Тәлім-тәрбие, өсиет, тағылым туралы-7
Айланы алысқа құрғайсың - пайданы жақынға қылғайсың.
Би-шешендер
Өткел өтсең бұрын өт - арты болар көк тайғақ,
Жауға шапсаң көппен шап - дұшпаныңа ол да айбат.
Би-шешендер
Біреуден алған - аманат,
Берсең жақсы саналап.
Жанжал қылсаң - бақ кетер,
Басыңа қонар жаманат.
Би-шешендер
Ата-ананың қадірін - балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін - жалалы болғанда білерсің.
Би-шешендер
Шабанды - атқа санама, жаманды - затқа санама.
Би-шешендер
Көп ішінде аз болсаң - әрнеме түсер ойыңа,
Көп ішінде жоқ болсаң - мін тағылар мойныңа.
Шортанбай Қанайұлы
Нар - түйенің маясы, көп - жалғыздың саясы,
Тайып кетсе аяғың - дұшпанның қанар табасы.
Шортанбай Қанайұлы
Халықпен - қастаспағайсың, жаманмен - достаспағайсың.
Шортанбай Қанайұлы
Жалғыздың ісі оңалмас, көптің ісі жоғалмас.
Шернияз Жарылғасұлы
Шайтанға шаршап тұрған ат бергенің -
«Тамұққа жақынымды жақ» дегенің.
Жыланды жолда жатқан кетсең соқпай,
«Тап болған бір ғаріпті шақ» дегенің.
Шәңгерей Бөкеев
Тұсында болған мәртті қорлама - табылмайды керекте.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Бар күшіңді сынамай - балуандармен күреспе.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жоғары қарап оқ атпа - жақын түсер қасыңа.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Айдын сулар, аймақ көл - тасыса дөңбек келтірер,
Көп өтірік, жаман сөз - басыңа бәле келтірер.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жаманға беліңді шешіп иланба - илантып тұрып өлтірер.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Алға сап жауап бермеңіз - арғы түбін ойламай.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жүк тиесең - кетерсің, ниет етсең - жетерсің.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жүйрікпін деп жалданба - жолығарсың арланға.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Атаның ұлы жақсыға - малыңды бер де, басың қос: бір күні болар керегі.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жалаңаш барып жауға ти - тәңірі өзі біледі ажалымыз қайдан дүр!
Шалгиіз Тіленшеұлы
Пайдаңды жақсы болсаң көпке тигіз.
Шал Құлекеұлы
Жақсы атансаң - басқаның хақын жеме.
Шал Құлекеұлы
Шешен жігіт- дүрмен тең, иманды көңіл - нұрмен тең, іс бітірмес надандар - жүз болса да, бірмен тең.
Шал Құлекеұлы
Пайдаңды жақсы болсаң тигіз көпке, жатырқап еш адамды шетке теппе.
Шал Құлекеұлы
Тілек: ағайының көп болсын, бірлігі оның бек болсын, жамандық жер кез болса - бір-біріне сеп болсын.
Шал Құлекеұлы
Пұт болдым деп мақтанба, одан да асқан батпан бар.
Шал Құлекеұлы
Ата-ананың қадірін - балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін - жалалы болғанда білерсің.
Дәулетіңнің қадірін - мал кеткенде білерсің,
Маңайдағы дұшпанды - түн жеткенде білерсің.
Шал Құлекеұлы
Кетеген болса - түйең жау,
Тебеген болса - биең жау,
Ұрысқақ болса - ұлың жау,
Тырысқақ болса - келінің жау.
Үмбетей Тілеуұлы
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы