Дарынды бала – болашақ кепілі
01.03.2014 11:35
13545
Еліміз егемендік алып, еңсе көтеріп келе жатқан тұста атқарылып жатқан жұмыстар күн өткен сайын арта түсуде. Қоғамның қайсыбір саласында болмасын тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған игі істер жасалып жатса, ол ертеңгі ұрпақ алдындағы борышымызды ақтау деп түсіну әрбір азаматтың міндеті деп білемін.
Республикамыздағы қазіргі экономикалық ахуал білім беру саласына, әсіресе ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлкен міндет жүктеуде. Әлемдік өркениетке талпыныс жасаған Қазақстанның бүгінгі жағдайында ұлттық болмысты сақтау мен ұлттық дүниетаным, ұрпақ тәрбиесінің проблемалары мен көкейкесті мәселелері кімді де болса толғандырары анық. Ұлттық болмысты сақтау, ең алдымен, қазақ тілін білу мен оқытудан басталатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әлемге танымал зайырлы мемлекеттің болмысы, ерекшеліктері, мемлекеттік тіл мен ұлттық кадрларымызға байланысты екені шындық. Елдігіміздің діңгегі де сол ана тілдің қадір-қасиетін бүгінгі, ертеңгі ұрпақ санасына сіңіруде жатқаны да айдан анық. Және ол мектептен, кәсіп иелерінен басталатындығы өзінен өзі түсінікті.
Елбасының «Дарынды балаларға арналған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау туралы» өкімін жүзеге асыру мақсатындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын орындау үшін Қызылорда облысы әкімінің 2004 жылғы 24 қарашадағы №196 шешіміне сәйкес №4 Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ашылды. Мектеп директоры болып Байділдаев Шынәлі тағайындалады. Мектеп-интернат 7-сынып бітіріп, 8-сыныпқа аяқ басқан оқушыларды қабылдады. Қабылдау екі бағытта жүргізілді, гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша тест, бақылау және жазбаша диктант жұмыстары алынды. 70 баллдан аса ұпай жинаған оқушылар мектеп-интернатқа қабылданды. Жаңа оқу жылында дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына елді-мекендердегі үздік оқитын оқушылар, шалғай мекендегі көп балалы тұрмысы төмен отбасылардан 60 бала қабылданып, білім алды, тәрбиеленді. Мен сол қабылданған оқушылардың бірі болдым. Алғашқы жылдары мектеп-интернаттың өз ғимараты болмады. Оқушылар арнаулы орта мектептің оқушыларымен бір ғимаратта оқыды, алғаш облыстық спорт мектебі жатақханасының 3-қабатын жалға алды, кейін 2007 жылы №1 балалар үйінің 5-қабатын жалға алып, оқушыларды сол жерге қоныстандырды. Жеке ғимараты болмаған соң алғашқы жылдары көп қиыншылық орын алды. Жатақхана орны, асхана құрылысы, оқушыларға берілетін тағамдардың құны нашар болды. Соған қарамастан ұстаздарымыз бізді тек білім алуға, оқу оқуға үйретті. Соның нәтижесінде мектеп-интернат көптеген жетістіктерге ие болды.
Мектеп-интернат алғашқы оқу жылынан бастап-ақ Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік Университетпен екі жақты келісім-шартқа отырып, пән мұғалімдер университет кітапханасына, зертханалық орталықтарына, ғылыми жетекшілерге білімдерін жетілдіріп, оқушылардың ғылыми зерттеу және оқу танымдық жұмыстарын ынталандыру, ой еңбегінің беделін арттыру барысында жұмыстар жасады. Мектеп-интернат алғашқы қабылданған оқушылардың нәтижесінде мынадай жетістіктерге ие болды: Республикалық «Ақбота» интеллектуалды марафонына 19 оқушы қатысып, 7 оқушы 1-орын, 12 оқушы 2-орын иеленді. 1-орынды иеленген 2 оқушы Республикалық «Дарын» ауысымдық лагеріне демалуға шақырылды.
Облыстық «Тілім барда тірімін мен» атты шығармалар байқауында 1 оқушы 1-орын, 1 оқушы 3-орынды иеленді.
Облыстық «Тәуелсіздік ел тірегі» атты ақындар мүшәйрасында 2 оқушы алғыс хатпен марапатталды.
Облыстық тораптық олимпиадаға 10 оқушы қатысып, 5 оқушы жеңімпаз атанды. Математика, тарих, орыс тілі пәндерінен жүлделі орынды иеленді. Республикалық «Дарын» орталығының сырттай оқу мектебіне 52 оқушы қатысып, әр пәннің төрт бөлімінен оқушылар жоғары ұпай жинады.
Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы болып жариялануына байланысты наурыз айының он алтыншы жұлдызында өткен шығармалар байқауында 8 сынып оқушысы Уәйіс Бағжан 1-орынды иеленіп, Республикалық кезеңге ұсынылды.
Мамыр айының он алтыншы жұлдызында өткен 7 облыстық Абай оқуларының «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімі бойынша 8-сынып оқушылары Ешекенова Сымбат 2-орынды, «Өлең – сөздің патшасы, сөз - сарасы» бөлімі бойынша мен, Бозшаева Назерке 3-орынды иелендім. Алғашқы оқу жылынан-ақ осындай жетістіктерге ие болып, өзге де дарынды мектептермен, мектеп-гимназиялармен, мектеп-лицейлермен таласқа түскен мектеп-интернат облысымыздың алдыңғы қатарындағы тірек мектептердің біріне айналды.
Мектеп-интернат директоры Байділдаев Шынәлі ағай интернаттың өз мектеп ғимаратын ашу, өз жатақхана орнын тұрғызу мақсатында көп еңбек сіңірді. Қызылорда облысы әкімінің алдына барып, қабылдауында болып, соның нәтижесінде Тасбөгет қыстағынан жер иеленді. Мектеп-интернат ұжымы 2009 жылдың жаңа оқу жылын зәулім де биік жаңа мектеп ғимаратында қарсы алды. Бұл жаңалық мектеп-интернат оқушыларын, мектеп ұжымын, ұстаздар қауымын үлкен қуанышқа бөледі. Оқушылардың одан да терең, жоғары деңгейде білім алуына үлкен жағдай жасалды. Мектеп-интернаттың білім беру жүйесі өзгеріп, оқу тек жаратылыстану бағытында ғана жүргізілді. Мектеп-интернатқа оқушыларды қабылдауға сұраныс көбейгендіктен, қалалық мектептерден де оқушылар қабылдайтын болды. Осылайша жаңа құрылған мектеп-интернат өзімен бәсекелес өзге де мектеп-гимназиялармен, мектеп-лицейлермен тең дәрежеге жетті, кей уақыттарда басып озды десек те болады. Қазіргі таңда мектеп-интернат жетістіктері жетерлік, Облыстық және Республикалық деңгейде де үлкен табыстарға жетіп жатыр. Мұны Қазақстан Республикасының дарынды да білімді, тәрбиелі жастарын тәрбиелеуге қосқан үлкен үлес деп ұғуымызға болады. Алдағы уақытта мектеп-интернатымыздың жарқын істері жалғасын тауып, соңы серпінге ұласары сөзсіз. «Халық пен халықты – адам мен адамды теңестіретін нәрсе білім» деп жазушы Мұхтар Әуезов бекер айтпаса керек-ті.
Білгенге білім – байлық, бағасы артық
Салмағы сан жетпейтін қорғасындай.
Үйренсең өнер-білім, өшпес мұра
Таусылмас тау кенінің қорғасындай.
Бозшаева Назерке
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Білім беру саласындағы жаңашылдық