Ассамблея және ХХ сессия
01.03.2014 11:32
12005
«Бір халық» – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер. «Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр» – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер! Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!» Бұл - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзі.
Қазақстан Республикасында сан түрлі ұлттың бір ұлттық мүдде, ортақ Отан, бір мақсат жолында өмір кешіп жатқанына 22 жыл. Қазақстан – жүз отыздан астам ұлтты бір шаңырақ астында біріктіріп, татулықта өмір сүріп отырған мемлекеттердің бірі. Елімізде тұрып жатқан ұлттардың ана тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтауға, ары қарай өркендетуге толықтай мүмкіндік берілген. Барлық этностар Ата Заң негізінде білім алып, еңбек етіп, әр түрлі салаларда табыстарға қол жеткізу үшін жағдай жасалғаны тағы бар. Қазақстанның азаматтығын алғандарға заң алдында тең құқық қарастырылды. Қазіргі күні көк байрағымыздың астында 130-дан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің тыныштықта өмір сүруі – жалпы халыққа ортақ, тең дәрежелі көзқарастың дұрыстығы.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ұлтымен қоса, өзге ұлт өкілдеріне билік тарапынан көңіл бөліне бастады. Енді ассамблеяның құрылу тарихынан аз-кем. 1995 жылы 16 ақпанда Елбасы Н.А. Назарбаев еліміздегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесуінде, ұлтаралық келісімді нығайту үшін өзге мемлекеттерде жоқ қоғамдық институт Ассамблея құруды ұсынған болатын. Алдымен, барлық облыстарда кіші Ассамблеялар құрылып, олардың атынан сессияға 260 делегат сайланған. Алғашқы сессия 1995 жылы 24 наурызда Алматы қаласында өткен болатын. Оның құрамына 40 ұлттық-мәдени орталықтың өкілдері кірді. Сессияда Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаев баяндама жасап, Ассамблеяның ұйымдастырушылық құрылымдарды белгілеген болатын. Бүгінде осы Ассамблея Қазақстан Республикасы халықтарының мызғымас тыныштығын сақтау үшін бірден-бір септігін тигізіп отырған қоғамдық институт болып саналады. Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Қазақстан халқының фестивальдерін, тілдер фестивальдерін, басқа этностардың мемлекеттік тіл мен ана тілін білу дәрежесін анықтайтын байқауларын, халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізуге ұйытқы болып келеді. Диаспоралар мен бірлестіктерінің жексенбілік мектептері бар. Ассамблея Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылымдарымен іскерлік байланыста. Осы Ұйымның қолдауымен Ассамблея этносаралық қатынастар мәселелерін зерттейтін талдау орталығын құрды. Ал 2007 жылы Парламент мінберінен басқа да этнос өкілдеріне орын беріліп, Мәжіліске Қазақстан Халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды. “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” жаңа Заң қабылданды. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған қазіргі мәжіліс депутаты Зухра Саяпова: «Тәуелсіздік алғаннан соң ұлтымызды көрсетуге көп мүмкіндік алдық. Ассамблея атты еліміздің бірегей институты бар. Достық фестивальдерін ұйымдастырамыз. Осыған дейін өзге ұлт жастарының өз ұлты жайлы білімі аз болатын, енді осындай фестиваль өткізудің, орталықтардың арқасында өз дәстүрлерін біле бастады. Өзге ұлттар осы елге, елбасына алғыс айтуы тиіс» - деген ойын білдіреді.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы атты бірегей институт жайлы: «Қазақстанның Ассамблея құрудағы тәжірибесін көптеген мемлекеттер қолданып отыр. Мәселен, 2003 жылы Ассамблеяның делегациясымен Мәскеуге барған кезімде сол тұстағы Ресей халықтары ассамблеясы атқарушы комитетінің төрағасы ұлты тува Ч.Ондармен сөйлесе кеткенімде ол: “Біз өз ассамблеямызды Қазақстанның тәжірибесіне сүйеніп құрдық”, деді. Сол шақта төбем көкке жеткендей болып, қуанғаным бар. Ресей Федерациясы халықтары ассамблеясының төрағасы Рамазан Қажымұратұлы Әбдуләтіпов мырза да: “Біз Ресей халықтары ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясының құжаттары мен мол тәжірибесі негізінде құрған болатынбыз. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы бізден үш жыл бұрын құрылған еді. Біз одан көп нәрсе үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз. Мен сіздерге қызығамын. Өйткені, сіздердің Ассамблеяларыңызды Президенттің өзі басқарады. Сондықтан сіздерде барлық жағынан мүмкіндік жоғары”, дегенді айтып еді. Шынында да, сөзінің жаны бар» - деп өз ойын мақаласы арқау еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, республикалық қоғамдық-саяси “Ұйғур авази” газетінің бас редакторы Юлдаш Азаматов.
Содан бері дәстүрлі түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткізіліп келеді. Биылғы жылғы Ассамблеяның ХХ сессиясында да өткір мәселелер мен ортақ шешімдер қарастырылған болатын. Елбасы Н. Назарбаев сессияда сөйлеген сөзінде «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудағы басым бағыттардың әрқайсысына тоқталды. Әсіресе, тіл, дін мәселесін шегелеп айтты. Сонымен қатар, сессияда қаралған мәселелердің бірі Қазақстан Халқы Ассамблеясының аймақтық өкілдерін дамыту тұжырымдамасы, қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамаларды көтеретін жер-жердегі достық үйлерін кеңейту шаралары. Халықаралық келісім және бейбітшілік академиясын ашу мәселесі қаралды және академияны ашудағы мақсат - этносаралық модельді паш ету және тәжірибелермен бөлісу.
Кезекті Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында көтерілген мәселелер жайында шараға келген қонақтардың пікірлерінен мысал келтірсек. «Біздің ассамблеямыз – уникалды институт. Әр елде бұндай халықтардың бәрін біріктірген институт бола бермейді. Бұл жолғы Ассамблея сессиясында тіл, тілді қолдау мәселесі айтылды. Бірігіп қазақ тілін оқуымыз керек. Қазақ тілін оқытуымыз керек. Балаларға да, басқа ұлттарға да» - деп сабақтайды өз ойын Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Асхат Күзеков. Сессия қонақтарының бірі бірнеше тілді меңгерген Дмитрий Петров: «Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясындағы жоспарларын тыңдадым. Әңгіме 2050 жылғы бағдарламада. Қазақстан Президентінің жергілікті ұлттар мен этностар барлығын бір халық ретінде тануы - аталмыш стратегияда саяси экономикалық әлеуметтік жетістіктерге жетуге кепіл болатын бірегей жол» - деген ой айтты.
«Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес» - деді ХХ сессияда елбасы Н. Назарбаев.
Мемлекет дамуының басты негізі - халық арасындағы бірлік пен келісім толеранттылық өзара сенім. Ассамблеяны құрудың арқасында біздің ел дүниежүзінде ешкімге ұқсамайтын, саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды.
Айзат Меңдешева
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстан және түркі әлемі