Қадыр Мырза Әлі-2
От пен судың арасы. Шындық пен өтіріктің арасы от пен судың арасынан да жаман.
«Қан сасыған хан сарайы» дейді қазақтар. Осыны халық өте ерте түсінген.
Дұшпандары ақынға бәрін кешіреді, бірақ тірі жүргенін кешірмейді. Тірі ақын қашанда қауіпті.
Әйтпесе, басынан айырылған адамға тілден не пайда? Ал ақындар үшін тілінен айырылған соң басынан не пайда.?
Тақта отырған тасбауырларға біреудің басы деген немене
Адамның басы көбіне-көп ел билеушілердің добы болып келеді.
Ақынның үнін өшірудің жылдар сынынан өткен ең оңай тәсілі – қылғындыру, тұншықтыру болып келген.
Өз еркіңмен өлгенде өлімнің түрін таңдауға болар мүмкін. Бірақ сені біреу өлтіргенде, не өкіметің өлтіргенде қалауың бола бермейді.
Ақынды көбіне-көп заманы, қоғамы, ортасы өлтіреді.
Батыр да бір оқтық, ақын да бір оқтық!
Бір ғана нәрсе көңілге медеу – көңілі сүттей ақ періште ақын өзін атқан ата жауларын көріп өлді.
Өңшең бір шерлі жыр, шерменде ақындардың тағдырларына үңіле отырып, ақын боп туу азап үшін туу ма деп қаласың
Жазымыштың жұмыр добы да, қайысқан қалың халыққа жоламай, әлдекімдерді айналып өтіп, ақындарды барып ұратын тәрізді.
Біреулердің неден өлгені, біреудің қалай өлгені, ал біреулердің қайда өлгені белгісіз. Жұмбақ тағдырларда жоқ емес.
Жалпы адам жоғалу, соның ішінде еліне белгілі адамның жоғалуы ақылға сыймайды. Бірақ жоғалады.
Өз өлімімен өлгенді қаза болды демейді. Ажалынан бұрын өлді деген міне осы.
Жалпы жазу үстелінің басында өлу – бүкіл ақын-жазушының арманы деуге болады.
Нағыз жазушы шындап келгенде ешкімге қызмет етпейді.
Қасқыр орманға қарап ұлыса, қазақ қырға қарап күрсінеді.
Екі өлең жазсам, соның бірі – Дала. Өйткені ойлайтыным - Дала
Адам кейде өз үйіне де сыймайды.
Көптің ішіндегі жалғыздық, аралдағы жалғыздықтан да жаман.
Коммунистік жүйенің қайтып келгенін өз басым қаламаймын. Өйткені жегіміз келгенін жеп, ішкіміз келгенін ішкенмен, айтқымыз келегенді айта алмадық, жазғымыз келгенді жаза алмадық
Ауыздан шықпай іште тұншыққан шындық шеменеге айналады. Дерттің жаманы – сол. ОЛ адамды тірілей өлтіреді.
Өнер тұрған құпия
Әртүрлі дарындар түгіл, бір дарынның өзі кейде өзіне-өзі ұқсамайды.
Көз адамдардың бәріне бірдей тәрізді Бірақ жай адам басқаша көреді де, жазушы адам мүлде басқаша көреді.
Ағашты тамырынан, тамырды топырақтан ажыратып әкету қалай болар еді?!
Өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайды.
Кез-келген жас дарын қашан дараланып өзінше қалыптасып тынғанша бір мықтының тартылыс күшінен шыға алмайды.
Дереккөзі: «Ұлт.кз» порталы.