Жаңалықтар

Қалмақ диаспорасы

Алматыдағы қалмақ диаспорасы небәрі 34 адамнан ғана тұрады. «Бумба» қалмақ мәдени орталығы 2002 жылы  құрылып, өз ішінде Ақсақалдар кеңесін сайлады.
01.03.2014 10:57 9731

Алматыдағы қалмақ диаспорасы небәрі 34 адамнан ғана тұрады. «Бумба» қалмақ мәдени орталығы 2002 жылы  құрылып, өз ішінде Ақсақалдар кеңесін сайлады.

 
Тарихи Отаны Ресей Федерациясы құрамындағы Қалмақ Республикасы. Ол қалмақ тілінде Халмғ Танғч деп аталады. Оның 45%-ы қалмақтар, 38%-ы орыстар, қалғаны өзге ұлттар. Олардың ішінде қазақтар да бар.
Қалмақ тілі моңғол тілдері тобына жатады.
Қалмақтар будда және православие діндерін тұтынады.
 
Қазіргі қалмақ мәдениеті будда, тибет-үнді, қытай, қазақ, орыс, кавказ халықтарымен тарихи байланыс нәтижесінде қалыптасқан.
 
Қалмақтарда тодо атты ескі қалмақ жазуы болған. Бұл жазу 1920–30 жылдары латын, одан соң орыс әліпбиіне ауыстырылды.
 
1943 жылғы қуғын-сүргін қалмақ халқына үлкен зардабын тигізді. Халық тұтас жер аударылып, олардың үштен бірінен астамы қырғынға ұшырады. Мәдениеті мен тілінен айырыла бастады. Дінін, буддалық икондар бейнелеу өнерін жоғалтты. 1957 жылдан соң ғана аман қалған қалмақтар өз жеріне орала бастады.
 
Қалмақия – Еуропа бөлігіндегі жалғыз ламаизм ошағы саналады. Қалмақия астанасы Элисте қаласында қалмақ тілі мен будда дінін қайта жаңғырту институты жұмыс істейді. Ұлттық мерекелер қайта жанданды. Ресейде Орталық Будда Рухани Басқармасы бар. Бірақ қалмақ буддистері одан гөрі Бурятиядағы  Далай-лама әкімшілігіне тікелей бағынады. Ондағы дін басы Далай-лама ХІҮ Қалмақияға келіп, тікелей басшылық жасап тұрады Қалмақия Президенті жанында құрылған Синодта будда және православия шіркеулерінің басшыларының екеуі де төрағалық етеді. Олардың арасында діни кикілжіңдер болған емес. 
 
Республикада қалмақ және орыс тілдері мемлекеттік тіл болып табылады. Мұнда қалмақтар мен өзге ұлттар арасында ұлтаралық некелер кең таралған. Ол, әсіресе, орыстардың жергілікті ұлтқа сіңісуін арттыра түсетін үрдіске айналып келеді.  Қалмақияның этносаяси ерекшелігінің бірі – онда ұлттық сепаратизм көріністері байқалмайды.
 
1942 ж. кавказдық қарачай-шешендерді Қазақстанға жер аударғанда біраз жанұя Қазақстанның Маңғыстау-Атырау өңіріне көшіріліп қоныстанған. 
 
Қазақстандағы қалмақ диаспорасы өте аз болғанымен, өз ұлттық болмысын сақтап қалу парызына зор мән береді. Сонымен бірге кезінде қуғынға ұшырап келгенде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген алғыс сезімдері де шексіз. Қалмақ диаспорасы Қазақстандағы өзге халықтармен бірге республиканың қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсене араласып келеді.
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға