Жаңалықтар

БОКС: WSB рейтингінің алдыңғы үштігіне үш қазақ енді

Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасы аяқталаған бетте әр салмақ дәрежесі бойынша үздік деп танылған боксшылар анықталып, олардың тізімі аталмыш ұйымның арнайы сайтында толықтай жарияланды. Бір қуаныштысы, мықтылардың арасында «Астана арландары» сапында өнер көрсеткен жігіттер де бар. Әңгімемізді ең жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшылардан бастайық. «Украина атамандарына» қарсы өткен ақтық айқаста қарсыласы Александр Рысканды рингте қуып жүріп сабап, «Астана арландарының» жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосқан Бағдат Әлімбеков WSB рейтингінде екінші орында тұр. Биылғы маусымда қандасымыз 6 жекпе-жек өткізіп, 5 рет жеңіске жетті. Бағдат тек Ұлыбритания командасының сапындағы танымал боксшы Эндри Сельбиден ғана қалып қойды. Биыл Сельби 6 кездесудің барлығын өз пайдасына шешті. Үшінші орында – «Мексика қораздарының» беткеұстары Эллиас Эмигдио. Және де 4 мәрте ортаға шығып, 3 рет мерейі үстем болған Мирас Жақыпов төртінші орынға табан тіреді. Тағы бір жерлесіміз Мейірболат Тойтов 15-орында.     61 келі салмақтағы Самат Башеновтің көш бастауға тамаша мүмкіндігі болған еді. Ақтық бәсекеге дейін «арландардың» капитаны 6 рет рингке көтеріліп, 5 рет асығы алшысынан түсті. Бірақ финалдық сайыста Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Ломаченкодан ұтылып, үшінші сатыға сырғыды. Бұл салмақта Украинаның даңқты боксшысы көш бастады. Үстіміздегі жылы Ломаченконың еншісіне 6 жеңіс жазылды. Екінші орында «Милан найзағайы» клубының өкілі Браномир Станкович. Осы салмақта сынға түскен Ержан Мүсәпіров 10-орынды қанағат тұтса, Эрик Донован 30-сатыға жайғасты.  Қатарынан екі жыл бойы 73 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген боксшылардың барлығын ойсырата ұтып келген Сергей Деревянченко биыл бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Буэнос-Айресте ол ойда-жоқта аргентиналық Брайан Костаноға есе жіберді. Сол сәтсіздіктің салдарынан астаналық команданың сапындағы украиналық легионер үшінші орында қалып қойды. Сергей биыл 7 мәрте шаршы алаңға шығып, 6 рет басымдылық танытты. Бұл салмақта Мексиканың мақтанышы Марвин Кабреда көш бастады. Екінші орын украиналық Дмитрий Митрофановқа бұйырды. «Арландардың» құрамындағы израильдік былғары қолғап шебері Константин Снигур алтыншы орынды иеленсе, Мирас Байырханов 28-орында қалып қойды.  85 келі салмақтағылардың сайысында «Астана арландарының» қос қыраны – Хржове Сеп пен Эхсан Роузбахани көмбеге бірдей келе жатты. Екеуі де 4 рет ұтып, 1 рет ұтылған болатын. Алайда Парсы елінің өрені ақтық айқаста жеңіліп, алтыншы орынға сырғып түсті. Хорватия боксшысы үшінші орынды олжалады. Бұл салмақта аргентиналық Ямил Пералтаның асығы алшысынан түссе, біздің Эксан Роузбаханиді соққыға жыққан Александр Гвоздик екінші орынды еншіледі.   Аса ауыр салмақта Руслан Мырзатаев екінші орынды иеленді. Маңызды матчтарда өз командасын алға жетелеген қазақтың қайсар ұлы тек Украинаның атақты «атаманы», Олимпиада ойындарының жеңімпазы мен әлем чемпионы Александр Усикті ғана алға жіберді. Руслан 5 бәсекеде өз қарсыластарынан басым түссе, Александрдың 6 рет айдарынан жел есті. Үшінші орында – британиялық Йозеф Джойс. Биылғы маусымда олардың ешқайсысы өз қарсыластарына есе жіберген жоқ. Сондай-ақ алғашқы бес мықтының қатарында тағы бір «арлан» – хорватиялық Филипп Хргович бар.  Жоғарыда тізімде «Астана арландары» клубының мүшелері көптеп кездесуі тегін емес. Өйткені Қазақстанда іргесі қаланған аталмыш ұжым Дүниежүзілік бокс сериясы жарысының биылғы маусымында бас жүлдені олжалап, дүйім жанкүйерлерге қуаныш пен шаттық сыйлады. Ал жоғарыда есімдері аталған боксшылар біздің команданың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Олай болса, сол саңлақтар қандай да құрметке лайық.   Осы орайда тағы бір айта кетерлік жайт бар. Кезінде «арландар» құрамында өнер көрсетіп, кейіннен өзге командалардың жейдесін киген бірде-бір былғары қолғап шебері WSB додасының үшінші маусымында ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жете алған жоқ. Мәселен, 85 келі салмақтағы алжирлік Әбделхафид Беншабла тоғызыншы орыннан оса алған жоқ. Алыптармен айқасқан сербиялық Милутин Станкович және венгриялық Иштван Бернат жеңілістен бір көз ашпады. Сонымен қатар ресейлік Альберт Селимов пен Миша Алоян, әзірбайжандық Элвин Мамишзаде мен Магомедрасул Меджидов, италиялық Винченцо Пикарди, Валентино Доменико және Клементе Руссо сынды Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген әйгілі боксшылар үздіктер қатарына қосыла алмады.    Айқын
21.05.2013 03:51 2552

Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасы аяқталаған бетте әр салмақ дәрежесі бойынша үздік деп танылған боксшылар анықталып, олардың тізімі аталмыш ұйымның арнайы сайтында толықтай жарияланды. Бір қуаныштысы, мықтылардың арасында «Астана арландары» сапында өнер көрсеткен жігіттер де бар.

Әңгімемізді ең жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшылардан бастайық. «Украина атамандарына» қарсы өткен ақтық айқаста қарсыласы Александр Рысканды рингте қуып жүріп сабап, «Астана арландарының» жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосқан Бағдат Әлімбеков WSB рейтингінде екінші орында тұр. Биылғы маусымда қандасымыз 6 жекпе-жек өткізіп, 5 рет жеңіске жетті. Бағдат тек Ұлыбритания командасының сапындағы танымал боксшы Эндри Сельбиден ғана қалып қойды. Биыл Сельби 6 кездесудің барлығын өз пайдасына шешті. Үшінші орында – «Мексика қораздарының» беткеұстары Эллиас Эмигдио. Және де 4 мәрте ортаға шығып, 3 рет мерейі үстем болған Мирас Жақыпов төртінші орынға табан тіреді. Тағы бір жерлесіміз Мейірболат Тойтов 15-орында.     61 келі салмақтағы Самат Башеновтің көш бастауға тамаша мүмкіндігі болған еді. Ақтық бәсекеге дейін «арландардың» капитаны 6 рет рингке көтеріліп, 5 рет асығы алшысынан түсті. Бірақ финалдық сайыста Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Ломаченкодан ұтылып, үшінші сатыға сырғыды. Бұл салмақта Украинаның даңқты боксшысы көш бастады. Үстіміздегі жылы Ломаченконың еншісіне 6 жеңіс жазылды. Екінші орында «Милан найзағайы» клубының өкілі Браномир Станкович. Осы салмақта сынға түскен Ержан Мүсәпіров 10-орынды қанағат тұтса, Эрик Донован 30-сатыға жайғасты. 
Қатарынан екі жыл бойы 73 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген боксшылардың барлығын ойсырата ұтып келген Сергей Деревянченко биыл бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Буэнос-Айресте ол ойда-жоқта аргентиналық Брайан Костаноға есе жіберді. Сол сәтсіздіктің салдарынан астаналық команданың сапындағы украиналық легионер үшінші орында қалып қойды. Сергей биыл 7 мәрте шаршы алаңға шығып, 6 рет басымдылық танытты. Бұл салмақта Мексиканың мақтанышы Марвин Кабреда көш бастады. Екінші орын украиналық Дмитрий Митрофановқа бұйырды. «Арландардың» құрамындағы израильдік былғары қолғап шебері Константин Снигур алтыншы орынды иеленсе, Мирас Байырханов 28-орында қалып қойды. 
85 келі салмақтағылардың сайысында «Астана арландарының» қос қыраны – Хржове Сеп пен Эхсан Роузбахани көмбеге бірдей келе жатты. Екеуі де 4 рет ұтып, 1 рет ұтылған болатын. Алайда Парсы елінің өрені ақтық айқаста жеңіліп, алтыншы орынға сырғып түсті. Хорватия боксшысы үшінші орынды олжалады. Бұл салмақта аргентиналық Ямил Пералтаның асығы алшысынан түссе, біздің Эксан Роузбаханиді соққыға жыққан Александр Гвоздик екінші орынды еншіледі.  
Аса ауыр салмақта Руслан Мырзатаев екінші орынды иеленді. Маңызды матчтарда өз командасын алға жетелеген қазақтың қайсар ұлы тек Украинаның атақты «атаманы», Олимпиада ойындарының жеңімпазы мен әлем чемпионы Александр Усикті ғана алға жіберді. Руслан 5 бәсекеде өз қарсыластарынан басым түссе, Александрдың 6 рет айдарынан жел есті. Үшінші орында – британиялық Йозеф Джойс. Биылғы маусымда олардың ешқайсысы өз қарсыластарына есе жіберген жоқ. Сондай-ақ алғашқы бес мықтының қатарында тағы бір «арлан» – хорватиялық Филипп Хргович бар. 
Жоғарыда тізімде «Астана арландары» клубының мүшелері көптеп кездесуі тегін емес. Өйткені Қазақстанда іргесі қаланған аталмыш ұжым Дүниежүзілік бокс сериясы жарысының биылғы маусымында бас жүлдені олжалап, дүйім жанкүйерлерге қуаныш пен шаттық сыйлады. Ал жоғарыда есімдері аталған боксшылар біздің команданың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Олай болса, сол саңлақтар қандай да құрметке лайық.  
Осы орайда тағы бір айта кетерлік жайт бар. Кезінде «арландар» құрамында өнер көрсетіп, кейіннен өзге командалардың жейдесін киген бірде-бір былғары қолғап шебері WSB додасының үшінші маусымында ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жете алған жоқ. Мәселен, 85 келі салмақтағы алжирлік Әбделхафид Беншабла тоғызыншы орыннан оса алған жоқ. Алыптармен айқасқан сербиялық Милутин Станкович және венгриялық Иштван Бернат жеңілістен бір көз ашпады. Сонымен қатар ресейлік Альберт Селимов пен Миша Алоян, әзірбайжандық Элвин Мамишзаде мен Магомедрасул Меджидов, италиялық Винченцо Пикарди, Валентино Доменико және Клементе Руссо сынды Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген әйгілі боксшылар үздіктер қатарына қосыла алмады.

  
Айқын

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға