Жаңалықтар

Еліміздегі неміс диаспорасының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары

Қазақстанда тұратын немістердің өз араларында тойлайтын ұлттық мейрамдары бар. 
01.03.2014 10:49 42793
Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қалыптасқан. Алайда Қазақстандағы түрлі ұлттардың бір-бірімен араласуының нәтижесінде салт-дәстүрлерінің кейбіреулері біздің дәстүрге ұқсап, өзгеріске ұшыраса, кейбіреулері мүлтіксіз сақталып қалған. Германиядағы немістер болсын, Қазақстанда тұратын немістер болсын дәстүрлі кәсіптері – егіншілік пен мал шаруашылығы, балық аулау, қол өнерімен де айналысады. Елімізде тұратын неміс халқы ұлттық қолөнермен, оның ішінде ұсталық, зергерлік, көзешілік, ағашқа алуан бедер салу, кесте тігу дамыған. 
 
Немістер аса ұқыпты, іске тиянақты, әр сағатын, тіпті әрбір минутын пайдалы іске жарататын, бос сөзден гөрі нақтылы істі жақсы көретін халық. «Неғұрлым өнімді жұмыс істесек, соғұрлым жақсы демаламыз» деп есептейді. Күн демей, түн демей, талмай, шаршамай еңбек ету, байлықты еңбек арқылы жасау неміс халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі. 
 
Қазақстанда тұратын немістердің өз араларында тойлайтын ұлттық мейрамдары бар. 
 
Мысалы, аптаның соңғы күндерінде «ата-аналар күні» деп аталатын мейрамын тойлайды. Қайтыс болған кісілердің аруақтарына бағыштап түрлі тәтті тоқаштар мен бәліштер пісіріп, туыстарына таратады. 
 
Жаз айының 24 жұлдызында Иванов күнін атап өтеді. Бұл мейрамда иониттер мен мальталық серілер лаулатып алау жағып, бір-бірінің қолдарынан ұстасып отты айнала алуан ойын-сауық құрады. Лаулап жанған отты үш рет айналып, малдарын айдап өткендер бақытқа кенеледі деген сенімді ұстанады. Оттан қалған шоқты мал қораға шашудың мақсаты малды, малшыларды жамандықтан қорғау болып табылады. Қазақстандағы немістер әлі де шіркеу әулиелеріне табынып келеді. 
 
Мұсылман елдеріндегі күзде тойланатын «сабан тойына» ұқсас  немістерде әр науқан аяқтала келе мереке жасайды. Сондай-ақ, жаңа жыл шыршасын әсемдеуге еліміздегі немістердің балалары да атсалысып, ерекше мән береді. Мейрам барысында үлкен-кіші жайнаған дастарқан басына түгел жиналып, ән айтып, би билеп,  ойындар ойнайды, бір-біріне сыйлықтар ұсынады. Бұл балаларды ізгілікке, шеберлікке үйретудің халықтық дәстүрі. 
 
Немістерде балаға бірнеше ат қою дәстүрі бар. Мысалы, Карлхен – Карл, Рудольф – Руд, Конрад – Курт т.б.  
Қазақтар сияқты немістер де үйлену тойына зор мән береді. Оларда сақталған дәстүрдің бірі біздің дәстүрге ұқсас. Ол – атастыру дәстүрі. Оны «серт беру» немесе «салтанатты сыйласу» деп те атайды. Екі жақтың туыстары құда болғандықтарын жариялап, жақын араласа бастайды. Некелесуге даярлық сол күннен басталады. Атастыру мен той арасы 6 ай немесе 1 жыл болуы мүмкін. Құдаласқан екі жақ бірлесіп жас жұбайларға жасау жинап, үй салып береді. 
 
XVIII ғасырға дейін Рейланда жерінде немістер қызды жеребе ойынына салатын болған. Жеребе ұрысқа түскен қыз еріксіз ұзатылып кете барады. Неміс қыздары әке-шешесіне мұңын шағып өлең айтатын болған. Яғни, бұл қазақтардағы сыңсу өлеңіне ұқсас. 
 
Аукционға түскен қызға жігіт бір тілім нан ұсынады. Қыз нанды қабылдап, жігітті шығарып салуға қарсылық білдірмесе ол қыздың көнгендігі болып саналған. Кей жерлерде жігіт қызға ұнамаса, қыз оған бұршақ гүлін ұсынатын болған. Бұл гүл ел арасында ұнатпағандықтың белгісі саналған. 
 
Неміс халқының салты бойынша некелесудің бірінші күні жас жұбайлар төсегіне қуырылған тауық әкелінеді. Оны «некелік» немесе «махаббат асы» деп атаған.
 
Немістерде жас жұбайларға нан ұсыну дәстүрі қалыптасқан. Бұл нанды «бақыт наны» деп атайды.
 
Наннан ауыз тиген соң, қалған наннан квас жасайды, той кезінде жасалған сусынды қонақтарға ұсынады. Дәм татқан меймандар табаққа ақша салады. Бұл қазақтың беташарындағы ақша салу дәстүрімен сәйкес келеді. 
 
Күйеу мен қалыңдық көжені бір ыдыстан кезектесіп ішіп, махаббаттарының берік, таза – пәк болуын тілейді. Осылайша көжеден ауыз тиген соң,  қалыңдықты ортаға алып шіркеуге неке қиюға барады. Бұл дәстүр қазақтың жас жұбайларына мешітте су ішкізу дәстүріне ұқсас.  
 
Немістерде жас жұбайлар тұратын үйдің ауласына құйрығына сыпыртқы байланған әтешті жібереді, ол сыпырған күйі өткен жерді тазалап өтеді. Бұл жас отауға жын-шайтан үйір болмасын деген ырым. 
 
Қазақстандағы немістерде жас жұбайларға «қышқыл не ащы капуста жегізу» рәсімі де бар. Оны жеудің мақсаты өмірдің ащы-тұщысын бірге көреміз деп серттесу болып табылады. 
 
Қазақтың күйеу балаға төс тарту рәсімі сияқты күл салынған табаққа ақша салу рәсімі тұрғылықты немістерде де бар. 
 
Неміс халқының мақал-мәтелдері Отанды сүюге, еңбекті бағалауға, төзімді болуға тәрбиелейді.  
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға