Пайдасыздық, керексіздік туралы
Қанша тасып-тулағанмен, су теңізді толтыра алмайды.
Қорқыт ата
Қанша қалың жауғанмен,
Қар көктемде қалмайды.
Гүл жайнаған шалғын да,
Қара күзге қалмайды.
Қорқыт ата
Ат жемейтін ащы шөптің - шыққанынан шықпағаны игі,
Адам ішпес ащы судың - аққанынан ақпағаны игі.
Қорқыт ата
Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың - туғанынан тумағаны игі.
Қорқыт ата
Жалған сөздің - болғанынан болмағаны игі.
Қорқыт ата
Қадірін жеңге білмесе - бой жеткенмен қыз ғаріп,
Замандасы қалмаған қария болар - шын ғарып.
Асан қайғы
Ата жұрты, бұқара өз қолыңда болмаса,
Қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп.
Асан қайғы
Шамаңша шалқып жүре бер - қабірге әзір қоймаса,
Артыңда қалар атақ жоқ - тіріде даңқың болмаса.
Асан қайғы
Тамыр болдың - айтыс жоқ,
Қолдан бердің - қайтыс жоқ.
Мұхтар Әуезов
Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын жандар бар.
Мұхтар Әуезов
Көбікті толқын санама.
Мұхтар Әуезов
Еккенің тікен болса - орғаның балауса болмас.
Мұхтар Әуезов
Ол - күйеуге өтпеген қыздай, жүрекке жетпеген сөздей жексұрын жігіт.
Мұзафар Әлімбаев
Сүйреп салған тазы түлкі алмас.
Мақал - мәтел
Өлі арыстаннан тірі тышқан артық.
Мақал - мәтел
Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнар.
Мақал - мәтел
Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық.
Мақал - мәтел
Екі қошқардың басы бір қазанға симайды.
Мақал - мәтел
Елім деп ет-жүрегің езілмесе, ерлігіңнен не пайда?!
Мақал - мәтел
Жаны ашымастың қасында балтырың сыздамасын.
Мақал - мәтел
Желмен келген желмен кетеді.
Мақал - мәтел
Жығылған күреске тоймас.
Мақал - мәтел
Кісі киімі - кіршіл, кісі аты - тершіл.
Мақал - мәтел
Жемес жерде - ет бар, ішпес жерде - су бар.
Мақал - мәтел
Қысқа жіп байлауға келсе де, күрмеуге келмейді.
Мақал - мәтел
Жарысқа көп түспе: атың ариды, тоның тозады.
Мақал - мәтел
Біріншіден не жаман - өсек жаман,
Екіншіден - сүймеген төсек жаман.
Ер жігіттің бойында болмаса өнер,
Жүргенінен не пайда есен-аман.
Қара өлең
Бұл опасыз дүниеде,
Болмайды осы деу артық.
Атасы болған жаманнан,
Өзі болған тең артық.
Нұржан Наушабаев
Білмей шалқып сөйлеуден,
Сөйлемей тұру бес артық.
Білмегенге бағасын,
Алтыннан да мыс артық.
Нұржан Наушабаев
Қайыры жоқ байлардан,
Ел қонбаған шөл артық.
Әбубәкір Кердері Шоқанұлы
Би болмас белін жалпақ буғанменен,
Ағармас әсілі арам жуғанменен.
Байқасаң ажар - басқа, ақыл - басқа,
Пайда жоқ құр әдемі туғанменен.
Әбубәкір Кердері Шоқанұлы
Би болмас - білгені елге жарамаса,
Несі би - әділ тұрып қарамаса.
Ер жетпес мұратына талпынғанмен,
Әуелде бір тәңірісі қарамаса.
Әбубәкір Кердері Шоқанұлы
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы