Шамиль Аляутдинов: Мұсылмандар мешіт болмаған жағдайда шіркеуде құлшылық ете алады
«Шіркеуде намаз оқуға болады ма?» деген сауалға ол бұған тікелей салынған тыйымның жоғын алға тартты. Бұған қоса, сахабалардың христиандардың ғибадат үйінде құлшылық еткені туралы деректің барын тілге тиек етті.
«Ғалымдар көптеген аяттар мен хадистерге сүйеніп, намазды храмдарда, шіркеулерде оқуға болатыны туралы пәтуа шығарған. Сахабалар мен алғашқы буынның ғалымдары әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүріп, мешіт кездеспейтін жерлерде христиандардың шіркеулерінде құлшылық еткені жайлы деректер де баршылық. Олардан бұл жайлы сұрағанда «Бұдан қауіптенетіндей ештеңе көріп тұрғанымыз жоқ» деп жауап қатқан», - деп жазыпты дін маманы өзінің сайтында.
Имам Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұсылман үшін бүкіл жер беті мешіт болып табылады деген хадисін келтірген екен. Ең бастысы, намаз оқитын жеріңіз таза болса, болғаны.
Оның айтуынша, мешіт жетіспейтін Ресей аумағында мұсылмандардың шіркеулерде намаз оқуына рұқсат беру өзекті мәселеге айналған.
Еуропаның бірқатар елдерінде жамағаты бас сұғуды қойған шіркеулерді мұсылмандар жұма намазын оқу үшін пайдаланады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түмен мұсылмандарының жетекшісі Фатых Ғарифолла сол кездегі Ресей православ шіркеуінің патриархы Алексей ІІ-ге шіркеуде мұсылмандарға намаз оқуға рұқсат беруін сұраған болатын. Ол осылайша қоғамның назарын осы мәселеге аударуды жөн көрген.
Сөз болған сол Түменде иудейлік жамағат синагогада мұсылмандардың намаз оқуына рұқсат бергенін айта кету керек.