Жаңалықтар

Қазақстан Фашистік Германияға қарсы соғыс жылдары

Соңғы редакциялау: 22 қазан 2012 ҚАЗАҚСТАН ФАШИСТІК ГЕРМАНИЯҒА ҚАРСЫ СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА (1941 – 45). Бұл соғысқа Қазақстан тоталитарлық Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Коммунистік жүйе мен фашистік тәртіптің текетіресі қазақстандықтарға зор қасірет алып келді. Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе Қазақстанды соғыс мақсатына шұғыл бейімдеді. Өйткені Қазақстанның адам және табиғи мүмкіндіктері мол еді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктер және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші  шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 ж. қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста  ген. И.В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-ұландық атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.В. Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 ж. 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Бат. Қазақстандағы т. ж. ст-лары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында, т.б. майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығ. Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда – 220, Смоленск жерінде – 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда – 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Сайн, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.С. Егоровқа, Н.В. Зебницкийге және Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Бұл соғыста көрсеткен ерліктері үшін 96638 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды. 497 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олардың 98-ы қазақ. Бұлардың қатарында қазақ қыздары – пулеметші М.Ж. Мәметова, мерген Ә.Н. Молдағұлова болды. Қазақстандық ұшқыштар Т.Ж. Бигелдинов, К.И. Беда, И.Ф. Павлов, С.Д. Луганский Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алды. Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 ж. 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс з-ттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал – Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39%-ға арттырды. Электр қуатын өндіру еке есе дерлік өсті. 1941 – 45 ж. барлығы 460 жаңа өндіріс орыны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның а.ш. майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 ж. мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн ғ-ға жуық арттырылды. Республика 1941 – 45 ж. 5829 мың т. астық, 734 мың т. ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4700 млн. сом болды. Жаудан азат етілген аудандардың шаруашылығын қалпына келтіруге де Қазақстан белсене атсалысты. Осы мақсатпен республикадан мамандар, а. ш. техникалары, құрал-жабдықтар, 500 мыңдай мал жіберілді. Бұған қоса соғыс жүріп жатқан аудандардан әкелінген жарты млн-нан астам малды республика еңбекшілері екі жылдай бағып, аман сақтап, қайта жөнелтті. Қазақстанның өнер қайраткерлері де соғыс жылдары арнаулы концерттік бригадалар құрып, майдандағы жауынгерлерге бірнеше рет өнер көрсетті. Соғыс жылдары Қазақстан ғылымы қарқынды дамыды. 1941 – 45 ж. республикада 12 ғыл.-зерттеу ин-ты және олардың бөлімшелері ашылды, ғыл. қызметкерлердің саны 804 адамға дейін өсті. Қазақстан ғылымын өркендетуге КСРО ҒА-ның акад. В.Л. Комаров басқарған КСРО ҒА комиссиясының қосқан үлесі айтарлықтай болды. Оның жұмысына КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі президиумының төрағасы, көрнекті ғалым Қ.И. Сәтбаев басқарған ғалымдар белсене қатысты. Бұл жылдары әдебиет пен өнер де өркендеді. Алайда, Қазақстан үшін бұл соғыстың зардабы ауыр болды. Шын мәнінде ол екі қуатты саяси жүйенің – тоталитарлық Кеңестер Одағы мен фашистік Германияның қарсы тұруынан шыққан еді. Тоталитарлық тәртіп соғыс жылдары қатая түсті. Ұлт саясаты озбырлықпен жүргізілді. КСРО аумағындағы кейбір халықтарға сенімсіздік көрсетіліп, олар Қазақстанға  күштеп көшірілді (Қ. Депортация). Ал қазақ сияқты шағын ұлттар бұл соғысқа зорлықпен күштеу арқылы тартылып, қайғы-қасірет шекті. Т. Омарбеков, Б. Ташкенбаева Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том
09.11.2012 04:26 5422

Соңғы редакциялау:

22 қазан 2012

ҚАЗАҚСТАН ФАШИСТІК ГЕРМАНИЯҒА ҚАРСЫ СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА (1941 – 45). Бұл соғысқа Қазақстан тоталитарлық Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Коммунистік жүйе мен фашистік тәртіптің текетіресі қазақстандықтарға зор қасірет алып келді. Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе Қазақстанды соғыс мақсатына шұғыл бейімдеді. Өйткені Қазақстанның адам және табиғи мүмкіндіктері мол еді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктер және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші  шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 ж. қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста  ген. И.В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-ұландық атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.В. Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 ж. 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Бат. Қазақстандағы т. ж. ст-лары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында, т.б. майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығ. Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда – 220, Смоленск жерінде – 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда – 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Сайн, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.С. Егоровқа, Н.В. Зебницкийге және Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Бұл соғыста көрсеткен ерліктері үшін 96638 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды. 497 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олардың 98-ы қазақ. Бұлардың қатарында қазақ қыздары – пулеметші М.Ж. Мәметова, мерген Ә.Н. Молдағұлова болды. Қазақстандық ұшқыштар Т.Ж. Бигелдинов, К.И. Беда, И.Ф. Павлов, С.Д. Луганский Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алды.

Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 ж. 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс з-ттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал – Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39%-ға арттырды. Электр қуатын өндіру еке есе дерлік өсті. 1941 – 45 ж. барлығы 460 жаңа өндіріс орыны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның а.ш. майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 ж. мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн ғ-ға жуық арттырылды. Республика 1941 – 45 ж. 5829 мың т. астық, 734 мың т. ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4700 млн. сом болды. Жаудан азат етілген аудандардың шаруашылығын қалпына келтіруге де Қазақстан белсене атсалысты. Осы мақсатпен республикадан мамандар, а. ш. техникалары, құрал-жабдықтар, 500 мыңдай мал жіберілді. Бұған қоса соғыс жүріп жатқан аудандардан әкелінген жарты млн-нан астам малды республика еңбекшілері екі жылдай бағып, аман сақтап, қайта жөнелтті. Қазақстанның өнер қайраткерлері де соғыс жылдары арнаулы концерттік бригадалар құрып, майдандағы жауынгерлерге бірнеше рет өнер көрсетті. Соғыс жылдары Қазақстан ғылымы қарқынды дамыды. 1941 – 45 ж. республикада 12 ғыл.-зерттеу ин-ты және олардың бөлімшелері ашылды, ғыл. қызметкерлердің саны 804 адамға дейін өсті. Қазақстан ғылымын өркендетуге КСРО ҒА-ның акад. В.Л. Комаров басқарған КСРО ҒА комиссиясының қосқан үлесі айтарлықтай болды. Оның жұмысына КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі президиумының төрағасы, көрнекті ғалым Қ.И. Сәтбаев басқарған ғалымдар белсене қатысты. Бұл жылдары әдебиет пен өнер де өркендеді.

Алайда, Қазақстан үшін бұл соғыстың зардабы ауыр болды. Шын мәнінде ол екі қуатты саяси жүйенің – тоталитарлық Кеңестер Одағы мен фашистік Германияның қарсы тұруынан шыққан еді. Тоталитарлық тәртіп соғыс жылдары қатая түсті. Ұлт саясаты озбырлықпен жүргізілді.

КСРО аумағындағы кейбір халықтарға сенімсіздік көрсетіліп, олар Қазақстанға  күштеп көшірілді (Қ. Депортация). Ал қазақ сияқты шағын ұлттар бұл соғысқа зорлықпен күштеу арқылы тартылып, қайғы-қасірет шекті.

Т. Омарбеков, Б. Ташкенбаева

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға