Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы: Экономикасы (1 бөлім)

Соңғы редакциялау: 22 қазан 2012 Экономикасы. Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде көшпелі мал ш-на негізделді. Мал жыл бойы өрісте бағылады. Жер көшпелі қауымның ортақ меншігі болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншікте болды. Шын мәнінде малдың иесі жайылымға да иелік етті. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттілігі жойылған кезеңнен бастап, әсіресе, 1891 ж. Дала ережесі өмірге енгізілгеннен кейін, көшпелі ш-тың сипаты өзгерді. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелілердің едәуір бөлігін жерсіз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуір қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгерді. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлінген жерлердің шекарасы айқындала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында көшпелі ш-ты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кеміп кетті. Көшпелілердің кедейленген бөлігі отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуіне патша өкіметінің ең шұрайлы жерлерді тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерін тигізді. Шын мәнінде бұл байырғы халықты ата мекендерінен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейін патша үкіметі қазақтардан 45 млн. гектардан астам жерді тартып алып, ішкі Ресейден келген жаңа қоныс тебушілерге алып берді. Патша үкіметінің қоныс аудару саясаты жергілікті халықтың экон. мүдделеріне нұқсан келтірді. Ол қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы жартылай отырықшы мал ш-на және егіншілікке бейімделмеген қазақ көшпелілерінің табиғи дамуын тежеді. Көшпелі ш. дағдарысы құнары аз аймақтарға ығысқан жұрттан мал ш-н анағұрлым тиімді жүргізуді, сондай-ақ, егіншілік пен отырықшылыққа көшу мәселесін шұғыл күн тәртібіне шығарды. Қазақ халқының жерге қоныстану, оны пайдалану жолындағы күресі, атап айтқанда, жерді әділ бөлу, орталықтан көшіріп келген шаруаларға кепілді жер телімдерін қазақтардан тартып алып беруді доғартуға ұмтылу аса маңызды мәселелердің біріне айналды. Қазақтардың Мемл. Думаға, басқа да мекемелерге жазған көптеген арыздарында жер иелену құқықтарының нақты еместігі салдарынан көшпелі ш-тар жағдайының тиянақсыз болып отырғандығы атап көрсетілді. Мұның өзі олардың еңсесін түсірді, ертеден орныққан үй-жай, қора-қопсыларынан айрылып, шөл және шөлейт, басқа да қолайсыз аймаққа қайта орнығуға, шаруашылықты жетілдіруге деген ықыласын кемітті. Отырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшін қиын үдеріс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгілі бір мөлшерде қаржы-қаражат та қажет еді. Ал патша үкіметі қандай да бір көмек көрсетуден бас тартты. Осындай себептерге байланысты қазақ жерінде отырықшылыққа көшу кең таралмады. Бұл үдеріс егіншілікті дамытуға анағұрлым қолайлы жағдайлары бар солт.-шығыс облыстарда, қоныс аударған орыс шаруаларымен тығыз араласқан жерлерде өріс алды. Сөйтіп, Қазақстанда әрқилы табиғи-геогр. және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы сияқты үш түрі қалыптасты. Соңғы екеуінде шөп шабу мен егіншілікті дамыту нәтижесінде а. ш. машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бірлесіп, кейінірек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 ж. тек Ақмола обл-ның қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды. Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп еніп, бір жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметінің ауқымын кеңейтті, екінші жағынан, өсімқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттілер бүкіл малды, қауымдық жерлерді өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерін, қыстақтар мен жайлауларды иемденіп алды. Қазақ қоғамының көпшілігі іс жүзінде өндіріс құрал-жабдығы жоқ кедейлер еді. Сауда-саттықты кәсіп етушілер мен өз шаруашылығында жалдама еңбекті пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлік-кәсіпкерлік өріс алды. Сөйтіп, қазақ жеріндегі нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетіне ықпалы күшейді. Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылының экономикасындағы басқа да өзгерістерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншігіне айнала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстан экономикасында әр түрлі экон. ұстындардың астасуы байқалды. Столыпиннің аграрлық реформасы Қазақстанға қоныс аударушылардың шаруашылығында жеке меншікті қалыптастыруға негізделді. Қоныс аударушылар жаңа қоныстарда жерді қауымдасып пайдаланды, көптеген жұмыстарды бірлесіп атқарды. Орыс кулактары хуторлық шаруашылық жүргізді. Шұрайлы жерлерді кесіп алып, тағылықпен пайдаланды. Қоныс аударғандардың анағұрлым жетілген еңбек құралдары және егіншілік мәдениетінде жинақтаған едәуір тәжірибесі болды. Халықтан жиналатын түрлі алым-салықтар жылдан-жылға өсе түсіп, еңбекшілерге ауыртпалық әкелді. Сол кезеңдегі елге салынған негізгі салық түрлері: мемл. төлемдер (түндік басы алымы, земство жарнасы), болыстық жарналар (шығын, қарашығын, т.б.), натуралды міндеткерліктер. Түндік басы алымы (түтін салық) мемл. жерді пайдаланғаны үшін төленетін салық-рента болатын. Ресми түрде ол халықтың әл-ауқатына қарай салынуға тиіс болса, іс жүзінде билеп-төстеушілер оны түндік иелерінің бәрінен бірдей мөлшерде алып отырды. Шығын салығы болыстың және болыс кеңсесінің мұқтаждарына жарату үшін жиналды. Оның көлемін алдын ала білу мүмкін емес еді, өйткені оны кез келген сылтаумен, тіпті сылтаусыз да жинай беретін. Ақшасы жоқтығынан кедейлер өсімқорларға жүгінуге мәжбүр болды, мұның өзі алым-салық ауыртпалығын бұрынғыдан әрі күшейтті. Қазақстанда қолөнері кәсібі ғасырлар бойы көшпелі ш-пен байланысты дамыды. Өздері тұтынатын қажетті өнімнің көбісін әр отбасы өзі немесе ағайын-туыс, көрші-қолаң көмегімен өндірді. 19 ғ-дың 2-жартысында қолөнерді (киіз үй, ер-тұрман, зергерлік бұйымдар, т.б. жасау) негізгі кәсібі еткен шеберлер мен ісмерлер пайда бола бастады. Олар ауыл-ауылды аралап жүріп жұмыс істеді. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында өндірушілер тауарды тұтынушылардың тапсырысы бойынша ғана емес, базарға сату үшін де өндіретін майдагерлік дами бастады. Қазақ еліне орыс капиталының енуі өлкеде өнеркәсіптің дамуына түрткі болды. Қарағанды көмір кеніші, Успен мыс өндірісі, Спасск мыс қорыту з-ты, Қалба алтын кен орындары, т.б. ірге көтерді. Кәсіпкерлер өлкенің аса бай табиғи қорларын рәсуа етіп, бей-берекет пайдаланды. А.ш. өнімдерін өңдейтін: тері илеу, былғары жасау, май шайқау, май айыру, сабын қайнату, т.б. өнеркәсіп орындары дами бастады. Әдетте, мұндай кәсіпорындар қарапайым ғана техникасы және 3 – 5 жұмысшысы бар жартылай қолөнерлік шағын майдагерлік сипатта болды. Бұл кезеңде а. ш. шикізатын өңдейтін қарапайым қолөнер шеберханалары мен ұстаханалары сипатындағы алғашқы ұлттық өнеркәсіп орындары қалыптасты. 1900 ж. Қазақстанда 2668 өнеркәсіп болса, 1913 ж. олардың саны 6000-ға жетті. Орыс капиталынан кейін іле-шала Қазақстанға (әсіресе 19 ғ-дың аяғында), негізінен кен өнеркәсібіне, шет ел капиталы да ене бастады. Орыс және шет ел монополияларының Қазақстандағы акцион. капиталы 71 млн. сомға жетті. Ол негізінен кен және мұнай өнеркәсіптерін қамтыды. Зауыттарды, кеніштер мен бай кен орындарын иемденіп алған шетелдіктер Қазақтанда өндіріс салаларын дамытуды мақсат етпеді. Олар мүмкіндігінше мол пайдаға кенелуді ғана көздеді. Осы кезеңде Қазақстанның едәуір жерінде темір жол тартылды (қ. Темір жол көлігі), Сібір және Орынбор – Ташкент темір жолы салынды. 1917 ж. оның жалпы ұз. 2793 км-ге жетті. Мұның өзі Қазақстанның түрлі аудандарының арасындағы экон. байланыстарды күшейтуге мүмкіндік ашты. Солт. аймақтарда саудалық егіншілік аудандары және бүкіл Қазақстан аумағы бойынша тауарлы мал ш. аудандары пайда болып, Қазақстан а. ш-ның тауар-ақша қатынастарына тартылуы күшейе түсті. Т. ж. ст-лары мен аймақтардан ішкі аудандарға жүк таситын және жүк алып қайтатын жергілікті көлік, пошта байланысы кәсіпкерлік қызмет аясына айнала бастады. Кәсіпқой жүк тасушылар пайда болды, ал қазақ кәсіпкерлері ұстап отырған пошта бекеттерінде 8 – 10 ат айдаушыға дейін жұмыс істеді. Алайда, өнеркәсіп пен көліктің дамуы өте төмен деңгейде қалды. Өлкенің жалпы ұлттық табысындағы өнеркәсіп өнімінің өзіндік үлес салм. 10%-дан аспады. Капитал, маман жұмыс күші, байланыс және көлік құралдары жетіспеді. Оның үстіне патша өкіметі қазақ өлкесін өзінің шикізат көзі, тауар өткізетін рыногі, отарлық шылауы ретінде ұстауына мүдделі болды. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары әуелгі кезде тек орыс бекіністері мен қалаларындағы айырбас орындарында ауыс-түйіс жасау жолымен ғана жүзеге асырылды және мұнда тауарлардың құнын көрсететін балам ретінде тек қой ғана пайдаланылды. Тауар-ақша қатынастарының дамуына орай жергілікті сауда жедел өркендеп, Қазақстан бүкілресейлік, сонан соң дүниежүз. рынокқа қосылды. Көліктің нашар дамуына, халықтың басым көпшілігінің көшпелі тұрмыс кешуіне байланысты сауда-саттық көбіне-көп жәрмеңкелер арқылы жүргізілді. Жәрмеңке көшпелілер көбірек шоғырланған аймақтарда, әдетте, жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіліп отырды. Олардың ең ірілері – Қоянды, Троицк, Шар, Қарқара, т.б. жәрмеңкелері. Қалалардың рөлі күшейіп, тұрақты сауда орталықтарына айнала бастады. Қазақ саудагерлері бірнеше санатқа бөлінді. Алып-сатарлар орыс көпестерінің тауарларын сатып алып, ел ішінде қымбатқа өткізумен шұғылданды. Сондай-ақ, мал ш. шикізатын – тері, жүн, т.б., кейде қолөнер бұйымдарын да сатып алу-сатумен шұғылданатын қазақ саудагерлері де пайда бола бастады. Қазақстанда сауданың өсімқорлық қарыз түрі етек алды. Мұның өзі несие-банк жүйесінің пайда болуына жол ашты. Қазақстанның несие жүйесі Ресей империясының бір бөлшегі ретінде Мемл. банк бөлімшелерінен, акцион. сауда банкісінің бөлімшелерінен, несие беретін қоғамдар мен қалалық қоғамдық банктерден, сондай-ақ, несие корпорациялары мен басқа да ұсақ несие мекемелерінен құралды. 1871 ж. Петропавлда қ-лық қоғамдық банк ашылды. Қазақстан аумағында Мемлекеттік банктің бөлімшелері құрыла бастады. Олар алдымен өлкенің ірі сауда-өнеркәсіптік орталықтарында – Орал (1876), Верный (1912) қ-ларында ашылды. Мал және мал ш. шикізатын сату көлемінің елеулі түрде ұлғая түсуіне байланысты 1894 жылдан бастап жыл сайын несие операцияларын қамтамасыз ету үшін ең ірі жәрмеңкелердің бірі – Қоянды қыстағында (Семей обл.) мемл. банктің уақытша бөлімшесі жұмыс істеді. Бұл кезеңдерде жергілікті халықтың несиеге тек қарыз кассалары мен ұсақ несие қоғамдары арқылы ғана қолы жетті. Қазақстанда т. ж-дың салынып, пайдаланылуы, өнеркәсіптің дамуы жұмысшылар қауымының қалыптасуына ықпал етті. Олар негізінен жұмыс іздеген қазақ кедейлері есебінен толықты. Жұмысшылардың, әсіресе, қазақ жұмысшыларының жағдайы өте ауыр болды. Шектен тыс ұзақ жұмыс күні (12 – 16 сағ), аз жалақы, отаршылдық қанау тәсілдері (мардымсыз ақы, айып төлеу, саудагерлерге кіріптарлық) оларды әбден титықтатты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қоғамдық-саяси және экон.-әлеум. қатынастарда түбірлі өзгерістер жүзеге асырылды. Барлық жерді мемлекет меншігіне алу, помещиктер жерлерін тәркілеу, жерді шаруаларға тегін беру туралы декрет жарияланды. Кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдерінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемл. меншігіне айналдыру, қоғамдастыру ісіне басшылық жасау мақсатымен соц. мемл. органдар, оның ішінде халық ш. органдары құрылды. Банктер, ірі өнеркәсіп орындары, көлік, т.б. шаруашылықтың шешуші салалары мемлекет меншігіне көшті. Сөйтіп, өндіріс құрал-жабдығына соц. меншікті орнату, халық ш-н жоспарлы дамыту, аймақтардың экономикасын КСРО халық ш. кешенінің бір бөлігі ретінде өркендету, т.б. негіздерінде соц. экон. жүйесі қалыптаса бастады. Қазақ өлкесінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекет меншігіне алу, жерді тәркілеу үдерісі саяси, экон., әлеум. өзіндік ерекшеліктерге байланысты 20-жылдардың бас кезіне дейін созылды. Бұл кезеңде өлкеде халық ш-ның барлық салалары бойынша мемлекет меншігіне алынған кәсіпорындар саны 1 мыңға жуықтады. Олардың ішінде ірілері: Қазақ (қырғыз) кен өнеркәсібі акцион. қоғамы, Кенді Алтай кәсіпорындары, Екібастұз көмір кендері, Спасск мыс қорыту з-ты, Атбасар мыс кенінің з-ттары мен кеніштері, Қарағанды мен Байқоңыр кендері, Орал – Жем өңірінің мұнай кәсіпшіліктері. Қазақ халқы Азамат соғысына (1918 – 20) жаппай қатыспағанымен, еріксіз араласуға мәжбүр болды. Қазақ жері ақтар мен қызылдардың майдан шебіне айналды. Бұған қоса қазақтарға қарсы азық түлік майданы, “Азық-түлік армиясының” және “Соғыс коммунизм саясатының” шабуылы салдарынан халық үркіншілік кезеңді бастан кешірді. Шаруашылығы күйреп, шаңырағы шайқалған қазақтар 20-жылдардың басында ашаршылыққа ұшырады. Азамат соғысынан кейінгі кезеңде Қазақстанда күйзелген халық ш-н Жаңа экономикалық саясат (НЭП) негізінде шаруашылықтарды қалпына келтіру жұмыстары өрістетілді. Ең алдымен, өнеркәсіп пен ауыл ш. өнімдерінің маңызды түрлерін өндіруді Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейге жеткізу көзделді. Жер-су, т.б. реформалар жүргізілді. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның мемл.-аумақтық жігі межеленді. Қазақстанның аум. 2,7 млн. км2 болып белгіленді, халқы 5,4 млн. адамға жетті. 1926 – 28 ж. қазақ а-дарында 1370 мың га шабындық, 1250 га егіндік жер қайта бөлінді. 1927 – 28 ж. республикада халық ш-н қалпына келтіру аяқталып, өнеркәсіпті индустрияландыру, ауыл ш-н ұжымдастыру кезеңіне аяқ басты. Экономиканың аграрлы бөлімі Кеңес мемлекетінің экон. дамуындағы ең басты мақсат – индустрияландырудың жылдамдатылуын демеуге тиіс болды. 20-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру шаруаларды өнеркәсіптен мүлдем алшақтатты (қ. Ұжымдық шаруашылық). Ірі соц. егін ш-н құруға ұмтылу “тәрбиелік маңызға” ие болды. Қазақстанда ұжымдастыру 1932 жылдың көктемінде аяқталады деп ұйғарылды. Жосықсыз жылдамдатылған үдеріс 1925 – 32 ж. ел басқарған Ф.И. Голощекиннің арандатушылық тәжірибесіне айналды. Ұжымдастырудың ең ауыр зардаптарының бірі байларды тәркілеу болды. “Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын” деген ұранмен басталған ұжымдастыру кезінде қазақтардың малы тігерге тұяқ қалдырылмай сыпырып алынды. 1930 жылғы 15 наурызға дейін Қазақстанда 3113 адам сотталып, қамауға алынды, 2450 шаруа қоныс аударды. Қазақстан аумағы Кеңес мемлекетінің басқа аймақтарындағы “кулактардың жер аударылатын” мекеніне айналды. Шаруалардың басына түскен жазалаудың алдында астық дайындау науқаны жүргізіліп, астық қоры, тұқымдық қоры тәркіленді. Мұның арты күнкөрістік ішіп-жемінен айрылған қазақ халқын жоңғар шапқыншылығы кезіндегі “ақтабан шұбырындымен” салыстыруға болатын алапат ашаршылыққа соқтырды. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 млн. 750 мың адамға, яки бүкіл қазақ халқының 40%-на жетті. 1 010 мың қазақ тарихи отанын тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Үкіметтің солақай белсенділікпен малды қырғынға ұшыратуы салдарынан қазақ қоғамының негізгі азық-түлік қоры болып табылатын дәстүрлі мал ш. қатты күйзеліске ұшырады. Малшы көшпенділерді сәтсіз отырықшыландыру ұжымшарларға соққы болып тиді. 1-бесжылдық (1929 – 32) тұсында Қазақстанда 40 өнеркәсіп іске қосылды, өнеркәсіп өнімінің жалпы көл. 3,2 есе артты. Оның жеке салалары: түсті металлургия өнімі 6,1 есе, құрылыс материалдары – 6,9, химия – 5,3, металл өңдеу – 4, отын – 3,1 есе өсті. 2-бесжылдық (1933 – 37) кезінде Қазақстанның табиғи қорларын қарқынды игеру ісі жалғастырылды. Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл, Ақтөбе химия комб-тары, Қарағанды көмір алабының шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, т.б. барлығы 120 өнеркәсіп пайдалануға берілді. Олардың арасында алдымен ұз. 1500 км Түркістан – Сібір темір жолы (Түрксіб) өлке экономикасының өсуіне зор ықпал етті. Республикада тамақ өнеркәсібі де даму жолына түсті. Семейде ет-консерві, Гурьев (қазіргі Атырау) пен Арал қ-ларында балық, Алматыда жеміс-жидек, Петропавл, Ақтөбе, Шымкент, Қарағандыда ет комб-тары салынды. Жеңіл және жергілікті өнеркәсіп салаларында да ондаған кәсіпорындар бой көтерді. 1938 – 40 ж. 700 кәсіпорын іске қосылды. 1940 ж. Қарағанды көмір алабының өндірісі 1913 жылмен салыстырғанда 77,5 есе көбейіп, 6460 мың т-ға жетті. Ембі мұнай кәсіпшіліктерінің өндірістік қорлары жаңартылды. 1940 ж. республикада 700 мың т мұнай өндірілді. Қарағанды, Алматы, Балқаш, Шымкент электр ст-лары, Үлбі су электр ст. пайдалануға берілді. Өскемен электр ст., бірнеше жылу-электр ст-лары салына бастады. 1940 ж. 632,4 млн. кВт сағ, яғни 1928 жылғы деңгейден 85 есе артық электр қуаты өндірілді. Жалпы алғанда республиканың өнеркәсіп өнімі Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейден 13 есе, ал ауыр өнеркәсіп бойынша 20 есеге жуық артты. Халық ш-ның жалпы өнімінде өнеркәсіптің үлес салм. 60% болды (1940). 2-дүниежүз. соғыс жылдары (1941–45) республика алдына айрықша қиын, кезек күттірмейтін және бір-бірімен байланысты міндеттер қойылды. Бұл КСРО-ның батыс аудандарынан көшірілген өнеркәсіп орындарын қабылдау, оларды тиісті жерлерге тездетіп орналастыру, өнім өндіруді кідіріссіз жолға қою болатын. Экономиканы түгелдей соғыс жағдайына бейімдеу, өндіріс қуаттарын үнемі арттыру, майданды барлық керекті заттармен қамтамасыз ету қажет болды. Республика бұл мәселелерді ойдағыдай шешті. 1941 жылдың 4-тоқсанында және 1942 жылдың басында Орта Азия мен Қазақстанға көшірілген 250 кәсіпорынның жартысынан астамы (142) Қазақстанға орналастырылды. Көшірілген және жаңадан салынған з-ттар мен ф-каларды іске қосу нәтижесінде жұмыс істеп тұрған негізгі қорлардың өндірістік қуаты біршама артты. Жаңа өнеркәсіп салалары пайда болды, олар: қара металлургия, мұнай өндіру, а.ш машиналарын жасау, станок жасау, кен және шахта жабдықтарын өндіру, сығымдағыш-автомат шығару, шағын литражды моторлар, прокат, құбырлар, сымдар, жасанды талшық жасау, т.б. Мата, жүн иіру, тоқыма заттар, шұлық, метиз-фурнитура, айна, кондитер, жеміс-консерві, темекі және шай өлшейтін өндірістер жұмыс істеді. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа з-ты, Қазақ металлургия з-ты, Текелі полиметалл комб., Қарағанды көмір шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, Гурьев (қазіргі Атырау) мұнай айыру з-ты, кен байыту ф-калары, кеніштер, Қаратау кен-химия комб., электр ст-лары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі орындары, жүздеген км т. ж. желілері іске қосылды. Түсті металлургия өнімдерінің маңызы артты, мыс өнімдерін өндіру 1,5 есе өсті. Қазақстан ел қорғанысына аса қажетті қорғасын беретін негізгі базаға айналды. Қысқа мерзім ішінде мыс пен қорғасын қақтамаларын өндіру игерілді. Балқаш жұмысшылары мыс өндіруді 10 есе, молибденді 20 есе, түсті металл қақтамасын 2 есе арттырды. Ақтөбе ферроқорытпа з-ты мен Жезді марганец кеніші ел қара металлургиясының қажеттерін едәуір дәрежеде қанағаттандырып отырды. Қазақ металлургия з-ты 1944 ж. желтоқсанда тұңғыш рет болат берді. Республика майдан мен тылды көмірмен, мұнаймен, түсті және қара металдармен жабдықтау жөніндегі жетекші базалардың біріне айналды. Елді көмірмен жабдықтайтын кен орнының бірі ретінде Қарағанды көмір алабын дамытуға баса назар аударылды. Соғыс кезінде Қарағанды кеншілері 34 млн. т-дан астам көмір өндірді, Оңт. Оралға берілетін кокстелетін көмір көл. 90% өсті. Қазақстанның мұнай өндірісі бүкіл соғыс жылдары майданды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етті. Гурьев мұнай айыру з-ты іске қосылуына байланысты әскери техника жоғары октанды бензинмен және сапалы жағар маймен қамтамасыз етіле бастады. Қазақстанның отын және металлургия өнеркәсіптері жоғары қарқынмен дамыды. Соғыс жылдарында Қаратау кен-химия з-ты (1944), Қарағанды синтет. каучук з-ты (1943), Қостанай жасанды талшық з-ты, Гурьев (Атырау) мұнай айыру з-ты (1945) салынды. Алматы ауыр машина жасау з-ты, Шымкент пресс-автоматтар з-ты, Целиноград (Астана) “Қазақ ауыл шаруашылық машинасы”, Орал арматура з-ттары жалпы одақтық маңызға ие болды. Армияны киім-кешекпен және соғыс жабдықтарымен, ал халықты күнделікті тұтыну заттарымен жабдықтаған жеңіл және тамақ өнеркәсібінің маңызы ерекше. Маман жұмысшылар мен қызметкерлердің соғысқа кетуіне байланысты кәсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету қиындай түсті. Әйелдерді, жас жеткіншектерді, қарт кісілерді жұмысқа тартуға тура келді. Қазақстанда соғыс жылдары 102 мың жас жұмысшы тәрбиеленді. 1945 ж. өнеркәсіп өндірісінде істейтіндердің саны 255,4 мың адамға жетті. Соғыстың алғашқы жылында қорғаныс қорына республика халқынан түскен ақша мөлш. 700 млн. сомнан асты. Соғыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан 1945 ж. мұнай өндіру 1940 жылмен салыстырғанда 1,3 есе, көмір – 1,7, электр энергиясын өндіру 1,8 есе артты. Соғыс жылдарында республикада а. ш. салалары тез дамыды. 1942–43 ж. а. ш. дақылдарының егіс көл. 1 млн. га-дан астам ұлғайды. Қазақстан ауылдары мен деревнялары зор жігермен еңбек етті. Республика шаруашылықтары мемлекетке 5839 мың т астық, оның ішінде 3568 мың т бидай, 241 мың т картоп, 174 мың т көкөніс, 1389 мың т қант қызылшасы, 323 мың т мақта, 738 мың т мал мен құс етін, 1146 мың т сүт, 64 мың т жүн өткізді. Көлік пен байланыс жүйесін дамыту жөнінде қыруар жұмыстар жүргізілді. Республика аумағында т. ж-дың пайдалану ұз. 1631 км-ге, жүк тасымалы 5,7 млн. т-ға жетті. Уралды көмірмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қарталы – Ақмола (Астана) т. ж. желісі қатарға қосылды. Гурьев (Атырау) – Қандағаш, Жамбыл (Тараз) – Шолақтау т. ж. желілері пайдалануға берілді. Күрделі құрылыс көлемі ұлғайды. 2-бесжылдықта барлық салалар бойынша 721 млн. сом күрделі қаржы игерілсе, 4 жарым жыл ішінде (1941 – 46) 981 млн. сом игерілді. Соғыстан кейінгі бесжылдықтарда (1946 – 60) Қазақстан экономикасы бейбіт жағдайға көшіріліп, қандай да болсын халық ш. мәселелерін шеше алатын, одақтың негізгі а. ш. базаларының біріне айналды. Жаудың басып алуынан (оккупациядан) зардап шеккен және өнеркәсіптің соғысқа дейінгі дәрежесіне 1949 жылдың аяғында ғана жеткен аудандардан Қазақстан халық ш-ның өзгешелігі сонда, ол қалпына келтіру кезеңіне соқпай, бұрынғысынша ұдайы өндіріс негізінде дамыды. Қазақстан бұл аудандарға металл, отын, шикізат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдық, азық-түлік, асыл тұқымды мал, т.б. жөнелтіп тұрды. 4-бесжылдықта (1946 – 50) өнеркәсіптің “А” тобы салаларын және а. ш-н өркендету үшін республикада барлық күрделі қаржының тиісінше 40,2%-ы және 14,2%-ы пайдаланылды. Одақтық өнеркәсіптің жалпы өнімінің 1940 – 50 ж. өсу қарқыны 173% болса, Қазақстан өнеркәсібінің өсу қарқыны 232%-ға жетті. Кәсіпорындардың саны 4 мыңға жетті. Осы жылдары Қазақ металлургия, Балқаш мыс қорыту, Балқаш кен-металлургия з-ттары, Лениногор (Риддер) қорғасын комб., Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш, Ақтөбе ферроқорытпа з-ттары мен Ақтөбе химия комб., Жамбыл (Тараз) суперфосфат з-ты, мұнай өндіретін Қаратон және Мұнайлы кәсіпшіліктері, т.б. кәсіпорындар салынып, өндірістік қуаттары кеңейтілді. Машина жасау және метал өңдеу өнеркәсібі негізінен қайта құрылды. Т. ж-дың пайдаланылатын бөлігінің ұзындығы Қазақстан аумағында 1940 ж. 6,6 мың км болса, 1945 ж. 8,2 мың км-ге, 1950 ж. 8,4 мың км-ге, 1960 ж. 11,5 мың км-ге жетті. Өзен және автомоб. көлігі жедел дамыды. Жүк тасымалы 1950 ж. 1945 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Республиканың 21 қаласында автомоб. қатынасы орнады. 1950 ж. мемл. және кооп. бөлшек сауда тауар айналымы 1940 ж. деңгейінен 48% өсті. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жеделдетілді. Қала мен жұмысшы қыстақтарының тұрғын үй қоры 5 млн. м2-ден астам өсті, ауылдық жерлерде 100 мың м2 үй салынды. 1946 ж. оқу-ағарту, денсаулық сақтау, әлеум. қамсыздандыруға бөлінген қаржы 1013,2 млн. сом болса, 1950 ж. 1734,9 млн. сомға жетті, яки 70%-дай көбейді. А. ш-ның материалдық-тех. базасы нығайды. Мыс., кеңшарлар саны 1940 жылғы 194-тің орнына, 1950 ж. 269-ға жетті. Ұжымшарлардағы а. ш. жұмыстарын тех. жағынан жарақтандыру 70%-ға (1940 ж. 57,2%) жетті. Кеңшарлардағы трактор парктерінің қуаты 2 есе, комбайндар – 2,7 есе, негізгі қорлар 3,9 есе өсті. Осының негізінде кеңшарлардың егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды (1945 ж. – 630,0 га, 1950 ж. – 1150,6 мың га). 1950 ж. ұжымшарларды ірілендіру негізінде а. ш-н шоғырландыру басталды. Әр ұжымшарға келетін егіс көл. 2 есе ұлғайып, 2000 га-ға жетті. Орта есеппен бір ұжымшарға келетін мал саны 3 есе өсті. 1946 – 60 ж. ірі қара саны 26,6%, қой мен ешкі – 75,9% өсті. Дәнді дақылдардың жалпы түсімі 1950 ж. 4,8 млн. ц, астық шығымдылығы әр га-да 4,3-тен, 7,9 ц-ге артты. Мемлекетке астық сату 2 есе, ірі қара саны 1,3, қой мен ешкі саны 2,2 есе көбейді. 1954 жылдың көктемінен бастап тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары басталды. 1954 – 55 ж. 34 астық кеңшары құрылды. Тыңды игеру үшін (1954 – 56) республикаға сырттан барлығы 640 мыңнан астам адам келді. 1954 – 58 ж. а. ш-н механикаландыруға, өндірістік үйлер мен құрылыстар салуға 9,7 млрд. сом қаржы бөлінді, бұл өткен бесжылдықтарға қарағанда 2,5 есе артық. 1960 жылдың аяғына қарай Қазақстанда 25 млн. га тың және тыңайған жерлер игерілді. Сол жылдың басында Қазақстанда 333 кеңшар болды. Қазақстанда а. ш-ның жалпы өнімі 1950 жылғы деңгейден 2,8 есе, оның ішінде егіншілікте 3,3 есе, мал ш-нда 1,9 есе артты. Дәнді дақылдардың егіс көл. 1950 ж. 6,0 млн. га-дан 1960 ж. 21,9 млн. га-ға жетті. Мемлекетке астық сату 1960 ж. 10,5 млн. т-дан асты (1950 ж. 2,1 млн. т). Алайда тың игерудің пайдалы жақтарымен қатар экол., экон. және әлеум. салдарлары да болды. Тың көтеру әлеум. тұрғыдан бірқатар кері әсерлерге ұшыратты. Тың және тыңайған жерлерді игеру одақтың басқа аймақтарындағы еңбек қорларын тарту арқылы атқарылғандықтан іс жүзінде бақылаусыз көші-қон қозғалысы туды. Тың игерген аймақтың жергілікті тұрғындарына балалары оқитын мектептердің, өздері істейтін ұжымшарлардың жабылып қалуына байланысты туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Соның салдарынан республиканың жергілікті тұрғындарының үлес салм. 30%-ға дейін азайды. Қазақ тілінің дамуы мен қазақ этносының әлеум.-мәдени ин-ттарына қатер туды. 5-бесжылдықта республикада 200-ге жуық ірі кәсіпорын қатарға қосылды. Қарағанды металлургия з-ты, Соколов-Сарыбай  кен  байыту  комб. салына бастады. Жаңа көмірлі аудандар (Саран, Шерубай – Нұра, Шахан) игерілді. Екібастұз кенінде алғашқы ірі көмір қимасы пайдалануға берілді. Өскемен су электр ст. іске қосылды, Бұқтырма СЭС-нің құрылысы басталды. Мұнай және газ өнеркәсіптері   жоғары   қарқынмен дамыды. Химия өнеркәсібі Қазақстанның а. ш-н және Орта Азия республикаларын фосфор тыңайтқыштарымен қамтамасыз етуге негізделді. Қарағанды синтет. каучук з-ты ауыр өнеркәсіпті органик. синтез өнімдерімен, құрылыс индустриясын кальций карбидімен қамтамасыз етті. Республикада құрылыс жұмыстары кең өріс алды. 1960 жылдың қаңтарына қарай Қазақстанда 398 кірпіш, 119 әк з-ттары, 221 қабырға блоктарын өндіретін кәсіпорындар, 895 бейруда құрылыс материалдарын өндіретін өңдеуші кәсіпорындар жұмыс істеді. 1958 ж. Алматы, Өскемен, Қарағанды қ-ларында алғашқы телеқондырғылардан бейнехабар беріле бастады. 1960 – 85 ж. Жалпы КСРО-да халық ш-н біртұтас кешенге айналдыру бағдарламасы жасалып, одақтас республикалардың экономикасын жалпы одақтық көлемде орталықтандырылған басқарумен ұштастыру, республикалар арасындағы еңбек бөлінісін тереңдету көзделді. Осыған орай республикада өнеркәсіптік өндірісті аумақтық жағынан ұйымдастырып, аймақтардағы өндіргіш күштерді кешенді түрде дамытуға ден қойылды. Сан алуан табиғи байлықтарды қарқынды түрде халық ш. айналымына қосу, өндіріс құрал-жабдықтары өндірісін басымырақ дамыту, республиканың жергілікті жағдайлары мен ерекшеліктерін ескере отырып жалпы одақтық және аймақтық мүдделерге сай келетін өнімдер өндіруге мамандандыру міндеті алға қойылды. 1985 ж. республиканың қоғамдық, жалпы өнімі 1960 жылмен салыстырғанда 3,9 есе артты. Материалдық өндірістің басқа салаларының да даму деңгейі жоғары болды. Өнім өндірудің жалпы көлемі өнеркәсіпте 5 есе, а. ш-нда 1,7 есе, материалдық-тех. жабдықтауда – 2,9, құрылыста – 3,4, көлік пен байланыста – 4,6, сауда мен қоғамдық тамақтандыруда – 4,5, өнім дайындауда – 2,4 есе өсті. Аса бай табиғат қорлары негізінде өнеркәсіп халық ш. кешенінде жетекші орынға ие болды. Ірі кәсіпорындар, жаңа шахталар пайда болды. Мұнай, болат, минералды тыңайтқыштар, көмір, т.б. табиғат қорларын ашудың көлемі көбейді. Халық ш-ның мамандандырылған салалары (түсті және қара металлургия, отын-энергет. кешені, т.б.) басымырақ дамыды. Павлодар, Екібастұз, Қаратау, Жамбыл, Маңғышлақ аумақтық-өндірістік кешендері (АӨК) қалыптасты, Қарағанды – Теміртау, Шығ. Қазақстан, Торғай және Шымкент – Кентау аумақтық өндірістік кешен дамытылды. 70-жылдардан бастап өндіріс жоспарлы түрде шоғырландырылып, негізгі өнім түрлерін неғұрлым ірі кәсіпорындар мен өндірістік бірлестіктер өндірді. 1986 жылдың басына қарай республикада 610 кәсіпорынды біріктірген, бүкіл өнеркәсіп өнімінің жартысынан астамын шығаратын 162 бірлестік болды. 1984 жылдың аяғында республикада 2139 кеңшар, 412 ұжымшар, 203 шаруашылықаралық кәсіпорындар мен ұйымдар, 40 өндірістік а.ш. бірлестігі жұмыс істеді. Тамақ өнеркәсібі 30 сала мен өндірісті қамтыды. Халықтың жан басына шаққанда ұлттық табыс 1960 жылмен салыстырғанда 1985 ж. 2 есе, нақты табыс 2,2 есе, төлемдер мен жеңілдіктер 3,9 есе өсті. Бейөндірістік аяның барлық салаларының негізгі қорлары 1975 жылмен салыстырғанда 1985 ж. 3,1 есе өсті, оның ішінде денсаулық сақтау, дене шынықтыру, әлеум. қамсыздандыру салаларының қорлары 5,7 есе, ағарту ісінде 5,8, мәдениет пен өнерде 4,8 есе өсті. Республика қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Одақтағы мыс, қорғасын, қалайы секілді металдарды өндірудің 30%-дан 70%-ға дейінгісі Қазақстан үлесіне тиді. Қазақстан бірден-бір а. ш. аймағына айналды. Мемлекет қорына Қазақстаннан жүннің әрбір төртінші тоннасы, еттің әрбір он екінші тоннасы, астықтың әрбір бесінші тоннасы түсіп отырды. Өкінішке қарай осындай аса зор халық ш. әлуеті, басқару жүйесінің қолайсыздығынан, Қазақстан халқының жағдайын түпкілікті жақсарта алмады. 20 ғ-дың 70-жылдары және 80-жылдарының бірінші жартысында Қазақстан экономикасы экстенсивті негізде, экон. ынталандыруға мән берілмей, жаңа технол. үрдістерді елеместен, бұрынғы сарынмен дами берді. Бұл кезең елде тоқырау жылдары деп есептелгенімен, жалпы Қазақстанда экон. қуат біршама өсті. Бұл жылдары қара металлургияның одан әрі дамуымен бірге Соколов-Сарыбай және Лисаков кен байыту комб-тары іске қосылды. Одақтағы ақ қаңылтыр шығаратын ең күшті цехы бар Қарағанды металлургия комб-ның құрылысы аяқталды. Ермак (қазіргі Ақсу) және Ақтөбе ферроқорытпа з-ттары жұмыс істей бастады. Ақтөбеде хром кенін шығару арта түсті. Целиноградтың (Астананың) а. ш. машина-құрылыс з-ты, т.б. кәсіпорындар өздерінің өнімдерін шығара бастады. Қарағанды және Екібастұз көмір алаптарында көмір шығару үлкен қарқынмен жүрді. А. ш. 1979 ж. жоғары көрсеткішке жетті. Тың жерлерді игерген 25 жыл ішіндегі ең мол астық өнімі алынды. Республика мемлекетке 1 млрд. 262 млн. пұт, яки 20 млн. т астық берді. Өнеркәсіптің шикізатқа бағдарланған бір жақты құрылымы, 20 ғ-дың 60 – 70-жылдары орт. мин-тер мен мекемелердің өктемдігімен орнықты. Қазақстандағы кен қазу салаларының өнімі 80-жылдардың басында Одақтағы орташа деңгейден 1,7 есе артық болды. Республиканың экон. қуатының жартысынан көбі одақ мин-терінің бақылауында еді. Республиканың шикізат қорларын сорудан қыруар кіріс тапқанымен одақтық мекемелер республика бюджетіне ешқандай қаражат түсірмеді. Табиғи ортаны қорғау мен адам денсаулығы және әлеум. инфрақұрылымдардың дамуы жөнінде де ешқандай қамқорлық көрсетілмеді. Көп жылдар бойы шикізат салаларының үлкен кәсіпорындар түрінде дамуы өнеркәсіптің ғыл. жолмен дамымауына, өндіруші және қайта өңдеу өнеркәсібі деңгейінің төмен болуына, халық тұтынатын тауарлардың өте баяу шығарылуына әкеліп соқтырды. Азық-түліктен өзге тұтынылатын тауарлардың 60%-ына жуығы сырттан әкелінді. Бүкіл халық ш-на тән тежелудің бәрі де республика экономикасында көрініс тапты. Сөйтіп, өнеркәсіп өнімдері өсуінің орташа шапшаңдығы 9-бесжылдықтағы 8,4%-дан 11-бесжылдықта 3,8%-ға дейін қысқарды, ұлттық табыс 4,4%-дан 1,4%-ға төмендеді. 9-бесжылдық жоспары 12,6%, 10-бесжылдық 2,5%, 11-бесжылдықтікі 3,6% кем орындалды. Қазақстанның а.ш-нда қайта өңдеу, сақтау, іске асыру ең артта қалған салалар болды. Бұл кезеңдегі экон. дағдарыс әлеум. саланы да қамтыды. 1970 – 85 ж. республика тұрғындарының көпшілігінің тұрмыс деңгейі, жалпы алғанда, көтерілгендігі байқалады. Отбасының көбінде теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машиналары пайда болды, азаматтардың жеке меншік автокөліктері мен ұзақ мерзімді сұраныс тауарларының саны көбейді. Алайда әлеум. салада, жалпы алғанда, жағымсыз процестер тез шешілудің орнына үдей түсті. Қаржыландырудағы қалдықтық қағиданың салдарынан мед. қызмет көрсету, білім беру, мектепке дейінгі тәрбие беру істері артта қалды. Ауылдар мен селолардың жартысынан көбінде денсаулық сақтау мекемелері болмады. Үй, мәдени-тұрмыс нысандарының құрылысы, қызмет ету түрлерінің дамуы тұрғындардың қажеттілігінен көп төмендеді. Бұл жылдары ірі өнеркәсіптік және энергет. кешендерді салатын мекемелердің үлкен ауқымды индустриялы экспансиясы өрістеді. Мұның бәрі қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. 90-жылдардың басында экономиканың тежелуі экон. дағдарыстың ушығуы, соның салдарынан тұрмыс деңгейінің төмендеп кетуі одақтас республикаларды тәуелсіздік жолындағы белсенді қимылға бастады. Саяси саланы демократияландыру күшейген сайын экон. жағдай күрделілене түсті. Қоғамды демократияландыру соц. теңгермешілікпен жарасым таба алмады. Экономиканы түбірімен реформалау – мемл. меншікке негізделген соц. жоспарлы экономикадан нарықтық көп меншікті экономикаға көшу қажеттігі туды. Мұның өзі бір сәттік іс емес және қиындықсыз болмайтын үдеріс еді. Одақтас республикалардың егемендігін кеңейтуге байланысты бірнеше экон. маңызды заңдар қабылданды. “Қазақ КСР-індегі меншік туралы” Заң соц. экономикадан нарықтық экономикаға көшудің негізін салды. Осы заңға сәйкес өндіріс құрал-жабдықтарын меншіктенудің мемл. меншіктен басқа түрлерінің де болуына рұқсат етілді. Сөйтіп, әлемдік экон. кеңістіктің 1/3-іне жарты ғасырдан артық уақыт бойы үстемдік еткен соц. өндіріс тәсілі біржола күйреді. Қазақстан экономикасында, басқа одақтас республикалардағы сияқты, нарықтық қатынастар орнай бастады, әр түрлі кооперативтер, жеке меншік фирмалар мен шағын кәсіпорындар пайда болды. 80-жылдардың аяғына қарай орталықтың республиканы бақылауының әлсіреуі салдарынан, шет елдермен тікелей экономика және сауда байланыстарын орнатуға мүмкіндік туды. Қазақстан бұрын да өз өнімдерін шетке шығарып отырған, оның 97%-ы шикізаттар, материалдар мен жартылай шикізаттар болатын. Экономикаға түбірлі реформа жасау және меншіктің көп түрлілігі негізінде нарықтық қатынастар орнату үшін бірқатар заңдар қабылдау керек болды. Орталыққа бағынған кезінде Қазақстанда “Қазақ КСР-індегі еркін экономикалық аймақтар туралы”, “Қазақ КСР-індегі шет ел инвестициялары туралы”, т.б. заңдар қабылданды. Республикада Сыртқы экономика мин. құрылды, Сыртқы экономика банкі ашылды. Әр түрлі экон. қауымдастықтардың, корпорациялардың дүниеге келуі өзара әріптестік сауданың дамуына жағдай туғызды, оның көл. 1990 ж. 1,5 есе өсті. Жаңа құрылымдардың пайда болуымен бірге адамдардың іскерлік белсенділігі артты. Бірлескен кәсіпорындар мен банктер ашыла бастады. 1990 ж. қарашада Сауд Арабиясымен біріккен “Әл-Барака банк Қазақстан” банкі құрылды, Оңт. Кореяның “Самсунг” корпорациясымен іскерлік байланыс орнатылды. Сеулдік кәсіпкерлер Алматыдан мейрамхана ашты. Қазақстан – Қытай әуе жолы мен Жаркент – Құлжа (Инин) автожолы жұмыс істеді. 1991 ж. Қазақстанда әлемнің 25 елінің қатысуымен құрылған 35 біріккен кәсіпорын ресми түрде тіркелді. Республикадағы тоқыраған экономиканы шет мемлекеттердің экон. және технол. көмегінсіз қалпына келтіру қиын еді. Шет ел капиталын тарту үшін республика жаңа заңдар қабылдап, инвесторларды 5 жыл бойы табыс салығын төлеуден босатты. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  
09.11.2012 03:50 13095

Соңғы редакциялау:

22 қазан 2012

Экономикасы. Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде көшпелі мал ш-на негізделді. Мал жыл бойы өрісте бағылады. Жер көшпелі қауымның ортақ меншігі болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншікте болды. Шын мәнінде малдың иесі жайылымға да иелік етті. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттілігі жойылған кезеңнен бастап, әсіресе, 1891 ж. Дала ережесі өмірге енгізілгеннен кейін, көшпелі ш-тың сипаты өзгерді. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелілердің едәуір бөлігін жерсіз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуір қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгерді. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлінген жерлердің шекарасы айқындала бастады.

19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында көшпелі ш-ты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кеміп кетті. Көшпелілердің кедейленген бөлігі отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуіне патша өкіметінің ең шұрайлы жерлерді тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерін тигізді. Шын мәнінде бұл байырғы халықты ата мекендерінен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейін патша үкіметі қазақтардан 45 млн. гектардан астам жерді тартып алып, ішкі Ресейден келген жаңа қоныс тебушілерге алып берді. Патша үкіметінің қоныс аудару саясаты жергілікті халықтың экон. мүдделеріне нұқсан келтірді. Ол қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы жартылай отырықшы мал ш-на және егіншілікке бейімделмеген қазақ көшпелілерінің табиғи дамуын тежеді. Көшпелі ш. дағдарысы құнары аз аймақтарға ығысқан жұрттан мал ш-н анағұрлым тиімді жүргізуді, сондай-ақ, егіншілік пен отырықшылыққа көшу мәселесін шұғыл күн тәртібіне шығарды. Қазақ халқының жерге қоныстану, оны пайдалану жолындағы күресі, атап айтқанда, жерді әділ бөлу, орталықтан көшіріп келген шаруаларға кепілді жер телімдерін қазақтардан тартып алып беруді доғартуға ұмтылу аса маңызды мәселелердің біріне айналды. Қазақтардың Мемл. Думаға, басқа да мекемелерге жазған көптеген арыздарында жер иелену құқықтарының нақты еместігі салдарынан көшпелі ш-тар жағдайының тиянақсыз болып отырғандығы атап көрсетілді. Мұның өзі олардың еңсесін түсірді, ертеден орныққан үй-жай, қора-қопсыларынан айрылып, шөл және шөлейт, басқа да қолайсыз аймаққа қайта орнығуға, шаруашылықты жетілдіруге деген ықыласын кемітті. Отырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшін қиын үдеріс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгілі бір мөлшерде қаржы-қаражат та қажет еді. Ал патша үкіметі қандай да бір көмек көрсетуден бас тартты. Осындай себептерге байланысты қазақ жерінде отырықшылыққа көшу кең таралмады. Бұл үдеріс егіншілікті дамытуға анағұрлым қолайлы жағдайлары бар солт.-шығыс облыстарда, қоныс аударған орыс шаруаларымен тығыз араласқан жерлерде өріс алды. Сөйтіп, Қазақстанда әрқилы табиғи-геогр. және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы сияқты үш түрі қалыптасты. Соңғы екеуінде шөп шабу мен егіншілікті дамыту нәтижесінде а. ш. машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бірлесіп, кейінірек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 ж. тек Ақмола обл-ның қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды.

Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп еніп, бір жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметінің ауқымын кеңейтті, екінші жағынан, өсімқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттілер бүкіл малды, қауымдық жерлерді өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерін, қыстақтар мен жайлауларды иемденіп алды. Қазақ қоғамының көпшілігі іс жүзінде өндіріс құрал-жабдығы жоқ кедейлер еді. Сауда-саттықты кәсіп етушілер мен өз шаруашылығында жалдама еңбекті пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлік-кәсіпкерлік өріс алды. Сөйтіп, қазақ жеріндегі нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетіне ықпалы күшейді.

Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылының экономикасындағы басқа да өзгерістерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншігіне айнала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстан экономикасында әр түрлі экон. ұстындардың астасуы байқалды.

Столыпиннің аграрлық реформасы Қазақстанға қоныс аударушылардың шаруашылығында жеке меншікті қалыптастыруға негізделді. Қоныс аударушылар жаңа қоныстарда жерді қауымдасып пайдаланды, көптеген жұмыстарды бірлесіп атқарды. Орыс кулактары хуторлық шаруашылық жүргізді. Шұрайлы жерлерді кесіп алып, тағылықпен пайдаланды. Қоныс аударғандардың анағұрлым жетілген еңбек құралдары және егіншілік мәдениетінде жинақтаған едәуір тәжірибесі болды.

Халықтан жиналатын түрлі алым-салықтар жылдан-жылға өсе түсіп, еңбекшілерге ауыртпалық әкелді. Сол кезеңдегі елге салынған негізгі салық түрлері: мемл. төлемдер (түндік басы алымы, земство жарнасы), болыстық жарналар (шығын, қарашығын, т.б.), натуралды міндеткерліктер. Түндік басы алымы (түтін салық) мемл. жерді пайдаланғаны үшін төленетін салық-рента болатын. Ресми түрде ол халықтың әл-ауқатына қарай салынуға тиіс болса, іс жүзінде билеп-төстеушілер оны түндік иелерінің бәрінен бірдей мөлшерде алып отырды. Шығын салығы болыстың және болыс кеңсесінің мұқтаждарына жарату үшін жиналды. Оның көлемін алдын ала білу мүмкін емес еді, өйткені оны кез келген сылтаумен, тіпті сылтаусыз да жинай беретін. Ақшасы жоқтығынан кедейлер өсімқорларға жүгінуге мәжбүр болды, мұның өзі алым-салық ауыртпалығын бұрынғыдан әрі күшейтті.

Қазақстанда қолөнері кәсібі ғасырлар бойы көшпелі ш-пен байланысты дамыды. Өздері тұтынатын қажетті өнімнің көбісін әр отбасы өзі немесе ағайын-туыс, көрші-қолаң көмегімен өндірді. 19 ғ-дың 2-жартысында қолөнерді (киіз үй, ер-тұрман, зергерлік бұйымдар, т.б. жасау) негізгі кәсібі еткен шеберлер мен ісмерлер пайда бола бастады. Олар ауыл-ауылды аралап жүріп жұмыс істеді. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында өндірушілер тауарды тұтынушылардың тапсырысы бойынша ғана емес, базарға сату үшін де өндіретін майдагерлік дами бастады.

Қазақ еліне орыс капиталының енуі өлкеде өнеркәсіптің дамуына түрткі болды. Қарағанды көмір кеніші, Успен мыс өндірісі, Спасск мыс қорыту з-ты, Қалба алтын кен орындары, т.б. ірге көтерді. Кәсіпкерлер өлкенің аса бай табиғи қорларын рәсуа етіп, бей-берекет пайдаланды. А.ш. өнімдерін өңдейтін: тері илеу, былғары жасау, май шайқау, май айыру, сабын қайнату, т.б. өнеркәсіп орындары дами бастады. Әдетте, мұндай кәсіпорындар қарапайым ғана техникасы және 3 – 5 жұмысшысы бар жартылай қолөнерлік шағын майдагерлік сипатта болды. Бұл кезеңде а. ш. шикізатын өңдейтін қарапайым қолөнер шеберханалары мен ұстаханалары сипатындағы алғашқы ұлттық өнеркәсіп орындары қалыптасты. 1900 ж. Қазақстанда 2668 өнеркәсіп болса, 1913 ж. олардың саны 6000-ға жетті. Орыс капиталынан кейін іле-шала Қазақстанға (әсіресе 19 ғ-дың аяғында), негізінен кен өнеркәсібіне, шет ел капиталы да ене бастады. Орыс және шет ел монополияларының Қазақстандағы акцион. капиталы 71 млн. сомға жетті. Ол негізінен кен және мұнай өнеркәсіптерін қамтыды. Зауыттарды, кеніштер мен бай кен орындарын иемденіп алған шетелдіктер Қазақтанда өндіріс салаларын дамытуды мақсат етпеді. Олар мүмкіндігінше мол пайдаға кенелуді ғана көздеді. Осы кезеңде Қазақстанның едәуір жерінде темір жол тартылды (қ. Темір жол көлігі), Сібір және Орынбор – Ташкент темір жолы салынды. 1917 ж. оның жалпы ұз. 2793 км-ге жетті. Мұның өзі Қазақстанның түрлі аудандарының арасындағы экон. байланыстарды күшейтуге мүмкіндік ашты. Солт. аймақтарда саудалық егіншілік аудандары және бүкіл Қазақстан аумағы бойынша тауарлы мал ш. аудандары пайда болып, Қазақстан а. ш-ның тауар-ақша қатынастарына тартылуы күшейе түсті. Т. ж. ст-лары мен аймақтардан ішкі аудандарға жүк таситын және жүк алып қайтатын жергілікті көлік, пошта байланысы кәсіпкерлік қызмет аясына айнала бастады. Кәсіпқой жүк тасушылар пайда болды, ал қазақ кәсіпкерлері ұстап отырған пошта бекеттерінде 8 – 10 ат айдаушыға дейін жұмыс істеді. Алайда, өнеркәсіп пен көліктің дамуы өте төмен деңгейде қалды. Өлкенің жалпы ұлттық табысындағы өнеркәсіп өнімінің өзіндік үлес салм. 10%-дан аспады. Капитал, маман жұмыс күші, байланыс және көлік құралдары жетіспеді. Оның үстіне патша өкіметі қазақ өлкесін өзінің шикізат көзі, тауар өткізетін рыногі, отарлық шылауы ретінде ұстауына мүдделі болды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары әуелгі кезде тек орыс бекіністері мен қалаларындағы айырбас орындарында ауыс-түйіс жасау жолымен ғана жүзеге асырылды және мұнда тауарлардың құнын көрсететін балам ретінде тек қой ғана пайдаланылды. Тауар-ақша қатынастарының дамуына орай жергілікті сауда жедел өркендеп, Қазақстан бүкілресейлік, сонан соң дүниежүз. рынокқа қосылды. Көліктің нашар дамуына, халықтың басым көпшілігінің көшпелі тұрмыс кешуіне байланысты сауда-саттық көбіне-көп жәрмеңкелер арқылы жүргізілді. Жәрмеңке көшпелілер көбірек шоғырланған аймақтарда, әдетте, жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіліп отырды. Олардың ең ірілері – Қоянды, Троицк, Шар, Қарқара, т.б. жәрмеңкелері. Қалалардың рөлі күшейіп, тұрақты сауда орталықтарына айнала бастады. Қазақ саудагерлері бірнеше санатқа бөлінді. Алып-сатарлар орыс көпестерінің тауарларын сатып алып, ел ішінде қымбатқа өткізумен шұғылданды. Сондай-ақ, мал ш. шикізатын – тері, жүн, т.б., кейде қолөнер бұйымдарын да сатып алу-сатумен шұғылданатын қазақ саудагерлері де пайда бола бастады. Қазақстанда сауданың өсімқорлық қарыз түрі етек алды. Мұның өзі несие-банк жүйесінің пайда болуына жол ашты. Қазақстанның несие жүйесі Ресей империясының бір бөлшегі ретінде Мемл. банк бөлімшелерінен, акцион. сауда банкісінің бөлімшелерінен, несие беретін қоғамдар мен қалалық қоғамдық банктерден, сондай-ақ, несие корпорациялары мен басқа да ұсақ несие мекемелерінен құралды. 1871 ж. Петропавлда қ-лық қоғамдық банк ашылды. Қазақстан аумағында Мемлекеттік банктің бөлімшелері құрыла бастады. Олар алдымен өлкенің ірі сауда-өнеркәсіптік орталықтарында – Орал (1876), Верный (1912) қ-ларында ашылды. Мал және мал ш. шикізатын сату көлемінің елеулі түрде ұлғая түсуіне байланысты 1894 жылдан бастап жыл сайын несие операцияларын қамтамасыз ету үшін ең ірі жәрмеңкелердің бірі – Қоянды қыстағында (Семей обл.) мемл. банктің уақытша бөлімшесі жұмыс істеді. Бұл кезеңдерде жергілікті халықтың несиеге тек қарыз кассалары мен ұсақ несие қоғамдары арқылы ғана қолы жетті.

Қазақстанда т. ж-дың салынып, пайдаланылуы, өнеркәсіптің дамуы жұмысшылар қауымының қалыптасуына ықпал етті. Олар негізінен жұмыс іздеген қазақ кедейлері есебінен толықты. Жұмысшылардың, әсіресе, қазақ жұмысшыларының жағдайы өте ауыр болды. Шектен тыс ұзақ жұмыс күні (12 – 16 сағ), аз жалақы, отаршылдық қанау тәсілдері (мардымсыз ақы, айып төлеу, саудагерлерге кіріптарлық) оларды әбден титықтатты.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қоғамдық-саяси және экон.-әлеум. қатынастарда түбірлі өзгерістер жүзеге асырылды. Барлық жерді мемлекет меншігіне алу, помещиктер жерлерін тәркілеу, жерді шаруаларға тегін беру туралы декрет жарияланды. Кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдерінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемл. меншігіне айналдыру, қоғамдастыру ісіне басшылық жасау мақсатымен соц. мемл. органдар, оның ішінде халық ш. органдары құрылды. Банктер, ірі өнеркәсіп орындары, көлік, т.б. шаруашылықтың шешуші салалары мемлекет меншігіне көшті. Сөйтіп, өндіріс құрал-жабдығына соц. меншікті орнату, халық ш-н жоспарлы дамыту, аймақтардың экономикасын КСРО халық ш. кешенінің бір бөлігі ретінде өркендету, т.б. негіздерінде соц. экон. жүйесі қалыптаса бастады. Қазақ өлкесінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекет меншігіне алу, жерді тәркілеу үдерісі саяси, экон., әлеум. өзіндік ерекшеліктерге байланысты 20-жылдардың бас кезіне дейін созылды. Бұл кезеңде өлкеде халық ш-ның барлық салалары бойынша мемлекет меншігіне алынған кәсіпорындар саны 1 мыңға жуықтады. Олардың ішінде ірілері: Қазақ (қырғыз) кен өнеркәсібі акцион. қоғамы, Кенді Алтай кәсіпорындары, Екібастұз көмір кендері, Спасск мыс қорыту з-ты, Атбасар мыс кенінің з-ттары мен кеніштері, Қарағанды мен Байқоңыр кендері, Орал – Жем өңірінің мұнай кәсіпшіліктері.

Қазақ халқы Азамат соғысына (1918 – 20) жаппай қатыспағанымен, еріксіз араласуға мәжбүр болды. Қазақ жері ақтар мен қызылдардың майдан шебіне айналды. Бұған қоса қазақтарға қарсы азық түлік майданы, “Азық-түлік армиясының” және “Соғыс коммунизм саясатының” шабуылы салдарынан халық үркіншілік кезеңді бастан кешірді. Шаруашылығы күйреп, шаңырағы шайқалған қазақтар 20-жылдардың басында ашаршылыққа ұшырады. Азамат соғысынан кейінгі кезеңде Қазақстанда күйзелген халық ш-н Жаңа экономикалық саясат (НЭП) негізінде шаруашылықтарды қалпына келтіру жұмыстары өрістетілді. Ең алдымен, өнеркәсіп пен ауыл ш. өнімдерінің маңызды түрлерін өндіруді Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейге жеткізу көзделді. Жер-су, т.б. реформалар жүргізілді. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның мемл.-аумақтық жігі межеленді. Қазақстанның аум. 2,7 млн. км2 болып белгіленді, халқы 5,4 млн. адамға жетті. 1926 – 28 ж. қазақ а-дарында 1370 мың га шабындық, 1250 га егіндік жер қайта бөлінді. 1927 – 28 ж. республикада халық ш-н қалпына келтіру аяқталып, өнеркәсіпті индустрияландыру, ауыл ш-н ұжымдастыру кезеңіне аяқ басты. Экономиканың аграрлы бөлімі Кеңес мемлекетінің экон. дамуындағы ең басты мақсат – индустрияландырудың жылдамдатылуын демеуге тиіс болды. 20-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру шаруаларды өнеркәсіптен мүлдем алшақтатты (қ. Ұжымдық шаруашылық). Ірі соц. егін ш-н құруға ұмтылу “тәрбиелік маңызға” ие болды. Қазақстанда ұжымдастыру 1932 жылдың көктемінде аяқталады деп ұйғарылды. Жосықсыз жылдамдатылған үдеріс 1925 – 32 ж. ел басқарған Ф.И. Голощекиннің арандатушылық тәжірибесіне айналды. Ұжымдастырудың ең ауыр зардаптарының бірі байларды тәркілеу болды. “Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын” деген ұранмен басталған ұжымдастыру кезінде қазақтардың малы тігерге тұяқ қалдырылмай сыпырып алынды. 1930 жылғы 15 наурызға дейін Қазақстанда 3113 адам сотталып, қамауға алынды, 2450 шаруа қоныс аударды. Қазақстан аумағы Кеңес мемлекетінің басқа аймақтарындағы “кулактардың жер аударылатын” мекеніне айналды. Шаруалардың басына түскен жазалаудың алдында астық дайындау науқаны жүргізіліп, астық қоры, тұқымдық қоры тәркіленді. Мұның арты күнкөрістік ішіп-жемінен айрылған қазақ халқын жоңғар шапқыншылығы кезіндегі “ақтабан шұбырындымен” салыстыруға болатын алапат ашаршылыққа соқтырды. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 млн. 750 мың адамға, яки бүкіл қазақ халқының 40%-на жетті. 1 010 мың қазақ тарихи отанын тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Үкіметтің солақай белсенділікпен малды қырғынға ұшыратуы салдарынан қазақ қоғамының негізгі азық-түлік қоры болып табылатын дәстүрлі мал ш. қатты күйзеліске ұшырады. Малшы көшпенділерді сәтсіз отырықшыландыру ұжымшарларға соққы болып тиді.

1-бесжылдық (1929 – 32) тұсында Қазақстанда 40 өнеркәсіп іске қосылды, өнеркәсіп өнімінің жалпы көл. 3,2 есе артты. Оның жеке салалары: түсті металлургия өнімі 6,1 есе, құрылыс материалдары – 6,9, химия – 5,3, металл өңдеу – 4, отын – 3,1 есе өсті. 2-бесжылдық (1933 – 37) кезінде Қазақстанның табиғи қорларын қарқынды игеру ісі жалғастырылды. Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл, Ақтөбе химия комб-тары, Қарағанды көмір алабының шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, т.б. барлығы 120 өнеркәсіп пайдалануға берілді. Олардың арасында алдымен ұз. 1500 км Түркістан – Сібір темір жолы (Түрксіб) өлке экономикасының өсуіне зор ықпал етті. Республикада тамақ өнеркәсібі де даму жолына түсті. Семейде ет-консерві, Гурьев (қазіргі Атырау) пен Арал қ-ларында балық, Алматыда жеміс-жидек, Петропавл, Ақтөбе, Шымкент, Қарағандыда ет комб-тары салынды. Жеңіл және жергілікті өнеркәсіп салаларында да ондаған кәсіпорындар бой көтерді. 1938 – 40 ж. 700 кәсіпорын іске қосылды. 1940 ж. Қарағанды көмір алабының өндірісі 1913 жылмен салыстырғанда 77,5 есе көбейіп, 6460 мың т-ға жетті. Ембі мұнай кәсіпшіліктерінің өндірістік қорлары жаңартылды. 1940 ж. республикада 700 мың т мұнай өндірілді. Қарағанды, Алматы, Балқаш, Шымкент электр ст-лары, Үлбі су электр ст. пайдалануға берілді. Өскемен электр ст., бірнеше жылу-электр ст-лары салына бастады. 1940 ж. 632,4 млн. кВт сағ, яғни 1928 жылғы деңгейден 85 есе артық электр қуаты өндірілді. Жалпы алғанда республиканың өнеркәсіп өнімі Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейден 13 есе, ал ауыр өнеркәсіп бойынша 20 есеге жуық артты. Халық ш-ның жалпы өнімінде өнеркәсіптің үлес салм. 60% болды (1940).

2-дүниежүз. соғыс жылдары (1941–45) республика алдына айрықша қиын, кезек күттірмейтін және бір-бірімен байланысты міндеттер қойылды. Бұл КСРО-ның батыс аудандарынан көшірілген өнеркәсіп орындарын қабылдау, оларды тиісті жерлерге тездетіп орналастыру, өнім өндіруді кідіріссіз жолға қою болатын. Экономиканы түгелдей соғыс жағдайына бейімдеу, өндіріс қуаттарын үнемі арттыру, майданды барлық керекті заттармен қамтамасыз ету қажет болды. Республика бұл мәселелерді ойдағыдай шешті. 1941 жылдың 4-тоқсанында және 1942 жылдың басында Орта Азия мен Қазақстанға көшірілген 250 кәсіпорынның жартысынан астамы (142) Қазақстанға орналастырылды. Көшірілген және жаңадан салынған з-ттар мен ф-каларды іске қосу нәтижесінде жұмыс істеп тұрған негізгі қорлардың өндірістік қуаты біршама артты. Жаңа өнеркәсіп салалары пайда болды, олар: қара металлургия, мұнай өндіру, а.ш машиналарын жасау, станок жасау, кен және шахта жабдықтарын өндіру, сығымдағыш-автомат шығару, шағын литражды моторлар, прокат, құбырлар, сымдар, жасанды талшық жасау, т.б. Мата, жүн иіру, тоқыма заттар, шұлық, метиз-фурнитура, айна, кондитер, жеміс-консерві, темекі және шай өлшейтін өндірістер жұмыс істеді. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа з-ты, Қазақ металлургия з-ты, Текелі полиметалл комб., Қарағанды көмір шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, Гурьев (қазіргі Атырау) мұнай айыру з-ты, кен байыту ф-калары, кеніштер, Қаратау кен-химия комб., электр ст-лары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі орындары, жүздеген км т. ж. желілері іске қосылды. Түсті металлургия өнімдерінің маңызы артты, мыс өнімдерін өндіру 1,5 есе өсті. Қазақстан ел қорғанысына аса қажетті қорғасын беретін негізгі базаға айналды. Қысқа мерзім ішінде мыс пен қорғасын қақтамаларын өндіру игерілді. Балқаш жұмысшылары мыс өндіруді 10 есе, молибденді 20 есе, түсті металл қақтамасын 2 есе арттырды. Ақтөбе ферроқорытпа з-ты мен Жезді марганец кеніші ел қара металлургиясының қажеттерін едәуір дәрежеде қанағаттандырып отырды. Қазақ металлургия з-ты 1944 ж. желтоқсанда тұңғыш рет болат берді. Республика майдан мен тылды көмірмен, мұнаймен, түсті және қара металдармен жабдықтау жөніндегі жетекші базалардың біріне айналды. Елді көмірмен жабдықтайтын кен орнының бірі ретінде Қарағанды көмір алабын дамытуға баса назар аударылды. Соғыс кезінде Қарағанды кеншілері 34 млн. т-дан астам көмір өндірді, Оңт. Оралға берілетін кокстелетін көмір көл. 90% өсті. Қазақстанның мұнай өндірісі бүкіл соғыс жылдары майданды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етті. Гурьев мұнай айыру з-ты іске қосылуына байланысты әскери техника жоғары октанды бензинмен және сапалы жағар маймен қамтамасыз етіле бастады. Қазақстанның отын және металлургия өнеркәсіптері жоғары қарқынмен дамыды. Соғыс жылдарында Қаратау кен-химия з-ты (1944), Қарағанды синтет. каучук з-ты (1943), Қостанай жасанды талшық з-ты, Гурьев (Атырау) мұнай айыру з-ты (1945) салынды. Алматы ауыр машина жасау з-ты, Шымкент пресс-автоматтар з-ты, Целиноград (Астана) “Қазақ ауыл шаруашылық машинасы”, Орал арматура з-ттары жалпы одақтық маңызға ие болды. Армияны киім-кешекпен және соғыс жабдықтарымен, ал халықты күнделікті тұтыну заттарымен жабдықтаған жеңіл және тамақ өнеркәсібінің маңызы ерекше. Маман жұмысшылар мен қызметкерлердің соғысқа кетуіне байланысты кәсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету қиындай түсті. Әйелдерді, жас жеткіншектерді, қарт кісілерді жұмысқа тартуға тура келді. Қазақстанда соғыс жылдары 102 мың жас жұмысшы тәрбиеленді. 1945 ж. өнеркәсіп өндірісінде істейтіндердің саны 255,4 мың адамға жетті. Соғыстың алғашқы жылында қорғаныс қорына республика халқынан түскен ақша мөлш. 700 млн. сомнан асты. Соғыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан 1945 ж. мұнай өндіру 1940 жылмен салыстырғанда 1,3 есе, көмір – 1,7, электр энергиясын өндіру 1,8 есе артты. Соғыс жылдарында республикада а. ш. салалары тез дамыды. 1942–43 ж. а. ш. дақылдарының егіс көл. 1 млн. га-дан астам ұлғайды. Қазақстан ауылдары мен деревнялары зор жігермен еңбек етті. Республика шаруашылықтары мемлекетке 5839 мың т астық, оның ішінде 3568 мың т бидай, 241 мың т картоп, 174 мың т көкөніс, 1389 мың т қант қызылшасы, 323 мың т мақта, 738 мың т мал мен құс етін, 1146 мың т сүт, 64 мың т жүн өткізді.

Көлік пен байланыс жүйесін дамыту жөнінде қыруар жұмыстар жүргізілді. Республика аумағында т. ж-дың пайдалану ұз. 1631 км-ге, жүк тасымалы 5,7 млн. т-ға жетті. Уралды көмірмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қарталы – Ақмола (Астана) т. ж. желісі қатарға қосылды. Гурьев (Атырау) – Қандағаш, Жамбыл (Тараз) – Шолақтау т. ж. желілері пайдалануға берілді. Күрделі құрылыс көлемі ұлғайды. 2-бесжылдықта барлық салалар бойынша 721 млн. сом күрделі қаржы игерілсе, 4 жарым жыл ішінде (1941 – 46) 981 млн. сом игерілді.

Соғыстан кейінгі бесжылдықтарда (1946 – 60) Қазақстан экономикасы бейбіт жағдайға көшіріліп, қандай да болсын халық ш. мәселелерін шеше алатын, одақтың негізгі а. ш. базаларының біріне айналды. Жаудың басып алуынан (оккупациядан) зардап шеккен және өнеркәсіптің соғысқа дейінгі дәрежесіне 1949 жылдың аяғында ғана жеткен аудандардан Қазақстан халық ш-ның өзгешелігі сонда, ол қалпына келтіру кезеңіне соқпай, бұрынғысынша ұдайы өндіріс негізінде дамыды. Қазақстан бұл аудандарға металл, отын, шикізат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдық, азық-түлік, асыл тұқымды мал, т.б. жөнелтіп тұрды. 4-бесжылдықта (1946 – 50) өнеркәсіптің “А” тобы салаларын және а. ш-н өркендету үшін республикада барлық күрделі қаржының тиісінше 40,2%-ы және 14,2%-ы пайдаланылды. Одақтық өнеркәсіптің жалпы өнімінің 1940 – 50 ж. өсу қарқыны 173% болса, Қазақстан өнеркәсібінің өсу қарқыны 232%-ға жетті. Кәсіпорындардың саны 4 мыңға жетті. Осы жылдары Қазақ металлургия, Балқаш мыс қорыту, Балқаш кен-металлургия з-ттары, Лениногор (Риддер) қорғасын комб., Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш, Ақтөбе ферроқорытпа з-ттары мен Ақтөбе химия комб., Жамбыл (Тараз) суперфосфат з-ты, мұнай өндіретін Қаратон және Мұнайлы кәсіпшіліктері, т.б. кәсіпорындар салынып, өндірістік қуаттары кеңейтілді. Машина жасау және метал өңдеу өнеркәсібі негізінен қайта құрылды. Т. ж-дың пайдаланылатын бөлігінің ұзындығы Қазақстан аумағында 1940 ж. 6,6 мың км болса, 1945 ж. 8,2 мың км-ге, 1950 ж. 8,4 мың км-ге, 1960 ж. 11,5 мың км-ге жетті. Өзен және автомоб. көлігі жедел дамыды. Жүк тасымалы 1950 ж. 1945 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Республиканың 21 қаласында автомоб. қатынасы орнады. 1950 ж. мемл. және кооп. бөлшек сауда тауар айналымы 1940 ж. деңгейінен 48% өсті. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жеделдетілді. Қала мен жұмысшы қыстақтарының тұрғын үй қоры 5 млн. м2-ден астам өсті, ауылдық жерлерде 100 мың м2 үй салынды. 1946 ж. оқу-ағарту, денсаулық сақтау, әлеум. қамсыздандыруға бөлінген қаржы 1013,2 млн. сом болса, 1950 ж. 1734,9 млн. сомға жетті, яки 70%-дай көбейді.

А. ш-ның материалдық-тех. базасы нығайды. Мыс., кеңшарлар саны 1940 жылғы 194-тің орнына, 1950 ж. 269-ға жетті. Ұжымшарлардағы а. ш. жұмыстарын тех. жағынан жарақтандыру 70%-ға (1940 ж. 57,2%) жетті. Кеңшарлардағы трактор парктерінің қуаты 2 есе, комбайндар – 2,7 есе, негізгі қорлар 3,9 есе өсті. Осының негізінде кеңшарлардың егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды (1945 ж. – 630,0 га, 1950 ж. – 1150,6 мың га). 1950 ж. ұжымшарларды ірілендіру негізінде а. ш-н шоғырландыру басталды. Әр ұжымшарға келетін егіс көл. 2 есе ұлғайып, 2000 га-ға жетті. Орта есеппен бір ұжымшарға келетін мал саны 3 есе өсті. 1946 – 60 ж. ірі қара саны 26,6%, қой мен ешкі – 75,9% өсті. Дәнді дақылдардың жалпы түсімі 1950 ж. 4,8 млн. ц, астық шығымдылығы әр га-да 4,3-тен, 7,9 ц-ге артты. Мемлекетке астық сату 2 есе, ірі қара саны 1,3, қой мен ешкі саны 2,2 есе көбейді. 1954 жылдың көктемінен бастап тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары басталды. 1954 – 55 ж. 34 астық кеңшары құрылды. Тыңды игеру үшін (1954 – 56) республикаға сырттан барлығы 640 мыңнан астам адам келді. 1954 – 58 ж. а. ш-н механикаландыруға, өндірістік үйлер мен құрылыстар салуға 9,7 млрд. сом қаржы бөлінді, бұл өткен бесжылдықтарға қарағанда 2,5 есе артық. 1960 жылдың аяғына қарай Қазақстанда 25 млн. га тың және тыңайған жерлер игерілді. Сол жылдың басында Қазақстанда 333 кеңшар болды. Қазақстанда а. ш-ның жалпы өнімі 1950 жылғы деңгейден 2,8 есе, оның ішінде егіншілікте 3,3 есе, мал ш-нда 1,9 есе артты. Дәнді дақылдардың егіс көл. 1950 ж. 6,0 млн. га-дан 1960 ж. 21,9 млн. га-ға жетті. Мемлекетке астық сату 1960 ж. 10,5 млн. т-дан асты (1950 ж. 2,1 млн. т). Алайда тың игерудің пайдалы жақтарымен қатар экол., экон. және әлеум. салдарлары да болды. Тың көтеру әлеум. тұрғыдан бірқатар кері әсерлерге ұшыратты. Тың және тыңайған жерлерді игеру одақтың басқа аймақтарындағы еңбек қорларын тарту арқылы атқарылғандықтан іс жүзінде бақылаусыз көші-қон қозғалысы туды. Тың игерген аймақтың жергілікті тұрғындарына балалары оқитын мектептердің, өздері істейтін ұжымшарлардың жабылып қалуына байланысты туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Соның салдарынан республиканың жергілікті тұрғындарының үлес салм. 30%-ға дейін азайды. Қазақ тілінің дамуы мен қазақ этносының әлеум.-мәдени ин-ттарына қатер туды.

5-бесжылдықта республикада 200-ге жуық ірі кәсіпорын қатарға қосылды. Қарағанды металлургия з-ты, Соколов-Сарыбай  кен  байыту  комб.

салына бастады. Жаңа көмірлі аудандар (Саран, Шерубай – Нұра, Шахан) игерілді. Екібастұз кенінде алғашқы ірі көмір қимасы пайдалануға берілді. Өскемен су электр ст. іске қосылды, Бұқтырма СЭС-нің құрылысы басталды. Мұнай және газ өнеркәсіптері   жоғары   қарқынмен дамыды. Химия өнеркәсібі Қазақстанның а. ш-н және Орта Азия республикаларын фосфор тыңайтқыштарымен қамтамасыз етуге негізделді. Қарағанды синтет. каучук з-ты ауыр өнеркәсіпті органик. синтез өнімдерімен, құрылыс индустриясын кальций карбидімен қамтамасыз етті. Республикада құрылыс жұмыстары кең өріс алды. 1960 жылдың қаңтарына қарай Қазақстанда 398 кірпіш, 119 әк з-ттары, 221 қабырға блоктарын өндіретін кәсіпорындар, 895 бейруда құрылыс материалдарын өндіретін өңдеуші кәсіпорындар жұмыс істеді. 1958 ж. Алматы, Өскемен, Қарағанды қ-ларында алғашқы телеқондырғылардан бейнехабар беріле бастады.

1960 – 85 ж. Жалпы КСРО-да халық ш-н біртұтас кешенге айналдыру бағдарламасы жасалып, одақтас республикалардың экономикасын жалпы одақтық көлемде орталықтандырылған басқарумен ұштастыру, республикалар арасындағы еңбек бөлінісін тереңдету көзделді. Осыған орай республикада өнеркәсіптік өндірісті аумақтық жағынан ұйымдастырып, аймақтардағы өндіргіш күштерді кешенді түрде дамытуға ден қойылды. Сан алуан табиғи байлықтарды қарқынды түрде халық ш. айналымына қосу, өндіріс құрал-жабдықтары өндірісін басымырақ дамыту, республиканың жергілікті жағдайлары мен ерекшеліктерін ескере отырып жалпы одақтық және аймақтық мүдделерге сай келетін өнімдер өндіруге мамандандыру міндеті алға қойылды. 1985 ж. республиканың қоғамдық, жалпы өнімі 1960 жылмен салыстырғанда 3,9 есе артты. Материалдық өндірістің басқа салаларының да даму деңгейі жоғары болды. Өнім өндірудің жалпы көлемі өнеркәсіпте 5 есе, а. ш-нда 1,7 есе, материалдық-тех. жабдықтауда – 2,9, құрылыста – 3,4, көлік пен байланыста – 4,6, сауда мен қоғамдық тамақтандыруда – 4,5, өнім дайындауда – 2,4 есе өсті. Аса бай табиғат қорлары негізінде өнеркәсіп халық ш. кешенінде жетекші орынға ие болды. Ірі кәсіпорындар, жаңа шахталар пайда болды. Мұнай, болат, минералды тыңайтқыштар, көмір, т.б. табиғат қорларын ашудың көлемі көбейді. Халық ш-ның мамандандырылған салалары (түсті және қара металлургия, отын-энергет. кешені, т.б.) басымырақ дамыды. Павлодар, Екібастұз, Қаратау, Жамбыл, Маңғышлақ аумақтық-өндірістік кешендері (АӨК) қалыптасты, Қарағанды – Теміртау, Шығ. Қазақстан, Торғай және Шымкент – Кентау аумақтық өндірістік кешен дамытылды. 70-жылдардан бастап өндіріс жоспарлы түрде шоғырландырылып, негізгі өнім түрлерін неғұрлым ірі кәсіпорындар мен өндірістік бірлестіктер өндірді. 1986 жылдың басына қарай республикада 610 кәсіпорынды біріктірген, бүкіл өнеркәсіп өнімінің жартысынан астамын шығаратын 162 бірлестік болды. 1984 жылдың аяғында республикада 2139 кеңшар, 412 ұжымшар, 203 шаруашылықаралық кәсіпорындар мен ұйымдар, 40 өндірістік а.ш. бірлестігі жұмыс істеді. Тамақ өнеркәсібі 30 сала мен өндірісті қамтыды. Халықтың жан басына шаққанда ұлттық табыс 1960 жылмен салыстырғанда 1985 ж. 2 есе, нақты табыс 2,2 есе, төлемдер мен жеңілдіктер 3,9 есе өсті. Бейөндірістік аяның барлық салаларының негізгі қорлары 1975 жылмен салыстырғанда 1985 ж. 3,1 есе өсті, оның ішінде денсаулық сақтау, дене шынықтыру, әлеум. қамсыздандыру салаларының қорлары 5,7 есе, ағарту ісінде 5,8, мәдениет пен өнерде 4,8 есе өсті.

Республика қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Одақтағы мыс, қорғасын, қалайы секілді металдарды өндірудің 30%-дан 70%-ға дейінгісі Қазақстан үлесіне тиді. Қазақстан бірден-бір а. ш. аймағына айналды. Мемлекет қорына Қазақстаннан жүннің әрбір төртінші тоннасы, еттің әрбір он екінші тоннасы, астықтың әрбір бесінші тоннасы түсіп отырды. Өкінішке қарай осындай аса зор халық ш. әлуеті, басқару жүйесінің қолайсыздығынан, Қазақстан халқының жағдайын түпкілікті жақсарта алмады. 20 ғ-дың 70-жылдары және 80-жылдарының бірінші жартысында Қазақстан экономикасы экстенсивті негізде, экон. ынталандыруға мән берілмей, жаңа технол. үрдістерді елеместен, бұрынғы сарынмен дами берді. Бұл кезең елде тоқырау жылдары деп есептелгенімен, жалпы Қазақстанда экон. қуат біршама өсті. Бұл жылдары қара металлургияның одан әрі дамуымен бірге Соколов-Сарыбай және Лисаков кен байыту комб-тары іске қосылды. Одақтағы ақ қаңылтыр шығаратын ең күшті цехы бар Қарағанды металлургия комб-ның құрылысы аяқталды. Ермак (қазіргі Ақсу) және Ақтөбе ферроқорытпа з-ттары жұмыс істей бастады. Ақтөбеде хром кенін шығару арта түсті. Целиноградтың (Астананың) а. ш. машина-құрылыс з-ты, т.б. кәсіпорындар өздерінің өнімдерін шығара бастады. Қарағанды және Екібастұз көмір алаптарында көмір шығару үлкен қарқынмен жүрді.

А. ш. 1979 ж. жоғары көрсеткішке жетті. Тың жерлерді игерген 25 жыл ішіндегі ең мол астық өнімі алынды. Республика мемлекетке 1 млрд. 262 млн. пұт, яки 20 млн. т астық берді.

Өнеркәсіптің шикізатқа бағдарланған бір жақты құрылымы, 20 ғ-дың 60 – 70-жылдары орт. мин-тер мен мекемелердің өктемдігімен орнықты. Қазақстандағы кен қазу салаларының өнімі 80-жылдардың басында Одақтағы орташа деңгейден 1,7 есе артық болды. Республиканың экон. қуатының жартысынан көбі одақ мин-терінің бақылауында еді. Республиканың шикізат қорларын сорудан қыруар кіріс тапқанымен одақтық мекемелер республика бюджетіне ешқандай қаражат түсірмеді. Табиғи ортаны қорғау мен адам денсаулығы және әлеум. инфрақұрылымдардың дамуы жөнінде де ешқандай қамқорлық көрсетілмеді. Көп жылдар бойы шикізат салаларының үлкен кәсіпорындар түрінде дамуы өнеркәсіптің ғыл. жолмен дамымауына, өндіруші және қайта өңдеу өнеркәсібі деңгейінің төмен болуына, халық тұтынатын тауарлардың өте баяу шығарылуына әкеліп соқтырды. Азық-түліктен өзге тұтынылатын тауарлардың 60%-ына жуығы сырттан әкелінді. Бүкіл халық ш-на тән тежелудің бәрі де республика экономикасында көрініс тапты. Сөйтіп, өнеркәсіп өнімдері өсуінің орташа шапшаңдығы 9-бесжылдықтағы 8,4%-дан 11-бесжылдықта 3,8%-ға дейін қысқарды, ұлттық табыс 4,4%-дан 1,4%-ға төмендеді. 9-бесжылдық жоспары 12,6%, 10-бесжылдық 2,5%, 11-бесжылдықтікі 3,6% кем орындалды.

Қазақстанның а.ш-нда қайта өңдеу, сақтау, іске асыру ең артта қалған салалар болды. Бұл кезеңдегі экон. дағдарыс әлеум. саланы да қамтыды. 1970 – 85 ж. республика тұрғындарының көпшілігінің тұрмыс деңгейі, жалпы алғанда, көтерілгендігі байқалады. Отбасының көбінде теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машиналары пайда болды, азаматтардың жеке меншік автокөліктері мен ұзақ мерзімді сұраныс тауарларының саны көбейді. Алайда әлеум. салада, жалпы алғанда, жағымсыз процестер тез шешілудің орнына үдей түсті. Қаржыландырудағы қалдықтық қағиданың салдарынан мед. қызмет көрсету, білім беру, мектепке дейінгі тәрбие беру істері артта қалды. Ауылдар мен селолардың жартысынан көбінде денсаулық сақтау мекемелері болмады. Үй, мәдени-тұрмыс нысандарының құрылысы, қызмет ету түрлерінің дамуы тұрғындардың қажеттілігінен көп төмендеді. Бұл жылдары ірі өнеркәсіптік және энергет. кешендерді салатын мекемелердің үлкен ауқымды индустриялы экспансиясы өрістеді. Мұның бәрі қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына үлкен зиян келтіреді.

90-жылдардың басында экономиканың тежелуі экон. дағдарыстың ушығуы, соның салдарынан тұрмыс деңгейінің төмендеп кетуі одақтас республикаларды тәуелсіздік жолындағы белсенді қимылға бастады. Саяси саланы демократияландыру күшейген сайын экон. жағдай күрделілене түсті. Қоғамды демократияландыру соц. теңгермешілікпен жарасым таба алмады. Экономиканы түбірімен реформалау – мемл. меншікке негізделген соц. жоспарлы экономикадан нарықтық көп меншікті экономикаға көшу қажеттігі туды. Мұның өзі бір сәттік іс емес және қиындықсыз болмайтын үдеріс еді. Одақтас республикалардың егемендігін кеңейтуге байланысты бірнеше экон. маңызды заңдар қабылданды. “Қазақ КСР-індегі меншік туралы” Заң соц. экономикадан нарықтық экономикаға көшудің негізін салды. Осы заңға сәйкес өндіріс құрал-жабдықтарын меншіктенудің мемл. меншіктен басқа түрлерінің де болуына рұқсат етілді. Сөйтіп, әлемдік экон. кеңістіктің 1/3-іне жарты ғасырдан артық уақыт бойы үстемдік еткен соц. өндіріс тәсілі біржола күйреді.

Қазақстан экономикасында, басқа одақтас республикалардағы сияқты, нарықтық қатынастар орнай бастады, әр түрлі кооперативтер, жеке меншік фирмалар мен шағын кәсіпорындар пайда болды. 80-жылдардың аяғына қарай орталықтың республиканы бақылауының әлсіреуі салдарынан, шет елдермен тікелей экономика және сауда байланыстарын орнатуға мүмкіндік туды. Қазақстан бұрын да өз өнімдерін шетке шығарып отырған, оның 97%-ы шикізаттар, материалдар мен жартылай шикізаттар болатын.

Экономикаға түбірлі реформа жасау және меншіктің көп түрлілігі негізінде нарықтық қатынастар орнату үшін бірқатар заңдар қабылдау керек болды. Орталыққа бағынған кезінде Қазақстанда “Қазақ КСР-індегі еркін экономикалық аймақтар туралы”, “Қазақ КСР-індегі шет ел инвестициялары туралы”, т.б. заңдар қабылданды. Республикада Сыртқы экономика мин. құрылды, Сыртқы экономика банкі ашылды. Әр түрлі экон. қауымдастықтардың, корпорациялардың дүниеге келуі өзара әріптестік сауданың дамуына жағдай туғызды, оның көл. 1990 ж. 1,5 есе өсті. Жаңа құрылымдардың пайда болуымен бірге адамдардың іскерлік белсенділігі артты. Бірлескен кәсіпорындар мен банктер ашыла бастады. 1990 ж. қарашада Сауд Арабиясымен біріккен “Әл-Барака банк Қазақстан” банкі құрылды, Оңт. Кореяның “Самсунг” корпорациясымен іскерлік байланыс орнатылды. Сеулдік кәсіпкерлер Алматыдан мейрамхана ашты. Қазақстан – Қытай әуе жолы мен Жаркент – Құлжа (Инин) автожолы жұмыс істеді. 1991 ж. Қазақстанда әлемнің 25 елінің қатысуымен құрылған 35 біріккен кәсіпорын ресми түрде тіркелді. Республикадағы тоқыраған экономиканы шет мемлекеттердің экон. және технол. көмегінсіз қалпына келтіру қиын еді. Шет ел капиталын тарту үшін республика жаңа заңдар қабылдап, инвесторларды 5 жыл бойы табыс салығын төлеуден босатты.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға