Журналистерге арналған жаңа журнал жарық көрді
Бүгін Астанадағы «Түгел» баспасөз клубында «Журналистер Әлемі» журналының тұңғыш санының жарыққа шығуына арналған тұсаукесер рәсімі өтті,- деп хабарлайды Baq.kz AA тілшісі.
«Журналистер әлемі» журналын тілшілердің төл басылымы деп айтуға да болады. Аты айтып тұрғандай, журнал жүгі ауыр журналистердің шығармашылығы мен журналистиканың қыр-сырына толықтай тоқталуға арналыпты. «Біздің баспасөз клубымызда «Қазанат», «Құлыным», «Керемет той», «Ұлы дала қырандары» сияқты 10-ға жуық журнал жарық көріп келеді. Басылымдардың жеке-жеке сайттары да ашылған. «Журналистер әлемі» атты жаңа журналымыз әріптестеріміздің ерен еңбектерін көрсету, Қазақстан журналистикасының тыныс-тіршілігін барынша мол әрі ұтымды баяндауды мақсат тұтты. Жаңа басылым арқылы шетелдік журналистика жайында да мағлұмат ұсынуды көздеп отырмыз»,- дейді журналдың бас редакторы Сәдібек Түгел.
Журналистерге арналған бір емес, бірқанша басылым жарық көрседе аздық етпейтіні анық. «Халқымыздың асыл азаматы, тәуелсіз еліміздің журналистикасының негізін қалаушылардың бірі де бірегейі, ЮНЕСКО профессоры Намазалы Омашұлы ағамыз өз сұхбатында: «Журналистер әлемі» журналы бұдан көп ертерек жарыққа шығуы керек», - деген еді. Дұрыс айтылған сөз. Шын мәнінде, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған арнайы басылым шығару идеясы бұрыннан ойымызда бар болатын. Бірақ ол әртүрлі себептерге орай кешеуілдей берді. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымына бір емес бірнеше басылым арнасақ та артық болмайды. Ол келешектің еншісі. Әзірге қолымызға алғашқы санын алып отырған «Журналистер әлемі» журналы журналистика саласының төл басылымы болады деген сенімдеміз»,- дейді «Түгел» баспасөз клубының директоры С.Түгел.
Жаңа басылымның алғашқы санында Қазақ журналистикасының қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосқан, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген профессор Намазалы Омашұлымен сұхбат жарияланыпты.
Baq.kz