Жаңалықтар

Жалау Мыңбаев – қоғам қайраткері

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050 Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие...
01.03.2014 11:29 19521
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050 Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие... Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек. Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс» деп белгілеп берген басымдықтары бүгінгі күн бедерінен қарағанда үлкен маңызды қадамға бастайды. Ия, бүгінгі интеллигенцияға артылар салмақ, жауапкершілік жүгі ауыр. Олардың алар бағыты, барар жолы толымды білім, асқан қажыр-қайратты талап етеді. Ол үшін қазіргі заманның интеллигенция өкілдері кешегі ағартушы, зиялы адамдардың үлгісін темірқазық ретінде маңдайына алуы қажет деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда біз Алаш ардақтысы, қаламы қарымды журналист, публицист, қабырғалы қайраткер Жалау Мыңбайұлының өмірінің жарқын беттерін өздеріңізбен бірге бөліспекпіз. 
 
Жалау Мыңбайұлы қаламынан жел ескен әрі тегеурінді, қайсар публицист. Жалауды публицистикаға алып келген сол тұстағы қоғамдық формацияның жай-күйі, өскен ортаның сұранымы, қажетсінуі, өз халқына деген қамқорлық, сүйіспеншілік, жан-жақты білім, ерекше дарын-қабілет публицистикаға иек арттырды. Ал, оны публицистикаға әкелген — сол кездегі саяси дүмпулер болды. Халыққа соны жеткізу мақсатында Жалау публицистика майданына қызу кірісіп кетті.
 
Мыңбайұлының қара танып, сауат ашуы Фортпен тығыз байланысты. Әжесі Жалауды сол қаладағы үш сыныптық орыс-қазақ мектепке алып барады, ол мектепте Жалау өзі қатарлас Нұрсұлтан Оңғалбаев, Төлесін Әлиев, Зұлқарнай Баймұрзаев, Нәдірбай Айтақов сынды жалынды жастармен бірге білім алады. Сол білім ордасының бір түлегі, тұңғыш Қызыл Ту орденінің иегері, 1919 жылы Мәскеуде өткен әскери шеруге қатысқан Қылыш Нәдірбаевтің ағасы Қалабай өз естелігінде Жалау, Нұрсұлтан, Төлесіндер туралы былай дейді: «Олардың біліміне, зерделілігіне жететін жан жоқ қой, олар сөйлесіп тұрып та қазақшаны орысшаға, орысшаны қазақшаға қолма-қол аударып айта беретін», — дейді. Осы сөздерден кейін мектеп қабырғасында жүріп олардың дүниетанымы қалыптасып, өмірге деген көзқарастары түзіле бастағанын аңғаруға болады. 
 
Қазақ публицистикасында тұңғыш шыққан газеттердің бірі «Қазақ» болды. Алайда, сол кезеңдердегі қоғамның идеологиялық жауы саналған «Қазақ» та, оның шығарушылары яғни қазақтың қалың ортасынан қаулап шыққан бәйшешектей болған ұлы демократтар есімі де Кеңестер билеген жетпіс жыл бойғы дәуірде ұлт тарихнамасынан өшіріліп тасталды. Мұндай қарадүрсін қатігездік пен зорлық-зомбылықты «Қазақ» газеті былай тұрсын, кеңестік-коммунистік бағыттағы зиялылардың алдыңғы қатарлы ірі өкілдерінің бірі Жалау Мыңбаев пен «Ауыл тілі» газеті де көрудей-ақ көрді. Кеңес өкіметі кезіндегі баспасөз тарихын зерттеуге арналған еңбектерде ара-тұра «Ауыл тілі» газеті жайлы қысқаша болса да айтылғанымен, оның алғашқы редакторы және шығарушысының кім екендігі жөнінде тіс жарып айтылмады. Мәселен, Хайыржан Бекхожиннің 1981 жылы шыққан «Қазақ баспасөз тарихының очеркі» атты зерттеу монографиясында 1913 жылдан бергі газет-журналдардың тарихын жазып, олардың барлығының редакторларын көрсетіп, жалғыз «Ауыл тілі» газетінің редакторы көрсетілмейді. Ал, «Би-аға» атты Бейімбет Майлин жөніндегі естеліктер жинағында жазушы Ш.Қожахметов «Бейімбет» және «Ауыл тілі» деген мақаласында газеттің алғашқы редакторын Елтай Ерназаров болды дегенді айтады. Жалаудың Ахмет, Әлихан, Жаһаншах секілді жаңа да соны қырларының шоқжұлдыздай боп жарқырай көрінуі, оның қаламгерлік таланты мен қабілеті еді. Жалаудың журналистік кәсіпке деген қызығушылығы Адай уездік ревкомын басқарып тұрған кезінде басталды деуге негіз бар. Сол кезде өлкеде газет шығаруға талпыныстар жасалып, өмірге келген алғашқы баспасөз үндері қолжазба түрінде шығарыла бастады. 
 
Ж.Мыңбаевтың өзі қаламы ұшталған журналист-тілші ретінде орталық органдары болған «Советская степь» және «Степная правда» басылымдарына өткір мақалалар жазып отырған. Ол мақалаларында өлкеде орын алып отырған өзекті мәселелер төңірегінде, өзі басшылық жасап отырған ревкомның сауатсыздықты жойып, елдің мәдени дәрежесін көтеру барысында нендей істерге ұйытқы болып жүргенін қамтыған. 
 
Мыңбаев Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланғаннан кейін, өзінің жұмысының көптігіне қарамастан, қосымша қызметтер атқарып отырған. 1926 жылдың 27 шілдесінен бастап қазақ шаруаларының үні «Ауыл тілі» атты газетті ұйымдастырып, өмірге әкелуі үлкен қайраткерлік қажырлы іс. Осыған дейін шаруаларға арналған «Ауыл», «Кедей», «Кедей тілі» сынды басылымдар тек губерниялық орталықтарда ғана шығып тұрса, енді орталықтан Жалаудың қалың шаруаға арнап басылым шығаруы сол кезеңдегі басым көпшілігі қара шаруа болып табылатын елде дер кезінде ойластырылған және жұрт құптаған игі іс болды. Қазақтың атқамінер зиялы қауым өкілдерінің бірсыпырасы оны қуанышпен қарсы алды. Алаш шаруаларының газеті шығады дегеннен Жалаудың ең жақын, сыйлас, сырлас достарының бірі, Алаштың ардақты азаматы М.Дулатов Жалауға хат жолдап, онда тіліміздің тағдырына қатысты ойларын былай деп ортаға салады: «... Не амалың бар? Құдай басқа салған соң, көніп отырмыз. Кітаптарын да, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы жоқ. «Қазақыландыру» деген бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазды да, міне, сені қазақыландырдық дейді. Жасаған-ай, о мұндай да қазақыландыру болады екен! Бұл мұңымды кімге шағамын!... Менің ойлап-ойлап тапқаным — Жалау жолдас сен болдың». Бұл хат «Қазақ тілінің мұңы» деген тақырыппен «Ауыл тілінің» алғашқы санында жарық көреді.
 
«Ауыл тілінің» алға қойған бағдарламасы мен жоспары оның алғашқы тұсаукесер санында жария болады. Оның «Оқушыларымызға» атты бас мақаласында ол туралы егжей-тегжей айтылады. Бас мақаланың Мыңбайұлының өз қаламынан туғандығы дау тудырмайды. Енді осыдан біраз уақыт бұрынғы «Ауыл тілінің» қалың бұқараға арналған кезекті санындағы мына бір ой үзіктеріне кезек берейік: «Соңғы жылдарда Кеңес өкіметі «Ауылға бет бұру» ұранын шығарып, ел жайына көбірек көңіл бөле бастағаны белгілі. Содан бері бүкіл кеңестер одағында ауылдағы кеңес қызметін жөндеу, қалың бұқараны әлеумет істеріне қатыстыру, жұмыскерлер мен ел шаруасының одағын күшейту жұмыстары өзгеден гөрі маңызды түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан үкіметі бұл жұмысқа басқалардан кейінірек кірісті. Мезгілімен қолма-қол кірісуге күрделі жұмыстардан босана алмады. Соның бірі болып «Ауылға бет бұру» ұраны да бос сөзден аса алмады. Ауыл көбінесе «таз қалпында», өз бетімен жылжи берді. Шаруа жұмысы, мәдениет істері бір жөнге салынбады. Сөйтіп, өзге елдерде «Ауылға бет бұру» іс жүзінде заулап жүріп жатқанда, біздің жұмысымыз өгіз аяңнан да шабан болды. Бұл кемшілігімізді жоюға біз осы күнде белсене кірісіп отырмыз», — деп ауыл жайын, ондағы кемшіліктерді жіпке тізгендей нақты дәйекпен жазады. 
 
1927 жылы бүкілқазақстандық кеңестерге сайлау өтер қарсаңында «Кедей, кеңесті қолыңа ал!» деген бас мақала беріліп, онда кедей, жалшы, орташалардың өкілдері қалайда жеңіп шығып, кеңесті өз қолына алуы тиіс деген ұран тастайды. Елдің ең сүйікті басылымдарының біріне айналған «Ауыл тілі» газеті барлық қазақ ауылдарына жетіп тұрады. Оның таралымы күннен-күнге өсіп, тіпті бір кездері газет 7000 данаға дейін шығып тұрады. Жетісіне бір рет жарық көрген шаруа үні төрт беттен тұрды. Газет араб әліпбиімен шықты. Осындай шаруа газеттерін шығару жолында көптеген кедергілер мен қолбайлаулар кездеспей тұрмады. Техникалық тапшылықтар жағынан көптеген басылымдар бір жерге қымтырылды. 
 
«Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, елге ғана қызмет жасауға талпыныс оты маздаған асыл азаматтар бұл қиыншылықты өздерінің қажыр-қайраты арқылы жеңіп шықты. Газеттің көркеюіне қазақтың белді-белді қаламгерлері С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Дулатов, Ж.Сыздықов, Ғ.Мұстафин, А.Сегізбаевтар белсене араласты. 
 
Қазақ шаруаларының сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаған «Ауыл тілі» басылымы 1929 жылы 12 ақпанда 5-129-санынан кейін өз жұмысын тоқтатты. Дұрысы, тоқтатылды. Оның шығарушысы және тұңғыш редакторы 1927 жылға дейін қол қойды. Жалаудан кейін редакторлық еткен Е.Ерназаров Голощекиннің қолшоқпары болып, газетті саясаттың құрбаны етті. Ол кездерде Жалау, Міржақып, Бейімбеттер өз елінде өзгеге өзегін тепкізіп жүрген. «Ауыл тілі» газеті жабылғаннан бері күні кешеге дейін ауыл өміріне араласып, оның тіршілігі жайлы қалам тербер басылымдар шыққан жоқ. «Ауыл тілінің» Жалау қол қойған сандары қазір Орталық кітапхананың сирек кездесетін оқылымдар қорында сақтаулы тұр. 
 
Қазақ баспасөз тарихында тұңғыш рет қазақ шаруаларына арнап «Ауыл тілі» деп газет шығарып, онда қазақтың күрмеуі шешілмеген мәселесінің жоқшысы болған Жалау шын мәнінде ұлт жанашыры еді. Ол ұлтқа деген жанашырлығын саясатта да дәлелдеді, абзалы газет арқылы қарқарадай қазаққа ұлты сүю, оның ішінде ауылды сүюдің үлгісін көрсетті. «Ауыл тілі» жабылғаннан бері бірнеше жылдар өтті. Ал, оны шығарып, қазақ публицистикасына өлшеусіз үлес қосқан Жалау есімі ақпарат аспанында жалау боп желбіреп тұра бермек.  
 
Мәншүк АХМЕТОВА 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға