Жаңалықтар

Түркі дүниетанымы

Соңғы редакциялау: 8 қазан 2012 жыл Түркі дүниетанымы – дәстүрлі қазақ ұлттық-мәдени ұстындарының бастауы әлемнің, болмыстың, адамның мақсаты мен өмірінің мәнін, оның құндылықтық әлемін тануға бағытталған біртұтас әмбебап көзқарас. Барлық халықтардың ұлттық-мәдени тұтастығы мен табиғи ерекшелігіне сай әлемнің жаратылуы (космогония), ғарыштың құрылысы (космология), кеңістік (отан, жер, су) пен уақыт (мәңгілік пен бақилық), адам және оның әлемдегі орны, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім, т.б. дүниетанымдық көзқарастарын бейнелейтін ұғымдар мен түсініктер бар. Т. д-ның дүниетанымдық, құндылықтық жүйесін зерттеп, негізгі ұстындар мен категорияларды филос., мифол. тұрғыдан қарастыру қазақ дәстүрлі мәдениетінің түп бастауын, дүниетанымдық ерекшеліктерін айқындаудың көрсеткіші болып табылады. Адамзат тарихында барлық халықтардың діни-филос. және тарихи тәжірибелік танымдарының кешенді жиынтығынан тұратын дәстүрлі дүниетанымдары “құдайлық киелілік” ұғымы төңірегінде қалыптасқаны сияқты, дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізгі ұстындары да Тәңірлік діни танымнан бастау алған. Бұл ойлау жүйесі бойынша адамның және оны қоршаған ортаның “иесі” мен “киесі” – Тәңірі. Мыс., дәстүрлі түркілік дүниетанымда көк аспан киелі, өйткені ол Тәңірдің сипаты және мекені; жер мен су қасиетті, өйткені ол Тәңірдің құты, несібесі; ел-халық қастерлі, өйткені олар Тәңірдің жердегі аманаты; қаған, хан киелі, өйткені ол Тәңірдің еркін білдіруші және оның аманаты болып табылатын ел-дің жердегі иесі, сақтаушысы. Яғни, дәстүрлі қоғам адамын қоршаған орта тек физ. әлем ғана емес, Тәңір арқылы мәні ашылатын киелі әлемдер жүйесі деп білетін таным Т. д-ның негізгі ұстыны. Осындай “ие мен кие сенімінің” дәстүрлі қоғам адамын тікелей Тәңірлік жаратылыс бастамаға ұластыру құбылысы арнайы танымдық-категор., образдық-символдық ойлау стилімен берілген. Осы образдық-символдық ойлау жүйесі өз көрінісін көркемдік-эстетик. мәнге ие мұралардан тапты. Т. д-нда Тәңірлік ақиқатқа ұласудың кеңістігі адамның кіндік қаны тамған туған жері, ата қонысы. Өйткені дәстүрлі қоғам адамының туған жері – алғаш Тәңірлік жаратудың жүзеге асырылған уақыты мен кеңістігінің қайталанған жері әрі Тәңір тарапынан берілген құт. Тәңір құтының шоғырланған жері – Жерұйық. Ежелгі түркі әпсаналарында Жерұйық “орталық, кіндік” мағынасындағы символдармен берілген. Тәңірмен байланыстың өзі осы туған жердің торқалы топырағы арқылы жүзеге асатын болған. Демек, Желмаямен шартарапты кезген Қорқыт пен Асан Қайғының елі үшін жерұйық іздеуі – утопия емес, дәстүрлі түркілік дүниетанымның ділдік-ойлау әлемінің ақиқаты. Жерұйық – әлі күнге дейін тарихи функциясын жоғалтпаған дәстүрлі Т. д. космологиясының негізгі ұстыны әрі Тәңірге барар “орталық жолдың” рәмізі. Қазақтың қасиетті қара шаңырағы – киіз үйі де әлемнің кіндігіне тігіледі. Киіз үйді өзге құрылыстан ерекшелейтін басты құрылымдық ерекшелігі – оның негізгі сүйегін шаңырақтың ұстап тұруы, шаңырақтан бастап тігілуі де киіз үйдің құрылысы “алғашқы Тәңірлік жаратылыс” ақиқатының сыры мен дәстүрлі түркілік дүниетанымы негізгі ұстындарының мәнін өзімен бірге сақтап келеді деген сөз. Дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы адам Тәңірлік бастаманы жалғастырушы қаған арқылы немесе аталар тарапынан салынған сара дәстүрді, әдет-ғұрыптарды саналы түрде жаңғыртып отыруы арқылы ақиқатқа ұласады. Осы аталар жолын сомдап, нақтылау үшін де дәстүрлі қоғам адамы өз әлемін – құндылықтық және құбылыстық рәсімдер мен ритуалдық салт-жоралар, сенімдік жүйе мен табу, образдық-символдық ойлау стилін қалыптастырған болатын. Т. д. бүкіл бір ұлттың немесе халықтың мінез-құлқынан және табиғатынан туындайтын практикалық-моральдық философия. Бұл философия дүниетанымдық дәстүр жағынан космогонияға жақындаса, әрекет дәстүрі жағынан ахлақ (этикалық моральдық) теориясы болып табылады. Түрік философы Х.З. Үлкен ежелгі түркі философиясының ерекшеліктерін көне үнді, грек және иран философиясымен салыстыра зерттеп, түркілердің үнділер сияқты томаға тұйық, жабық, мистик. табиғаттағы ұлт еместігін, көне гректер сияқты табиғат пен космостық жүйеге тұтқын, тағдыр деп соқыр сеніммен мойынсұнатын халық еместігін айтады. Олар әр түрлі мәдениет және өркениеттер арасындағы екі жақты сұхбаттың арқасында, өте терең реалистік дүниетанымға ие болған. Болмыс пен адам арасында екі жақты байланыс, бірлік, тұтастық және үйлесім бар. Адам құтты әрі бақытты болу үшін осы бірлікті сақтай білуі және дана, батыл әрі қанағатшыл болуға тиіс деп білген. Атақты зерттеуші В.Шмидт ежелгі түркілердің діні мен мәдениеті жөнінде олардың Азия ғұндары дәуірінен бастап, “монотеизмге бағытталған дамыған дінге” ие екендігін айтса, екінші бір зерттеуші А.Нұрғали ғұндардың “Тәңір” деп аталатын киелі құдіретке табынғандығына нұсқайды. Дәстүрлі Т. д. көбінесе эмпириялық және эпистемолог. тұрғыдан болмысты танудың “үштік әлем”, “үштік ойлау” түсініктері тұрғысынан көрініс береді. Үштік әлем ұғымы Орхон-Енисей жазуларында “жоғарыда зеңгір көк пен төменде йауыз (қара) жер” осы екеуінің арасында “адам баласы жаратылғанда” түрінде кездеседі. Тәңір – “Адам – Әлем” үштік ғарыштық компоненттерінің орт. ұстыны ретінде адам мен әлемнің өзара үндестігінің себебі әрі шарты. Түркілік дүниетанымда жер, су, отан – құтты, киелі. Туған жердің әр пұшпағына Жер-ана деп мән берген. Әлем – адамның мәдени тіршілігінің кеңістігі. Бұл кеңістік әрдайым метафизик. уақыт пен циклдік жаңару-жаратылу үстіндегі жанды болмыс. Адам да жанды болмыс ретінде өзін үнемі әлеммен үндестікте және тұтастықта қарастырады. Өйткені Әлем адам үшін – ұстаз, танымның көзі, Тәңірдің айнасы, мәдени құндылықтардың тұғыры. Дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы ең басты мәселе адам мәселесі болып табылады. Көшпелі мәдениет бұрын төмендетіліп келген болса, бүгінде өзінің адамзат тарихындағы орны мен белсенділігін мойындатып отырған, адамзаттық өркениеттің болашағы үшін үміт көзі болып отыр. Өйткені ар, намыс, имандылық, адамгершілік, рухани еркіндік, өлім, өмір, ақиқат, құт, тағдыр, махаббат, ерік-жігер сияқты универсалдық категориялар мен тұрақты ұстындарды мазмұндық тұрғыдан жаңғыртуда дәстүрлі түркілік дүниетанымның маңызы мен өзектілігі зор. Дәстүрлі түркілік қоғам адамы сол қоғамды біріктіріп тұрған құндылықтар жүйесінің тұғыры – төл мәдениетке ие. Т. д. – қазақ халқының төл мәдениетінің исламнан бұрынғы ең маңызды кезеңі ретінде зерттеуді, тануды қажет ететін өзекті мәселесі.   Д. Кенжетай Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том
09.11.2012 04:03 7454

Соңғы редакциялау:

8 қазан 2012 жыл

Түркі дүниетанымы – дәстүрлі қазақ ұлттық-мәдени ұстындарының бастауы әлемнің, болмыстың, адамның мақсаты мен өмірінің мәнін, оның құндылықтық әлемін тануға бағытталған біртұтас әмбебап көзқарас. Барлық халықтардың ұлттық-мәдени тұтастығы мен табиғи ерекшелігіне сай әлемнің жаратылуы (космогония), ғарыштың құрылысы (космология), кеңістік (отан, жер, су) пен уақыт (мәңгілік пен бақилық), адам және оның әлемдегі орны, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім, т.б. дүниетанымдық көзқарастарын бейнелейтін ұғымдар мен түсініктер бар. Т. д-ның дүниетанымдық, құндылықтық жүйесін зерттеп, негізгі ұстындар мен категорияларды филос., мифол. тұрғыдан қарастыру қазақ дәстүрлі мәдениетінің түп бастауын, дүниетанымдық ерекшеліктерін айқындаудың көрсеткіші болып табылады. Адамзат тарихында барлық халықтардың діни-филос. және тарихи тәжірибелік танымдарының кешенді жиынтығынан тұратын дәстүрлі дүниетанымдары “құдайлық киелілік” ұғымы төңірегінде қалыптасқаны сияқты, дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізгі ұстындары да Тәңірлік діни танымнан бастау алған. Бұл ойлау жүйесі бойынша адамның және оны қоршаған ортаның “иесі” мен “киесі” – Тәңірі. Мыс., дәстүрлі түркілік дүниетанымда көк аспан киелі, өйткені ол Тәңірдің сипаты және мекені; жер мен су қасиетті, өйткені ол Тәңірдің құты, несібесі; ел-халық қастерлі, өйткені олар Тәңірдің жердегі аманаты; қаған, хан киелі, өйткені ол Тәңірдің еркін білдіруші және оның аманаты болып табылатын ел-дің жердегі иесі, сақтаушысы. Яғни, дәстүрлі қоғам адамын қоршаған орта тек физ. әлем ғана емес, Тәңір арқылы мәні ашылатын киелі әлемдер жүйесі деп білетін таным Т. д-ның негізгі ұстыны. Осындай “ие мен кие сенімінің” дәстүрлі қоғам адамын тікелей Тәңірлік жаратылыс бастамаға ұластыру құбылысы арнайы танымдық-категор., образдық-символдық ойлау стилімен берілген. Осы образдық-символдық ойлау жүйесі өз көрінісін көркемдік-эстетик. мәнге ие мұралардан тапты. Т. д-нда Тәңірлік ақиқатқа ұласудың кеңістігі адамның кіндік қаны тамған туған жері, ата қонысы. Өйткені дәстүрлі қоғам адамының туған жері – алғаш Тәңірлік жаратудың жүзеге асырылған уақыты мен кеңістігінің қайталанған жері әрі Тәңір тарапынан берілген құт. Тәңір құтының шоғырланған жері – Жерұйық. Ежелгі түркі әпсаналарында Жерұйық “орталық, кіндік” мағынасындағы символдармен берілген. Тәңірмен байланыстың өзі осы туған жердің торқалы топырағы арқылы жүзеге асатын болған. Демек, Желмаямен шартарапты кезген Қорқыт пен Асан Қайғының елі үшін жерұйық іздеуі – утопия емес, дәстүрлі түркілік дүниетанымның ділдік-ойлау әлемінің ақиқаты. Жерұйық – әлі күнге дейін тарихи функциясын жоғалтпаған дәстүрлі Т. д. космологиясының негізгі ұстыны әрі Тәңірге барар “орталық жолдың” рәмізі. Қазақтың қасиетті қара шаңырағы – киіз үйі де әлемнің кіндігіне тігіледі. Киіз үйді өзге құрылыстан ерекшелейтін басты құрылымдық ерекшелігі – оның негізгі сүйегін шаңырақтың ұстап тұруы, шаңырақтан бастап тігілуі де киіз үйдің құрылысы “алғашқы Тәңірлік жаратылыс” ақиқатының сыры мен дәстүрлі түркілік дүниетанымы негізгі ұстындарының мәнін өзімен бірге сақтап келеді деген сөз. Дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы адам Тәңірлік бастаманы жалғастырушы қаған арқылы немесе аталар тарапынан салынған сара дәстүрді, әдет-ғұрыптарды саналы түрде жаңғыртып отыруы арқылы ақиқатқа ұласады. Осы аталар жолын сомдап, нақтылау үшін де дәстүрлі қоғам адамы өз әлемін – құндылықтық және құбылыстық рәсімдер мен ритуалдық салт-жоралар, сенімдік жүйе мен табу, образдық-символдық ойлау стилін қалыптастырған болатын. Т. д. бүкіл бір ұлттың немесе халықтың мінез-құлқынан және табиғатынан туындайтын практикалық-моральдық философия. Бұл философия дүниетанымдық дәстүр жағынан космогонияға жақындаса, әрекет дәстүрі жағынан ахлақ (этикалық моральдық) теориясы болып табылады. Түрік философы Х.З. Үлкен ежелгі түркі философиясының ерекшеліктерін көне үнді, грек және иран философиясымен салыстыра зерттеп, түркілердің үнділер сияқты томаға тұйық, жабық, мистик. табиғаттағы ұлт еместігін, көне гректер сияқты табиғат пен космостық жүйеге тұтқын, тағдыр деп соқыр сеніммен мойынсұнатын халық еместігін айтады. Олар әр түрлі мәдениет және өркениеттер арасындағы екі жақты сұхбаттың арқасында, өте терең реалистік дүниетанымға ие болған. Болмыс пен адам арасында екі жақты байланыс, бірлік, тұтастық және үйлесім бар. Адам құтты әрі бақытты болу үшін осы бірлікті сақтай білуі және дана, батыл әрі қанағатшыл болуға тиіс деп білген. Атақты зерттеуші В.Шмидт ежелгі түркілердің діні мен мәдениеті жөнінде олардың Азия ғұндары дәуірінен бастап, “монотеизмге бағытталған дамыған дінге” ие екендігін айтса, екінші бір зерттеуші А.Нұрғали ғұндардың “Тәңір” деп аталатын киелі құдіретке табынғандығына нұсқайды. Дәстүрлі Т. д. көбінесе эмпириялық және эпистемолог. тұрғыдан болмысты танудың “үштік әлем”, “үштік ойлау” түсініктері тұрғысынан көрініс береді. Үштік әлем ұғымы Орхон-Енисей жазуларында “жоғарыда зеңгір көк пен төменде йауыз (қара) жер” осы екеуінің арасында “адам баласы жаратылғанда” түрінде кездеседі. Тәңір – “Адам – Әлем” үштік ғарыштық компоненттерінің орт. ұстыны ретінде адам мен әлемнің өзара үндестігінің себебі әрі шарты. Түркілік дүниетанымда жер, су, отан – құтты, киелі. Туған жердің әр пұшпағына Жер-ана деп мән берген. Әлем – адамның мәдени тіршілігінің кеңістігі. Бұл кеңістік әрдайым метафизик. уақыт пен циклдік жаңару-жаратылу үстіндегі жанды болмыс. Адам да жанды болмыс ретінде өзін үнемі әлеммен үндестікте және тұтастықта қарастырады. Өйткені Әлем адам үшін – ұстаз, танымның көзі, Тәңірдің айнасы, мәдени құндылықтардың тұғыры. Дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы ең басты мәселе адам мәселесі болып табылады. Көшпелі мәдениет бұрын төмендетіліп келген болса, бүгінде өзінің адамзат тарихындағы орны мен белсенділігін мойындатып отырған, адамзаттық өркениеттің болашағы үшін үміт көзі болып отыр. Өйткені ар, намыс, имандылық, адамгершілік, рухани еркіндік, өлім, өмір, ақиқат, құт, тағдыр, махаббат, ерік-жігер сияқты универсалдық категориялар мен тұрақты ұстындарды мазмұндық тұрғыдан жаңғыртуда дәстүрлі түркілік дүниетанымның маңызы мен өзектілігі зор. Дәстүрлі түркілік қоғам адамы сол қоғамды біріктіріп тұрған құндылықтар жүйесінің тұғыры – төл мәдениетке ие. Т. д. – қазақ халқының төл мәдениетінің исламнан бұрынғы ең маңызды кезеңі ретінде зерттеуді, тануды қажет ететін өзекті мәселесі.

 

Д. Кенжетай

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға