұз және жеміс жидек салынған табақпен билеп қарсы алу рәсімі бар. Ең қызығы күйеу бала мен жолдас баланы үйдің төбесіне шығарып жіберіп, сатыны тығып қояды. Жігіттер еш жерін жараламай шатырдан түсіп, есікті қағып, салем беріп үйге кіру керек екен. Жас қыздар жеміс салған тарелканы бастарына қойып жігітті айнала билеп, күйеу жігіттен сыйлық алады. Осы рәсімнен соң үлкен кісілердің рұқсатымен жігіт жолдасымен бірге қалыңдықтың жанына отырып, тамақ ішу мүмкіндігіне ие болады. Отырыс әсем ән айтумен, би билеп, музыканттар аспаптарында ойнаумен жалғасады. Қазақтардың сыңсуы сияқты қалыңдық туған туыстарымен, әке-шешесімен қоштасу үшін қоштасу әнін айтады. 
Келін жолдас қызы екеуі жігіттің ауылына кетеді. Жігіттің есік алдына қазан төңкеріп қояды, қалыңдықтың қолына анардың жеміс суын құяды. Жеміс шырынын өмірі анардай тәтті, баянды болсын деген ниетпен екі босаға мен маңдайына жағады. Үйге кірер кезде қазанға қыздың оң аяғын тигізеді. Бұл қыздың қиындыққа шыдап, жақсы мен жаманды бірге көретіндігін білдіреді. Үй табалдырығын аттаған қалыңдықты жолдас жігіт қонақтармен таныстырады. Қолына пышақ алып, келінді айналып «Келіннің басын кесейін бе, тілін кесейін бе?» деп сұрайды. Көпшілік тілін кес деп айқайлаған соң, басына қабат қабат оралған орамалдың ұшын кесіп жібереді. Бұл ғұрып келіннің тілі қысқа болып, артық әңгіме айтпай, мәдениетті болып, үлкен-кішіні сыйлап өтсін деген мағынада жасалынады. 
Түріктер әйел тәрбиесіне қатал қарайды. Келін жігіттің ата-анасына, оның туыстарына бағынышты болады, олар өз қыздарының ар намысы таза болуын қадағалайды. 
Түріктер қыруар қалыңмал төлегендіктен, әйелінен ажырасатындар өте аз. Оларда «хюлле» деп аталатын салт бар. Ол бойынша күйеуі ажырасқан әйелімен қайта түтін түтеткісі келсе, әйел ең алдымен екінші рет жалған түрде күйеуге шығады. Жасы жеткен қарияларға тұрмысқа шығып, кейін ажырасқан сияқты керекті құжатын толтырып барып, өзінің заңды күйеуіне қайтадан қосылатын дәстүр бар.
Егер ер адамның жағдайы бірнеше әйелді киіндіріп, ішіндіруге,  асырап, жағдайын жасауға шамасы жетсе, Ислам заңы бойынша төрт әйел алуға дейін рұқсат етілген. Түріктердің де арасында бірнеше әйел алу салты бар.  Алайда бірінші қосылған  бәйбішесі ғана заңды әйелі боп табылады да, қалғандары үй қызметшісі ретінде тұрып жатады. 
Түріктің әйелдері ер азаматтың алдын кесіп өтпейді, басып озбайды, бөтен еркекке өздігінен бірінше болып тіл қатпайды. Түрік ұлтының арасында қанға қанмен жауап беру салты сақталған. Оны түрікше «кангютме» деп атайды. Бұл салт бойынша кешірім беру мүлде жоқ, құн бергенге келіспейді. Алайда кінәлі тарап қыздарын беру арқылы ғана қанды кекке тоқтау сала алады. 
Қонақжайлылығынан қазақтан кем түспейтін түрік ұлты үйіне келген қонақты жоқ дегенде бір кесе шай ішкізбей жібермейді. Қазақтармен бірге өскен түріктер арасында нан ауыз тию салты да қалыптасқан. Алғыс айту, кешірім сұрау қарапайым түрік ұлтына тән қасиет. 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға