Шернияз Жарылғасұлы, Шәңгерей Бөкеев
Шернияз Жарылғасұлы
Жарылғасұлы Шернияз (1817-1881) - ақын, И. Тайманов бастаған көтеріліске қатысушы. Артында қалған әдеби мұрасы өткірлігімен, уыттылығымен назар аударады. Шешен айтылған ойлы сөздері ел жадында ерекше сақталып келеді.
Сұлу қызға - той керек, асылдарға - ой керек.
Ақыл-ой туралы
Ханның көркі - ел.
Жұрт теңгеріп тұруға әділ төре-хан керек.
Бек, хан туралы
Көмексіз болса ер жігіт - жалғыз теңдік таба алмас.
Пайдасыздық, керексіздік туралы
Жалғыздың ісі оңалмас, көптің ісі жоғалмас.
Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы
Асыл сойдың баласы - тартысқан жерде сөз табар, азып туған жаманды - түйе үстінде ит қабар.
Жақсы мен жаман туралы
Ай - ортақ, қайырлы болса - бай ортақ.
Байлық-кедейлік туралы
Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса - түртіп оны көре алмас, басқа қиын іс түссе - ел қыдырып таба алмас.
Күншілдік, қызғаныш туралы
Жақсы болса іні - ортақ.
Туыстық туралы
Шәңгерей Бөкеев
Бөкеев Шәңгерей (1847-1921) - ойшыл, ақын. Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданындағы Жасқұс құмында дүниеге келген.Әкесі Сейіткерей дәулетті адам болған. Бес жасында ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Бірақ қиыншылық көрмей өседі.Ағайындарының көмегімен Орынбордағы кадет корпусында екі жыл оқыған. Классикалық орыс әдебиеті мен философиясынан жақсы хабардар болған. Біраз уақыт Самара губерниясында мировой судья (бітімгер сот) қызметін атқарған. Ш. шығармалары қазақ әдебиетінде ерекше орын алады.
Ілгері басар әр қадам - аллаға аян.
Дін, иман туралы
Жалған да жарық дүние!
Бізден де бір күн қаларсың!
Адам өмірі туралы
Қыз сипаты: мойыл көз, тоқ жүз.
Әйел, ана туралы
Өлгенді қадір етсек - қанға рауа.
Қадір-қасиет туралы
Шайтанға шаршап тұрған ат бергенің -
«Тамұққа жақынымды жақ» дегенің.
Жыланды жолда жатқан кетсең соқпай,
«Тап болған бір ғаріпті шақ» дегенің.
Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы
Теңеу: қоңыздай күңіренген қайран тіл.
Тіл туралы
Ақыл, ажар ажалға не қылады?
Ақыл-ой туралы
Адамның аманатын алла алады.
Аманат туралы
Аңсыраған алғыр тұйғын абайсыз аңқып ауға шырмалады.
Алаңғасарлық туралы
Жігіттің болса алған жақсы жары:
Сен болсаң бір аллаға еткен зары.
Баладай риясыз еркелеген,
Сен болсаң тағы да сол ынтызары.
Әйел, ана туралы
Құлқына құмарланып құшқанында,
Шайқалып тұрса алтын сырғалары.
Кәмшаты барқыт төбе қырын киген,
Қадалса империал һәм динары.
Ақылы жамалына болса лайық,
Жігіттің сол емес пе жан құмары.
Әйел, ана туралы
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жылмия.
Қараңды үзіп барасың,
Бізден де, қайран дүния.
Дүние туралы
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы