Жаңалықтар

Мәдениет, дәстүрлер және даралық

Мәдениет, дәстүрлер және даралық – ұлттың негізгі тетіктері. Елдің ерекшелігін айқындайтын бұл ұғымдар сол мемлекеттің сан ғасырлық тарихымен тікелей байланысты.
01.03.2014 11:27 19544
Мәдениет, дәстүрлер және даралық – ұлттың негізгі тетіктері. Елдің ерекшелігін айқындайтын бұл ұғымдар сол мемлекеттің сан ғасырлық тарихымен тікелей байланысты. Өркениетті ел үшін ұлттық идеология, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мәдениет, менталитет, ұлттық дүниелер өте маңызды факторлар саналады. Бұл құндылықтар қаншама жылдар бойы ұлтпен біте қайнасқан дүниелер болған соң, сан түрлі тарихи кезеңдерден өтіп бүгінгі күнге жетті. 
 
Әңгімені әріден бастасақ, қазақ өркениетінің бастауы көшпелілер өркениетінде жатыр. Ертедегі көшпелілер әлемінің мәдени тарихына үңілгенде, Еуразияның ұлы даласында мыңдаған жылдар бойы салт атты көшпелілер өркениеті біздің жыл санауымыздың бірінші мыңжылдығын тауысар шақта жойқын бөлшектену кезеңін бастан кешкен екен. Дәлірек айтсақ, мәдени-рухани біртұтастықты түркі әлемінен осы күнгі түркі тілдес ұлттар өз алдына жеке-жеке отау тігіп, дара этникалық нышан қалыптастыра бастаған.
 
Сан ғасырлық шежіресі бар, өзіндік тарихи даму сатысынан өткен қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті көшпелілік тұрмыс салтымен қатар далалық қала мәдениетін, металл, алтын өңдеу өндірістерін, нақтылай айтқанда, ұсталық пен зергерлік өнер түрін дамыта білді. 
 
Қазақ өркениетінің пайда болуы мен қалыптасуына ықпал еткен үрдіс қоғам мен табиғат арасындағы тығыз қарым-қатынас. Көшпенділер қоғамының өркениеттілік қуаты әлеуметтік организмнің айнала табиғи ортаға икемделе білуіне негізделген. 
 
Өркениеттік дәстүрдің жаңа бағытқа бет алуы заңдылық, бірақ қазіргі өркениет жетістігіне негіз болған бастапқы идеялар мен алғашқы туындылар ұмытылмауы керек. Себебі, өркениет дәстүрлі мәдениет жаңа өркениет талаптарымен ұштасып жатады. 
 
  Өркениет шындығына келгенде, мәдениет ұғымымен егіз. Еуразия сахарасында орналасқан Қазақстанда ұлттық мәдениет басқа мәдениеттермен байланысып, ұштасып жатады, ол азиялық және еуропалық мәдениеттің қосындысы бола тұра ұлттық болмысын сақтайды, ұлттық асқақтылық сипаты түрленіп, нәрленіп байи түскенімен негізгі қасиетін жоғалтпай келеді, оның ұлттық сипаты жоғалса ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Қазақ мәдениетінің ХХІ ғасыр жаңғыру дәуірі, тәуелсіздіктің келуімен тұспа-тұс. 
 
Қазақстан көпұлтты мемлекет, ал сол көпұлтты мемлекетте өркениеттік тарихи мәдени мұраға жауапты халық – қазақ халқы. Ол халық Қазақстанның болашағына ерен еңбек етуге тиіс. Ол көпұлтты елді біріктіретін де, жұмылдыратын да бірлік. Сондықтан, сан түрлі ұлттың өз мәдениетін сақтай отырып, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруі – Қазақстанның жетістігі. Кез келген қоғамда көздеген мақсатқа жету үшін ең бастысы – ұлттық бірлік керек, ал ұлттық бірлікке жету үшін – мықты идеология қажет.
 
Қазақ елінің бүгінгі ұлттық идеологиясы - негізгі құндылықтарымызды сақтай отырып, әлемдік өркениеттік үрдістер аясында саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан өз орнымызды иелену. Ол үшін талай жылдар ата-бабаларымыз армандап кеткен тәуелсіздігімізді баянды да берік етіп, тек қана қазаққа тән ұлттық рухымызды, ар-ұятымызды, кеңпейілділігімізді, адамгершілігімізді әлемге паш ету және әр қазақ өзінің қазақ екенін мақтан тұтуы қажет.
 
Қазақстан Шығыс пен Батыстың, Терістік пен Күнгейдің геосаяси векторлары мен мәдени ареалдары қиылысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті де біздің стратегиямыз ұлттық және халықаралық процестердің өзара байланысына негізделген.
 
  Тәуелсіздікке ие болғаннан бергі жылдардың ішінде Қазақстан ішкі және сыртқы саясаттағы байсалды қадамдарымен, ел экономикасын өрге бастырудағы батыл қимылдарымен, жаһандық мәселелерді шешудегі игі бастамаларымен бүкіл әлемге танылды. Тәуелсіздік жылдары рухани өмірге бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкелді. Материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз етудегі ауыртпалықтарға қарамастан Қазақстан мәдениетін батыстандырудың теріс ықпалдарынан қорғау бірінші кезектегі келелі мәселеге айналды. Заман талабынан туындап отырған аталмыш мәселелерді шешуде Қазақстан үшін екі үлкен міндет туындады. Бірі – санадағы, әлеуметтік тәжірибедегі бодандықтан тезірек арылу, екіншісі – тәуелсіз азат Қазақстанның аяғынан тік тұруына, әлемдік өркениетке өзіндік келбет-кейпімен кіруіне лайықты үлес қосу. Демек, әлемдік үрдіске қалтқысыз араласуды мақсат еткен Қазақстанға рухани-мәдени болмысымызды, құндылықтарымызды сақтау. Өйткені, алыс-жақын мемлекеттер қоян-қолтық жақындасып жатқан мына заманда ұлттан ұлттың, нәсілден нәсілдің, халықтан халықтың өзгешелігі, ерекшелігі, төлтума даралығы мен айырмашылығы тек мәдениет, руханият, тіл, менталитет салаларына келіп тіреледі.
 
Қазақстан Республикасы төлтума мәдени дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, әлемдік интеграциялық үдерістерін қабылдауды мақсат еткен. 
 
Мәдениет, дәстүрлер және даралық. Бұған қатысты ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған болатын. «Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізінің бірі ретінде осы мәдениет, дәстүрлер және даралық» - өз сөзінде Елбасы Н. Назарбаев. Бұл бөлімде Президент «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген халық даналығын мысалға келтірді. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек деді. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой. Кейінгі ұрпақ осыны ұғынуы қажет. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайтыны рас. Ол осы тарихты жете білмеуінен, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңірмегеннен болса керек. 
 
 
Мендешева Айзат
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға