Сәрсенұлы Биахмет
Сәрсенұлы Биахмет – Алаш қозғалысының қайраткері. 1885 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Ақсуат ауд.) туған. 1905-1909 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында оқиды. Мұны бітірген соң 5 жыл мұғалім, 3 жыл болыстық кеңесте қызметкер болады. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін ол Семей облыстық Қазақ комитетіне мұше болып сайланып, Павлодар уезінде жергілікті комитеттер құруға атсалысады. 1917 жылы Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын ІІ съезде құрамында А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы бар Білім комиссиясына кіреді. 1919 жылы Семей облыстық земствосының басқармасының халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесіне басшы болып тағайындалады. Осы кезде Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әр түрлі пәннен сабақ береді. Қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне мақала жазып тұрады. Оның «Автономия кеңесі», «Біріккен елде береке бар», «Азық-түлік», «Русияда осы күнде зор мәселе – азық-түлік» т.б жарияланымдары сол шақта қазақ қоғамына үлгілі істерді нұсқады. 1920 жылы Орынборда Қазақ автономиялық республикасы жарияланғанда, оны жаңа астанаға қызметке шақырды. Алғаш Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарды. Сонан кейін Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі секілді сол уақыттың жауапты қызметтерін абыроймен атқарды. Осы уақытта Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етеді. Архив деректерінде қайраткерге физика, математика пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс жасалғаны көрсетілген. Ғалым-ұйымдастырушы ретінде ол Қазақ Ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалауға атсалысты. Сол кездегі мерзімді басылымдардан қайраткердің отандық мектеп жүйесін қалыптастыруға аянбай күш-жігер жұмсағанын, өлкеде алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болғанын оқимыз. Қазақта кеңестік-пролетарлық асыра сілтеу саясаты салдарынан 1931-1932 жылдардағы қырғынға дейін 1921 жылы алапат ашаршылық болғаны мәлім. Осы кезде елді түрлі эпидемиялар жусатып кетті. Қайраткер 1921 жылы 36 жасында халыққа тиген оба ауруынан қайтыс болды. Оның қазасына Алаш қайраткерлері «бір жұлдызымыз сөнді» деп, қатты қайғырды.