Бір мектепте 12 егіз оқиды
Оңтүстікте егіздер көп. Жыл сайын өңірде егіздердің құрметіне арнайы байқаулар мен қызықты сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Сондай байқаудың бірі Сайрам ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №83 мектептің бастауыш сынып оқушылары арасында өтті.
Байқау «Сен менің сыңарымсың» тақырыбында өтті. Мектепке дейінгі дайындық тобынан бастап, екінші сыныпқа дейінгі 12 егіз сайысқан шара өте тартысты болды десек қателеспейміз. Себебі сайыс шарты бойынша егіздер өздерін таныстырудан бөлек, өнер, үй тапсырмасын орындау, білім деңгейін көрсету сынды бөлімдер арқылы өзіндік өнерін, сөз сөйлеу шеберлігін, ептілігін сынға салды. Топ жарып шыққан егіздер жұбы Аруай мен Әсемай және Аружан мен Аяжан болса, көрерменнің көзайымы болған жұп Хамза мен Хадиша да барын салды. Ал «ең өнерлі егіздер» атағын алған жұп Айдар мен Қайсар, Айжан мен Балжан, Аружан мен Ақниет болды. Бұл егіздер сурет салып, ою ойып,ән шырқап, мың бұрала билеп әділ қазыларды да, көрерменді де тәнті етті. Бір-бірінен аумай қалған жұптардың арасындағы мұндай шара бұл білім ордасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сайыстан кейін жобаны жалғастыру мектептің дәстүрлі шарасына айналдыруды жоспарладық. Себебі оқушылардың бойындағы өнерді, ізеттілікті, отансүйгіштікті арттырудың тағы бір әдісі деп таптық.
Ал байқаудың жеңімпаздарына келер болсақ, егіздер сайысының бас жүлдесін Аруай мен Әсемай иеленді. І орынды Аружан мен Аяжан, ал ІІ орынды Хамза мен Хадиша, Айдар мен Қайсар бөлісті. ІІІ орынды Керімбай Айжан мен Балжан және Аружан мен Ақниет өзара бөлісіп, арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Елмира Майлыбай, А.Байтұрсынов атындағы №83 жалпы орта мектеп директорының бас-тауыш сыныптар жөніндегі оқу ісі орынбасары.
Baq.kz