Жаңалықтар

Ғылым мен тәрбиені ұштастырар...

Қазіргі таңда студенттердің сабақтан тыс мәдени-көпшілік жұмыстарын нәтижелі ұйымдастырудың маңызды формасы ретінде клуб жұмысының атқаратын маңызы зор.
01.03.2014 11:33 5203

Қазіргі таңда студенттердің сабақтан тыс мәдени-көпшілік жұмыстарын нәтижелі ұйымдастырудың маңызды формасы ретінде клуб жұмысының атқаратын маңызы зор. Сондықтан да оның жұмысын педагогикалық тұрғыдан жетілдіру бағытында мәдени-ағартушылық жұмыстарымен қатар, педагогика ғылымы жаңа талпыныс, ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізуде. Соған орай, педагогика ғылымының алдында тұрған міндеттердің бірі – әрбір тұлғаның шығармашылық күш қайратын қалыптастырып, оның шығармашылыққа қабілетін арттыру. Себебі, бүгінгі таңда әрбір тұлға белгілі бір біліктілік пен дағдылардың жүйесін меңгерумен ғана шектелмеуі тиіс, сонымен бірге кез келген әрекетте шығармашылықпен белсенді қарым-қатынас жасауы міндетті іс. 

С.Әбенбаев «Эстетикалық мәдениет негіздері» атты кітабында клуб жұмысының екі бағытын көрсетеді:
1. Мәдениет, өнер саласынан теориялық білімдер жүйесін меңгеру, осы салада эстетикалық дүниетанымын, талғамын, мұратын дамыту.
2. Үйірме жұмысын ұйымдастыру.
 
Үйірме жұмысын ұйымдастыру – клуб жұмысының ерекшелігін сақтап, студенттердің қызығушылықтарын оятуға мүмкіндік береді. Соған сәйкес клуб жұмысын ұйымдастыру барысында оның әрбір мүшесінің қажеттілігі мен қызығушылығын және мүмкіндігін ескеруге, үйірме жұмыстарының мазмұны мен формаларын анықтауға мүмкіндік береді. Егер де клубта көркемөнерпаздар үйірмесінің концерті немесе бүкіл халықтық мейрамдарды өткізу, т.б. шаралар ұйымдастырылса, соңынан міндетті түрде газет шығарылып, оның өмірі жайлы мәліметтер беріліп отырады. Мұндай жұмыстарды атқару студенттердің қызығушылығын ояту, өздері қалаған қоғамдық негіздегі жұмыстармен айналысуға ықпалын тигізеді. Ең негізгісі, онда әрбір студенттің жеке қабілеттерін ашуға, белсенділіктерін көтеруге, әртүрлі тәрбиелік тәсілдерді қолдануға кең көлемде мүмкіндік береді. Мұндай жағдай клуб жұмысының маңызын, ерекшелігін дұрыс түсінуге және оны ұйымдастыру, тәрбиелік маңызын арттыруға ықпалын тигізеді.
 
Үйірме жұмысындағы эстетикалық бағыттағы жұмыстармен қатар, клуб жұмысындағы мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар, байқаулар, кездесулер мен кештер студенттердің демалысын дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Клуб жұмыстарының мәдени әрекетін жандандыру мақсатында мәдени-тәрбиелік шаралардың тақырыптарын үнемі кеңейте отырып, оның студенттер қауымының өзекті мәселелеріне жақындату керек. Кейбір жағдайда клуб жұмысында белгіленген мағлұмат студенттерге алдын ала белгілі болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда клуб қызметкері немесе педагог әрбір студенттің сұранысына орай қандай бағытта жұмыс жасау қажеттілігін алдын ала нақты біліп отыруы тиіс. Мұның барлығы студенттердің қолы бос уақытын нәтижелі ұйымдастыру және білім-біліктерін жоғары деңгейде қалыптастыру болып табылады. 
 
Мәселен, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде түрлі клуб жұмыстары жұмыс жасауда. Соның бірі – «Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы» кафедрасының ұжымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаеваның жетекшілігімен «Ай-Ару» атты әдебиеттану ғылымы мен тәрбиені ұштастыруға бағытталған рухани-танымдық клубы. Клуб бүгінгі таңда орталық атанып, қанатын кеңге жайып отыр. Клуб орталығында барлық курс студенттері жұмыс жасап келеді. Алғашқы құрылған жылдары «Ай-Ару» атты мерекелік арулар сайысын өткізді. Оған төрешілікке өнер жолында жүрген, елімізге еңбегі сіңген апаларымыз, Ә. Бөпежанова сынды әдеби-сыншы аналарымыз келді. Сайыс қызықты өтіп, аруларымыздың барлығы түрлі мадақтауларға ие болды. Төрешілеріміз «Ай-Арудай» сұлуларымызға сәттілік тілеп, ұйымдастырылған сайыстың дұрыс екенін мақұлдап, Қанипаш Мәдібаева ұстазымызға алғысын білдірді. 
 
Осы орталық ұйымдастырған көрнекті іс-шаралардың бірі – «Қазақ прозасындағы әйел тағдыры» атты республика жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен өткен жас ізденушілердің ғылыми-тәжірибелік форумы. 
 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың ұсынысымен ҚазҰУ жастары университет қабырғасында «Жүз көркем туынды» оқу жобасын жасап, үндеу көтерген болатын. Осы игі бастамаға басқа оқу орындары да үн қосар деген ниетпен республика жоғары оқу орындары студенттері арасында өткізілген «Қазақ прозасындағы әйел тағдыры» атты ғылыми-тәжірибелік форумның да басты мақсаты - әдебиеттану ғылымының жолына түсер талантты ізденушілерді табу, оларды бір-бірімен жүздестіру. Талапты жастар бас қосқан, ұлағаты мол, білім мен ғылымды, тәлім мен тәрбиені ұштастырған мұндай форумның жастарға берері мол болды.
 
Форум жұмысына Республиканың көптеген жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Алқалық және секциялық мәжілістерінде жасалған 40-тан астам баяндамада қазақ қызының қилы тағдыры, ары мен азабы, өрлігі мен ерлігі арқау болған, алаш әдебиеттану ғылымында өзіндік бағасын алып үлгерген қазақ әйелдерінің көркем бейнесі жан-жақты талданып, осынау қилы тағдырлы қазақ қыздарының көркем образдары шынайылықпен бейнеленген шығармалардың қазақ әдебиетіндегі орны белгіленді. Қазақ прозасындағы әйел-ана бейнесінің сомдалу ерекшелігі, образ шынайылығы, авторлық ұстаным, көркемдік, шеберлік, стиль т. б. мәселелер жас талаптың алғашқы ізденісі деңгейінен сараланды. 
 
  Ғылыми форумның екі кезеңнен тұратын алқалы кеңесіне жазушылар, әдебиеттанушы-ғалымдар төрелік жасап, болашақ әдебиетшілердің ғылымдағы алғашқы қадамдарына ақ жол тілеп, жаңашыл таным-біліктерін жоғары бағалады.
 
Жастардың әдебиеттану ғылымына деген қызығушылығын оятуға үлкен әсер берген бұл форум ұлттық прозаның өткені мен бүгінін зерделеуге деген жас толқынның ынта-ықыласын, көркем шығарманың баға жетпес құнын, қадір-қасиетін зерделеуге талпынған өскелең жастың игі қадамын, сәтті талабын айқын танытқаны шындық. Жалпы, алқалы жиынға қатысып бақ сынаған жастар, жеңіске жеткен жүлдегерлер ғылымдағы алғашқы қадамын сәтті бастап, болашақта әдебиеттану ғылымында биік асуларға жетеді деп сенемін.
 
Міне, осындай үйірмелер, клуб орталықтары әрбір университет қабырғасында қаланып, республикалық, халықаралық деңгейде шаралар ұйымдастырса, жастардың мәдени-танымдық өміріне, эстетикалық мәдениетінің қалыптасуына үлкен ықпал ететіні анық. Жастар – қоғамның болашағы, жастар – еліміздің болашағы. 
 
 Бозшаева Назерке
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға