Қазыбек би Келдібекұлы

Келдібекұлы Қазыбек (1667-1764) — ұлы би. Билік айтып, заң шығарумен айналысқан. Дипломатиялық істерге араласқан. Қазақ халқының рухани көсемдері деңгейіне көтерілген тарихи тұлға. Елдің тұтастығын, бірлігі мен ынтымағын сақтау, әділдік пен теңдік принциптерін — қоғам өмірінің ең басты әлеуметтік-саяси, моральдік- психологиялықұстыны ретінде дәріптеген.

 

Ашу- дұшпан, ақыл-дос.

Ақыл-ой туралы

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Балаң жаман болса - көрінгеннің мазағы,

Атың жаман болса - шыбын жанның азабы.

Жақсы мен жаман туралы

Тілекті - білек жеңбес,

Жүрекке - әмір жүрмес.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Атадан жақсы ұл туса - елінің зоры болады,

Атадан жаман ұл туса - адам біткеннің қоры болады.

Жақсы мен жаман туралы

Ауруын жасырған - ажалсыз өледі,

Қиянаттан қорыққан - амалсыз көнеді.

Амалсыздық туралы

Бір бала бар - атасына жете туады,

Бір бала бар - атасынан өте туады,

Бір бала бар - көтінен кері кете туады.

Адам өмірі туралы

Ағасы бардың - жағасы бар, інісі бардың - тынысы бар.

Туыстық туралы

Арға -мінажат.

Барға - қанағат, жоққа - салауат.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Ханын қарадай өлтірген - қарашасын қынадай қырар.

Бек, хан туралы

Үй сыртында төбең болса - ерттеулі тұрған атпен тең,

Көп жасаған қартың болса - жазып кеткен хатпен тең.

Жақсы мен жаман туралы

Байлық - мұрат емес, жоқтық - ұят емес.

Байлық-кедейлік туралы

Аға төреші бола алмайды - алдында қаймығары жоқ,

Іні төреші бола алмайды - артында қайырылары жоқ.

Туыстық туралы

Жарлының жалғыз тоны - жанат емей немене,

Аузыңдағы отыз тіс - болат емей немене,

Астыңдағы жарау ат - қанат емей немене?!

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Ұят қымбат, ар қымбат,

Жаның сүйген жар қымбат.

Ар-намыс, ұят туралы

Жазылмаған дерт қиын,

Орындалмаған серт қиын.

Жұрт айтқанды тындамай,

Өзің түскен өрт қиын.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Тату болса - ағайын жақын,

Адал болса - дос жақын.

Ынтымақ-бірлік, татулық туралы

Ерден ердің несі артық - ептестірген сөзі артық,

Жерден жердің несі артық - бір-екі уыс шөбі артық,

Малдан малдың несі артық - бір-екі асым еті артық,

Серттен тайған жігіттен - аштан өлген аюдың өті артық.

Пайдасыздық, керексіздік туралы

Өркенің өссін десең, кекшіл болма - кесапаты тиер,

Өзгеге қиянат жасар өршіл болма - қанатың күйер.

Басына іс түскен пендеге күлме - қайғысы көшер,

Жанашыры жоққа жәрдемші бол - абыройың өсер.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Бүгін сағы сынды деп жақсыларды басынба,

Қиын-қыстау күн туса - сол табылар қасыңнан.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман.

Ынтымақ-бірлік, татулық туралы

Біз - қазақ деген қырда қой баққан елміз,

Жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан елміз.

Отан, туған жер туралы

Дәм-тұзды ақтай білген,

Достықты сақтай білген,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз!

Отан, туған жер туралы

Төрімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Туырлыққа - ту іліп,

Қыннан қылыш суырып,

Көк найзаның ұшына күдері үкі таққан елміз!

Ынтымақ-бірлік, татулық туралы

Дұшпанға еш бас ұрмаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз!

Асқақтаған хан болса,

Сөз ұқпайтын паң болса,

Қанға - қан, жанға - жан алатынымызды жасырмаған елміз!

Отан, туған жер туралы

Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы