Жаңалықтар

КарЛаг және АЛЖИР

КарЛаг, яғни Қарағандының еңбекпен түзу лагері КСРО халық комиссарлары кеңесінің 1930 жылғы мамырдағы қаулысы бойынша құрылған. Патшалық Ресейді «халықтар түрмесі» деген большевиктер билікті тартып алған соң КСРО алып империясын миллиондардың тозағына айналдырды. Д. Шаймұханов пен С. Шаймұханованың «КарЛаг» атты еңбегінде 1930 жылдан 1953 жылға дейін котрреволюциялық қызметі үшін айыпталғандардың қатары 3 млн 778 мың 254 адам деп көрсетіледі. Солардың бәрі қара жұмысқа жегілді, азаптан көз жұмды, 788 мыңы атылды. Карлаг-та Отанын сатқандардың әйелдері 12 мыңнан асып түсті. Қазір Астанадан отыз шақырымдай жерде Ильинка деген ауылда орналасқан АЛЖИР (Акмолинский лагерь изменников Родины – Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) осы КарЛаг-тың бөлімшесі еді. Ол 1938 жылы 6 қаңтарда «Р-17» еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылды. «Алжир» Сталиннің соқыр саясатымен халық жауы деп жала жабылып, жер айдалып, жер жасталған ұлтын сүйген біртуар боздақтардың жесірлері қамалған түрме. Мұнда әр жыл сайын 20 мыңнан астам отырған. Тарихқа үңілсек, «алжир» лагерінде 1938 жылдың 6 қаңтарында 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларымен әйелдер әкелінген екен. Бала 3 жасқа толған күні анасынан адыратып алып, балалар үйіне өткізіп жіберіп отырған. «Алжирге» Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Беларуссиядан, Грузиядан, Армениядан, Орталық Азиядан да тұтқындар әкелінген. Олардың арасында әйгілі әнші Лидия Русланова, белгілі жазушы Галина Серебрякова, сондай-ақ, Бухарин, Тухачевский, Гамарник, Блюхер, Енукидзе секілді Ленин мен Сталиннің оң қолы болған партия және әскери қайраткерлердің әйелдері жеткізілген еді. 1937-1938 жылдары ғана 60 мыңнан астам қазақ зиялылары ұсталып, талайы атылды. Олардың әйел-балалары да АЛЖИР-ге айдады. Солардың ішінде Сәкен Сейфулиннің, Бейімбет Майлиннің, Тұрар Рысқұловтың, Жұмат Шаниннің әйелдері бар еді. Кейін бұлардың қатарына Т. Жүргеновтың, С. Меңдешовтың, Ж. Тәтімовтың, Ж. Сәдуақасовтың, С. Есқараевтың, А. Аспандияровтың, Н.Нұрмақовтың, С. Сармолдаевтың әйелдері қосылды. «Алжир» түрмесінде небір сауатты, білімді аналар ауыр жұмыстарға жегіліп, азапты өмір кешкен. Әйелдердің басым көпшілігі азап түрмесінде ажал құшқан. Қазақ зиялыларының әйелдері осы жазықсыз жазаланған сорлы аналармен бірге ауыр еңбекпен тұралап жүріп, не үшін соталғандарын түсінбей қажитын. Күләндам Қожанова, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Мағрипа Қазыбекова, Айша Қабылова,  Хадиша Мусина, Күнжамал Майлина, Әзиза Рысқұлова, Сұлухан Бағзыбаева, Шәкітай Тәтімова, Мәриям Есенгелдина, Зағфи Тінәлина, Сақыпжамал Назарова, Уәзипа Күленова, Сағадат Таштитова, Дәмеш Жүргенова, Майнұр Сармолдаева, Гүлбаһрам Сейфуллина елі мен жеріне адал қызме еткен күйеулері әне-міне ақталады, бәрі артта қалады деген үмітпен сарғайды. Өздерінің де, ерлерінің де жазықсызекенін Сталинге жеткізудің жолын іздеумен болды. Бір топ әйел ши тоқығанда көсем Сталиннің суретін өріп шығарып, Мәскеуге хатпен бірге жібереді. Олар мына қапасқа Сталиннің емес, төңірегіндегілердің кесірінен қамалғандықтарына, көсем білсе, бәрін құтқаратындығына қылаусыз сенетін. Алайда жолданған хатқа жауап келген жоқ... 2007 жылы қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырысы бойынша Астананың жанындағы Ильинка ауылында тұрғызылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы» мемориалдық кешен өткен ғасыр шежіресінен мол мағлұматтар береді. Мұражайға алыс-жақын шетелдерден арнайы келушідердің қатары жыл сайын толыға түсуде.     Дереккөзі: «Астана» кітап-альбомы (классикалық энциклопедия, 2012 ж)
27.05.2013 04:52 24268

КарЛаг, яғни Қарағандының еңбекпен түзу лагері КСРО халық комиссарлары кеңесінің 1930 жылғы мамырдағы қаулысы бойынша құрылған.

Патшалық Ресейді «халықтар түрмесі» деген большевиктер билікті тартып алған соң КСРО алып империясын миллиондардың тозағына айналдырды. Д. Шаймұханов пен С. Шаймұханованың «КарЛаг» атты еңбегінде 1930 жылдан 1953 жылға дейін котрреволюциялық қызметі үшін айыпталғандардың қатары 3 млн 778 мың 254 адам деп көрсетіледі. Солардың бәрі қара жұмысқа жегілді, азаптан көз жұмды, 788 мыңы атылды. Карлаг-та Отанын сатқандардың әйелдері 12 мыңнан асып түсті.

Қазір Астанадан отыз шақырымдай жерде Ильинка деген ауылда орналасқан АЛЖИР (Акмолинский лагерь изменников Родины – Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) осы КарЛаг-тың бөлімшесі еді. Ол 1938 жылы 6 қаңтарда «Р-17» еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылды.

«Алжир» Сталиннің соқыр саясатымен халық жауы деп жала жабылып, жер айдалып, жер жасталған ұлтын сүйген біртуар боздақтардың жесірлері қамалған түрме. Мұнда әр жыл сайын 20 мыңнан астам отырған. Тарихқа үңілсек, «алжир» лагерінде 1938 жылдың 6 қаңтарында 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларымен әйелдер әкелінген екен. Бала 3 жасқа толған күні анасынан адыратып алып, балалар үйіне өткізіп жіберіп отырған. «Алжирге» Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Беларуссиядан, Грузиядан, Армениядан, Орталық Азиядан да тұтқындар әкелінген. Олардың арасында әйгілі әнші Лидия Русланова, белгілі жазушы Галина Серебрякова, сондай-ақ, Бухарин, Тухачевский, Гамарник, Блюхер, Енукидзе секілді Ленин мен Сталиннің оң қолы болған партия және әскери қайраткерлердің әйелдері жеткізілген еді.

1937-1938 жылдары ғана 60 мыңнан астам қазақ зиялылары ұсталып, талайы атылды. Олардың әйел-балалары да АЛЖИР-ге айдады. Солардың ішінде Сәкен Сейфулиннің, Бейімбет Майлиннің, Тұрар Рысқұловтың, Жұмат Шаниннің әйелдері бар еді. Кейін бұлардың қатарына Т. Жүргеновтың, С. Меңдешовтың, Ж. Тәтімовтың, Ж. Сәдуақасовтың, С. Есқараевтың, А. Аспандияровтың, Н.Нұрмақовтың, С. Сармолдаевтың әйелдері қосылды.

«Алжир» түрмесінде небір сауатты, білімді аналар ауыр жұмыстарға жегіліп, азапты өмір кешкен. Әйелдердің басым көпшілігі азап түрмесінде ажал құшқан.

Қазақ зиялыларының әйелдері осы жазықсыз жазаланған сорлы аналармен бірге ауыр еңбекпен тұралап жүріп, не үшін соталғандарын түсінбей қажитын. Күләндам Қожанова, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Мағрипа Қазыбекова, Айша Қабылова,  Хадиша Мусина, Күнжамал Майлина, Әзиза Рысқұлова, Сұлухан Бағзыбаева, Шәкітай Тәтімова, Мәриям Есенгелдина, Зағфи Тінәлина, Сақыпжамал Назарова, Уәзипа Күленова, Сағадат Таштитова, Дәмеш Жүргенова, Майнұр Сармолдаева, Гүлбаһрам Сейфуллина елі мен жеріне адал қызме еткен күйеулері әне-міне ақталады, бәрі артта қалады деген үмітпен сарғайды. Өздерінің де, ерлерінің де жазықсызекенін Сталинге жеткізудің жолын іздеумен болды. Бір топ әйел ши тоқығанда көсем Сталиннің суретін өріп шығарып, Мәскеуге хатпен бірге жібереді. Олар мына қапасқа Сталиннің емес, төңірегіндегілердің кесірінен қамалғандықтарына, көсем білсе, бәрін құтқаратындығына қылаусыз сенетін. Алайда жолданған хатқа жауап келген жоқ...

2007 жылы қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырысы бойынша Астананың жанындағы Ильинка ауылында тұрғызылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы» мемориалдық кешен өткен ғасыр шежіресінен мол мағлұматтар береді. Мұражайға алыс-жақын шетелдерден арнайы келушідердің қатары жыл сайын толыға түсуде.    

Дереккөзі: «Астана» кітап-альбомы (классикалық энциклопедия, 2012 ж)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға