Жаңалықтар

Орта білім берудегі әдістемелер

Білім беру саласында жаңа технологиялармен, заманауи инновациялық әдістемелер арқылы оқыту - бүгінгі заман талабы. Бұл жайлы «Қазақстан 2050» стратегиясында Елбасы Н.Ә. Назарбаев былай деген болатын:
01.03.2014 11:32 7399
Білім беру саласында жаңа технологиялармен, заманауи инновациялық әдістемелер арқылы оқыту - бүгінгі заман талабы. Бұл жайлы «Қазақстан 2050» стратегиясында Елбасы Н.Ә. Назарбаев былай деген болатын: «Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн жүйелерін белсене дамыту керек болады. Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз».
 
Астана қаласындағы барлық мектептер аталмыш бастамалар бойынша жұмыс істеуді қолға алған. Мәселен, елордада 2012 жылдың қыркүйегінде ашылған №70 мектеп-лицейдің мұғалімдерінің 60% пайызы жоғары және бірінші санатты және олар ақпараттық технологияны еркін меңгерген екен. «Ақпараттық технологияларды пайдаланып, интерактивті және қашықтықтан оқыту, әсіресе, қыс кезінде сабақ тоқтап қалғанда қолайлы. Ең жақсы қолданылатын технологиямыз - бұл ақпараттандыру технологиясы, жартылай кешенді технология. Кембридж бағдарламасы бойынша сын тұрғысынан ойлау әдісі де қазіргі кезде көп қолданылады. Соған байланысты деңгейлеп оқыту, әр пәндерді әртүрлі технологиямен оқыту – біздің мектептің мақсаты. Өйткені, оның тиімділігі өте көп» - дейді білім ордасының директоры Марал Қадыкенқызы. Мектеп басшысы ата-аналармен байланыстың жақсы екенін, білім шаңырағының арнайы сайты жұмыс істейтінін тілге тиек етті. № 70 мектеп-лицейі былтыр ғана ашылса да, білікті ұстаздары мен білімді оқушыларының арқасында біраз белестерді бағындырған екен. Марал Қадыкенқызының айтуынша, жаңа ақпараттық инновациялық технологиялармен білім беру жеткен жетістіктеріне де ұйытқы болған екен. 
 
Білім беру саласын жаңғыртудағы басты жаңалық – интерактивті тақта. Қазақстанда бұл құрылғы 2000 жылдан бастап қолданылған екен. Қазір білім ордаларында 24 қызмет түрін көрсететін және сан түрлі IT технологиялармен жұмыс істейтін «ақылды» тақталар қойылған. Аталған мектеп-лицейде де заманауи тақталарда мультимедиалық жобалар, тестілеу жүйесі, электронды оқулық, тәжірибелік тапсырмалар, кітапхана қамтылып, арнайы қаламмен жұмыс істейді. Бұл білім ордасы 10 интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген екен. Заманауи мектеп жабдығын пайдаланған оқушылар сабақ барысында жіберген қатесін байқап, өздігінен ізденуге талаптанады екен. «Бастауыш сыныптағы бүлдіршіндер ақпараттық технологиямен берілген білімді өте тез қабылдайды. Ақпараттық технологияның ең тиімді жолы - бастауыш сыныпта сабақ беру үрдісінде жоғары көрсеткіштерге ие болуы. Біріншіден, біз бастауыш сыныптың мұғалімдері ретінде көрнекілікті көп қажет ететін сыныптардың біріміз. Сондықтан, бірінші сыныптарда көрнекіліктерді интерактивті тақта арқылы кітапханаға кіріп, жанды дүние ретінде, демонстрациялы түрде оқушыларға көрсете аламыз» - дейді 18 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі Бәтима Сүлейменқызы.
 
Оқу-ағарту ісіндегі жаңашыл бағыттардың бірі – cын тұрғысынан ойлау бағдарламасы. Еліміздегі мектептер әлемдік білім беру талабына сай әдіспен 15 жылдан бері оқытып келеді екен. Мұнда оқушылар ұжымдық түрде ізденіп, сондай-ақ, әр топтың жұмысын өздері бағалау мүмкіндігіне ие болады. Сын тұрғысынан ойлау ашық қоғамға үйрететін әдіс. Оқушылар бір-біріне сұрақтар қойып және оларға жауап іздеу, әр мәселеге байланысты өз пікірін айтып, оны дәлелдей алу, дәлелдемелердің қисынын зерттейді.
 
Бұл бағдарлама әлемдік білім беру саласында қолданылады. Сын тұрғысынан ойлау – ол оқиғаны сынау емес, шыңдалған ойлау жүйесін қалыптастыру. Бағдарламаның негізгі үш деңгейі мынадай: біріншісі, қызығушылықты ояту, екіншісі, мағынаны ашу. Үшінші деңгей – ой толғаныс. Жаңа тәжірибені сабағында қолданып жүрген ұстаздардың бірі №70 мектеп-лицейінің Қазақстан тарихы пәні мұғалімі Гауһар Қалымбекқызы. Оның айтуынша, оқушылар педагогикалық әдіспен білім алу барысында оқығанын қағаз бетіне өзіндік ойымен түсіріп, көзқарасы қалыптасқан тұлға болуына көп септігін тигізеді екен. Осы бағдарламаны оқыту үшін арнайы шеберлік курсынан өткен Гауһар Қалымбекқызы: «Бұл жерде балаларды сыни ойлататын топтық жұмыс олардың еркін сөйлеуіне, видеоматериалдармен көп жұмыс жасауына, өздері видео кино түсірулеріне, логикалық ойларын жақсы дамытуға көп әсерін тигізеді. Мұғалімнің бағыты – мұғалім тек бақылаушы. Бағыт беруші. Мұнда оқушы өздігінен білім алады» - деп жауап береді. 
 
Білім берудің жаңа технологиясындағы тиімді тәсілдің бірі – глоссарий әдістемесі. Бұл әдіс шет тілдерін меңгеруге өте қолайлы екен. Педагогикалық әдістің негізгі мақсаты - әр пәнде кездескен күнделікті қажетті сөздерді аударып, үш тілде үйрету екен. Заманауи оқыту тәжірибесі «үш тұғырлы тіл» саясатын дамытуға үлес қосатыны анық. «Қазір білім беру саласында әртүрлі ақпараттық технологиялар қолданылады. Солардың біріне тоқталып кететін болсақ, глоссарий әдістемесі. Бұл технологияның оқушылар үшін жан-жақты білім алуына көмегі көп. Глоссарий әдістемесі қазіргі уақытта көп қолданылып жатыр. 2017 жылы EXPO көрмесі болатындықтан, онда біз үш тілді меңгерген мемлекет екенімізді көрсетуіміз керек. Әдіс барысында әрбір сөзді үш тілде үйренеміз. Яғни, біз әрбір пәндегі керекті сөздер мен керекті тақырыптарды үш тілде аударамыз. Үш тілде аударған бізге де тез жатталады. Өзім ойлаймын, осындай мектепте оқып, осындай технологияны үйреніп, үш тілді меңгерген оқушы болашақта Қазақстанды дамыған 30 инновациялық технологиялық дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына септігін тигізеді» - дейді мектеп оқушысы Ұлан Әбдішүкір.
 
Оқыту жүйесіндегі интерактивтіліктің дамуы, сан түрлі ақпараттық технологиялар арқылы әдістемелердің қолданысқа енуі - еліміздегі білім беру саласының сапасын арттыратыны сөзсіз. Ал, сапалы білім - қашан да білімді, білікті маман дайындаудың алғышарты.
 
Айзат Меңдешева
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға