Тәлім-тәрбие, өсиет, тағылым туралы-1
Адамға сырттан ғайбат жарамайды.
Ақ қаудың астығы жоқ шайнағанмен,
Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен.
Көнбейді жаман адам ынтымаққа,
Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.
Ақан сері Қорамсаұлы
Алтынды орағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкейінде көз болмайды.
Ақан сері Қорамсаұлы
Дүниеде қандай жақсы болсаң да - тіленсең қадірің кетер.
Сүйінбай Аронұлы
Кетпеңдер өне бойы дүние қуып.
Сүйінбай Аронұлы
Дүние әлі-ақ өтер қимағанмен,
Сыйласқын өз басынды сыйлағанмен.
Жалғанның ақырында баяны жоқ,
Қазына қызыл-жасыл жинағанмен.
Сүйінбай Аронұлы
Халықпен - қастаспағайсың, жаманмен - достаспағайсың.
Шортанбай Қанайұлы
Алыс жолды көзбен көр, көкейге түй.
Қорқыт ата
Айтар сөзді ойлап айт.
Қорқыт ата
Дәулетті ұл - ошақтың қоры,
Дәулетсіз ұл - атаның қоры.
Қорқыт ата
Ұлдың күні күн емес - атадан мал қалмаса,
Ата малы пұл емес - баста ақыл болмаса.
Қорқыт ата
Ұл ақылды хош көрмес - ата үлгісін көрмесе,
Қыз жарылқап ас бермес - ана үлгісін көрмесе.
Қорқыт ата
Ұл - атаның сыры, екі көзінің нұры.
Қорқыт ата
Қыз анадан үйренбей өнеге алмас.
Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.
Қорқыт ата
Су татырмасқа - сүт бер.
Махмұд Қашқари
Ер жігітті қорлама.
Махмұд Қашқари
Үлкенмен керіспес болар.
Махмұд Қашқари
Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойның бұрып сөз айтпас көңілі қалған аразға.
Асан қайғы
Еділ бол да, Жайық бол - ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе - жаныңды аяп тұрыспа.
Асан қайғы
Ақың болса біреуде, айыбын тап та ала бер: ерегісіп ұрыспа, жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.
Асан қайғы
Күніңде өзім болдым деп - кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып - достарыңмен санаспа.
Асан қайғы
Ғылымым жұрттан асты деп кеңессіз іс бастама,
Жеңемін деп біреуді өтірік сөз қостама.
Асан қайғы
Бір адамды бақытты етіп, жүзіне - мұң көлеңкесін, жанына -қайғы ізін түсірмеу әркімнің қолынан келеді.
Сағат Әшімбаев
Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.
Сырым Датұлы
Дау мұраты - біту, қыз мұраты - кету, жол мұраты - жету.
Сырым Датұлы
Инабат - ер азығы, инабатты ер - ел қазағы.
Сырым Датұлы
Ат - шабысына қарай шабады, ер - намысына қарай шабады.
Сырым Датұлы
Мен ағайынды екеумін: біреуі - өзім, екіншісі - халқым.
Сырым Датұлы
Шындық пен өтіріктің арасы төрт-ақ елі: көзбен көрген - шын, құлақпен естіген - жалған.
Сырым Датұлы
Үгітті - ұққанға, ақылды - жұққанға айт.
Сырым Датұлы
Дау шешімі: құлаққа - құлақ, тұяққа - тұяқ.
Сырым Датұлы
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы