«Қазақ елі» монументі
Еліміз еңсесін тіктеп, егемендік алғалы бері тәуелсіздікке тәбәрік етер мұндай монументтер саусақпен санарлық қана. Бірақ, дәл осындай күрделі композициялық мәнге ие сәулетті-мүсін кешені бұрын-соңды тұрғызылған емес. Жалпы аумағы 5,2 гектар жерді алып жатқан бұл ескерткіштің ел тарихынан алар орны ерекше. «Қазақ елі» -халқымыздың көне тарихын, мәдениеті мен жетістіктерін әспеттейтін ауқымды кешен.
Монументтің ұзындығы 91 метр. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған жылын білдіреді. Оның ұшар басына Самұрық құсы қонып тұр. Бұл тәуелсіз Қазақстанның дамуға, гүлденуге ұмтылған ынта-жігерін бейнелейді. Сондықтан алып сәулетті-мүсін кешенінің «Қазақ Елі» атануы да тегін емес. Бұл – тәуелсіздіктің символы.
Бойына қазақ елінің өткені мен бүгінін топтастыруға тырысқан композициялық мазмұны мол кешен әйгілі ақ мәрмәрдан қаланған. Монумент - Тәуелсіздік монументі ғана емес, халықтың рухының халықтың мәңгілігінің, мемлекеттік тұтастығының, іргесінің беріктігін аңғартатын белгі. Атап айтқанда, монумент орналасқан тұғырдың төрт жағына қазақ халқының болмыс бітімін, өткен тарихын бейнелейтін барельеф бедерлер салынды. Төрт қабырғаның өз айтары бар. Қазақ елінің басынан өткерген тағдыр соқпағы да сонда жатыр. Оның бірінші барельефі – «Елбасы және халық» деп аталады. Онда Ата Заңға қолын қойып, ант беріп тұрған мемлекетіміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бейнеленген. Бұл – елімізде заңның заңғар, ал азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қашанда асыл қазына екендігінің белгісі. Елбасын қоршай орналасқан халық ол – кең-байтақ өлкеміздің тату-тәтті тіршілік құшағындағы тұрғындары. Ал көкте қалықтаған қарлығаштар елдегі еркіндік пен бейбітшіліктің көрінісі.
Монументтің оңтүстік беткейіндегі барельеф «Қаһармандық» деп аталады. Бұл – қазақ халқының ежелден қанында бар өр-рухтың жарқын көрінісі. Яғни, байырғы көшпелі халықтың бойына біткен болмысы мұнда бейнеленген батырлар мен ақын-жыраулардың мүсіндері арқылы тамаша үйлесімін тапқан. Монументтің батыс бөлігі «Жасампаздық» тақырыбымен сыр шертіп тұр. Көшпелі заманнан ғарышты игеру дәуіріне дейінгі қазақ халқының еңбек жолындағы даму жолының белгісі осында өрнектеледі. Бұл жерден елдің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлесін қосқан металлургті де, мұнайшыны да, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкерді де кезіктіресіз. Демек, еңбексүйгіш елдің ерен қажыр-қайраты сонысымен құнды. Ескерткіштің соңғы шығыс беткейі «Болашақ» деп аталады. Ел ертеңі болар айбынды жас буынның бейнесін әспеттеген бұл барельеф Қазақстан жастарына арналған. Ғылым мен білім, спорт, мәдениет пен өнерде өрге ұмтылған ел ертеңінің өкілдерін осы арадан табасыз. Ал олардың қақ ортасында жұп құраған жас отбасы бөліп тұр. Бұл қоғамымыздың мемлекеттің ішіндегі шағын мемлекет – отбасына қомақты көңіл бөліп, адам ресурсына айрықша мән беруінің кепілі.
Осынау айтулы оқиғаға жиналған жұртшылық өз ойын білдіріп, шын жүректен қуанысып жатты. СУРЕТ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан: « Тәуелсіздік тәңірдің сыйы дедік. Аңырғанымыз да рас еді басында. Абыржымадық, ақтарыла қуандық, апырақтамадық. Ақтамбердіше айтқанда, осыншама ен дәулетті көтеріп тұра аламыз ба дегенде, сананы сілку керек болды бізге. Әуп, біссіміллә, қу далада қырық жыл жұртын бастаған Мұса пайғамбардың жолымен 40 жылға меже белгіледік, 2030 дедік, бұл бұлыңғырды серпу үшін керек еді. Бұғаулықты санадан аластатудың бір тәсілі еді. Одан соң жарқын болашақ үшін жаңа Астана іздедік. Ал енді міне, бүкіл әлем таныған ару Астананың төрінен «Қазақ еліндей» монумент тұрғыздық.
Осылайша дүйім жұрттың алдында шымылдық түріп, бас шаһарымыздың шырайын келтірген алып кешен өзінің төрт құбыласына әлеуметтік, экономикалық, саяси және рухани құндылықтарды теңдей тоғыстыруымен тәуелсіз елдің зор мүмкіндіктерін әлі талай паш ете бермек. Ескерткіштің «Бейбітшілік пен келісім сарайы», Өнер институты мен «Тәуелсіздік» сарайы қоршай орын тепкен алаңның қақ ортасынан табылуы да оның пәлсапалық сырын ашып тұр. Алда еліміздің мерейін асқақтатар талай-талай келелі істерге «Қазақ Елі» қуат беріп, көркін аша түспек. Мерекелік шараның соңы ән мен күйге ұласты. Қоюшы-режиссер Талғат Андаспаевтың айтуынша, монументтің ашылу салтанатына 4010 астам эстрада жұлдыздары мен әншілер атсалысып, ән-жырдан шашу шашылды.
Дереккөзі: «Астана» кітап-альбомы (классикалық энциклопедия, 2012 ж)