Латвия президенті Қарағандыда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішті ашады
Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Сапар барысында жексенбі, 2 маусым күні саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Латвия азаматтарына арналған ескерткішті ашу жоспарланған. Ашылу салтанаты Латвия мемлекеті басшысының қатысуымен Қарағанды облысының Спасск елді мекенінде өтеді», - деді ресми өкіл.
Оның атап өтуінше, сапардың ресми бөлігі 3 маусымда басталады. Сапар кезінде А.Берзиньштың Қазақстан Президентімен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуі жоспарланған.
«Латвия Президентімен бірге осы елдің іскерлік орта өкілдері бар үлкен делегация келеді. Екі ел бизнесмендерінің қатысуымен 3 және 4 маусым күндері Алматы мен Астанада бизнес-форумдар өткізіледі. Біз Латвия Президентінің ресми сапары Қазақстан мен Латвияның саяси әрі экономикалық ынтымақтастын одан әрі тереңдетуге қосымша серпін береді деп сенеміз», - деді А.Әбибуллаев.
ҚазАқпарат.