Көнеден бүгінге
Археологтардың дәлелдеуінше Астана өңірін ежелгі адамдар есте жоқ ескі заманда, ғылыми тілмен айтсақ, ашель-мустьер дәуірінде мекендей бастаған. Есіл өзенінің бойнда әр жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде сол дәуірге жататын тас құралдары табылды. Сол құралдарға қарағанда арғы аталарымыз аңшылықпен айналысып, балық аулаған. Келе-келе жабайы хайуанаттарды қолға үйретіп, мал өсіре бастаған. Тіршілікті осылай ұйымдастырған тұс неолит заманына сәйкес келеді.
Бұдан кейінгі даму кезеңі ғылыми тілде шартты түрде «Андронов кезеңі» аталады. Осы кезеңде Есіл-Нұра бойында кен балқыту қолға алынғандығына да дәлелі көп. Қазіргі Астана төңірегі, атап айтқанда, Дамса, Ащысай, Сілеті, Нұра өзендері бойын мекендеушілер түрлі металдарды кәдеге жаратқан, соғыс қаруларын, шаруашылық құралдарын, зергерлік бұйымдар жасаған, шағын қалашықтарды мекендеген. Ақайрақ және жалғыз көл маңынан табылған қамал-қорғандар солардың бірі ғана.
Қазіргі Астана өңірі VI-VII ғасырда Түрік қағанатының қол астында болған кезеңде табын-табын жылқыдан Сарыарқаның белі қайысқан. Енді адам тайпаға, ұлысқа, одан руға бөлінетін болды. Грек тарихшысы Геродотан сақтар жайлы білсек, парсы және араб саяхатшыларының жазбаларынан Есіл-Нұра өзендері маңын қарлұқтар мен қимақтар, ғұндар мен қыпшақтар мекендегеніне көз жеткіземіз.
Тайтөбе-Ақмола
Астана шежіресі біздің заманымызға дейінгі III мыңжылдықтан басталады. Шаһардың шаңырағын көтергендер нақ осы мыңжылдықта Ұлы далада ұлы империя құрған ғұндар болатын. Бұл дерек XVIII-XIX ғасырлардағы шет елдер саяхатшылары жазбаларында кездеседі. Оның бүгінгі дәлелі тарихи орын – Астанадан небәрі он бес шақырымдай жердегі Тайтөбе белінің үстінен табылған ескі қамал.
Ғұн көсемдері Сарыарқаның төсіне – төрт құбыланы тоғыстырған жер ортасына, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салыпты. Кеңдігінен бас айналатын, қараған көз сүрінбейтін ұлан даланы сол қамал қалт еткізбей қарауылдаған. Қазіргі Қазақстан аумағы тұрғысынан «Ақмола» солтүстік астана аталғанымен, сонау ғұндар заманында олар ат басын тіреп, неше заман өмір сүрген, қан, ұрпақ, мұра, сөз қалдырған өңір – Ақмола өңірі олар үшін «батыс» аймақ болған. Ғұндардың шығыстан батысқа аууы «Ұлы көш» деген атпен тарихта қалған. «Ақмола» атауындағы «ақ» сөзі батыс деген ұғымды білдірсе, «мола» сөзі Византия жылнамашысы Прокопийдің айтуынша ғұндарда «биік, қорған, қамал»деген ұғымдарды берген.
Тайтөбедегі қамал төңірегі бағзы заманнан малшылар мен егіншілердің, қолөнер шеберлерінің құтты мекені болған. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр-аңыздар» зерттеу еңбегінде: «Есіл, Нұраның арасындағы үлкен айдын – Тоғаныстың тоқсан екі көлі ноғайлы қазақтардың жойқын егін салған жерлері. Қызыл мола, Сұлу там, Хан сүйегі слардың жәдігерлері», - деп жазады.
Дереккөзі: «Астана» кітап-альбомы (классикалық энциклопедия)