Төле би
Соңғы редакциялау:
25 қазан 2012 жыл
ТӨЛЕ БИ, Төле Әлібекұлы (1663, қазіргі Жамбыл обл. Шу өңірі, Жайсаң жайлауы – 1756, қазіргі Оңт. Қазақстан обл. Төле би ауд. Қазығұрт өңірі) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Ұлы жүздегі дулат тайпасының жаныс руынан. Әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындары арасында “қарашоғыр” атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алады. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Т. б. Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір орт-қа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Тәуке хан Т. б-ді ұлы жүздің бас биі еткен. Т. б. Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын Жеті жарғының қабылдануына ат салысты. Ордабасы жиыны кезінде Т. б. басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болды. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Т. б-дің қызметі орасан. 1742 ж. Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда оны тұтқыннан босатуда Т. б. белсенділік танытты. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Т. б-дің Орынбор әкімш-нен Абылайды тұтқыннан босатуға өтініш жасағандығы айтылады. Қазақтың үш жүзінен Т. б. бастаған 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Т. б. ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанды. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салды. 1734 ж. Ресей патшасы Анна Ивановнаға және 1749 ж. Орынбор губернаторы И.Неплюевке хат жолдап, бодандықты қабылдауға ризашылық танытты. Бұл сол тарихи кезеңде шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қой-ды. 1748 ж. орыс сауда керуені тоналғанда, бұған кінәлі Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып, оған бұл шығынды жұрт көзінше төлеттіреді. 1748 ж. Әбілқайыр хан қаза тапқанда оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Т. б-ге шағымданады. Т. б. Әбілқайырдың өлімі үшін айыпкерлердің Жеті жарғы заңына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерлерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілқайырдың балалары бұған да тоқтамай, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Т. б-ден сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Т. б-ге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Т. б. билер сотына қазақ билерінің ішінен, Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырады, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Т. б. Барақ сұлтанды ақтап алады. Т. б. Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды ақтап алғанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуге билік шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныш жағдайын, тұтастығын сақтауды көздеді. Т. б-дің бұл секілді еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемл. деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады. Т. б. хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына ешнәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтады. Оның елге танымал “Елге бай құт емес, би құт” дейтін қанатты сөзі айқын аңғартады. Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде Т. б-дің ұлт бірлігін нығайтуды барынша жақтағандығы айтылады. Сондай аңыз-әңгімелердің бірінде Т. б. өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына былай деп жауап берген екен: “Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса халқын сатады. Халық азса хандыққа таласады”. Т. б-дің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Оның Данагүл есімді келінінің де есімі көпке танымал. Т. б. Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Т. б. халық арасында “Қарлығаш әулие”, “Қарлығаш би” деген атпен танымал. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған. Т. б. Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Т. б. қабіріне кесене салынған. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесіне көптеген ақын мен жыраулар оралып, оның даналығын шығармаларына арқау етіп отырды. Өткен дәуірлерде А.Левшин, П.Маковецкий, Л.Баллюзек секілді, т.б. орыс зерттеушілері өз еңбектерінде Т. б. есіміне ілтипат білдіріп, құрмет тұта атап өтті. Әр кезде Мәшїүр Жүсіп Көпеев, Шәкерім Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. Т. б-ге байланысты әр тараптағы зерттеулері мен ой-қорытындыларын жариялады. Жамбыл обл-нда Т. б. есімімен аталатын елді мекен бар. Оңт. Қазақстан обл-нда бір ауданға Т. б. есімі берілген. Жамбыл, Оңт. Қазақстан обл-нда және Астана қ-нда Т. б-ге ескерткіш қойылған. Алматыда, Шымкентте және бірқатар елді мекендерде Т. б. есімімен аталатын көшелер бар.
Е. Жасыбаев
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том